Сот жүйесіндегі медиацияның басты артықшылықтарының бірі – дауларды қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік беруі. Сот талқылауы бірнеше айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін болса, медиация барысында тараптар өзара тиімді келісімге келу арқылы уақыттарын үнемдейді. Сонымен қатар, сот шығындары мен өзге де қаржылық шығындар азаяды.
Медиацияның тағы бір ерекшелігі – тараптардың қарым-қатынасын сақтауға бағытталуы. Әсіресе отбасылық, еңбек және азаматтық-құқықтық дауларда бұл тәсілдің тиімділігі жоғары. Себебі медиация жеңімпаз бен жеңілген тарапты анықтауға емес, екі жақтың да мүддесін қанағаттандыратын шешім табуға негізделеді.
Қазақстан соттарында медиация рәсімін қолдану жылдан-жылға артып келеді. Судьялар тараптарға татуласу рәсімдерінің артықшылықтарын түсіндіріп, дауды бейбіт жолмен шешуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде соттардың жұмыс жүктемесін азайтып, сот төрелігінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Медиация қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады. Ол азаматтарды өз мәселелерін келіссөздер арқылы шешуге, өзара құрмет пен түсіністік қағидаттарын сақтауға үйретеді. Сондықтан медиацияны дамыту құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.
Қорыта айтқанда, медиация – сот жүйесінің тиімділігін арттыратын және дауларды өркениетті түрде шешуге мүмкіндік беретін маңызды құқықтық институт. Оның уақыт пен қаржыны үнемдеудегі, тараптардың қарым-қатынасын сақтаудағы және соттардың жүктемесін азайтудағы рөлі ерекше. Осыған байланысты медиация институтын одан әрі дамыту және оның мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттау өзекті болып қала береді.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісі Ғ.Артыққызы


