Ұлттық ғылыми экожүйе сапалық

Қазақстанда мемлекет қаржысына сатып алынған қымбат ғылыми құрал-жабдықтар мен зертханалар толық қуатында пайдаланылмай отыр. Көп жағдайда олар тек белгілі бір университеттің немесе ғылыми ұйымның қызметкерлеріне ғана қолжетімді. Ал өзге ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен дарынды жас зерттеушілер бұл инфрақұрылымды пайдалана алмайды.

Парламент Мəжі лісінде мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі «ұжымдық пайдаланылатын зертханалар» тетігін заңнамалық тұрғыда бекітуге жасалған қадам болып отыр. Жиында жаңа құжатты таныстырған Мəжілістің Əлеуметтік мəдени-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағанбетовтың айтқанынан мына мəліметтер жайлы хабардар болдық. Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Соның ішінде тек 17 университетте ұжымдық пайдалануға болатын зертханалар бар. Алайда олардың мəртебесі заңмен нақты бекітіліп, бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелмеген. Мысалы, əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті базасында заманауи, жоғары технологиялық зертханалар жұмыс істейді. Кейбірі – өңірде ғана емес, бүкіл республикада баламасы жоқ бірегей инфрақұрылым. Алайда мəселе – олардың қолжетімділігінде. Басқа қаладағы немесе басқа ұйымдағы ғалым ол зертхананың қандай құрал-жабдықтары бар, қай уақытта бос екенін, қандай шартпен пайдалануға болатынын біле алмайды. Жаңа заң жобасы осы олқылықты жоюға бағытталған. Қаралып отырған заң жобасына сəйкес мемлекет қаржысына алынған барлық ғылыми құрал-жабдықтар ортақ ұлттық ресурс ретінде қарастырылады. Арнайы министрліктің ақпараттық жүйесінде зертханалар туралы толық дерек ашық жарияланады. Ғалымдар онлайн өтініш беріп, зертханаларды пайдалана алады. Бұл – ғылымдағы инфрақұрылымдық теңсіздікті азайтатын қадам. Осы тұрғыда «Қазақстандық ғылыми портал» қалыптастырылуда. Қазіргі таңда оған 525 ғылыми ұйым туралы ақпарат енгізілуде. Жалпы, 26 мыңнан астам ғалым жеке анкеталарын орналастырған. Бұл алаң арқылы республика бойынша қай жерде қандай ғылыми-зерттеу институты бар екенін, қандай құрал-жабдықтар бар екенін, олардың қай салада қолданылып жатқанын көруге болады. Бұл қайталанатын, негізсіз жабдық сатып алуларды азайтуға мүмкіндік береді. Ұжымдық қолжетімділік бірнеше стратегиялық нəтиже береді. Алдымен қымбат инфрақұрылымның тиімділігі артады. Аймақтар арасындағы ғылыми алшақтық азаяды. Жас ғалымдардың мүмкіндігі кеңейеді. Халықаралық деңгейдегі зерттеулер жүргізу мүмкіндігі ұлғаяды. Қазақстандағы іргелі ғылымның басты мəселелерінің бірі – зертханалық базаның жетіспеушілігі емес, оның қолжетімділігінің шектеулілігі. Жаңа норма осы түйінді шешуге бағытталған. Заң жобасының тағы бір жаңалығы қаржыландырудағы жауапкершілікке қатысты. Бүгінгі таңда ғылыми жəне ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді Ұлттық ғылыми кеңестер қабылдайды. Бұл тəжірибе белгілі бір келеңсіздіктерді туындататыны айтылып жүр. Олар сыбайлас жемқорлық тəуекелдері, бюджет қаражатының тиімділігі үшін жауапкершіліктің айқын болмауы. Заң жобасында бұл түйткілді шешу үшін Ғылым жəне жоғары білім министрлігіне қосымша құзырет беру ұсынылып отыр. Құжат қабылданса құзырлы орын Ұлттық ғылыми кеңестің ұсынымдары негізінде жобалардың экономикалық негізділігін бағалау əдістемесін бекітетін болады. Бұл шара министрлік өкілдерінің айтуынша, мынандай өлшемдерге негізделмек. Яғни, əрбір шығыс смета бойынша жеке талданады, оның жоба мақсатына сəйкестігі бағаланады, жабдық құны нарықтық бағалармен салыстырылады, коммерциялық ұсыныстар ескеріледі, зерттеу тобының құрамы мен кезеңдік шығындардың негізділігі сарапталады. Депутаттар сауалына орай берілген жауаптан ашықтық пен объективтіліктің жаңа тəртібі болатынын білдік. Жаңа ереже əр жобаға салалық жəне экономикалық сараптама жүргізу, оған қазақстандық жəне шетелдік сарапшылар тартуы, арнайы əдістеме əзірленіп, Əділет министрлігінде тіркеу, барлық ақпаратты ақпараттық жүйеде жариялау секілді шараларды қамтиды. Яғни, шешімдер субъективті емес, нормативтік бекітілген тəртіп аясында қабылданады. Заң жобасы аясында сонымен қатар республикалық жəне халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушылар мен ұлттық құрамалар үшін мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылыпты. Бұл – талантты жастарды қолдаудың нақты тетігі. Тоқетерін айтқанда ұсынылып отырған нормалар үш стратегиялық міндетті шешуге бағытталған. Олар ғылыми инфрақұрылымға тең қолжетімділік, бюджет қаражатының тиімді əрі ашық жұмсалуы, жас ғалымдар мен дарынды оқушыларға мүмкіндік беру. Егер заң толыққанды іске асса, ғылыми жабдықтардың «жабық қойма» форматы жойылып, ұлттық ғылыми экожүйе қалыптасады. Бұл – Қазақстан ғылымының сапалық жаңа кезеңге өтуіне негіз бола алады деген үміт бар.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...