Қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоршаған ортаның тазалығы халық денсаулығына, елдің мәдени деңгейіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына тікелей әсер етеді. Сондықтан қоғамдық орындарды ластау мәселесі бүгінгі күні өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Мемлекет тарапынан бұл бағытта заң талаптары күшейтіліп, құқық бұзушыларға жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, сондай-ақ белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады. Аталған бап бойынша құқық бұзушыға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылады. Қайталанған жағдайда жауапкершілік мөлшері одан әрі күшейтіледі.
Қоғамдық ортаны ластау тек қоқыс тастаумен шектелмейді. Оған көшелерді, аулаларды, демалыс орындарын ластау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастамау сияқты әрекеттер де жатады. Мұндай құқық бұзушылықтар қоғам мәдениетінің төмендігін көрсетіп қана қоймай, экологиялық жағдайға да кері әсерін тигізеді.
Соңғы жылдары елімізде қоғамдық тәртіп пен тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы халық арасында «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осы бағытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға да қоғамдық орындарды ластаған тұлғаларға қатысты шара қолдану өкілеттігі берілді.
Заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Әсіресе қоғамдық орындардағы тазалыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетті қоғамның белгісі болып табылады. Қоқысты белгіленген жерге тастау, табиғатты қорғау, қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарау – бұл тек құқықтық міндет емес, адамгершілік пен азаматтық мәдениеттің көрінісі.
Сот тәжірибесінде қоғамдық ортаны ластауға байланысты әкімшілік істер жиі қаралады. Көп жағдайда құқық бұзушылар өз әрекетінің заң алдындағы жауапкершілігін толық түсіне бермейді. Алайда кез келген құқық бұзушылық қоғамға зиян келтіретінін естен шығармау қажет. Заң талаптарын сақтау арқылы ғана қоғамдық тәртіпті нығайтып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ете аламыз.
Қорытындылай келе, қоғамдық ортаны қорғау мен тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Таза қоғам – мәдениетті қоғамның айнасы. Сондықтан қоғамдық орындардың тазалығын сақтау арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдырамыз.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Хамиев


