Қорғаныс қуаты тек техникамен өлшенбейді

Қазіргі халықаралық жағдайда қорғаныс саясатының мазмұны кеңейіп, жаңа сипатқа ие болды. Бүгінде ұлттық қауіпсіздік ұғымы тек шекара қорғаумен немесе әскери әлеуетпен шектелмейді. Ол халықаралық тұрақтылыққа қатысу, кәсіби армия қалыптастыру, жаһандық қауіпсіздікке үлес қосу сияқты бағыттармен де сабақтас. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның бітімгерлік қызметі қорғаныс саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссияларға қатысуы ұлттық қорғаныс жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Соның нақты көрінісі ретінде үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына дайындығын атауға болады.

Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің даярлық деңгейін бағалады. Бұл сапар əскери қызметшілердің халықаралық міндеттерді орындауға дайындығын пысықтау тұрғысынан маңызды болды. ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында əскери қызметшілерді даярлаудың толық циклі таныстырылды. Дайындық бағдарламасына тактикалық, арнайы, медициналық жəне тілдік оқыту енгізілген. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сəйкес көпұлтты ортадағы іс-қимылдарға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттағы дайындық əскери қызметшілердің тек кəсіби машығын жетілдіріп қана қоймай, халықаралық миссия жағдайында үйлесімді əрекет ету қабілетін де күшейтеді. Бітімгерлік даярлықтың ерекшелігі де осында. Мұнда əскери тəртіппен қатар жауапкершілік, жедел шешім қабылдау, шетелдік контингенттермен өзара іс-қимыл жəне халықаралық талаптарға бейімделу басты назарда. Мұндай дайындық жүйесі қазіргі қорғаныс саясатының мазмұны өзгергенін аңғартады. Жұмыс сапары барысында генерал-майор Асқар Мұстабеков оқу-материалдық базамен танысып, оқу процесінің ұйымдастырылуын, əскери қызметшілердің жағдайын жəне жеке құрамды қамтамасыз ету деңгейін тексерді. Сондай-ақ бітімгерлердің заманауи жабдықтары мен БҰҰ миссиясына жіберілетін құрамды қамтамасыз етудің қолданыстағы нормалары көрсетілді. Сапар қорытындысында əскери қызметшілерді даярлау деңгейіне оң баға берілді. Бұл Қазақстанның бітімгерлік əлеуетін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нəтижесі екенін көрсетеді. Үшінші ұлттық контингенттің салтанатты сапқа тұрғызылуы да бұл миссияның маңызын айқындай түсті. Бітімгерлік қызметтің мəні тек халықаралық міндет атқарумен шектелмейді. Бұл ұлттық армияның кəсіби деңгейін арттыруға, жауынгерлік дайындықты шыңдауға жəне халықаралық тəжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай миссиялар мемлекеттің қорғаныс саласындағы беделі мен жауапкершілігін көрсетеді. Қазақстанның БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінген аймақты бақылау миссиясына 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент ретінде қатысуы осы тұрғыдан маңызды қадам болды. Бұл Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатысушы мемлекет ретіндегі рөлін күшейтті. 1974 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл миссияның өз тарихы мен жауапкершілігі бар. Осындай күрделі халықаралық миссияға қатысу үшін жоғары дайындық қажет. Сондықтан үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті даярлау жұмыстары қорғаныс саласындағы жауапты əрі стратегия лық бағыт ретінде бағалануға тиіс. Бүгінде қорғаныс қуаты тек əскери техникамен өлшенбейді. Ол кəсіби кадрмен, даярлықпен, тəртіппен жəне халықаралық міндеттерді орындау қабілетімен өлшенеді. Қазақстандық бітімгерлердің даярлығы осы ұстанымның нақты дəлелі. Егемендікті нығайту мəселесінде мұндай бастамалардың орны ерекше. Себебі халықаралық қауіпсіздікке үлес қосу арқылы мемлекет өз қорғаныс əлеуетін де нығайтады. Бұл ұлттық мүддені қорғаудың заманауи тетіктерінің бірі.

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

Қазақстан халқының бірлігі күні: татулық пен тұрақтылықтың тірегі

Жыл сайын 1 мамырда елімізде ерекше мәнге ие мереке...

СОТ ПРОЦЕСТЕРІНІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ 

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында сот қызметтерінің сапасын жақсартуға және...

Ата-ана құқықтарын шектеу және бала мүддесі

Елімізде ата-ана құқықтарын шектеу негіздері, шарттары Қазақстан Республикасының Неке...

Неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар

Қазіргі таңда неке-отбасылық қатынастарынан туындайтын даулар азаятын емес, керісінше...

Сотқа құрмет әрқашан маңызды

Қазақстан егеменді ел болып, еңсесін тіктеп, еркін тыныс алғанына...