2023 жылғы 3 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді.
Аталған Заңда жеке тұлғалардың банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану қарастырылған. Заң жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтардың төлем қабілетсіздігіне байланысты туындайтын қатынастарға қолданылады.
Негізінен соттан тыс банкроттық рәсімді аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешімдердің заңсыздығын мойындау жөнінде әкімшілік талаппен сотқа екінші деңгейдегі банктер, коллекторлық компаниялар және банкроттық рәсімі жүргізілген жеке тұлғалар жүгінеді.
Соттан тыс банкроттық рәсімді жиынтықта келесі шарттарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары пайдалана алады:
- Қарыз 1600 АЕК-тен аспайды.
- Өтініш берілген күні несие берушілер алдындағы міндеттемелерді қатарынан он екі ай ішінде өтеу жоқ.
- Ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүлік жоқ.
- Орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу бойынша рәсімдер жүргізілген.
Аталған шарттар заңның тікелей көрсетілуіне байланысты жиынтықта орын алуы тиіс. Олардың кез келгені болмаған жағдайда, мысалы, егер борышкер өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан он екі ай ішінде берешекті ішінара өтеуді жүргізсе не меншік құқығында мүлкі болса, борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізуге үміткер болуға құқығы жоқ.
Азамат төмендегі шарттарға қарамастан бес жыл ішінде несие берушілер алдындағы берешегін өтей алмаса, соттан тыс банкроттық рәсімді қолдану туралы өтініш беруге құқылы:
- мүліктің болуы немесе болмауы;
- қатарынан 12 ай ішінде өтеудің болуы;
- шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және (немесе) өндіріп алу жөніндегі рәсімнің сақталуы не сақталмауы;
- өтініш берілген күні жеті жыл ішінде соттан тыс банкроттық рәсімнің қолданылуы не қолданылмауы.
Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішіне қоса беріледі:
1) несие берушілердің атауы, берешек сомасы, орналасқан жері көрсетілген тізімі;
2) борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микронесие беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі.
Осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, банктік қарыз шартының және (немесе) микронесие беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банк филиалының, банктің операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және (немесе) микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың жауаптары болып табылады.
Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банк филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйым борышкердің өтінішіне жауап ұсынбаған жағдайда, осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат борышкер өтінішінің көшірмесі немесе өтініштің электрондық форматта жіберілгені туралы растамасы болып табылады.
Заңның 16-бабы 4-тармағы күшіне, борышкер осы Заңның 5-бабында қарастырылған мән-жайларға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда соттан тыс банкроттық рәсімді қолданудан бас тарту туралы хабарлама береді.
Уәкілетті органның соттан тыс банкроттық рәсімді өткізу мерзімі «электрондық үкімет» веб-порталында борышкер туралы мәліметтер орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды.
«Электрондық үкімет» веб-порталында борышкер туралы мәліметтер орналастырылған күннен бастап келесі салдарлар туындайды: - соттан тыс банкроттық рәсімді қолдану туралы өтініште көрсетілген борышкердің несие берушілер алдындағы борыштық міндеттемелерінің мерзімі өткен болып есептеледі;
- борышкерден соттан тыс банкроттық рәсімді қолдану туралы өтініште көрсетілген несие берушілердің міндеттемелерін орындауын талап етуге тыйым салынады;
- соттан тыс банкроттық рәсімді қолдану туралы өтініште көрсетілген борышкердің несие берушілер алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыпақыны, өсімпұлды, айыппұлды және сыйақыны есептеу тоқтатылады;
- борышкерге ломбардтың микронесиелерін алудан басқа, өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелер қабылдауға тыйым салынады.
- борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімді қолданудың алдындағы үш жылға дейінгі кезеңде мемлекеттік органдардан және өзге де органдар мен ұйымдардан ортақ бірлескен мүлікті қоса алғанда, оның мүлкі туралы ақпаратты уәкілетті органның алуға келісімі берілген болып есептеледі;
- борышкердің банктік шоттарынан несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру есебіне ақша өндіріп алуға жол берілмейді;
- соттардың борышты өндіріп алу туралы шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
Банкротқа соттан тыс банкроттық рәсімнің аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бес жыл ішінде қарыз берілмейді (ломбардтардың микронесиелерін алудан басқа), сондай-ақ одан кепіл түрінде қамтамасыз ету қабылданбайды. Банктік қарыз және микронесие беру шарттары бойынша кепілдіктер мен кепілгерліктер.
Заңның 48-бабына сәйкес соттан тыс банкроттық рәсімдерді жүргізу кезеңінде уәкілетті орган уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде борышкердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Қаржылық жағдай мониторингі шеңберінде несие берушілер алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында борышкердің жеке мүддесінде жасалған іс-әрекеттерін тексеру жүзеге асырылады, оның нәтижелері рәсімді тоқтату үшін немесе банкрот міндеттемелерін тоқтатудан бас тарту үшін негіз болуы мүмкін.
Мониторингті уәкілетті орган борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл ішінде жүргізеді. Мониторингті несие берушілер жүргізуге құқылы. Банкроттың мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактісі анықталған жағдайда уәкілетті орган несие берушілерге мониторинг нәтижелерін жібереді.
Уәкілетті органнан ақпарат алған кезде олар азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес борышкерді банкрот деп танудың күшін жою және банкроттық рәсімді қайта бастау туралы сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл норма соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдерін пайдалана отырып, несие берушілер алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтарғысы келетін жосықсыз борышкерлердің іс-әрекеттерінің жолын кесу мақсатында енгізілді.
Заңды негіздер болған және рәсімді сақтаған жағдайда еліміздің азаматтары зор қарыздардан арылуға және өздерінің материалдық жағдайын жақсартуға құқылы.
Жауарова А.Б., Қостанай облысының МАӘС судьясы