Қазақстандағы ломбардтардың капиталы бір жыл ішінде 80%-ға жуық өсіп, 334 миллиард теңгеге жетті. Алайда сектордың өсуімен қатар бақылау да күшейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаражаттың шығу тегін және заңнаманың сақталуын қатаң қадағалауда. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 473 ломбард тіркелген. Олар автокөліктерді, зергерлік бұйымдарды, тұрмыстық техниканы және басқа да қозғалмалы мүлікті кепілге қою арқылы микронесие береді.
Ломбард секторының жиынтық активтері 526,1 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың басынан бері 174,8 миллиард теңгеге немесе 50%-ға артқан.
Ведомствоның мәліметінше, нарықтың белсенді дамуына қысқа мерзімді микрокредиттерге деген жоғары сұраныс және сектордың біртіндеп мемлекеттік бақылауға өтуі себеп болып отыр. Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар операциялардың ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқығын қорғауға және көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа бақылау тетігі
2020 жылдан бастап ломбардтар лицензиялауға және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұрақты қадағалауына жататын реттелетін қаржы ұйымдарының қатарына енгізілді.
Агенттік түсіндіргендей, қолданыстағы бақылау жүйесі нарыққа кіруден бастап қаржылық операцияларды тұрақты мониторингтеуге дейінгі барлық негізгі кезеңдерді қамтиды.
Ломбардтарды реттеу мен қадағалаудың қолданыстағы тетігі олардың қызметінің ауқымы мен тәуекел деңгейіне сай ашықтықтың, есептіліктің және бақылаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етеді, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Реттеу үлгісі мыналарды қамтиды:
- басшылардың іскерлік беделі мен біліктілігін міндетті түрде тексере отырып, лицензия беру;
- белгіленген форматта реттеуші есептілікті ұсыну;
- заңнаманың сақталуын бақылау және лицензиядан айыруға дейінгі санкциялар қолдану.
Агенттік тәуекелге бағытталған тәсілді қолданады. Ерекше назар пруденциялық нормаларды бұзу белгілері бар немесе капитал көздерінің ашықтығы жеткіліксіз ломбардтарға аударылады.
Қатаң жауапкершілік стандарттары
Тұтынушылардың сенімін арттыру және микрокредит беру саласында олардың құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар міндетті талаптар бекітілген.
Әрбір ломбард міндетті түрде:
- тиімді пайыздық мөлшерлемені және қарызды өтеу кестесін толық көрсетіп, микрокредит шартына отыруы тиіс;
- кепілге қойылған мүлікті сақтау мен қарыз өтелгеннен кейін оны қайтару үшін тиісті жағдай жасауы қажет;
- талап етілмеген заттарды сақтау мерзімдерін сақтауға міндетті;
- кепіл затының жоғалуы немесе зақымдану қаупі туралы қарыз алушыны хабардар етуі керек.
Айта кетейік, ломбардтың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері кемінде 70 миллион теңгені құрауы тиіс. Ал үй-жайлардың техникалық және физикалық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп әзірленген.
Ломбардтың ірі қатысушылары офшорлық аймақтарда тіркелген немесе тұрақты тұратын тұлғалар бола алмайды, — деп атап өтті Агенттік өкілдері.
Басшыларға қатаң біліктілік талаптары қойылады. Олардың жоғары білімі, мінсіз іскерлік беделі болуы және қаржы ұйымдарын басқаруда теріс тәжірибесі болмауы тиіс.
Нарықтың капитализациясы 79%-ға өсті
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ломбардтардың жиынтық капиталы 334,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл жыл басынан бері 147,7 миллиард теңгеге немесе 79%-ға артқан көрсеткіш.
Оның ішінде:
- 56,4 миллиард теңге (16,9%) — жарғылық капитал;
- 273,2 миллиард теңге (81,8%) — бөлінбеген пайда.
Сол кезеңде ломбардтардың міндеттемелері де өсіп, 192 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 49%-ға көп.
Агенттіктің мәлімдеуінше, капитал көздері қарыз ресурстары есебінен емес негізінен меншікті қаражат пен табыс есебінен қалыптасады. Сонымен қатар, күмәнді қаражаттың пайдаланылуын болдырмау мақсатында капиталдың шығу тегінің заңдылығына баға беріледі.
58 ломбард лицензиясынан айырылды
2024 жылдың басынан бері ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 58 ломбардтың лицензиясын тоқтату туралы шешім қабылдаған. Бұған заңнаманы жүйелі түрде бұзу, кепілге қойылған мүлікті сақтау талаптарын орындамау, сондай-ақ қарыз алушылар алдындағы міндеттемелерін орындамау себеп болған.
Бақылау құжаттық, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер арқылы, сондай-ақ азаматтардың шағымдары негізінде жүзеге асырылады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда реттеуші орган нұсқама беруден бастап қызметті тоқтату мен лицензияны қайтарып алуға дейін қадағалау шараларын қолданады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Бұдан бөлек, барлық ломбардтар кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылуға міндетті. Сондай-ақ «Кредиттік бюролар туралы» заң аясында клиенттер туралы деректерді мемлекеттік кредиттік бюроға беріп отыруы тиіс.
Агенттіктің мәліметінше, жаңа стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу секторды «көлеңкелі аймақтан» шығаруға мүмкіндік берді.
Бүгінде әрбір ломбард бухгалтерлік есеп жүргізуге, операцияларды автоматтандыруға және клиенттерге қарыздар, пайыздық мөлшерлемелер мен өтеу шарттары туралы толық ақпарат ұсынуға міндетті.
Жүйелі реттеу нарықтың тұрақтылығын нығайтып, адал емес қатысушыларды шығаруға мүмкіндік берді. Бұл микрокредит беру секторының сау әрі тұрақты дамуына және азаматтардың мүдделерін қорғауға жағдай жасайды, — деп хабарлады Банктік емес ұйымдарды реттеу департаменті.


