Қазақстанда микронесие алушылар үшін жаңа жеңілдік тетігі енгізілмек

Қазақстанда микронесиелер бойынша қарыз жүктемесін жеңілдету үшін коллективтік қайта құрылымдау механизмі енгізілмек. Бұл – қарыз алушыларға біраз жеңілдік әкелетін маңызды өзгеріс болмақ, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) «Микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу ережесін бекіту туралы» қаулы жобасын қоғам талқысына шығарды. Құжат бірнеше кепілсіз тұтынушылық микронесиесі бар азаматтарға қатысты маңызды жаңалықтарды қамтиды.

Ұсынылып отырған өзгеріс қандай?

Ең басты жаңалық — қарыздарды біріктіре отырып, бірлескен түрде қайта құрылымдау мүмкіндігі. Яғни, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан екі немесе одан көп мерзімі өткен қарызы бар азаматтар енді сол қарыздарын біріктіріп, жаңа төлем кестесін келісуге мүмкіндік алады.

Жоба аясында қайта құрылымдау келесі мүмкіндіктерді қамтиды:

микронесиелер бойынша қарыздарды біріктіру;
кредиторлармен жаңа төлем кестесін келісу;
өтеу мерзімін ұзарту және икемді төлем шарттарын ұсыну.
Бұл өзгеріс бұрын бөлек жұмыс істеп келген бірнеше микроқаржы ұйымы мен бір қарыз алушы арасында келіссөз жүргізуге жол ашады.

Бұл не үшін қажет?

Мақсат — микронесиелер бойынша мерзімінен кешігіп қалған азаматтарға қаржылық қысымды азайту және олардың тұрақтылығын арттыру. Қазірде бір адамда бірнеше ұйымға берешегі болса, әрқайсысы жеке өсімпұл, айыппұл қосып, қысым көрсетеді. Қарыздарды біріктіру – бұл жағдайды жеңілдетеді, әрі адамның жағдайын біршама тұрақтандырады.

Кімдер пайдалана алады?

Механизмге әртүрлі кредиторлардан кемінде екі кепілсіз микронесиесі бар және олар бойынша мерзімі өткен қарызы бар азаматтар қатыса алады. Бағдарламаға микроқаржы ұйымдары қатысады деп күтілуде.

Қашан іске асады

Жоба әзірге «Ашық НҚА» сайтында қоғам талқысында тұр. Қаулының нақты күшіне ену мерзімі қоғамдық пікір мен түпкілікті бекітуге байланысты. Дегенмен, бұл тәсіл қарыз алушыларды қорғаудың басым бағыты ретінде қарастырылып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы

Бұған дейін Президент қазақстандықтарға қарыз құрсауынан шығуға көмектесу – «маңызды саяси мәселе» екенін атап өткен. Кейін Ұлттық банк басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай орындайтынын түсіндірген болатын. Құжат бекітілсе, бұл өзгеріс мыңдаған азаматтың қаржылық жағдайын жеңілдетуі мүмкін.

Қазақ-қытай инвестициялық форумын жыл сайын өткізу ұсынылды 

Мемлекет басшысы Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс екенін айтты. 

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді 

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді.

Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері жарияланды 

Қорғаныс министрлігі бүгін Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің толық тізімін жариялады.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды 

25 қыркүйек Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.