Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-ғасырдан аса тарихы бар, еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшбасшысы, ғылым мен руханияттың алтын ұясы. ҚазҰУ-дың бүгінгі дамуы жаһандық білім кеңістігіне еркін кірігіп, жаңа формация мамандарын даярлауға бағытталған стратегиялық міндеттермен ұштасады. Университеттің басты ерекшелігі -заманауи білім беру сапасын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, әсіресе ТДМ 4 «Сапалы білім беру» қағидаттарымен біртұтас жүйе ретінде жүзеге асыруы.Оқу ордамызда білім алу жай ғана лекция тыңдау емес, бұл тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін үлкен ғылыми-танымдық ортаға ену. Университет студенттің қабілетін ашуға, заманауи технологияларды меңгеруге, сындарлы ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді кеңінен ұсынады. Smart campus, цифрлық білім платформалары, виртуалды зертханалар, ашық кітапханалар-барлығы да сапалы білімді баршаға қолжетімді ету мақсатына негізделген. Бұл ТДМ 4 талабының негізгі бағыты-тең әрі инклюзивті білім ортасын құрудың айқын көрінісі. Университетіміз барлық студентке бірдей мүмкіндік беріп, әлеуметтік гранттар, ректор стипендиялары, ғылыми жобаларға қатысуға кең алаң жасап, білім алу процесін барынша әділ әрі адами құндылықтарға негіздеп келеді.Университеттің ғылыми әлеуеті ерекше. Мұнда 20-дан астам ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық технопарк, жас ғалымдар орталығы, стартап жобаларға арналған инкубаторлар жұмыс істейді. Студенттер тек теориямен шектелмей, ғылыми ортада тәжірибе жинайды, халықаралық жобаларға қатысады, өз саласының болашағын айқындайтын зерттеулерге үлес қосады. Бұл білімнің саналы түрде қолданысқа енуіне, ғылымның өмірмен байланысуына және кәсіби шеберліктің қалыптасуына жол ашады. Оқу ордамыздың ғылыми инфрақұрылымы ТДМ 4 мақсаты көрсеткендей, қауіпсіз әрі заманауи білім беру инфрақұрылымын қамтамасыз ету талабына толық сай келеді.
Университеттің ең ірі құрылымдарының бірі-Заң факультеті. Бұл факультет қоғамдағы әділдік, құқықтық мәдениет, азаматтық жауапкершілік қағидаларын ұстанатын жас заңгерлерді дайындайтын орталық ретінде танылған. Студенттер заң клиникасы арқылы нақты істермен жұмыс істеп, сот, прокуратура, әділет органдарындағы тәжірибелерден өтіп, құқық саласының маңызды тетіктерін терең меңгереді. «Заң мен тәртіп» акциясы аясында өткізілетін әлеуметтік маңызы бар жобалар, құқықтық ағарту шаралары- болашақ мамандардың кәсіби этикасын шыңдап, қоғам алдындағы жауапкершілігін тереңдетеді. Бұл да ТДМ 4 талап ететін құзыреттілікті дамыту, өмір бойы білім алу мәдениетін қалыптастыру мақсатының нақты іске асуы.
ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігіне еркін кірігіп, халықаралық серіктестік аясын кеңейткен университеттердің бірі. Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Франция, Ұлыбритания, АҚШ университеттерімен қос диплом бағдарламалары, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми мектептер — студентке бәсекеге қабілетті маман болуы үшін қажет барлық мүмкіндікті ұсынады. Бұл халықаралық тәжірибе ТДМ 4-тің тағы бір негізгі талабына — оқыту сапасын жаһандық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.Білім ордасының басты құндылығы-студент. Университет әрбір жастың жеке білім траекториясын, талантын және әлеуетін дамытуға бағытталған қолайлы орта қалыптастырған. Менторлық жүйе, психологиялық қолдау, клубтар мен қауымдастықтар, шығармашылық және спорттық студиялар — барлығы да жас адамның жан-жақты дамуына арналған.
Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің интеллектуалдық дамуына қызмет етіп отырған алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны. ТДМ 4 «Сапалы білім» қағидаттары университеттің күнделікті қызметінен, білім беру бағдарламаларынан, ғылыми ізденістерінен және студенттерге құрылған мүмкіндіктерден нақты көрініс табады. ҚазҰУ-тек білім беретін мекеме емес, ол-жаңа буын мамандарын, ойы ашық, жауапты азаматтарды қалыптастыратын үлкен орта. Университеттің басты миссиясы-білімді қолжетімді, сапалы және адам дамуына бағытталған етіп ұсыну. Сондықтан ҚазҰУ бүгінде еліміздің ғана емес, әлемдік ғылым мен білім кеңістігінің маңызды бөлігі ретінде жарқын болашаққа жол ашып келеді.
Базилова Айгуль Абаевна
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы


