Асық ату – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі. Мүмкін, сондықтан да шығар, ата-бабадан қалған бұл ойын десе, бүгінгі балалардың да көзі жанып, бойына ерекше жігер біткендей әсер қалдырады. Өйткені біз үшін киіз үйдің іргесінде, шаңды даланың төсінде асық атып жүрген балалар көшпелі қазақ өмірінің мәңгі өшпес көрінісі секілді. Бұл ойын тек ермек қана емес, ұлттың өмір мектебі, мінез мектебі саналған.
Асық ойнаған бала дәлдікке, сабыр мен әділдікке, намыс пен төзімге үйренген. Ал әр асықтың алшысынан түсуі өмірдің үміт пен сынақтан, жеңіс пен жеңілістен тұратынын меңзеген. «Асығың алшысынан түссін» деген тілек те осындай өмірлік философиядан тамыр тартады. Бүгінгі заманда цифрлық дәуірдің екпінімен өсіп келе жатқан ұрпақ үшін де бұл ойынның мәні ерекше. Өйткені асық табиғат пен адамды, рух пен өмірді жалғайтын тірі дәстүр. Асық ойнаған бала әділ бәсекеге үйренеді, жеңісті де, жеңілісті де лайықты қабылдайды. Сол арқылы оның рухы шыңдалып, мінезі қалыптасады.
Міне, осындай киелі дәстүрдің қадірі мен маңызы 25 қазан — Республика күніне орай Шымкент қаласында өткен Екінші республикалық Respublica Asyq Atu турнирінде айқын көрініс тапты. Ұлттық рухты жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен қырыққа жуық сұрмерген жиналды. Алаңға шыққан әрбір ойыншының жүзінен от, көзінен намыс, қимылынан рух сезілді. Көрермендер де төрешілермен бірге әр соққыны демдерін ішіне тартып бақылады.
Турнирдің салтанатты ашылуында сөз алған Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының президенті Олжас Құспеков «Асық ойыны арқылы қазақ халқы өзінің түп-тамырына қайта оралғандай күй кешеді. Себебі асық ату ойыны – барлық ұлттық спорт түрінің бастауы, ұлттың рухани коды. Біз бұл ойынды дәстүр ғана емес, қоғамды біріктіретін мәдени құбылыс ретінде дамытқымыз келеді», деді.
Ұлттық спорттық іс-шараның Шымкент қаласында жоғары деңгейде өтіп жатқаны үшін ризашылығын білдірген AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев мұндай бастамалар жастарды ұлттық дәстүрге баулып, спортқа қызықтыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді. «Барлық ұйымдастырушыларға сәттілік тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ұлтымыздың рухы биік болсын! Осындай ұлттық спорт түрін кеңінен дамыту арқылы біз тек спорттық жетістіктерге жетіп қана қоймай, ұрпаққа мәдениетімізді жеткізіп, дәстүрімізді сақтап, рухани байлықты арттырамыз», деді ол.
Сондай-ақ құттықтау сөзінде турнирдің демеушісі Allur компаниясының өкілі Айгүл Ахметова жарыстың маңыздылығына, ойынның ұлттық генетикасына ерекше тоқтала келіп «Біздің компанияның ДНҚ-сында ұлттық рух бар. Біз бұл турнир арқылы мәдениетімізді, жасампаз рухымызды дәріптейміз. Әр ойыншы біз үшін ұлттық намыстың айнасы іспетті», деді.
Жарыс ортасында қатысушылардың аз-кем тілдесіп, ұлттық ойынға деген сүйіспеншілігін сұрағанда Атырау облысы, Махамбет ауданынан келген Мұрат Қайыров өзінің бала күнгі естелігін еске алды. «Асық ойынын бала кезімнен сүйіп ойнаймын. Қазір балаларымды да осы ұлттық ойынға үйретіп жүрмін. Екі балам облыстық және республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Болашақта шетелдік жарыстарда да бақ сынаймыз деп үміттенемін. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр, ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!», дейді.
Бала күнінен асық атқан Мұрат Қайыров бүгінде спортшы әрі жаттықтырушы ретінде жас ұрпаққа ұлттық дәстүрді үйретіп келеді екен. 2015 жылдан бері оның шәкірттері жасөспірімдер мен ересектер арасында облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Спортшы алдағы уақытта халықаралық деңгейде де ел намысын абыроймен қорғауға дайындыққа кірісіп кетіпті.
Маңғыстау облысынан келген жас спортшы Сұлтанбек Манарбекұлының асық ату ойынына қатысып жүргеніне екі жылдай уақыт болыпты. Ауылда алғаш қызығушылықпен басталған бұл әрекеті қазір кәсіби спорт ретінде жалғасын тапқан. «Қазір менің үш жүзден астам асығым бар. Бұл ойын менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Асық ойнағанда қазақтың рухын, бірлігін, намысын сезінемін. Алдағы уақытта да осы дәстүрді насихаттауға үлес қосамын», деп ақтарыла сөйледі.
Шындығында, турнир спортшылардың ғана емес, көрермендердің де жүрегіне от жаққан ерекше рухани мереке болды. Жарыстың жас көрермендері де спортшылардың әр қимылына қызыға қарап, әр соққыны қалт жіберместен қарап отырды.
Шешуші кезеңде ойын одан сайын қыза түсті. Бір-бірінен өткен сұрмергендердің асығы алшысынан түскен сайын төрешілер де, жанкүйерлері де бір тұрып, бір отырды. Ақтөбелік Ғарышбек Құлыбек соңғы секундта бағы мен бабы қатар жанып, асығы алшысынан түсіп, бірінші орынға ие болды. Осылайша федерация тарапынан ол су жаңа автокөліктің кілтін алды. Екінші орынды Түркістан облысының жас спортшысы Талғар Әбілхан, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының жас ойыншысы Бақдәулет Сламқұл иеленді. Ал Павлодар облысының тәжірибелі спортшысы Керім Жаздықбай AMANAT партиясының арнайы сыйлығын алды.
Жүлде қоры да қомақты болды. Бірінші орынға Chevrolet Onix автокөлігінің кілті, екінші орынға бір миллион теңге, үшінші орынға бес жүз мың теңге, төртінші орынға үш жүз мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.
Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы, Халықаралық асық ату федерациясының бас хатшысы Жомарт Оразов биыл жарысқа он жеті облыстан командалар қатысқанын жеткізді. Алғашқы кезең аудандық деңгейде өтіп, кейін облыстық іріктеу арқылы әр облыстан екі ойыншы таңдалған. «Осындай бастамалар арқылы ұлттық спорт түрлері тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық ареналарда да танылады. Турнирдің дәстүрлі сипатта өтуі және әр жыл сайын қатысушылардың көбейіп келе жатқаны ұлттық спорттың дамуына қосылған нақты үлес», деді ол. Оның айтуынша, мұндай турнир әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша жүйелі түрде өткізілді екен. Бүгінде балалар, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасында да асық атудан әртүрлі жарыс ұйымдастырылып тұрады.
Турнирден кейін темір тұлпар тақымдаған ақтөбелік Ғарышбек Құлыбек жеңіске жету оңай болмағанын жеткізді. Себебі соңғы жылдары бұл спорт түрімен кәсіби айналысатын ойыншылар көбейген. Айталық, осы жолғы жарысқа да облыстық және республикалық асық ату ойындарының чемпиондары, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері қатысқан. «Астанаға еліміздің әр облысынан іріктеліп шыққан ең мықты спортшылар жиналды. Былтыр да Республика күніне арналған додада үшінші орын алған едім. Сол кезде финалда аз ғана айырмашылықпен ұтылып қалдым. Ал биыл сол кеткен есені қайтардым деуге болады», дейді жарыс жеңімпазы. Оның асық ату ойынымен кәсіби түрде айналысып жүргеніне бар-жоғы екі жыл болыпты. 2023 жылдың қазан айында Ақтөбе облысында өткен облыстық біріншілікте алғаш рет бағын сынап, бірінші орын алған ол сол жолы облыс құрамасына алынған. Содан бері 90 пайыз жарыстарда жүлделі орын алып жүрген спортшының бұл жолы да бағы мен бабы қатар жанды. «Бала күнімнен асық ойнағанды жақсы көретінмін. Сол бала кездегі қызығушылық ұлттық спортпен тұрақты айналысуға алып келді. Үйге асық жинап әкеліп, күн сайын жаттығып жүретінмін. Қазір сол еңбектің нәтижесін көріп отырмын. Бүгінгі финал да өте тартысты болды. Қарсыласым да осал емес, тәжірибелі чемпион еді. Расын айтсам, бұл жеңіс екі жылдық еңбектің, төзім мен жігердің жемісі», деді Ғарышбек Құлыбек.
Осылайша Шымкентте өткен Екінші республикалық Respublica Asyq Atu турнирі ұлттық рух пен бірлікті айқын көрсеткен рухани мереке іспетті өтті. Асық ату алаңына жиылған спортшылар мен көрермендердің жүзінен намыс оты, жүрегінен елдік рух сезілді. Жарысқа келген жас пен кәрі де ойынның мән-мағынасынан қуат алып, ата-бабадан жеткен дәстүрдің өміршеңдігін айқын сезінді. Әсіресе жас көрермендер спортшылардың шеберлігіне тамсанып, әр соққыдан кейін өздерінің де асық ойнауға деген қызығушылығы оянды.
Турнир соңында көпшілік үйлеріне тек әсерлі естелікпен бірге ұлттық рух пен мақтаныш сезімін алып қайтты. Өйткені бұл жарыс ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғыртқан, ұлт болмысын ұлықтаған, ұрпақ санасына рухани қуат сіңірген мәні зор мереке болды.
Жадыра МҮСІЛІМ


