Үкімет ең төменгі жалақыны көтеру мүмкіндігін қарастырып жатыр

Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеру мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін медианалық жалақының 50 пайызы деңгейіне дейін жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, бүгінде 85 мың теңгені құрайтын ең төменгі жалақы алдағы жылдары 150 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал.

Алайда бұл бастама халықтың нақты табысын арттыра ма, әлде инфляция мен бизнеске түсетін жүктемені күшейте ме? BAQ.KZ тілшісі мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.

Соңғы бес жылда ең төменгі жалақы қалай өзгерді?

Қазақстанда ең төменгі жалақы соңғы жылдары бірнеше рет көтерілді.

  • 2021 жыл – 42 500 теңге;
  • 2022 жыл – 60 000 теңге;
  • 2023 жыл – 70 000 теңге;
  • 2024 жыл – 85 000 теңге;
  • 2025 жыл – 85 000 теңге;
  • 2026 жыл – 85 000 теңге.

Осылайша бес жыл ішінде ЕТЖ екі есеге жуық өсті. Дегенмен сарапшылар бұл өсім азаматтардың сатып алу қабілетінің дәл сондай қарқынмен артуына алып келмегенін айтады. Себебі осы кезеңде азық-түлік, коммуналдық қызмет, тұрғын үй және көлік шығындары да қымбаттады.

Үкімет: ЕТЖ көтеріледі

Үкіметте өткен халық табысын арттыру жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспардың таныстырылымында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі бойынша нақты жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мәселе бұрыннан талқыланып келеді және Үкімет ең төменгі жалақыны арттырудан бас тартпайды.

Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі өте ұзақ уақыттан бері көтеріліп келеді. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз ең төменгі жалақыны көтереміз, – деді Әмрин.

Алайда Үкімет әзірге нақты соманы атай алмай отыр.

Бірінші вице-министрдің түсіндіруінше, қазіргі уақытта 2027 жылдың республикалық бюджеті жасалып жатыр. Сондықтан шешім қабылдау кезінде ел экономикасының нақты көрсеткіштері ескеріледі.

Біз 2027 жылдың бюджетін қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2025 жылдың қорытынды статистикалық деректері 1 тамызда жарияланады. Сонымен бірге 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындылары да белгілі болады. Дәл осы көрсеткіштер 2027 жылғы бюджет кірістерін болжаудың негізгі базасы саналады, – деді ол.

Оның сөзінше, барлық статистикалық мәліметтер дайын болғаннан кейін ғана Үкімет бюджеттің ең төменгі жалақыны қаншалықты көтеруге мүмкіндік беретінін нақты бағалай алады.

Яғни ЕТЖ-ның жаңа мөлшері бойынша түпкілікті шешім тамыз айынан кейін белгілі болуы мүмкін.

«Мәселе тек жалақыны көтеруде емес»

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов ең төменгі жалақыны көтеру бастамасын қолдағанымен, мәселенің екінші жағын да ұмытпау керектігін айтады.

Оның сөзінше, бүгінде ең төменгі жалақы алатын азаматтардың басым бөлігі ауылдық жерлерде, сауда саласында және түрлі қызмет көрсету секторларында жұмыс істейді.

Сондықтан жалақыны көтеру туралы шешім қабылданған жағдайда жұмыс берушілердің барлығы бірдей оған дайын болмауы мүмкін.

Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақыны көтеру туралы ұсынысын айтты. Бұл көрсеткіш медианалық жалақының шамамен 50 пайызы деңгейінде болуы мүмкін деген пікір айтылды. Бірақ бұл мәселені шешу оңай емес. Себебі елімізде ең төменгі жалақы алатын азаматтар бар. Олар ауыл-аймақтарда, сауда саласында, қызмет көрсету секторында жұмыс істейді. Егер олардың жалақысын көтерсек, кейбір жұмыс берушілер еңбекақыны өсірмеуі де мүмкін. Тіпті жұмысшылар санын қысқартуы ықтимал, – деді депутат.

Қошмамбетовтің пікірінше, мұндай шешімнің инфляцияға ықпалы да мұқият зерттелуі қажет.

Егер біз бір сәтте жалақыны екі есеге көтеріп жіберсек, оның әсерін инфляция жеп қоюы мүмкін. Біз инфляция 10 пайызға дейін төмендеді деп жетістік ретінде айтып жүрміз. Бірақ бұл дегеніміз – азаматтардың табысының сатып алу мүмкіндігі жыл сайын кемінде 10 пайызға төмендеп отыр деген сөз, – дейді ол.

Депутаттың пайымдауынша, қоғамда ең төменгі жалақы мәселесі көтерілгенімен, негізгі мақсат одан да ауқымды болуы тиіс.

Біздің мақсат тек төменгі жалақыны көтеру емес. Негізгі мәселе – халықтың әл-ауқатын көтеру. Ал әл-ауқат тек номиналды табыспен өлшенбейді. Ең маңыздысы – сол ақшаға не сатып алуға болатыны. Сондықтан инфляцияны тежеу, азық-түлік бағасын, коммуналдық қызметтердің құнын және халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру қажет, – деді ол.

Сондай-ақ депутат ең төменгі жалақыны бірден емес, кезең-кезеңімен көтеруді ұсынып отыр.

Қазір кәсіпкерлер жаңа Салық кодексінің әсерін сезініп жатыр. Егер оған қоса ең төменгі жалақы күрт өссе, бұл әлеуметтік төлемдерге, өзге де міндеттемелерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде өте мұқият болған жөн, – деді Қошмамбетов.

Экономист: 150 мың теңге – қол жеткізуге болатын межe

Ал экономист Бауыржан Ысқақ ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы болжамды шынайы сценарий деп бағалайды.

Оның айтуынша, қазіргі экономикалық үрдістер сақталған жағдайда мұндай көрсеткішке 2027 жылдан бастап қол жеткізуге болады.

Бұл өте шынайы сценарий. Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде белгіленген. Егер Үкімет инфляцияны, еңбек өнімділігін және орташа жалақы өсімін ескеретін қазіргі саясатты жалғастырса, онда 2027 жылға қарай ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу техникалық тұрғыдан мүмкін, – деді экономист.

Дегенмен сарапшы бұл жерде басты мәселе бюджеттің мүмкіндігінде емес екенін атап өтті.

Негізгі сұрақ – бизнес оған қаншалықты дайын? Әсіресе шағын және орта бизнес үшін мұндай өсім елеулі жүктеме болуы мүмкін, – дейді ол.

Экономистің пікірінше, қысқа мерзімде бұл шешім халықтың белгілі бір бөлігінің табысын арттырады.

Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың қолына түсетін қаражат көбейеді. Бірақ еңбек өнімділігі мен тауар ұсынысы қатар өспесе, бизнестің шығындары түптің түбінде бағаға ауысуы мүмкін. Соның нәтижесінде инфляциялық қысым күшейеді, – деді Ысқақ.

Кімдер ұтады, кімдер тәуекелге тап болады?

Сарапшының айтуынша, ең алдымен қызмет көрсету саласының жұмысшылары, тазалық қызметкерлері, ауыл шаруашылығы қызметкерлері және шағын кәсіпорындардағы төмен жалақы алатын мамандар ұтады.

Алайда жұмыс берушілердің шығыны да артады.

Еңбек қорының көлемі өседі. Әлеуметтік аударымдар көбейеді. Кейбір кәсіпорындар қызметкерлер санын қысқартуға немесе көлеңкелі еңбек қатынастарына көшуге тырысуы мүмкін. Сондықтан ең төменгі жалақыны өсіру міндетті түрде бизнесті қолдау шараларымен қатар жүруі керек, – деді экономист.

Неге жалақы өссе де халық оны сезінбеуі мүмкін?

Соңғы жылдары жалақының өскені туралы ресми мәліметтер жиі жарияланғанымен, көптеген азамат тұрмысының айтарлықтай жақсармағанын айтады.

Экономист мұны инфляциямен байланыстырады.

Соңғы жылдары азық-түлік, коммуналдық қызметтер, тұрғын үй және көлік шығындары айтарлықтай қымбаттады. Көптеген азаматтардың жалақысы бұл қарқынға ілесе алған жоқ. Сондықтан қағаз жүзінде табыс өскенімен, нақты сатып алу қабілеті күткендей жоғарылаған жоқ, – деді ол.

ЕТЖ өссе тағы қандай өзгерістер болады?

Сарапшының сөзінше, ең төменгі жалақының өсуі тек еңбекақы мөлшеріне ғана әсер етпейді.

Біріншіден, әлеуметтік аударымдар көлемі артады.

Екіншіден, міндетті зейнетақы жарналары көбейеді, нәтижесінде төмен жалақы алатын азаматтардың болашақ зейнетақы жинақтары ұлғаяды.

Үшіншіден, жұмыс берушілер еңбек өнімділігін арттыруға және автоматтандыруға көбірек көңіл бөле бастайды.

Ал айыппұлдарға қатысты алаңдаушылық негізсіз болуы мүмкін. Себебі Қазақстандағы айыппұлдардың басым бөлігі ең төменгі жалақыға емес, айлық есептік көрсеткішке байланған.

Басты мәселе – нақты табыс

Экономист Бауыржан Ысқақ халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ең төменгі жалақыны медианалық жалақының 45-60 пайызы деңгейінде белгілеу тиімді екенін айтады.

Оның бағалауынша, алдағы жылдары медианалық жалақы 350 мың теңгеге жақындаса, онда 125-180 мың теңге аралығындағы ең төменгі жалақы экономикалық тұрғыдан негізделген көрсеткіш болуы мүмкін.

Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру әлеуметтік тұрғыдан орынды қадам. Бірақ ол өздігінен халықты байытпайды. Нақты нәтиже еңбек өнімділігінің өсуіне, инфляцияның бақылауда болуына және бизнестің бұл жүктемені көтере алуына байланысты. Әйтпесе жалақының номиналды өсуі азаматтардың нақты сатып алу қабілетінің артуына толықтай айналмауы мүмкін, – деп айтты Бауыржан Ысқақ.

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі осылайша тек әлеуметтік емес, экономикалық сипаттағы күрделі шешімдердің біріне айналып отыр. Бір жағынан, бұл жүздеген мың адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, инфляция, бизнес шығындары және еңбек нарығындағы өзгерістер сияқты факторлар да қатар ескерілуі тиіс. Сондықтан Үкіметтің тамыздан кейін қабылдайтын шешімі еңбек нарығы үшін де, қарапайым азаматтар үшін де маңызды болмақ.

Қазақстанда электр энергиясының 62 пайызы көмірден өндіріледі 

Энергетика министрлігі елдегі электр энергиясын өндірудің түрлі көздерін теңгерімді дамытуға басымдық беріп келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның энергия теңгерімінде көмір генерациясы негізгі рөл атқарады.

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келді 

Келісім аясында Иран бірнеше ай бойы іс жүзінде жабық болған Ормуз бұғазын қайта ашуға келісті.

Мемлекет болашағы үшін ортақ жауапкершілік: AMANAT «Әділет» партиясына қосылуды қолдады 

AMANAT съезінде партияның алдағы бағыты талқыланып, «Әділет» партиясына қосылу туралы мәлімдеме жасалды.

Сталкинг: между законом и реальностью

ЗА ПЯТЬ МЕСЯЦЕВ ТЕКУЩЕГО ГОДА В КАЗАХСТАНЕ ЗАРЕГИСТРИРОВАЛИ 248...

Алтынның биржадағы құны күрт төмендеп жатыр 

Сағат 01:11-де төмендеу қарқыны күшейіп, баға бір трой унциясы үшін 4092,3 долларға дейін түсті (минус 4,53 пайыз).