Қызды қымтап ұстаған ұялмайды

Қазақ қашаннан отбасы құндылығына, ұрпақ тағылымына ерекше маңыз беріп, ұлттың ертеңін ұл мен қызының тәрбиесімен өлшеген. Әсіресе қызына жастайынан қамқор болып, қабағына мұң ұялатпай, көңіліне кірбің түсірмей өсіруге күш салған. Себебі халық «Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің» деп түсінген.

Шынында бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Яғни, келер ұрпақтың кемел болуы ананың біліміне, мəдениеті мен ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан қызды тəрбиелеуде ұлттық тəрбие негіздерін назарда ұстау, басты бағдар ету маңызды. Əрі қыз баланың бойы мен ойының қатар дамып, жақсы мен жаманды ажыратуға қабілетті болып өсуіне ата-анасы мен мектеп қатар жауапты екенін ұмытпағанымыз жөн. Əрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тəлім-тəрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі əдеміліктің, əдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды», «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған. Бойжеткенге төрден орын беріп, қабағына кірбің түсірмей бұлаңдатып еркін өсірген бабаларымыздың керек кезде тек деп, теріс əрекеттерден орынды шектеп отырғанына тарих куə. Дегенмен, қазіргі кезде сол бабалар дəстүрін ұмытып, отбасылық құндылықтардан алыстап бара жатқанымыз жасырын емес. Мұны заманның ағымы, нарықтың талабы деп ақталғанымызбен, көз алдымызда сүйріктей болып өскен қыздардың қателесіп түзу жолдан жаңылуы ата-анасы үшін де, мектеп ұжымы үшін де үлкен мəселе. Бұл «Қамысты бос ұстасаң қол кесетіні» сияқты, қызды да қадағалап отырмасаң бетімен кететінін дəлелдейді. Міне осыған орай мектепте қыздардың терең білім алуымен қатар, бос уақытын тиімді өткізуіне мəн беріледі. Мектеп психологтары сабақтан жиі қалатын, мұғалімдермен, оқушылармен тіл табыса алмай сөзге келетін, өз қатарластарына қосылмай оңаша жүруді қалайтын қыздармен жеке сөйлесіп, ата-анасымен байланыс орнатуға, қандай да бір мəселе туындаса бірігіп шешуге тырысады. Себебі қыз баланың ортасынан бөлініп, оғаш қылықтар көрсетуінің өзі тəрбиесіндегі олқылықтан хабар береді. Өкінішке қарай қазіргі ата-аналардың көбі баланың материалдық жақтан қамтылуына, киімін бүтіндеп, сұрағандарын алып беруге басымдық береді. Қызына қымбат ұялы телефон əперген ата-ана сол телефонды ара-тұра тексеріп, баласының кіммен сөйлесіп, қандай контенттер көретініне бас ауыртпайды. Бүгінгі балаларды ата-ана емес, шын мəнінде интернет пен смартфондар тəрбиелеп жатыр. Ата-анасына сенетін, ойларын ашық айтатын қыздар қатарластарымен де тез тіл табысады. Ал кейбір қыздар бар қызықты телефоннан іздейді, сыныптастарынан сырт жүреді. Басына қиындық түскенде мұндай қыздардың ішіндегісін бөлісетін адам таппай, баз кешетіні, оқыс əрекеттерге баратыны да сондықтан. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін мектепте түрлі сайыстар, командалық жарыстар, білім, өнер, спорт байқаулары тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Бұл балаларды бір-біріне жақындатады, сыныпта командалық рух қалыптастырады. Əсіресе, өтпелі кезеңдегі бозбалалар мен бойжеткендерге мұндай шаралардың берері мол. Сондай-ақ қыз тəрбиелеп отырған аналармен де тығыз байланыс орнатып, ана мен қыздар бірге қатысатын диспут, кеш, сайыстарды өткізу жақсы дəстүрге айналған. Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ өмірге дайындайтын да сол анасы. Қанша жұмысбасты болса да аналардың қызына көңіл бөліп, басты сырласына айналуы көптеген түйткілдердің алдын алуға көмектесетінін ұмытпауымыз керек. Ал мектеп қыздарға сапалы білім беріп, үлкен өмірге дайындаумен бірге, отбасындағы тəрбиеде қателіктің кетпеуіне үнемі көңіл бөліп отырады.

Анар СЕМБАЕВА, Жамбыл ауданы Көкқайнар орта мектебінің мұғалімі

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...