12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қазақстан халқы Ассамблеясы медиациясының институционалдық дамуы және іс жүзіндегі нәтижелері

Қазақстанның қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігінің заманауи моделі күннен күнге тарихи дәстүрлерді, ғылыми тәсілдерді және заманауи келіссөздер технологияларын біріктіретін институционалдық диалог тетіктеріне сүйенеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы медиациясының инклюзивті желісі – ең көрнекті және қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Дала дипломатиясының, құқықтық мәдениеттің және араағайындық практиканың элементтерін біріктіре отырып, бұл институт 2025 жылы өңірлік желіні кеңейту, ден қою алгоритмдерін енгізу, жұмыс стандарттарын әзірлеу, тиімділікті бағалау индикаторлары және жасанды интеллект негізінде цифрлық шешімдерді зерттеу арқылы дамудың жаңа серпініне ие болды. ҚХА-ның XXXIV сессиясында Президент Қ.К. Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясы шиеленістің алдын алудың маңызды құралына айналуда, ал Ассамблея қызметін талдамалық сүйемелдеу сапалы жаңа деңгейге көтерілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясы этносаралық қатынастар саласында маманданған. ҚХА медиациясының инклюзивті желісі дамуының іргетасы берік, соңғы жылдары республикалық және өңірлік 20 кеңес пен орталықтың инфрақұрылымы қалыптасты, медиаторлардың үш деңгейлі тізілімі жасалды, кеңестердің жұмыс критерийлері айқындалды және осы қоғамдық құрылымдардың мүшелері мен басшыларына қойылатын талаптар белгіленді. Ассамблея медиаторларының үш деңгейлі тізіліміне түрлі салалар бойынша 330 маман енгізілген, олардың ішінде республикалық деңгейге жоғары кәсіби және ғылыми әлеуеті бар 54 сарапшы, өңірлік деңгейге – этносаралық қатынастар саласындағы 84 практик және жергілікті деңгейге – қоғамдық құрылымдардың 192 өкілі мен қоғамдық пікір көшбасшылары кіреді. Қазақстанда ҚХА медиациясының институционалдық дамуы 2016 –  2025 жылдар аралығында өз позициясын айтарлықтай нығайтты. Осы кезеңде Ассамблея медиаторларына 30 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 52%-ы медиативтік келісім арқылы шешілген.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуі тәжірибенің аналитикалық өлшемін күшейтіп, жинақталған жағдайларды жүйелеуге ғана емес, оларды өңірлік ерекшеліктермен байланыстыруға мүмкіндік берді. Мысалы, «этномедиация» бойынша әзірленген семантикалық карта алғаш рет инциденттердің түрлерін жіктеуге және қауіп факторынан араласу стратегиясына дейінгі логикалық тізбектер құруға мүмкіндік берді. Еліміздің өңірлерінің бірінде орын алған жағдай маңызды практикалық мысал болды, онда медиаторлар жайылымдық аумақтар төңірегіндегі дау аясында туындаған ауылдық екі қоғамдастық арасындағы жанжалдың шиеленісуіне тосқауыл қойды. Уақтылы диалог, келіссөздерді ұтымды үйлестіру (фасилитация) және әкімдіктің қатысуының арқасында ауқымды шиеленіске жол берілмей, тараптар өзара келісімге қол жеткізді.

Институтты нығайтуда «Елдесу және татуласу» жобасы маңызды рөл атқарады, ол оқыту практикасын және өңірлерде келіссөздер технологияларын енгізудің өзіндік алаңына айналған. Жергілікті қауымдастықтармен көшпелі фокус-топтық кездесулер барысында медиаторлар мен сарапшылар нақты жағдайларды талдайды және жергілікті мәнмәтінді зерттейді. «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ағымдағы жылы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында 25-тен астам ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары мен фокус-топтық кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер әкімдіктердің, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің және ҮЕҰ-ның қатысуымен өтті.

Көшпелі кездесулер барысында медиаторлар этносаралық сипаттағы инциденттерді шешеді. Мысалы, Ассамблея медиаторлары әлеуметтік желілерде таратылған бұрмаланған ақпарат үшін жасөспірімдер арасында орын алған шиеленісті шешті. Медиаторлар ата-аналардың, педагогтардың және жергілікті билік органдарының қатысуымен бірқатар түсіндірмелік кездесу, медиативтік сессия өткізіп, мектептегі татуласу қызметін құруға көмектесті. Бұл мысал заманауи топтар арасындағы жанжалдарды нақты әрекеттермен емес, цифрлық арандатулармен ушықтыруға болатындығын және олардың салдарын бейтараптандыруға қабілетті екенін көрсетті.

ҚХА медиаторлары қызметінің толыққанды алгоритмі әзірленіп, қабылданғаны – маңызды әдістемелік жетістік, онда жұмыс үш кезең бойынша жүйеленеді: профилактикалық, жедел және постинциденттік. Профилактикалық кезеңге талдамалық бақылау және алдыын ала ескерту кіреді. Жедел кезең шығуға, фактілерді тексеруге, медиативтік келіссөздерге және ақпараттық түсіндіруге бағытталған. Постинциденттік сүйемелдеу, өз кезегінде, инциденттің себептерін анықтау және жою, қарым-қатынастарды қалпына келтіру, халықпен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл арқылы «қалпына келтіру қызметін» қамтамасыз етеді. Бұл алгоритм әлеуметтік желілерде ауылдардың бірінде болған инцидент туралы жалған ақпарат тараған кезде өзін толық көрсетті. Ассамблея медиаторлары бұл жерге жеделдете жетіп, мән-жайларды анықтады, коммуникацияны бақылауға алды және медиация мен ақпараттық қауіпсіздік синергиясының қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, фейктердің таралуына жол бермеді.

Ақтауда ҚХА медиаторларының бірінші Республикалық форумын өткізу кәсіби топтасудың символы болды, оған еліміздің барлық өңірлерінен мамандар жиналды. Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларының жаңа құзыреттері талқыланды және 2024-2025 жылдардағы ең күрделі кейстермен алмасу мүмкіндігі болды. Бұл әр түрлі өңірлердің ресми есеп беру форматынан тәжірибе алмасып, бір-бірін нақты мысалдармен оқытатын жанды кәсіби қарым-қатынас моделіне көшу болды. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ҚХА медиация мәселелері жөніндегі мамандандырылған журналдың бірінші нөмірі шықты, онда Қазақстандағы медиация институтын дамыту туралы мақалалар ұсынылды.

Ассамблея медиаторлары үшін биылғы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы – өңірлік кеңестер мен үйлестірушілерге арналған практикалық оқыту модулі, ол «ҚХА Академиясы» қоғамдық жобасы аясында ұйымдастырылып, 35 қатысушы біліктілігін арттырды.

Институттың халықаралық өлшемі де ерекше маңызға ие болды. Баку мен Ташкентке шетелдік сапарлар барысында Ассамблея медиаторлары этносаралық мәселелерді реттеу тәжірибесін, жастармен жұмыс тәжірибесін және халықтың жоғары ұтқырлығы жағдайында келіссөздер тетіктерін зерделеді. Шетелдік әріптестер этносаралық қатынастар саласындағы медиативтік жұмыстың қазақстандық моделіне қызығушылық танытты, әріптестер арасында медиаторлардың қалыптасқан үш деңгейлі тізілімі және этносаралық инциденттерге ден қою алгоритмі ерекше қызығушылық тудырды, бұл ҚХА медиациясының экспорттық әлеуетін растайды.

Биылғы жылдың жұмысында цифрлық шешімдерге көшу ерекше орын алады, біз «AI-медиатор» жасанды интеллект негізінде медиатор ассистентін құру мүмкіндігін зерттеп жатырмыз, бұл – ауқымды деректерді талдауды біріктіруге, қауіп-қатерлерді болжауға және күрделі келіссөздерде медиаторларды қолдауға мүмкіндік беретін инновациялық қадам. Мұндай құрал ақпараттық өрістегі өзгерістерді тіркеуге, әлеуметтік желілердің динамикасын талдауға, медиаторларға деэскалация бойынша ұсыныстар беруге және ұлттық деңгейде талдамалық базаны қалыптастыруға қабілетті. Бүгінгі таңда мамандандырылған бот әзірленуде, ол алдымен медиаторларға арналған оқыту платформасы ретінде жұмыс істейді, содан кейін инциденттердің алдын алу және жедел кеңес беру мақсатында халыққа қол жетімді болады. Бұл цифрлық құралдар Қазақстанда әлеуметтік медиацияны технологиялық қолдаудың алғашқы жүйесі болады.

2025 жылғы жұмыстың барлық нәтижелері көрсеткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясы өңірлік кеңестерді, ғылыми ұйымдарды, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамды біріктіретін толыққанды институт құра отырып, инциденттерді реттеу практикасының жаңа деңгейіне көшкенін көрсетеді. Осылайша, ҚХА медиациясы дауларды шешу тетігіне ғана емес, сондай-ақ ерте ескерту жүйесіне, сенімді нығайту құралына және диалог мәдениетін дамыту платформасына айналады. Жаһандық және жергілікті сын-қатерлер жағдайында дәл осындай институттар мемлекеттің дамуының стратегиялық ресурсын қалыптастыра отырып, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз етеді.

Шымкентте үш ауысыды мектеп мәселесі толығымен шешілді

Шымкенттің әлеуметтік мәселелердің  шешілуінде де оң өзгеріс бар. Осы...

Институциональное развитие и практические результаты медиации Ассамблеи народа Казахстана

Современная модель общественного согласия и общенационального единства Казахстана всё...

Шымқала инвестор үшін де, тұрғын үшін де тартымды қалаға айналды

Шымкент жыл сайын қарқыны бәсеңдемейтін, керісінше үнемі алға ұмтылатын,...

Транзиттік әлеует қарқынды дамып келеді

Еуразияның көлік артериялары үшін стратегиялық маңызды мемлекет саналатын еліміз...