Қазақстан Республикасының сот жүйесінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылу деңгейі, қазіргі тенденциялар мен жүргізіліп жатқан реформалар қарастырылады. Сонымен қатар, қазақ тілінің сот ісін жүргізудегі рөлін арттырудың маңыздылығы мен кездесетін мәселелеріне талдау жасалады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан мемлекеттік органдардың, оның ішінде сот жүйесінің қызметінде қазақ тілінің толыққанды қолданылуы құқықтық мемлекеттің негізгі талаптарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары сот саласында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге бағытталған реформалар жүзеге асырылып келеді.
Сот жүйесінде қазақ тілін дамыту – азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі. Қазіргі таңда талап-арыздарды, сот шешімдерін және өзге де процессуалдық құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеу көрсеткіші артып келеді. Сонымен бірге электрондық сот жүйесінің дамуы мемлекеттік тілдегі құжат айналымын жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Дегенмен, бұл салада бірқатар мәселелер де сақталуда. Кейбір өңірлерде сот процестері негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Бұған заңгерлер мен сот қызметкерлерінің қазақ тіліндегі құқықтық терминологияны толық меңгермеуі, сондай-ақ құқықтық әдебиеттердің жеткіліксіздігі әсер етеді.
Осы мәселелерді шешу үшін:
- қазақ тіліндегі құқықтық терминдерді біріздендіру;
- судьялар мен заңгерлердің тілдік біліктілігін арттыру;
- мемлекеттік тілдегі құқықтық әдебиеттер санын көбейту;
- сот құжаттарының қазақ тілінде дайындалуын тұрақты бақылау қажет.
Д.Б.Дуанбеков, Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы


