Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жан-жақты бағамдап, құжаттағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс тетіктерден арылу керектігін заң шығарушыларға нақты жүктеген болатын. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, қолданыстағы кодекстер сараланды. Үлкен ізденіс, терең талқының нәтижесінде дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Президент биылғы жылдың 16 шілдесінде қол қойды. Бұл жаңашылдықтар 16 қыркүйектен бері қолданысқа енгізілді. Жаңа заңның жаңашылықтары қандай?
Жалпы Қылмыстық кодекс 2015 жылдан бері көптеген өзгерістер мен толықтыруларды басынан кешірді. Мұндай қадамға халықаралық талаптар, мемлекеттегі түрлі жағдайлар, көпшіліктің ұсыныс-тілегі мен қоғамдағы қажеттіліктер түрткі болған еді. Мысалы осы жолғы жаңғырту барысында Қылмыстық кодекске бірқатар жаңа бап енгізілді. Жаңа күшіне енген заң қағидалары халық үшін өте маңызды. Соның ішінде сталкинг, дропперлік, некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілгенін көпшілікке жеткізіп, заңның талаптарын кең ауқымда түсіндіру өзекті.
Мәселен, енді сталкинг үшін айыпталғандар қылмыстық жазаға тартылады. Бұл қылмыстық әрекет үшін 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Яғни адамның ізіне түсіп, ұдайы мазалап, телефон шалып, тіпті ол қаламаған сыйлықтар жіберіп, қорқытып-үркітіп, соның ішінде ғаламтор арқылы мазалағандар, біреудің жеке басына қатысты дерек пен әрекетін рұқсатсыз әлеуметтік желіге таратып, қысым жасағандар енді жауапсыз қалмайды.
Сондай-ақ дропперлік үшін де жаза қатаң. Бұрын интернет-алаяқтарға делдал болып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны аз-маз тиын үшін қолма-қол шығарып бергендерге қоғам да, заң да кешіріммен қараған еді. Енді алаяқтықтың дамуына түрткі болғандар лайықты жазасын алады. Сәйкесінше банктік карталар мен шоттарды өзге тұлғаларға заңсыз бергендер Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сай жауаптылыққа тартылады. Бұл қылмысқа ауырлататын мән-жайларына байланысты 160 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейінгі аралықта айыппұл салынады. Сондай-ақ айыппұл қоғамдық жұмыстармен немесе бостандығын шектеу не айырумен алмастырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайда қылмыс жасаған тұлғаның мүлкі міндетті түрде тәркіленеді.
Бұдан бөлек Қылмыстық кодекстегі ең үлкен талқы тудырған жаңашылдықтың бірі қыз алып қашуға байланысты енгізілген жаңа баппен өзектес. Бұрын некеге мәжбүрлеп тартқандар адам ұрлау бабымен жауаптылыққа тартылатын. Қылмыстық кодекстің 125-1-бабына сай қорқыту, шантаж немесе қысым көрсету арқылы неке қиюға мәжбүрлегендерге 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу не айыру белгіленіп отыр. Ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда, мәселен кәмелетке толмағанға қатысты, қызметтік өкілеттікті пайдалану, топпен жасау және т.б. орын алса, онда айыптылардың жазасы 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды немесе 3-7 жылға дейін бостандығын шектеу не айыруды көздейді. Егер мұндай әрекеттер салдарынан абайсызда ауыр зардаптар келсе, кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылады.
Гаухар Шалабаева, Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы


