Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының қалыптасуының басталуы тәуелсiздiк алумен тығыз байланысты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Конституцияны сот арқылы қорғаудың жоғары органы болып табылады деп белгiленген болатын. Бұл орган 1992 жылғы 2 шілдеде Республиканың Жоғарғы Кеңесімен сайланды және 1995 жылғы қазанға дейін конституциялық бақылауды жүзеге асырды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік органдарын реформалаудың маңызды кезеңін аяқтады.
Конституцияның алтыншы бөлiмi жүзеге асырылуы Конституциялық Кеңеске жүктелген Республикада конституциялық бақылауды белгiлейтiн негiзгi нормаларды қамтыды. Ол сот жүйесіне кірген жоқ, Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттің негізгі Заңы ретінде Республика Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болды.
Конституциялық Кеңес жеті мүшеден тұрды. Кеңестің Төрағасы мен екі мүшесін Республика Президенті тағайындады, екі мүшеден Парламент Сенаты мен Мәжілісі алты жыл мерзімге тағайындады. Кеңес мүшелерінің жартысы әр үш жыл сайын жаңартылып отырды. Бұдан басқа, Республиканың экс-Президенттері Конституциялық Кеңестің өмір бойы мүшесі болды.
1995 жылғы Конституция негізінде Конституциялық Кеңес 1996 жылғы ақпанда құрылды.
Кеңесті ұйымдастырудың және оның қызметінің құқықтық негізі «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық заң болып табылады. Конституциялық мәртебеге сәйкес Кеңес өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезiнде дербес және мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан тәуелсiз болды, Республика Конституциясына ғана бағынатын.
Республика Конституциясы Конституциялық Кеңеске: Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің және республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені даулы жағдайда шешуді; Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарау; Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялағанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарау; Конституция нормаларын ресми түсіндіру; Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда қорытынды беру құқығын берді.
Конституциялық iс жүргiзу Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламент Палаталары Төрағаларының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiштерi бойынша ғана қозғалуы мүмкiн.
Конституциялық Кеңеске өтiнiш жасайтын субъектiлердiң қатарына Республика азаматтары кiрмедi. Олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жалпы юрисдикциядағы соттарда қорғалуы, ал Конституциялық Кеңесте Конституцияның 78-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, оған сәйкес егер сот заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт, қолданылуға тиіс адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және бұл актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.
Конституциялық бақылау институтын дамытуда елімізде жүргізілген конституциялық реформалар маңызды рөл атқарды.
2007 жылы Конституциялық Кеңесті тексеру мәніне Парламент пен оның Палаталары қабылдаған қаулылар енгізілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен 2008 жылы Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңға толықтырулар енгізілді, оған сәйкес Конституциялық Кеңестің шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстар қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлай отырып, уәкілетті мемлекеттік органдардың міндетті түрде қарауына жатады. Осылайша Конституциялық Кеңестің ұсынымдарына белгілі бір императивтік сипат берілді.
Осы үрдіске сүйене отырып, 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа Конституциялық Кеңестің өкілеттіктері аясын кеңейтті.
Республика Президенті Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылықтар енгізу жөніндегі өз құқығынан бас тартты.
Мемлекет басшысына күшiне енген заңды немесе өзге де құқықтық актiнi Республика Конституциясына сәйкестiгiн қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтiнiштер жiберу құқығын беру жолымен кейiнгi конституциялық бақылау күшейтiлдi. Мұндай құқық адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен байланысты болады.
Еліміздің негізгі Заңына түзетулер енгізуге міндетті алдын ала конституциялық бақылау енгізілді. Олар Конституциялық Кеңес оң қорытынды берген жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Республика Парламентінің қарауына шығарылуы мүмкін.
Қазақстандағы конституциялық бақылау институты жаһандық өзгерістерге жауап ретінде кезең-кезеңмен дамыды.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциялық Соты конституциялық бақылаудың жаңа тетігін көздейтін 2022 жылғы маусымда өткізілген республикалық референдум нәтижесінде қайта құрылды. Бұрынғы Конституциялық кеңестен айырмасы азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны туралы шағымдарын қарау құқығы болып табылады.
Ол өз қызметін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын жұмыс істеген Конституциялық Кеңесті ауыстырып бастады.
Конституциялық Сот мынадай функцияларға ие:
— Президент, Парламент депутаттары сайлауын және республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы дауларды шешеді;
— Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар адамдардың, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексереді;
— Конституция нормаларына түсіндірме береді;
— жыл сайын Парламентке конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жолдайды.
Конституциялық Сот Төраға мен оның орынбасарын қоса алғанда, 11 судьядан тұрады. Төрағаны қызметке Парламент Сенатының келiсiмiмен Президент тағайындайды. Төрағаның орынбасарын Төрағаның ұсынуы бойынша судьялар арасынан Президент тағайындайды. Төрт судьяны қызметке Президент тағайындайды, үш судьядан Парламент Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.
Конституциялық сот құрылған кезден бастап қаралуына келіп түскен азаматтар өтiнiштерiнiң көпшiлiгi қарауға жатпайды, алайда бұл үрдiс азаматтардың заңнаманы жетiлдiруге белсендi қатысуын көрсетедi. Нәтижесінде азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген қызығушылығы артып, конституциялық қағидаттарды қорғауға арналған институт ретінде Конституциялық соттың қоғамдық қабылдауын қалыптастырады.
Мәселен, өтініштердің басым бөлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына қатысты, одан кейін азаматтық-құқықтық актілер және т.б. жатады.
Конституциялық соттың жұмысы қылмыстық, әлеуметтік және салық заңнамасындағы өзгерістерге әкеп соқтырған нормативтік қаулылар шығару және мемлекеттік органдарға ұсынымдар жіберу арқылы заңнамаға да елеулі әсер етті (өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілді; Әлеуметтiк кодекстiң жекелеген ережелерi Конституцияға сәйкес келтiрiлген және әлеуметтiк атаулы көмек беру жөнiндегi өлшемдер белгiленген және басқалар).
Бүгінгі күні Конституциялық сот өз жұмысының қысқа 2,7 жылында конституциялық бақылау тетігін нығайтатын және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыратын саяси реформалардың маңызды элементіне айналды. Оның негізгі міндеттері оларды Конституцияға сәйкес келтіру жолымен заңнаманы жетілдіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және елдегі құқық үстемдігін нығайту болып қала береді.
Әділгерей Ринат Сахабатұлы
Орал қаласының № 2 сотының судьясы