“Ұлы дала мен Ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес“ — Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қытайдағы Қазақстан мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Мемлекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.

«Мұны, шын мәнінде, тарихи оқиға деуге болады. Бұл – қазақтың қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ, қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейілі. Ең алдымен осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін аса қадірлі төраға Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтамын. Қытай елінің мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мырзаға, сондай-ақ, осы іске атсалысқан барша қытай және қазақ азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы салтанатты жиынға менің қытайлық ескі достарым, дипломаттар, кезінде маған сабақ берген ұстазым Лю Шицинь мырза және зиялы қауым қатысып отыр. Баршаңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент былтырдан бері Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы жұмыс істей бастағанын жеткізді. Ал Қытайға жасаған осы сапары аясында елімізде Лу Бань зертханасының екінші және үшінші орталықтары ашылды.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз ынтымақтастықтың екінші «Алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жыл сайын тиімді өткізіліп, екіжақты сауда көлемі ұлғайып жатыр. Былтыр екі елдің тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихымызда бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Биыл да өзара сауда қарқыны төмен болмайды деген болжам бар. Инвестициялық қарым-қатынас та ойдағыдай дамып жатыр. Жалпы Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі болып саналады. Халықаралық мәселелер бойынша қос елдің ұстанымдары ұқсас немесе бірдей деп күмәнсіз айтуға болады. Осының бәрі Қазақстан мен Қытай мәңгі стратегиялық серіктестер екенін айқын көрсетеді. Бұл үрдіс халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сапар барысында Қытай тарапы қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласы мен қонақжайлығын көрсетті.

«Ресми сапарым ойдағыдай, табысты өтті деп санаймын. Біз төраға Си Цзиньпин мырзамен мазмұнды және өте тиімді келіссөздер жүргіздік. Біз қос елдің әр саладағы ынтымақтастығы бойынша ортақ келісімге келдік. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына зор сенім білдірдік», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда Қазақстан экономикасы жақсы қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты.

«Біз ірі экономикалық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, жасанды интеллект салаларына басымдық береміз. Осы ауқымды міндеттерді орындау үшін біз Қытай елімен ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз. Ұлы дала мен Ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес. Оны жалғастыра беру – аса маңызды міндет. Ұлттық мәдениет орталығы бұл істе айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Мұнда халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрі насихатталады. Сондай-ақ осы жерде екі елдің жастары озық білім игеру, жасампаз идеяларымен алмасу үшін кездесіп тұрады», – деді Президент.

Елімізде 16 нотариус лицензиясынан айырылды

Қазақстанда нотариустардың қызметіне бақылау күшейіп келеді.

Мемлекет басшысы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды

Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады.

Футболдан әлем чемпионаты: Барлық матчтардың кестесі 

Мундиальдың барлық матчтарын Қазақстаннан тамашалауға болатыны айта кетейік.

Қазақстан энергия тапшылығын 2027 жылға қарай толық жоймақ 

Биыл елімізде жалпы 126,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр.

“Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер“. Тоқаев Алатаудың құжаттарын қабылдауға уақыт берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте...