Серік ƏБІКЕНҰЛЫ, жазушы, журналист: «Қазақ детективінен ұлттық болмысымыз байқалып труы керек»
Детектив байқауын сегіз жылдан бері бақылап жүрмін. Басында шығармалар тым қарапайым, қарабайыр болатын. Шығармалар сот хаттамасы секілді, «үкім осылай шықты, осынша жылға сотталды» деген секілді əлсіз жазылатын. Биылғы байқауда əділқазы бола отырып салмақты, сапалы туындылардың көбейгенін аңғардық. Өзіме «Мылқау түн», «Рецепт», «Сол бір түнде», «Қиыс жол», «Қабірдегі құпия» секілді шығармалар ұнады. Композиция құруы, шығарманың жазылуы бəрі керемет. «Əттеген-айлар» да бар. Əп-əдемі басталған шығарманы шолақ қайырып, оқиғаны тез аяқтап жатқандар да жиі кездеседі. Шығарманың бір илеуі кем екенін бірден аңғарасың. Тіпті бір иірімі жетпей қалғандай əсерде қалатын кезіміз көп. Бұл бірақ түңілу емес, үміттену. Өйткені жалпы шығармалардың өзі кесек болып түсіп жатыр. Сондықтан жазылған дүниенің аяқ жағын жетілдіру, оқыр манды ширықтырып ұстап отыруға мəн беріп, аяқ жағында адамды елең еткізердей əсерде қалдыруға көңіл бөлінсе екен деймін. Бұған қаламгерлердің де қабілеті жетеді. Алдағы уақытта детектив жанрының жанданатынына, бұл байқау детективтің жаңа бір кезеңін қалыптастыратынына сенемін. «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» осы бастамасы берекелі болса екен. Шытырман шеберлерінің де байқауды жандандыруға қатысты жанашырлықпен айтқан ой, ұсыныстары ұнады. Мысалы, Шерлок Холмс деген кезде қолына шылым түтікшесін ұстаған, басында шляпасы бар, скрипка тартатын ағылшын детективінің бейнесі көз алдымызға келеді. Үстіндегі киімінің өзі Еуропа мəдениетін еске салады. Қазақ детективіне де осындай бір элементтер енгізілсе, қазақ із кесушілерінің жиынтық бір образын қалыптастыра алсақ керемет болар еді. Кешелі бері осы жиында айтылып жатқан тағы бір ой сегіз жылдың ішінде өте көп шығарма жазылды. Осылардың ішіндегі үздіктерін таңдап алып, оқиғаларын іріктеп, қазақ тілінде, қазақы бір детектив сериал түсірілсе деген тілегіміз бар. Бұл ойларымыз іске асып жатса, қазақ еліндегі үлкен бір мұзжарғыш оқиға болар еді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, журналист: «МЫЛҚАУ ТҮН» – қоғам қасіретін суреттеген еңбек
Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалардың дəстүрлі байқауының биылғы бас жүлде иегері бүгінгі қоғам қасіретін суреттеуге талпыныпты. Есту қабілеті бұзылған интернаттағы зорланған тəрбиеленушінің тағдыры… Бұл кеудесінде жүрегі бар кез келген адамды бейжай қалдырмайтыны анық. Бастапқыда дəл сол күні интернатқа кездейсоқ келген директордың ұлы күдікке ілігуі тұла бо йыңды түршіктіретін түнгі оқиғаны тым шиеленістіре түседі. Бірақ артынан шындық ашылып ешқандай ақтауға келмейтін мұндай масқара қадамға барған интернат директорының орынбасары екені нақты дəлел-дəйекпен анықталады. Ол оңбаған интернат тəрбиеленушісіне адамды ұйықтататын психотроптық затты қолдану арқылы арам ойын іске асырған. Есту қабілеті бұзылған балалар мылқау түннің тыныштығын бұзған арпалысты қалайша аңғармай қалуының себебі түсінікті. Міне, соңғы кезде қоғам қасіретіне айнала бастаған осындай зорлық-зомбылықты «Мылқау түн» дейтін шығармасына арқау етіп шытырман оқиғаны барынша шынайы бейнелеуге тырысқан жетісулық Гүлден Жылкелдиева Кемел Тоқаев атындағы дəстүрлі детектив шығармалар байқауының биылғы бас жүлдесіне лайық деп танылды. Бас жүлдеге 1 500 000 теңге тігілуі басқа айтулы əдеби байқаулармен деңгейлестігін де аңғартады. Елімізге кеңінен танымал һəм талантты журналист, іскер басшы Досымбек Өтеғалиев тізгін ұстаған «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС ұйытқы болуымен əр жылы əр өңірде өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жүрген дəстүрлі байқаудың сегізінші мəрте өткізілуі Жамбыл облыстық əкімдігінің қолдауымен осы жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялаған қасиетті Əулиеата жерінде орайласа кеткені символикалық тұрғыдан да жарасымды жалғасын тапқан игі тірлік болды. Бəсі бөлек байқау жүлдегерлері де əр өңірден, əр алуан мамандық иелері. Айталық «Қиыс жол» жайлы жан-жақты қиылыстырып жазған, мамандығы мұғалім тараздық Айзада Кенжемолдаеваның айы оңынан туып бірінші орын алды, «миллионер» атанды (жүлде құны 1 миллион теңге). Ал əрқайсысына 750 000 теңге табыс етілген екі екінші орынның біреуін иеленген қызылордалық Алдажар Əбілов осы байқаудың əр жылдардағы тұрақты қатысушысы. Бұл жолғы дүбірлі доданың жаңа есімі ретінде екінші орынның екіншісін еншілеген Болай Бердиева Түркістан облысындағы аудандық ауруханада дəрігер. Жастар арасында əлдеқашан мықтылығын мойындатып үлгерген астаналық кəсіби қаламгер Мирас Мұқаш əрқайсысына 500 мың теңге жүлде тігілген үш үшінші орынның біреуін иеленді. Ынталандыру сыйлығы да бірнеше адамға берілсе, соның біреуі курстасым Алмагүл Серікқалиға бұйырды. Кенжелеп қалған детектив жанрының тамырына жаңаша қан жүгіртіп дамытуға талпынған, талаптанған жүлдегерлерді марапаттаушылардың қатарында менің де болғанымды айта кетсем əбестік етпес. Əрине бас жүлдені осы іс-шараны жүзеге асыруда негізгі рөлді атқарған, облыс əкімі Ербол Шырақбайұлының тапсырмасын тиянақты тындырған идеология жөніндегі орынбасары Серік Сəлемовтың өзі тапсырды. Ербол Ахметжанов бастаған Жамбыл облыстық сотының ұжымы да арнайы жүлделер тағайындап белсене атсалысқанына ел ерекше ризашылық білдірді. Жалпы, байқауға 70-ке жуық шығарма түсіп, оның 14-інің еңбегін жан-жақты сараптаған қазылар алқасының төрағасы белгілі көсемсөзші, бүгінде Парламент Сенатында комитет жетекшісі Нұртөре Жүсіп, ал құрамында əйгілі қаламгерлер Серік Əбікенұлы, Көсемəлі Сəттібайұлы, Оралхан Дəуіт жəне «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС басшысы Досымбек Қонысбек болғанын да айта кетейік. Дəстүрлі байқаудың келесі жылы да тоғызыншы мəрте дүбірлеп өтетініне, əдебиет əлемінде жаңа топжарғандар танылатынына бек сенімдіміз.
Жадыра ШАМҰРАТ, жазушы: «Бұл жанр осылай өсіп, жетіле береді»
«Заң газеті» осы байқауды жылда өткізіп, оған жыл сайын əр облыстан демеуші тартып, детектив жанрындағы азды-көпті дүниелердің жазылуына себепші болып, игілікті шаруа атқарып жүр. Күнделікті газет өндірісі ол процесс, ал детективті дамытуға үлес қосу олардың міндетіне кірмесе де, бұл айналып келгенде ортақ игілікке қызмет ету. Осы байқау өткізіле бастағаннан бері қаншама адам өзінің жазу қабілетін аңдады, қайталап қатысып жатқандар бұрынғы жетпей жатқан тұсын жетілдірді, кей қаламгер өзінің жазу бағытын анық түсініп, осы салаға біржола бұрылды. Жазу деген жазған сайын сыры ашыла түсетін өнер, адамда қабілет болуы мүмкін, бірақ, ізденіс пен еңбек бар жерде меже де биік. Сондықтан үйрене береміз. Тек ғұмыр болсын! Ал, сол жазғанымыздың оқылып, бағаланып, тіпті «Заң газетінің» жүлдесіне ілігіп жатқаны – шынымен керемет! Сондықтан ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Бұл жанр осылай өсіп, жетіле береді. Бүгін біздікі кей жерінде бір қайнауы ішінде кеткендей немесе асығыс тау, кей жері аңғалдау көрінуі мүмкін, ал келесіде бұдан шымыр бола түседі. Ертең жастар келеді, олардың ойлауы бізден басқаша, демек, логикалық шешіміне бас қататындай күрделі бұрылыстары бар соны, көркем дүниелер жазады. Осылай елдегі детектив жанры жақсы көтеріліп жатса, бұған «Заң газетінің» осыншалық үлесі бары айтылуы тиіс. Іріктелген шығармаларды оқып шықтым, қазірдің өзінде əр қаламгердің өз ерекшелігі көрінеді. Бірі динамикаға, бірі сюжетті ширықтыруға, біреуі кульминацияға салмақ салады. Өзіме қылмыстың өзі емес, соны жасаған адамның психологиялық жағы қызық. Бір жылдары іссапармен Алматыда, Павлодар, Петропавл қалаларындағы түзету мекемелерінде болғанда, схемасы адамның миын сындыра жаздайтын қылмыстық істермен таныстық. Ол жақта мүсін өнерімен ғана емес, ерекше қару жасап таңғалдырған адамдарды көрдік. Сондай адамдар о баста Құдай берген қабілетін ортақ игілікке жұмсағанда ғажайып өнертапқыш не ғалым болуы мүмкін еді дейсің. Сосын ойланасың. О баста періште болып туған адамның кейін өзгеріп, қылмысқа баруы, əсіресе, мақсатты түрде əдейі ойластырып, деталіне дейін мəн беріп жасауы – бұл сананың ақауы ма, жаратылыстың күрделілігі ме, əлде əлденеге деген ішкі протестен бе? Біздің əділет жайлы ұғымымыз бен олардың түсінігінің ажырайтын тұсы қай жерден басталады? Сұрақ көп.
Үйтолған ЖАРЕКЕ, журналист: «Жүлдегерлер сапына ілігу – зор қуаныш»
Тараз төрінде өткен Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының үш жүлдесі Сыр бойына бұйырды. Ұстазым Алдажар Əбілов ағай ІІ орын, Шернияз Жалғасбек үшінші орын алды. Биыл бірінші рет қатысқан едім. Жазғаным 68 шығарманың ішінен іріктелген жүлдегерлер сапына ілігіпті. Жамбыл облыстық сотының арнайы жүлдесі бұйырды. Детектив кенже қалған жанр десек, соны тірілтуге тер төгіп жүрген Досымбек Қонысбекұлы мен Айнұр Сембаеваның бастамасы үлкен еңбек.
Мирас Мұқаш, жазушы: «Қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңи түседі»
Детектив əлемдік сұранысқа ие жанр. Бұл жанрды дамыту арқылы қазақ əдебиетінің көкжиегі кеңи түседі. Сондықтан Кемел Тоқаев атындағы дəстүрлі байқаудың берері мол. Биылғы байқауға қатысу арқылы өз кемшіліктерімізді бағамдап, көп тəжірибе жинақтадым. Əдеби байқаудың салмағы мен жауапкершілігін сезіндік. Осы бағытта жазып жүрген əріптестерімізбен пікір алмасудың да тағылымы зор. Осы жанрды жетілдіруге жанын салып жүрген «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ұжымының еңбегі орасан. Сол себепті мекеменің басшылары мен шығармашылық тобына сəттілік тілеймін!
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, журналист: «Шабытыма серпін беріп, қаламыма қарқын қосты»
Қазақ детективінің атасы атанған Кемел Тоқаев атындағы шығармалар байқауы шабытыма серпін беріп, қаламыма қарқын қосты. Бұл — жастарды қолдау мен ынталандырудың тамаша үлгісі. Жыл санап байқаудың танымалдығы артып, оған қатысуға ниетті қаламгерлер қатары көбейіп келеді. Əсіресе, жас жазушылардың шығармашылыққа деген қызығушылығы мен белсенділігі қуантады. Бұл байқау тек əдебиет майталмандарын анықтап қана қоймай, ұрпақ тəрбиесіне де үлкен əсерін тигізуде. Қабылданған туындылары арқылы əділдік, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтар дəріптеледі. Қатысушылар сол рухты жалғастырып, қылмыс атаулының жазасыз қалмайтынын, шындықтың түбі бір ашылатынын ұғындыруда зор маңызға ие. Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық əдебиетіміз жаңа тыныс алып, əділдік пен адамгершілікке үндейтін туындылар қатары көбейе беретініне сенемін.
Жамбыл облыстық сотының ұжымына, сондай-ақ сот төрағасы Ербол Ахметжанов мырза бастаған барлық судьяларға шын жүректен алғыс білдіреміз!
Бетті дайындаған Қуаныш ЕРМЕКОВА,
«Заң газеті»


