Қазақ халқы туыстық атауға бай. Әр адамның өмірінде өз жұрты, нағашы жұрты мен қайын жұртының өзіндік орны бар. Осыған қарамастан халқымыз тек әке жағынан келетін туысын ғана қандас санаған. Мәселен, туыс, туысқан, туыстас, ағайын, ағайынды, ағайындас, бауырлас, тұқымдас, ағайын-тума, аталас, төркіндес, өрен-жаран сөздері бір атадан өрбіп тараған, төркіні, туыстығы жақын адамдар деген мағынаны білдіреді.
Бұрынғы адамдар байлықтың, бақыттың ең мəртебелі белгісін ұрпағының, əсіресе ұлдарының көптігімен есептеген. Жасы үлкендер үлкенге құрмет, кішіге ізетімен көзге түскен келіндеріне «Ұл тап» десе, елдің сөзін сөйлейтін азаматтарына «ұрпағыңмен мың жаса» деп бата берген. Сондай-ақ «Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар» деп ұлды еркек тəрбиелегенмен, ұлтты əйел тəрбиелейтінін де жақсы білген. «Əйел тəрбиесі нашар болса, еркек нашар болғаны. Ұл тəрбиесі нашар болса, ұлт тəрбиесі нашар болғаны» деп санаған. Қазақ өзіне жаққан бесікті ұрпақтан-ұрпаққа сақтайды. Сондықтан атасы жатқан бесікке немерелері жатады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қоятын жағдайлар да болған. Өкінішке қарай, қазір үйленіп, еншісін алып, бөлек шыққан соң атадан-балаға мирас болған бесіктің қадірі мен қасиетін ұмытып, кейбір əйелдер қалалық жерде оны күресінге тастап жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген халық ұрпағының жеті атаға дейін қыз алысуына тыйым салған. Дала заңы бойынша: ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар əкесінде қалады; еркектің белсіздігі анықталса, əйелдің ажырауға қақысы бар; Күйеуі қайтыс болса, əйелі бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды; Жесір əйел «ерден кетсе де, елден кетпейді», күйеуінің ағасы немесе інісіне тұрмысқа шығуы тиіс. Егер əйел басқа біреуге кететін болса, бұл «жесір дауы» заңымен шешіледі; некесіз бала туған əйелге құрмет көрсетілмейді; оң жақта отырып екіқабат болған қыз қалыңсыз беріледі. Бұл заң «Жеті жарғыда» да бар. Ұлт тазалығы үшін жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайын дар белгілеген жазаға бұйырылады (2-бап). Отбасы тұтастығы үшін: егер екіқабат əйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туылса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5-9 айға де йінгі балаға əр айына бір түйе төлейді (8-бап). Əйелді зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс (9-бап). Əйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге қақылы (10-бап). Адам құқығы жəне мүлік меншігіне қатысты: егер əкесінен енші алған ұл баласыз болып өлген болса, онда оның қожалығы өзінің əкесіне беріледі. Жасы кіші балалары жақын туыстарының қамқорлығына беріледі. Ал олар болмаған болса, бөтен, бірақ сенімді адамдарға беріледі (23-бап).
Əйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауға тиіс. Кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады (24-бап). Кімде-кім азғындыққа жетелеген немесе зорлықпен бұзықтық жолға салған əйелдің ар-намысы үшін сол адам өлтіріледі немесе азғындығы үшін одан 200 жылқы өндіріп алынады (25-бап). Ал дайындауға Абай Құнанбайұлы қатысқан 1885 жылғы «Қарамола заңы» немесе «Билер ережесі» атанған заң-ережеде: балиғатқа толмаған қызға зорлық жасаушы тиісті қалың малдың үштен бір бөлігін төлейді. Балиғатқа толған қызды зорласа, ат-шапан айып салынып, түйе бастаған тоғыз береді. Егер əйелге солай істелсе, айыпкер бір тоғыздан үш тоғызға дейін төлейді. Ойнас жасаған əйел-еркекке де дүре соғылады. Əйелдің күйеуі немесе əйелдің өзі немесе туысқаны, əке-шешесі шариғат шешімін айтса, осы баптың алғашқы жолдарындағы екі келісімді де съезд билері жасайды (30-бап). Қазақ салт-дəстүрі бойынша күйеуінен əйелін ажыратуға болады, күйеуі белсіз немесе жыныс мүшесі ауруына шалдықса. Ондай себептері болмаса да, күйеуінің келісімімен ажыраса алады. Құда түскен қалыңдық пен күйеу жігіттің де ажырасуы мүмкін. Егер күйеуі қыздан 25 жас үлкен, бір мүшесі кем, керісінше қыз күйеуден тоғыз жас үлкен, кедей күйеу қалыңмал төлей алмаса, денсаулығы сауыға алмастай нашар, жағымсыз қылықтары əшкереленіп, басынан еркі кетсе, əйелі мен күйеуді, қалыңдық пен жігітті ажыратуға тура келеді (42-бап). Күйеуі қайтыс болған, баласыз əйел тұрмысқа шықпаса да, мал-мүлікке иелік етеді. Егер күйеуге шыққысы келсе, баласы болған жағдайда бар малының сегізден бірін, баласыз болса, алтыдан бірін алады. Киім-кешек, төсек-орыннан басқа ер балалар өздеріне бөлінген малмен қоса əкесінің бауырларының қамқорлығына қалдырылады. Олар өз арасынан бірін соларға ие етіп бекітеді. Егер мал орынсыз шығынға ұшыраса, соған орай дау туса, туысқандары наразылық білдірсе, би алдында тексеріледі. Қыз ана тəрбиесінде қалуы шарт. Анасы оны күйеуге ұзатып, қалыңмалын алуға қақылы. Қыз тұрмысқа шыққаннан кейін малын сақтаушыға төркіндеп барып, əкесінен қалғаннан өз есесіне алады (51-бап). Жетім қыз əке-шешесінің көзі тірі кезінде атастырылып, біреу олар қайтыс болған соң құдалықты бұзса, алған күйеу қалыңмалды айыбымен қоса қайтарады. Егер қызы бұрынғы атастырылған күйеуіне тисе, ешкім əкесінен қалған жасауын, мұрасын алуына кедергі жасамайды(73-бап). Өкінішке қарай, атадан-балаға мирас болып келген бұл қағидалар қазір заман талабына сай біршама өзгерген. Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде заң балалардың анасында қалуына мүмкіндік береді. Оның артықшылығымен қатар, олқы тұстары да бар екенін жұртшылық уақыт өткен сайын сезіп, біліп, көріп отыр. Бұл мəселе қазір адами тұрғыдан гөрі, ажырасқан отбасында əкесінің жалақысы мен жеке табысынан бала күтіміне бөлінетін алименттің мөлшерімен ғана есептеліп, сонымен бағаланып жүр. Ал əке тəрбиесінен тыс қалып, анасының теріс тəлімімен өзінің тегінен жеріп, ұрпақ жалғастығын жоғалтқан ұлдың ұлт алдындағы жауапкершілігі мүлде бөлек.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»