Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның сот жүйесі түбегейлі жаңғырып, құқықтық мемлекет қалыптастырудың берік тірегіне айналды. Осы үдерісте мемлекеттік тілдің сот төрелігіндегі рөлін арттыру, әділдік іздеген азаматтың өз ана тілінде сөйлеу және қорғану құқығын қамтамасыз ету басты назарда болды. Бүгінде қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мемлекеттік билік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін ресми құқықтық тіл ретінде қалыптасып келеді.
Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңда бекітілген мемлекеттік тілдің мәртебесі еліміздің барлық процессуалдық кодекстерінде нақты көрініс тапқан. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде тараптардың тіл таңдау еркіндігіне толық кепілдік берілген.
Бүгінде Республика бойынша мемлекеттік тілде қаралатын сот істерінің үлесі жылдан-жылға артып келеді.. Судьялар корпусының мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қойылатын талаптар күшейіп, болашақ судьяларды іріктеу кезінде қазақ тіліндегі құқықтық сауаттылық басты өлшемдердің біріне айналды. Cот жүйесіне енгізілген цифрлық технологиялар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын бұрынғыдан да кеңейте түсті.
Конституциялық мәртебеге ие болған мемлекеттік тіл бүгінде заң шығару, сот ісін жүргізу және құқықтық реттеу тетіктерінің ажырамас бөлігіне айналды. Алдағы уақытта заң мәтіндерін түпнұсқа ретінде қазақ тілінде жазу тәжірибесін толық орнықтыру, құқықтық терминологияны стандарттау және заң ғылымының тілін жетілдіру — мемлекеттік тіл мәртебесін одан әрі нығайтудың басты кепілі болмақ.
Сот төрелігі — қоғамдағы әділдіктің айнасы. Сот шешімдерінің мемлекеттік тілде, сауатты әрі түсінікті жазылуы халықтың сотқа деген сенімін арттырады. Қазақ тілінің сот жүйесіндегі мерейі үстем болуы тек судьяларға ғана емес, адвокаттарға, прокурорларға және өз құқығын ана тілінде қорғауға ниетті әрбір азаматтың белсенділігіне тікелей байланысты.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы
К.Б.Усембаева


