Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтердің сапасы әрбір азаматтың өмірінде маңызды рөл атқарады. Алайда белгіленген тәртіп пен заңнама нормаларына қарамастан, мемлекеттік қызметтер әрдайым уақытында, толық көлемде және сапалы көрсетіле бермейді. Қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуы – кең таралған құбылыс, бірақ көбінесе тиісті деңгейде назар аударылмай қалады. Осыған қарамастан, әрбір азаматтың өз құқықтарын қорғауға және әділдікке қол жеткізуге мүмкіндігі бар.
Қандай құқықтар көбіне бұзылады?
- Мемлекеттік қызметтерді уақытылы көрсетпеу – құжаттарды беру, анықтамаларды ұсыну, рәсімдерді жүргізу барысында кідірістердің болуы.
- Мемлекеттік қызмет көрсетуден заңды негізсіз бас тарту.
- Қызмет көрсету сапасының төмендігі – ақпараттың толық берілмеуі, дөрекілік, өтініштерді елемеу.
- Шағымдарды қарау мерзімдерінің сақталмауы.
Өз құқықтарыңызды қорғау неге маңызды?
Өз құқықтарын қорғау – бұл тек әділдікке қол жеткізу ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам үшін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартудың тиімді жолы. Әрбір негізделген талап пен әрбір өтініш жүйелі мәселелерді анықтауға және мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтарға өз мүдделерін қорғаудың кең мүмкіндіктерін ұсынады – қолдау қызметіне жүгінуден бастап уәкілетті органға шағым беруге дейін.
Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Департаменті мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды және заңнаманың сақталуын жүйелі түрде күшейтіп келеді. Түскен өтініштерді талдау көрсеткендей, уәкілетті органның дер кезінде араласуы азаматтардың бұзылған құқықтарын тиімді қалпына келтіруге және мемлекеттік органдардың қызмет нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Департаментке келіп түскен әрбір өтініш мұқият және объективті түрде қаралады. Шағымдар тексеру жүргізу үшін тиісті құзыретті органдарға жолданады, ал анықталған құқықбұзушылықтар тәртіптік шара қолдануға, нұсқама енгізуге және басқарушылық процестерді түзетуге негіз болады.
Тәжірибе көрсеткендей, сотқа дейінгі шағымдану механизмі азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды құралы болып қала береді және сот органдарына жүгінбей-ақ, құқық бұзушылықтарды уақтылы жоюға мүмкіндік береді.
1. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы ақпаратты түзету
Мысалдардың бірі – қызмет алушы Б.Н. Жомарттың өтініші. Ол ресми интернет-ресурстарда мектепке дейінгі ұйым туралы мәліметтердің дұрыс орналастырылмағанын хабарлаған.
Жүргізілген тексеру электрондық жүйедегі деректердің толық еместігін анықтады. Қарау қорытындысы бойынша:
- мектепке дейінгі ұйымның жауапты тұлғаларына нұсқама енгізілді;
- сайттағы ақпарат толық жаңартылды;
- кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл жағдай техникалық сипаттағы кемшіліктердің өзі азаматтардың құқықтарына тікелей әсер ететінін және жедел әрекет етуді талап ететінін көрсетті.
2. Жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде құқықтарды қалпына келтіру
2024–2025 жылдары түскен өтініштердің бірқатар бөлігі Алматы қаласының Қала құрылысын және сәулетті жоспарлау басқармасы көрсететін «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім беру» мемлекеттік қызметіне қатысты болды.
Тексеру нәтижелері құқықбұзушылықтардың бар екенін көрсетті — негізсіз бас тартулардан бастап, регламентте көзделген рәсімдерден ауытқуларға дейін. С.М.Жәнібековтің өтініші
Арызды қарау барысында анықталғандары:
- негізсіз бас тарту фактілері;
- қызмет көрсету тәртібінің бұзылуы;
- заңнама талаптарының сақталмауы.
Тексеру қорытындысы бойынша:
- қызмет алушының құқықтары толық қалпына келтірілді;
- бұзушылықтарды жою жөнінде Басқармаға міндетті нұсқама енгізілді;
- қызмет заңнама нормаларына толық сәйкес көрсетілді.
Н.А. Кокшееваның шағымы
Осыған ұқсас мәселе бойынша төмендегілер анықталды:
- заңсыз бас тарту;
- құжаттарды қарау кезінде белгіленген рәсімдердің сақталмауы.
Департаменттің араласуы нәтижесінде:
- мемлекеттік органның шешімі күшін жойды;
- азаматтың құқықтары қалпына келтірілді;
- жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі заңға сәйкес жүргізілді.
Д.А. Ревшановтың өтініші бойынша
Шағымды тексеру барысында төмендегілер де расталды:
- бас тартудың заңсыздығы;
- өтінішті қарау кезінде рәсімдік нормалардың бұзылуы.
Қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді, ал алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеу мақсатында Басқармаға ұсыныстар мен шаралар жолданды.
Тексеру материалдары көрсеткендей:
- бұзушылықтар көбіне регламенттердің сақталмауы, негізсіз бас тартулар және заңнама нормаларын дұрыс қолданбаумен байланысты;
- Департаменттің дер кезінде әрекет етуі қателіктерді жедел түзетуге, тәртіптік тәжірибені күшейтуге және мемлекеттік қызметтер көрсету процестерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді;
- сотқа дейінгі шағымдану тетігінің тиімділігі нақты мысалдармен дәлелденді — аталған барлық қызмет алушылардың құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру – бұл тек мемлекеттің міндеті ғана емес, азаматтар мен жүйе арасындағы сенімнің негізі. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана құрмет, адалдық және жауапкершілік қалыпты құндылықтарға айналатын орта құруға болады.
Әрбір азамат сапалы мемлекеттік қызмет алуға құқылы – және әркім осы құқықтарының орындалуына қол жеткізе алады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы қаласы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызметтер көрсету
басқармасының басшысы
Жанбыршиев М.М.


