Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та жоқ, адам да жоқ. Жасынан сал-сері боп өскен күйеуінің мінезіне қанық Ұлжан «Е, ойыны біткенде келер»деп бейғам жүргенімен үшінші таң атқанда көңіліне күдік ұялады.
Қызылжар деп аталатын осы жайлау Нұржанның жеті атасынан бері жайлап келе жатқан ата қонысы еді. Таяуда ғана көктеуден көшіп келген. Шалғынның сонысы басылмаған. Масатыдай құлпырып тұр. Айналада шашылған жұмыртқадай болып 20 дай ақшаңқан үйлерден түтін будақтайды. Осындай мамыражәй жерде де кісі жоғалды дегенге көңіл себейтіндей.
Ұлжан қолғанаттыққа жарап қалған тоғыз жасар ұлы Айдын екеуі малды жайғап болған соң, тыртық сан қара атқа мінгесіп көрші-қолаңға барып Нұржанның із-дерегін сұрағанымен, ешкім көрмеген болып шықты. Үйге қайтып келген соң, анасы ұлын бір жалдың ар жағында отыратын әкесінің бала кезден бірге өскен досы Адалбекке хабар беруге жұмсады. Адалбек келіп мән-жәймен ұғысты да, Нұржан барады-ау деген жердің барлығын адақтағымен, түк шықпады. Сонымен ертесіне аудандық полиция бөлімінің көмегіне жүгінуге тура келді. Полиция капитаны Елеу жақын төңіректегі малшыларды жиып, саусақ іздерін алды. Малшылардың жауабы әрқилы болды. Біреуі Нұржанның қарағай жаққа кетіп бара жатқанын айтса, біреуі Күнгейті өзеніне қарай бет алып бара жатқанын айтты. Одан өзге мәлімет жоқ. Бәленің бәрі аттан келді деп ойлаған капитан Елеу осы маңайдағы атбегілерді түгел бөлімшеге алдырып шетінен тергей бастады. Олай істейтін де жөні бар. Өйткені Нұржанның үкілі кері бірнеше жылдан бері алдына қара салмаған талайдың көзқұртына айналған һас жүйріктің өзі еді.
Тергеу барысында Әлен-Жәлел деген ағайынды екі жігіт күдікке ілінді. Ағайынде екеуі соңғы бір жыл бойы үкілі керді көп айналшықтаған. Нұржанға көп ақша ұсынып, сатып беруін қолқалағанымен ат иесі жанымды алсаң ал, атымды бермеймін деп шорт кескен. Сол барыста шекісіп қалғандарына да ел куә. Бұрында сотты болғанына байланысты ағайындының үлкені Әлен уақытша қамауға алынып, інісі қолхатпен босатылды.
Ұлжан осы аралықта ұлын дедектетіп ертіп алып, етегі жасқа тола жүріп қаншама бақсы-балгер, тәуіп-құшынаштың алдына барды. Олар да қайғы жұтып шерменде болған пендені әбден шатыстырды. Біреуі суда деді, біреуі нуда деді, ал біреуі пері әкеткен деді. Әйтеуір үмітсіз шайтан дегендей ешқайсысы өлдіге жорымады. Сол аралықта Әленнің үйінен Нұржанның ертоқымының күміс құйысқаны табылды.
- Міне, дәлел-факты. Мойында қылмысыңды.- деп капитан Елеу Әленнің алдына құйысқанды тастады.
- Мен оны былтыр ұрлап алғам, — деді міз бақпай.
- Не мақсатпен ұрладың?
- Атым үкілі кердей жүйрік болсын деген ырыммен.
Сонымен Ұлжаннан ұғысу арқылы Нұржанда мұндай құйысқаннан үшеуі барын, мына құйысқанның нақты қай кезде жоғалғанын ашалап айтып бере алмады. Күміс құйысқанның ұрлығы дүдәмәл күйінде қалды.
Адалбектің бас болуымен ауыл жігіттері жатпай-тұрмай сай-сала, қойын қолатты тініткенімен еш нәтиже жоқ.
Атқұмарлық пен атбегілік қанында бар Нұржан жылқы дегенде шығарда жаны бөлек еді. Көзін ашқаннан бері әкесінің жанында жүріп ат баптау мен жылқының сырына қанық болып өсті. Осы кезге дейін қылаңы бар, жирені мен құласы бар, қаншама жүйрік алдынан өтті. Бірақ мына үкілі кер Нұржан үшін алабөтен болды. Тұлпар болар құлынды «сүт беріп, сұлы беріп», күнге тигізбей, желге сүйгізбей мәпелеп бақты. Тіл-көз болмасын деп кекіліне үкі тақты. Содан үкілі кер атанды. Ауызымен құс тістеген үкілі кер төрт төңірекке аты кеткен желғабызға айналды. Соның арқасында Нұржанның да ырысы тасып, дәулеті шалқыды. Соңғы рет сол үкілі керімен үйден кеткен Нұржанның жұмбағы елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Өзі көпшіл, әнші-күйші, атсейіс азаматпен біреу жаға жыртысыпты, біреумен кектесіпті дегенді жұр сирек еститін. Қайта жатты жақындатып, аразды татуластырған ортадан табылытынына ел куә.
«Күнгейті өзеніне қарай бара жатқан» деген қойшының айтуы бойынша Елеу өзен бойынан із-дерек жинастырды. Судан салынды боп шыққан ескі қаңылтыр, тат басқан темір, ақсөңке сүйек-саяқ, ағаштардан басқа көзге оғаш көрінген өзеннің бір мүйісінен табылған жақында ғана ішілген екі тал арақ құмырасы табылды. Елеу жайлаудағы көшпелі дүкендерді аралап, онда сатылатын арақ маркаларымен салыстырып көрді. Жоқ, бұл төңіректе дәл осындай арақ сатылмайтын болып шықты. Анда-санда Нұржанның бір татары барын білген Елеу мұны делоға тіркеп қойды. Сонымен бірге бадашы Сәрсен деген сиыр бағатын жігіттің Нұржанның шылбырын тағып жүргенін жұрт көріпті. Елеу Сәрсенді шақыртып шылбырдың жәй-жапсарын сұрады.
- Шылбырды қайдан алдың?
- Өзен бойынан таптым. Жерде жатқан соң, ала салған едім , — деді Сәрсен .
Мүмкін мұндай шылбыр басқа жұртта да бар шығар деп ойлаған Елеу Ұлжан мен Айдынға көрсеткенде, Мұның Нұржанға тиесілі екені анықталды. Олар қолдан есіп жасалған шылбырдың орта тұсында көзі бар түймеден айнытпай таныды. Ырымшыл Нұржан айыл-тұрманының бәріне түйме қадайтын әдеті бар еді. Сонымен табылған шылбыр делоға тіркелді.
Төңірекке сыйлы Нұржанның із-тозсыз жоғалуы біраз жұртты әбігерге салды. Алыс-жақыннан келген туыс-туған, дос-жаранда есеп болмады. Оларға шәй-су, жатын орын дайындаудың өзі әжептәуір салмақ еді. Сол шаруаның барлығын шып-шырғасын шығармай реттеп, зыр жүгірген Адалбек болды.
Күнгейті өзенінің төменгі ағарынан бір адамның мәйті табылды деген хабар жетті. Су сорып тастаған, шаш пен қасы түгел сыпырылған мәйітті адам танымастай еді. Дегенмен Нұржанның шолақ үш саусағынан соның дәл өзі екенін туыстары тап басып таныды. Қайбір жылдары Нұржан жүн түтетін машинаға абайсызда үш саусағын жұлдырып алған болатын. Кей қу тілді құрдастары «Балуан шолақтың ізін жалғаған Нұржан шолақ» деп те әзілдейтін.
Содан жаназа шығарылып, ел-жұрт ұлардай шулап «Алланың салғанына амал бар ма?» деп терең қазып тепкілеп көмді. Әубаста табылар-ау деген үміттері қиылып, ботадай боздап, қаңыраған қазақ үйде аналы-балалы екі мұңлық қалды.
Тәжрибелі ізкесер капитан Елеу істің бұлай аяқталғанынан мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұрғанын аңғарды. Өйткені Нұржан жалғыз-жарым адамға алдырмайтын алымды-шалымды, жігіттің сырттаны. Оның үстіне қуса жететін, қашса құтылатын үкілі кері тағы бар. Қанішерлер Қапияда қастандық жасаған болды деп ойлады да, көрші аудан-қалалардағы полиция бөлімшелеріне хабарласып, мал ұрыларын қатаң тексеруді айтты. Өйткені бұл қастандықтың артында үкілі кер тұрғанына шүбәләнбады.
Қызық Нұржанда жерлеген соң, екі күннен кейін басталды. Ымырт үйіріліп, апақ-сапақ кезде иттер абалаған соң, Айдын сыртқа шыққан. Беткейдегі жылқылар шұрқырасып, оқыранып тұрғанын байқады да, жанына барды. Өз көзіне өзі сенер емес, топ жылқының ортасында қасынысып үкілі кер тұр. Бір сәт дағдарып тұрды да, атылып барып әкесі тіріліп келгендей үкілі торының мойынынан құшақтай алды. Сол сәт жанарынан жас моншақтағанын өзі де сезбей қалды. Әкесінің иісі жылқы иісімен араласып танауын қытықтағанда, тіл жіткісіз ғажайып сезім құшағында тербелді.
Ертесі капитан Елеу келді. Туыс-туған, ел-жұрт қайта жиналды. Үкілі кердің қабырғасы арсиып, әбден титығына жетіп арықтаған. Демек бұл жержады тұлпар алыс жерден қашып келген деп ұйғарды.
Үкілі кер күні бойы үйдің жанынан ұзамай Нұржанның иісі сіңген заттарды иіскелеп, оқыранып-пысқырынып жер тарпығаны жұрт көңілін босатты. «Әй, жануар мал да болсаң, адамнан зятсың ғой!» деп үлкендер көзіне жас алды. Өріске қанша айдаса да, үй іргесінен ұзамай қойған соң, Айдын суға апарып әкесінің жасаған ағаш тарағымен тарап, сылып-сипап жуды да мама ағашқа апарып байлап қойды.
Түстен кейін ойнақшып аласұрған үкілі кер байлаудағы шылбырын үзді де, күнгейті өзенін бетке алып, кісінеп құйғытып шаба жөнелді. Үйдегі жұрт түп қотарыла далаға шықты. Көптен бері бұл істің барысынан миы әбден шатысқан Елеу бір кәдікті сезді де, тыртық сан қара атқа жәйдақ мініп үкілі кердің артынан қуды. Құлағын қайшылаған жануар безіп келеді. Бір дөң асқаннан кейін, қарасын көрсетпей кетті. Сол бағытты туралап Елеуде шоқырақтатып қалар емес. Таяудағы шоқыға шыққанда үкілі торының күнгейті өзенінің бойында басын төмен салып, жер тарпып тұрғанын көрді де, тыртық санды қамшыға көмді. Бұл жеткенше үкілі торы сол орынынан қозғалмады. Аттан түсіп енді шылбырдан ұстамақ болғанда, үкілі кер басын бір сілкіді де, «менің артымнан ілес дегендей» сәл қиыстағы тоғайға қарай желіп отырды. Бір нәрсенің ұшығын сезген Елеу енді атты қумай, еркіне жіберіп соңынан ерді. Үкілі кер әнтек кісінеп қойып ит тұмсығы өтпес тоғайға сұғынып кіріп барады. Бұдан ары атпен жүру мүмкін болмаған соң Елеу атын бір бұтаға байлады да, жаяу ілесті. Қанша жүргенін білмейді, әйтеуір тұлабойын бұта-бүрген тіліп, әбден кетеуі кеткен Елеу бір мезетте Үкілі торының тоқтағанын көріп, жақындап келіп ентігін басты. Бақса, алдында атамзаманнан қалған терең ор жатыр. Шұңқырдың ішіне қарағанда көз шарасы шыға жаздады. Сынған ағаш бұтақтарының арасынан тізеден төмен адам аяғын көрді. Күлімсі иіс қолқасын қапты. Кәнігі ізкесер қобалжуын басты да, орға түсіп адам мәйітін жасырған ағаштарды аршығанда, көгеріп борси бастаған Нұржанды айнытпай таныды. Сол сәтте үкілі кердің көзінен жас парлап тұрды. Елеу мұны өз көзімен көрмесе, ел айтқанға сенбес еді.
Бұл оқиға естіген халықты есеңгіретіп тастады. Өлді деп жаназасын шығарып жерлеп тастаған Нұржанның денесі тоғайдан табылды. Сонда ана мәйіт кімдікі болды?
Сөйтсе, Нұржан жоғалған мезетте тағы да бір адам жоғалған оқиға тіркелген. Ол күнгейті өзенінің жоғары жағындағы ауылдың тұрғыны екені анықталды. Балық аулаймын деп өзенге жалғыз кетіп, содан із-тозсыз жоғалған ұйғыр азаматы екен. Ол іспен бөлімшедегі басқа қызметкерлер айналысқан соң, Елеудің бар ойы Нұржан болып, оған аса бір назар аудармаған.
Мәйтті қайта қазып алып, туысқандарына көрсеткенде, олар бірден таныды. Құдайдың құдыреті! Мұндай ұқсастық болар ма? Оның да үш саусағы шолақ болып шықты. Бірақ мұның оң қолы болса, Нұржанның сол қолының үш саусағы шолақ еді. Қайғыдан қан жұтып жүрген Ұлжан мен Айдын оны дер кезінде байқамаған.
Нұржанның денесін сараптамадан өткізіп, фото айқақтар алынып, екінші рет жаназасы шығарылып жер қойнына тапсырылды.
Елеудің бұйрығымен астыртын жақын маңайдағы малшыларға ескертпестен етік, туфли, гаош тағы да басқа аяқкиімдері бір түннің ішінде бөлімшеге жинап алынды. Артынан малшыларды бір-бірден шақырып фото айғақ бойынша жауап алынғанымен, олардан күмән туғызар ештеңе байқалмады. Соңында жинап алған етіктердің ішінен бір пары ғана қалған еді. Фото айқақпен мына етіктің табанының бедері сай келіп тұр. Ол етіктің иесі Нұржанның қанды көйлек досы Адалбек болып шығады деп кім ойлаған.
Елеу басында Адалбектің оғаш жүріс-тұрысынан аздап секем алып жүрді де, кейіннен Нұржанды іздеу барысындағы оның жанкешті еңбегін көріп, өз ойынан өзі ұялғаны бар. Адалбекті бөлімшеге шақыртты.
- Сізден мұндай жауыздықты күтпеп едім, — деді Елеу Адалбектің көзіне тура қарап.
- Нені айтып тұрғаныңызды түсінбедім, — деді де Адалбек күмілжып төмен қарады.
Елеу суырмадан әлдебір паканы алды да, арасынан фотоларды шығарып Адалбектің алдына жайып салды. Фотода Нұржанның бетіне түскен етіктің ізі бадырайып тұр еді.
- Қара, дұрыстап қара мынаған. Мына белгілер таныс шығар, оңбаған. – деп үстелді қойып қалды.
Басын көтеруге дәті жетпеген Адалбек: — Ондай етік біреу ғана емес, көп қой. Ол дәлел бола алмайды, — деді төменшіктеп.
- Олай болса, мынаған қара, — деді пакпаның ішінен етіктің өкшесіне тағатын нәліні алып көрсетіп. – мынау кімдікі? Мен мұны өзен бойынан таптым. Сенің етігіңде жақында ғана түсіп қалған нәлінің орыны тұр. Демек, сен Нұржанның бетінен тепкенде, етіктің нәлісі жұлынып сонда қалған.
Сонда барып, Адалбек бір қуарып, бір қызарып жынын алған бақсыдай сылқ ете қалды. Мойындауға мәжбүр болды.
… сол күні олар қас қарая күнгейті өзенінің бойында, ел көзінен таса жерде кезігеді. Олар дегеніміз: Нұржан мен Адалбек және Адалбектің екі жолдас жігіті Ерлан мен Кеңес. Нұржан бұлардың не мақсатпен келгенін түсінбеген. Адалбекпен бірге барып, олардың алып келген арағымен шөл басқан.(өзен бойынан екі бөтелке арақтың шишасы табылғанын еске алыңыз) Басында әңгіме дұрыс бағытта өрбіген. Бірақ қыза келе олардың ойы үкілі керіні сатып алу екенін білгенде, Нұржан мастығы мен ашуы қосылып оларға жұдырық ала жүгірген. Адалбек бұларды қайтадан татуластырып екінші жартыны ішу үшін қайтадан отырған. Сол жерде Адалбек Нұржанның құлағына сыбырлап майдан қыл суырғандай қылып, жұмсақтап атын сатуға көндіруге тырысқан. Бәрібір онысынан ештеңе шықпаған. Бұл істен дәнеңе өнбеген соң, олар Адалбекті оңаша шақырып өкпе-назын бетіне салық қылып орындарынан тұрып, кетпекші болады. Сол кезде Нұржан тартпасын тартып енді атқа аяқ арта бергенде, жақтан тиген ауыр соққыдан есеңгіреп құлайды. Атқа Нұржаннан бұрын мініп нәлі қаққан керзі етікпен құлақшекеден тепкен Адалбек еді. Сол сәтті пайдаланған ана екеудің біреуі түрмеге әлденеше рет түіп қаны бұзылған, жаңа ғана Нұржаннан бір-екі соққы жеген Ерлан үкілі керінің шылбырымен есеңгіреп жатқан Нұржанды қылқындырады. Оған Кеңес болысады. Тұяқ серпіп жатқан Нұржан соңғы рет Адалбекке қарап көзі шатынап, бірдеңе айтпақ болғанымен, тамағы сырылдап барып үні өшеді. Сонда барып есін жиған Адалбек аттан секіріп түсіп, Нұржанның басын сүйегенімен бәрі де кеш еді.
- Содан ары не істедіңдер? Шұңқырға апарып тастадыңдар ма? – деді Елеу.
- Жоқ. Сол кезде бойымды сұмдық өкініш пен үрей биледі. Соның бәрі қас-қағым сәтте болғанына қатты қапаландым. Бірақ амал нешік! Болған іс болды. Бар ойым сол жерден қарамды батыру еді. Есім кіресілі-шығасылы бола жүріп, атты алып кетіңдер, сендерді енді желкемнің шұқыры көрсін дедім де кетпекші болдым. «Тоқта, мынаны не істейміз?» деп Ерлан атымның шаужайына жармаса кетті. Оны Кеңес тоқтатты. Кетерімде «Мәйтті суға апарып тастаймыз. уайымдама» деп жатқанын құлағым шалды. Шындыған айтсам, судан мәйіт табылғанда сонымен бәрі тынды деп ойлағам.
- Мынаны айтшы. Бала күннен тай-құлындай тебісіп өскен досыңды сол кезде неге тептің?
- Айтсам сенбейсіз. Дәл сол кезде Нұржан атының тартпасын тартып тұрғанда, мені шайтан азғырды. Ол екеуміздің өміріміз тұтас көз алдымнан ағып өтты. Бұрын да мұндай азғын ойлар ара-тұра қылаң бергенімен жөргегінде өлетін. Сол сәтте еркімді биледі. Екеуміз бірге өстік. Бірге оқыдық. Қыздардың бәрі соған ғашық болатын. Ұлжанға ғашық болғанымды досымнан жасырып айтпадым. Екеуміз тел қозыдай бірге жүреміз. Бірақ барған жерде төр соныкі. Маған мыңғырған мал біткенімен, атымды шығарар жүйрік шықпады. Тұлпар да, сұлу да , бар абырой, бет-бедел Нұржандыкі болды. Мен оның көлеңкесі сияқты болдым. Былайша айтқанда бағын қызғандым. Ішті өртеген қызғаныш сол кезде бой көтеріп, оны тепкенімді өзімде сезбей қалдым.
…Адалбек қылмысын мойындаған соң, уақытша қамауда отырған Әленді босатты. Ерлан мен Кеңес қолға түсті. Үшеуі де заң бойынша жазасын алды. Айтпақшы олар мәйітті суға тастамақшы болып, біраз ауреленген. Бірақ суға тастау үшін ашық жерге шығуға тура келгендіктен, ел көзіне түсуден сескеніп, мәйітті сүйрелеп жүріп тоғайдың түкпіріне апарып жасырған. Соның бәрін үкілі кер көріп тұрған.
Білетіндердің айтуына қарағанда, содан кейін үкілі кер иесіз қалған соң, Нұржанның туысқандары қанша бәйгеге қосқанымен бауырын жазып шаппай қойыпты. Бірде Нұржанның ұлы Айдын кездейсоқ әкесін буындырып өлтірген шылбырды мойынына байлағаннан кейін тағы да екі-үш жыл алдына қара салмады дейді жануар !
Аршын Нұрбақытұлы