Су тасқыны кезінде халықтың қандай əрекет жасайтындығы белгісіз. Құзырлы орынның осы шаралар қамтылған нұсқаулығы тіпті оның сайтынан да табылмайды. Мұның себебін Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов біліпті. Ол бұл нұсқаулықтың халыққа арналған су тасқынында жасауға тиіс əрекеттердің алгоритмі, инструкциясы емес, мемлекеттік органдар үшін жасалған құр мəліметтер екенін анықтапты. Жақып Қажыманұлы бұл жөнінде жуырда Парламент Сенатында өткен Үкіметтік сағатта мəлімдеді.
Отырыста 2025 жылдағы көктемгі су тасқынына дайындық мəселесі талқыланған болатын. Асанов мырзаның айтуынша, былтырғы су тасқыны жаңбырдың тым көп жауып, құзырлы орындардың мұндай апатқа тиісті деңгейде дайындығының болмауы, сыртқы факторларға тəуелді екендігіміз, яғни басқа елден келетін үлкен сулар алдында қауқарсыздығымызды көрсетті. Апат айтып келмейді. Десе де, алдын алу шаралары толыққанды қамтылып, азаматтардың төтенше жағдайдан қорғалуы барынша қамтамасыз етілу керек. Жиында сөз алған құзырлы орын басшыларының сөзіне қарағанда атқарылып жатқан жұмыс аз емес секілді. Былтырғы су тасқыны салған лаң естен кетпес. Бұл тұтас еліміз үшін ауыр сынақ болды. Қазақстан үшін соңғы 80 жылда болмаған ауқымды су тасқынында 12 өңірде 12 мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 62 көпқабатты ғимаратты су астында қалдырды. Мұның салдарын жою оңайлыққа түспеді. Қаншама құтқарушылар, əскерилер, полиция, Ұлттық гвардия жұмылдырылып, авиация мен инженерлік техника пайдаланылды. Нəтижесінде 35 миллион текше метрден астам су сорылып, өзен арналарының түбін тереңдету жəне жағалауды бекіту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жиында сөз алған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Əрінов су тасқынын талдау негізінде 2025 жылғы көктемгі кезеңге белсенді дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, былтырғы су тасқынын талдау мен олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды іске асырудан кейін маңызды қорытындылар жасалды. Бұл су тасқынының алдын алу бойынша неғұрлым жүйелі шаралар қабылдауға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлар министрі ықтимал су тасқынына инфрақұрылымды дайындау үшін жергілікті атқарушы жəне мүдделі мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейді. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралар орталық жəне жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Оларды іске асыру су басу қаупін барынша азайтуға жəне елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде су басу қау пі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар. Жалпы өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы іс-шара іске асырылды. Су тасқынын болжау үшін цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Стратегиялық жоспарлау жəне жедел басқару командалық орталығының базасында «TASQYN» су тасқынын болжау жəне моделдеу жүйесі құрылды, ол қысқа жəне ұзақ мерзімді перспективада өзен деңгейлері мен су көлемін дəл болжауға мүмкіндік береді. Алдағы су тасқыны кезеңіне жедел дайындық мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінен жеке құрамның жалпы саны 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау жəне 640 жүзу құралы бар күштер топтамасы құрылды. Министрліктің аумақтық бөлімшелерінен қосымша резервтік топтары дайындалды. Министр сонымен қатар, құтқару қызметтері кез келген төтенше жағдайларға ден қоюға дайын екенін жəне жақын арада «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде əзірлікті тексеру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Ал, Су ресурстары жəне ирригация вице-министрі Болат Бекнияздың айтуынша, соңғы жылдардағы көктемгі су тасқынына жасалған талдау су тасқыны жағдайлары тек табиғи факторларға ғана емес, сонымен қатар антропогендік процестерге де байланысты екенін көрсетеді. Негізгі себептер – жайылма аумақтардың жаппай құрылысы, өзен арналарының лайлануы жəне қарды ұстап қалу бойынша іс-шаралардың жеткіліксіздігі. Мысалы, Қарағанды облысында Нұра жəне Шерубай-Нұра өзендерінің арналарын тазарту жұмыстары жалпы ұзындығы 68 км аумақта жүргізілді. Нəтижесінде, 2024 жылы су өткізу көлемі 1200 м³/с дейінгі жағалаудың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, елді мекендерді су басудың алдын алуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты минис тр лік облыстардың əкімдіктерімен бірлесіп, 2025–2027 жылдарда іске асыру кезеңіне елді мекендерге жақын орналасқан су тасқыны қау пі бар өзен учаскелерін тазарту бо йынша ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) əзірлеп, бекітті. Жол картасына сəйкес, 10 облыста ұзындығы 814,06 км құрайтын 51 өзен учаскесі анықталып, онда өзен арналарын тазарту жұмыстары бірінші кезекте жүргізілуі қажет. Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысындағы Шаған, Атырау облысындағы Жайық жəне Қиғаш, Ақмола облысындағы Есіл жəне Нұра өзендерінің арналарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Су қоймаларына судың келуін болжау жəне өзендердің көктемгі ағынын автоматтандыру, сондай-ақ цифрлық болжау гидрографы арқылы су басу аймақтарын моделдеу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі; Су ресурстары жəне ирригация; Экология жəне табиғи ресурстар; Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп əзірлеген «Tasqyn» ақпараттық жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаһандық GLOFAS жүйесімен біріктірілген. Онда елдің, соның ішінде су тасқыны қаупі бар 17 мың өзеннің деректер базасы бар. Жүйеде метеостанциялар, гидробекеттер, ауыл шаруашылығы жерлері, мал қорымдары, теміржол жəне автомобиль жолдары, электр желілері туралы мəліметтер көрсетіледі. Жалпы, «Tasqyn» жүйесі су шығыны мен өзен деңгейінің ұзақ мерзімді (30 күн) жəне қысқа мерзімді (15 күн) болжамын (көлемі, келуі, ағызылуы) жасауға мүмкіндігі бар, сондай-ақ ықтимал су басу аймақтарын 7 күнге дейін 85% дəлдікпен моделдей алады. Министрлік су қоймаларының деңгейін күнделікті бақылап, судың келуі, тасталуы жəне өзекті көлемін қадағалап отыр. Мысалы, бүгінгі күні Бұқтырма су қоймасының нақты көлемі 38,4 млрд м³ құрайды, ал жобалық көлемі – 49,6 млрд м³, бос сыйымдылығы – 11,2 млрд м³. Бұл көрсеткіштер тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету жəне өзен ағынын реттеу мақсатында үнемі бақылауда ұсталады. Депутаттар Үкімет сағатының қорытындысы бойынша 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне жан-жақты дайын дықты жалғастыруды, гидротехникалық құрылыстарды қаржыландыруды арттыруды жəне төтенше жағдайлардың алдын алуда заманауи əдістерді енгізуді ұсынды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


