Кез келген қоғамның дамуындағы күрделі құбылыстардың бірі – тіл мәселесі. Қай уақытта болмасын тіл құрылысының қоғамдық және мемлекеттік маңызы жоғары болған. Соған сәйкес, тіл – халықтың тұтастығының негізі, тілдің адам өмірінің философиясы мен ойлау жүйесін қалыптастыратындығы белгілі.
Қазақстан Республикасының 2026 жылы 15 наурызда Республикалық референдумда қабылданған Конституцияның 9-бабынада Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылатыны, Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсететіні айқындалған.
Тіл саясаты – бұл мемлекеттің қоғамдағы тілдердің қолданылуын, дамуын және қызмет етуін реттеуге, басқаруға бағытталған жүйелі шараларының жиынтығы. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі, оның қоғамдық қатынастардың барлық саласында толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету тіл саясатының негізгі бағыты болып табылады.
Қазақстан Республикасының тіл саясаты – мемлекеттің ұлт саясатының ажырамас бөлігі. Тіл саясаты – тіл тағдырын белгілейтін мемлекеттік шаралар жүйесі және ұлтаралық қарым – қатынас мәдениетінің негізі. Сонымен қатар, тіл саясаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, басқа ұлт өкілдерінің тілдерін сақтауға және көптілдік ортаны дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік бағыт. Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс – бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.
Мемлекеттік тілге мәртебе берілуі саяси жүйедегі маңызды мәселелердің бірі. Мемлекеттік тілмен бірге әрбір этностың ана тілінің бір деңгейде дамуы басты назарда болуы тиіс. Мемлекеттік тіл саясатының негізгі міндеті Республика ауқымында қазақ тілінің тұтастығын сақтау болып табылады.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы
Г.Е.Кожабекова


