Еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі мемлекеттік саясаттың бір басымдығы болып келеді. 1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат істері жөніндегі кеңес жұмыс істеді. Кейін ол Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия болып қайта құрылды.
Содан бергі уақытта еліміздегі гендерлік теңдік мәселесі еш ұмыт қалған емес. Ұлттық гендерлік саясат еліміздегі демократиялық үрдістердің ең маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегия билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңестіруді қарастырады. Оларға экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласында гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдермен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттермен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру үшін жағдай жасау жатады. Қазақстанда гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт 2009 жылы қабылданған. Ол – «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң. Одан бері талай құжат бекітіліп, талай орган құрылды. Дегенмен бұл саясат соңғы жылдары ғана едәуір ілгеріледі.
Жалпы гендерлік саясат — өмір құндылықтарының барлық саласына қатысты ер мен әйел арасында теңдікті орнатуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-әрекеттер. Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін белгілеу гендерлік саясаттың негізгі қағидалары болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясында жарияланған, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ, олардың қоғам өмірінің барлық салаларына тең жағдайда қатысуы.
Мемлекеттік саясатқа гендерлік тәсілдерді кеңінен енгізу және заңнамалық базаны жетілдіру соңғы бесжылдықта ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етудің ең маңызды факторына айналды. Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдіктің артқанын байқауға болады. Оған мыналар: әйелдерге арналған кәсіптердің тізімін алып тастау, жалғызбасты әкелерге өзін және балаларын қамтамасыз ету үшін қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беру, Парламентте әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30 пайыз квота беру, әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекеттік және гендерлік саясат стратегиясын әзірлеу және іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікке қарсы күрес шараларын күшейтуі дәлел. Сондықтан еліміздегі гендерлік теңдік мәселесі басты назарда деп айта аламыз!
Абенова Жанат Тлеубаевна, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының төрағасы