НЕСИЕДЕН КӨЗ АШПАЙ, АЙДЫҢ СОҢЫН ӘРЕҢ КҮТІП ЖҮРСІЗ БЕ? БҰЛ – ТЕК ТАБЫСТЫҢ АЗДЫҒЫНАН ЕМЕС, АҚШАНЫ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАМАУДАН ТУЫНДАЙТЫН МӘСЕЛЕ. ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ – САУАТТЫ ЖОСПАР МЕН ЕСЕПТЕ. ҚАРАПАЙЫМ ТӘСІЛДЕРДІ ҮЙРЕНУ АРҚЫЛЫ КЕЗ КЕЛГЕН АЗАМАТ ӨЗ ҚАРЖЫСЫН ТИІМДІ БАСҚАРА АЛАДЫ. ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА ҚАРЖЫ САУАТТЫЛЫҒЫ – ӘР АДАМ ҮШІН МІНДЕТТІ ДАҒДЫҒА АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРЖЫ СЕКТОРЫ КҮННЕН КҮНГЕ ДАМЫП, ЦИФРЛЫ ҚЫЗМЕТТЕР, БАНКТІК ЖҮЙЕЛЕР, ОНЛАЙН ИНВЕСТИЦИЯЛАР ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛА БАСТАДЫ. АЛАЙДА, ОСЫ МҮМКІНДІКТЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА ДАЙЫН АЗАМАТТАР САНЫ АЗ. СОНДЫҚТАН, ҚАРЖЫ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫБЫ. ҚАРАПАЙЫМ ТАБЫСЫ БАР АДАМ ДА АҚШАСЫН ДҰРЫС ЖОСПАРЛАУ АРҚЫЛЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАДЫ. ОЛ ҮШІН САРАПШЫЛАР ҰСЫНҒАН НАҚТЫ КЕҢЕСТЕРГЕ СҮЙЕНІП, ЖҮЙЕЛІ ӘРЕКЕТ ЕТУ ЖЕТКІЛІКТІ.
Қаржы саласының маманы Əсел Жарасқалиқызы ақшаны дұрыс басқару үшін əр азамат қолдануы тиіс үш негізгі тəсілді бөлісіп отыр. Бірінші тəсіл – ай сайынғы бюджетті есептеу. Қаржыгердің айтуынша, қаржылай сауатты болудың алғашқы қадамы – кіріс пен шығысты айырып, жүйелі түрде есептеу. «Қаржылық сауаттылықты жақсарту үшін адам ең алдымен кіріс пен шығыстан бастауы қажет. Кез келген азамат шығысын есептесе, «теңге тиыннан құралады» демекші, оның басы құралады. Көбінесе адамдар «тиынға санаспайықшы, ол онсыз да жетпейді» деп жатады, ал ақшаның жетпейтіні де осыдан. Ақша саналмағандықтан жетпейді. Біз неғұрлым оны санап бастасақ, соғұрлым табыс берекелі, нəтижелі болады», – дейді маман. Бюджет жоспарын жасау үшін ең алдымен кіріс пен шығын тізімін жазып отыру керек. Кірістерге жалақы, инвестиция, қосымша табыс жəне салық жеңілдіктері жатады. Шығындар – жалдамалы баспана ақысы, коммуналдық төлемдер, несиелер, азық-түлік, киім, көлік шығындары, ойын-сауық сынды айнымалы шығындар. Бұдан бөлек, жинақтауға арналған қаражат бөлу – болашаққа бағытталған маңызды қадам. Қаржыгер қарапайым дəптерге немесе электронды кестеге күнделікті шығындарды жазып, үш айдан соң талдау жүргізуді ұсынады. Осы арқылы адам артық шығындардан бас тартып, қаржысын үнемдеуге көшеді. Екінші тəсіл – қауіпсіздік қоры. Əсел Жарасқалиқызының айтуынша, күтпеген жағдайға дайын болу үшін əр адамның «қаржылық көпшігі» болуы керек. Бұл қор жұмыстан айырылу, ауру немесе көлік бұзылуы секілді төтенше жағдайларда таптыр мас көмек. Қауіпсіздік қорының ең аз көлемі – үш айлық табыс, ал оңтайлысы – он екі айлық табыс. Мысалы, айына 200 мың теңге табатын адамның ең төменгі қауіпсіздік қоры 600 мың теңгеден басталады, ал бір жылдық қор – 2 миллион 400 мың теңге. Егер отбасында асырауындағы адамдар болса, бұл соманы арттыру ұсынылады. Қауіпсіздік қоры – тұрақсыздық жағдайында өмір сүру сапасын төмендетпей сақтап қалудың жолы. Үшінші тəсіл – болашаққа инвестиция жасау. Қаржыгердің пікірінше, табысты басқарудағы ең маңызды қадам – ақшаға мақсат қою. Ақша мақсат құрылғаннан кейін ғана жиналады. Мақсатсыз жиналған қаражат берекесіз жұмсалады. Сондықтан, «Ол зат қанша тұрады? Маған қашан қажет? Қай уақытта ала аламын?» деген нақты сұрақтарға жауап беру арқылы əрекет ету қажет. Бұдан бөлек, инвестиция дегеніміз – тек акция мен облигация емес. Бұл адамның өзіне, кəсібіне, кəсіби құрал-саймандарға салған ақшасы. Мысалы, егер дизайнер мамандығында еңбек етсеңіз, қуатты компьютер сатып алу арқылы табысыңызды арттыра аласыз. Ал несиеге келсек, егер бұрыннан бір-екі маңызды несиеңіз болса, жаңасын алмау керек. Себебі несиеге жұмсалатын қаражатты ойын-сауық пен сəнді киімге жұмсау – қаржылық сауатсыздықтың белгісі. Сондай-ақ, зейнетақы қорына тұрақты жарна аудару, өмірді сақтандыру арқылы ұзақ мерзімді қор қалыптастыру маңызды. Қаржылық сауат – бұл табыстың көлеміне емес, оны қалай тиімді басқара алатыныңызға байланысты. Əсел Жарасқалиқызы ұсынған үш тəсілді күнделікті өмірге енгізу арқылы кез келген азамат өз қаржысын бақылауға алып, ертеңгі күнге сенімді бола алады. Бюджет жасау тəртіпке үйретсе, қауіпсіздік қоры қаржыңызды қорғауға көмектеседі. Ал инвестиция болашаққа бағытталған тұрақтылық кепілі. Қаржылық сауаттылық тек жеке адамның жағдайын жақсартумен шектелмейді, ол – ел экономикасының тұрақтылығына да тікелей əсер ететін фактор. Қаржылық шешімдер қабылдауда эмоцияға ерік беру – ең жиі кездесетін əрі ең қауіпті қателіктердің бірі. Ақшаға қатысты əрекеттер тек сезімге емес, нақты есеп пен салқынқанды ойға негізделуі тиіс. Себебі, эмоциямен жасалған сатып алулар немесе қаржы құралдарын таңдаудағы асығыстық кейін материалдық қиындықтарға алып келуі мүмкін. Маркетингтік жарнама мен уақытша ұсыныстарға сеніп, шынымен қажет емес затқа қаржы жұмсау – қарапайым адамның қаперіне кіре бермейтін, бірақ, бюджетке елеулі əсер ететін фактор. Осы тұрғыда ең маңызды дағды – қаржы қорын алдын ала қалыптастыру. Қаржылық қор – адамның ертеңгі күнге деген сенімін арттыратын, күтпеген жағдайлардан қорғайтын қаржылық қауіпсіздік желісі. Егер адамның денсаулығы сыр беріп, уақытша табыс көзінен айырылса, немесе күтпеген шығын туындаса, осы қор үлкен көмек бола алады. Ал мұндай қорға ие емес адамдар көбіне амалсыздан жұмысқа жарамсыз кезінде де еңбек етуге мəжбүр болады. Бұл – физикалық жəне психологиялық тұрғыдан ауыр салдарларға алып келеді. Мұның нақты мысалын пандемия кезінде көрдік. Локдаун кезінде табысынан айырылған қаншама адам қаржылық қиындыққа тап болды. Ал егер əр азаматтың кемінде бірнеше айлық шығынын жабатын қаржылық резерві болғанда, мұндай қиындықтарды əлдеқайда жеңіл өткеруге болар еді. Бұл тəжірибе бізге тек медициналық сақтық қана емес, қаржылық дайындықтың да қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан да қаржы қорын жасау – қаржылық сауаттылықтың негізгі элементтерінің бірі. Бұл қор – тек байлық емес, тыныштық пен сенімділіктің көзі. Ол адамның ертеңгі күнге тəуелсіз қадам жасауына, батыл шешім қабылдауына, əрі материалдық қысымнан ада болуына мүмкіндік береді.
Аружан МАУЛЕНБАЙ Заң газеті