Қазақстан – көпұлтты мемлекет, сондықтан сот жүйесіндегі тіл саясатына ерекше мән беріледі. Себебі сот ісін жүргізу тілі азаматтардың өз құқықтарын қорғауға қолжетімділігіне тікелей әсер етеді әрі ұлттық бірегейлікті нығайтады. Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекітеді, ал орыс тілі ресми түрде мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен тең қолданыла алады. Бұл нормалар «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңда да дамытылған, онда мемлекеттік тіл сот ісін жүргізудің тілі болып табылатыны, сонымен бірге сот процеске қатысушылардың құқықтарын ескере отырып, орыс және басқа да тілдерді қолдануға жол берілетіні көрсетілген.
Процессуалдық заңнама бұл қағидатты нақтылайды: Азаматтық процестік кодексте азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Қылмыстық-процестік кодексте де қазақ тілі қылмыстық сот ісін жүргізудің негізгі тілі ретінде көрсетіледі, қажет болған жағдайда орыс тілі қолданылуы мүмкін. Әкімшілік процесте де осыған ұқсас ұстанымдар қолданылады. 2016 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы бұл қағидатты ел көлемінде біркелкі қолданудың маңызын атап өтті.
Соңғы жылдардағы тәжірибе мемлекеттік тілді қолданудың біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, 2024 жылы Ақтөбе облыстық соттар шамамен 48 мың істі қарап, оның 22 719-ы қазақ тілінде жүргізілген, бұл шамамен 47% құрайды. Әр өңірде мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мәселесі тұрақты түрде талқыланып келеді: 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өткен дөңгелек үстелде азаматтардың сот тіліне таңдау құқығы еске салынды; 2025 жылғы ақпанда Ақтөбе облысында өңір басшылығының қатысуымен қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту маңыздылығы аталды; 2025 жылғы қыркүйекте Шымкентте судьялар мен қызметкерлердің тілдік дағдыларын арттыруға арналған семинар өткізілді; 2025 жылғы мамырда Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің мәртебесіне қарамастан, талап арыздардың басым бөлігі қазақ тілінде берілмейтіні айтылды. Бұл деректер мемлекеттік тілді қолдану құқықтық жүйені нығайтуға және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін көрсетеді.
Сонымен бірге оң өзгерістермен қатар елеулі қиындықтар да сақталып отыр. Бірқатар өңірлерде сот істерінің қазақ тілінде қаралу үлесі төмен деңгейде қалып отыр: мысалы, Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш шамамен 11%, ал республикалық орташа деңгей 20–30% аралығында. 2025 жылдың сәуірінде Жамбыл облысында халықтың басым бөлігі қазақ тілін меңгергеніне қарамастан, қазақ тілін соттарда қолдану төмен деңгейде екені атап өтілді. Негізгі проблемалар қатарында білікті аудармашылардың жетіспеушілігі, судьялар мен сот аппараты қызметкерлерінің мемлекеттік тілде кәсіби деңгейде жұмыс жүргізуге дайындықтарының жеткіліксіздігі, сондай-ақ азаматтардың қазақ тілінде талап арыз беруінің аз болуы аталады. Бұл факторлар сот істерін қарау барысында қиындықтар туындатып, сот отырысының созылуына себеп болуы мүмкін және конституциялық қағидаттың толық орындалуына кедергі келтіреді.
Жағдайды жақсарту үшін мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуын күшейтуге бағытталған жүйелі шараларды жалғастыру маңызды. 2025 жылғы қарашада сот жүйесі қызметкерлері қазақ тілін меңгеруді жетілдіру қажеттілігін тағы да атап өтті, бұл сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Тиімді бағыттар ретінде мамандарды даярлау көлемін ұлғайту, аудармашылар санын арттыру, азаматтарды мемлекеттік тілде арыз беруге ынталандыратын ақпараттық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ өңірлердегі қазақ тілінің қолданылуын тұрақты түрде мониторингтеу ұсынылады. Осы шараларды жүзеге асыру сот төрелігінің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, сот органдарының тиімділігін күшейтеді және Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген құқықтық негіздерді нығайтады.
Ақтөбе қалалық соты Мұхамбетқалиев Асқар Советұлы
әкімшісінің аға сот приставы


