Жаза — сот үкімі бойынша қылмыс жасады деп танылған азаматтарға қатысты әр елдің Қылмыстық заңдарында көрсетілген баптарға сәйкес қолданылатын мәжбүрлеу шарасы. Кейбір жағдайларда жазаның тым жеңіл болғанына қатысты немесе жаза тым қатал болғанын айтып халық от үкімін талқыға салып жатады. Алайда әрбір жазаның артында адам тағдыры тұрғандықтан, жаза тағайындағанда сот заң аясында үкім шығарады.
Жазаның негізгі мақсаты әлеуметтік әділетті қалпына келтіру, заң бұзған адамдарды тәрбиелеп, қайта қатарға қосу, оларды алдағы уақытта жаңа қылмыс жасаудан сақтандыру болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша, жаза белгілеу кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қатер төндіру дәрежесі, айыпкердің жеке басы, оның мінез-құлқы, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Сондай-ақ, жазаның айыпты адамның түзелуіне және оның отбасы мен асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы да есепке алынады. Негізгі жазадан басқа мынадай қосымша жазалар бар: арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік марапаттарынан айыру; мүлкін тәркілеу т.б. Бұрын қылмыс жасамаған азаматтарға жаза белгілеу кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескеріледі. Бірінші рет жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер өз айыбын мойындап, өз еркімен заң орнына келсе, қылмысты ашуға жәрдемдесіп, келтірген зиянды өтеуге көмектессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Жаза тағайындау кезінде қылмыстардың қайталануы, бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамға қауіптілік дәрежесі, алдыңғы жазаның тәрбиелік ықпалының жеткіліксіздігіне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ, жаңадан жасалған қылмыстың сипаты ескеріледі. Ал әкімшілік жауапкершілікке тартылған немесе әкімшілік қадағалауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын жазалар әкімшілік шара деп аталады. Жалпы әрбір құқық бұзушылықтың артында сұрауы барын, заң бұзған жанның жазасыз қалмайтынын ұмытпауымыз керек.
Курманова Динара Идрисовна, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы