«Ауыл» партиясының Орталық аппараты және Алматы өңірлік филиалының ұйымдастыруымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Ұлттық музыка мұрасы Александр Затаевичтің зерттеулерінде» атты танымдық дәріс-концерт өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — қазақ халқының бай музыкалық мұрасын дәріптеу, ұлттық өнер мен мәдениеттің тарихына терең бойлап, ұлттың рухани құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізу.
Дәріс-концертке «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Құаныш Қабыкенұлы Сейтжанов арнайы қатысып, студенттер мен оқытушылар қауымына құттықтау сөзін арнады. Өз сөзінде ол ұлттық музыка — халықтың жаны мен болмысының көрінісі екенін, ал осындай шаралар жастардың рухани дамуына және ұлттық сана-сезімінің артуына ықпал ететінін атап өтті.
Дәрісті Варшава университетінің докторанты, қазақ-поляк байланыстарын зерттеуші Каринбаев Жандос Әуелбекұлы жүргізді. Ол өз баяндамасында қазақтың дәстүрлі ән-күй мұрасын алғаш жүйелеп зерттеген белгілі этнограф және музыкатанушы Александр Затаевичтің еңбектеріне кеңінен тоқталды. Зерттеуші Затаевичтің қазақ халқының әндері мен күйлерін жинақтап, нотаға түсіріп, әлемге танытқан еңбегі туралы тың деректер мен тарихи маңызға ие мәліметтермен бөлісті.
Дәріс-концерт аясында өнер академиясының студенттері мен ұстаздары қазақтың халық әндері мен күйлерін орындап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Әсіресе халық композиторларының шығармалары мен Затаевич жинағына енген туындылар тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында қатысушылар осындай мазмұнды кездесулердің жастардың ұлттық рухын көтеруде маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Ауыл партиясы тарапынан ұлттық мәдениетті, өнер мен білімді қолдау бағытындағы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны атап өтілді.
Ауыл партиясы Алматы қаласы филиалы