«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығындағы (ХШЫО) Қытай-Қазақ халықаралық көрме орталығында «Орталық Азия тартымдылығы: Қорғас – бизнес үшін платформа» деген ұранмен «ЭКСПО: Орталық Азия тауарлары жəне сауда» деген көрме өтті. Оны Қытайдың «Синьцзян халықаралық көрмелер компаниясы Еуразия» ЖШС-і мен Қазақстанның туризм индустриясы ұлттық қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған болатын. Оған сан алуан саладағы 500 компания қатысты. Көрмеде Орталық Азия елдеріндегі бірқатар компания да өз өнімдерін ұсынған болатын. «Бұл көрмеде Орталық Азия елдерінің ішінен тек Қазақстан ғана жеке павильонмен қатысты. Соның нəтижесінде иіссу, бие мен түйе сүтінен жасалған құрғақ саумал, балмұздақ, ірімшік сияқты өнімдер жасайтын отандық компаниялар бір емес, бірнеше инвестор мен серіктес тауып, алдағы уақытта арнайы келісімшарт жасауға уағдаласып қайтты. Орталық Азия елдерімен арадағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырушылар енді бұл шараны дəстүрге айналдырып, алдағы күзде қайта жалғастырғалы отыр», – дейді ҚР Туризм индустриясы Ұлттық қауымдастығының президенті Раушан Шəмілқызы. Оның айтуынша, бұл көрмеге Орталық Азия елдерінен бөлек, Азиядағы Ауғанстан, Иран, Египет сияқты тағы басқа да елдер зор қызығушылық танытуда. Олардың кейбірі ұйымдастыру шараларының қысқа мерзімде жүргізілгеніне қарамастан, өз уəкілдерін жіберген. Сол себепті алдағы көрме бұдан да ауқымды жəне қатысушылары əралуан болады деп жоспарлануда. Өйткені, Шэньси провинциясындағы Сиан халықаралық портты ауданынан келген компания ешкі сүті, құрғақ ешкі сүті мен ешкі сүтінен жасалған таблеткаларды; Гуйчжоу провинциясынан келген компания картоп сүтін, картоп сусынын; Чжэцзян провинциянан келген компания тұрмыстық жəне өндірістік су тазартқыштарын ұсынды. Енді біреулері қуаттағыш, роботтар, көліктер, əрқилы өнімдер дайындайтын заманауи құрал-жабдықтарын таныстырды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ширек ғасырлық тарихы бар «Қорғас» ХШЫО қазіргі таңда Азия ғана емес, Еуропа елдері арасындағы ең ірі логистикалық орталық саналады. Ол Еуразия құрлығындағы бүкіл елдердің Қытаймен арадағы құрлық жолы арқылы өтетін тауар айналымының күретамыры іспетті. Мұнда өндірушілер, қызмет көрсетушілер, инвесторлар бас қосып, іскерлік келісімдер жасайды. Сондықтан да соңғы кезде Қытай үкіметі айрықша көңіл бөліп, елдің бүкіл аймақтарына «Қорғас» ХШЫО аумағында өз əлеуетін таныстырып, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатуына барлық жағдайды жасауға тырысуда. Əрине, мұндай мүмкіндікті Қазақстан да барынша тиімді пайдаланатын болса, өңдеу өнеркəсібінің тынысы ашылып, республиканың түкпір-түкпірінде жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың əлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға əсері мол.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»