Елімізде балаларға қатысты зорлыққа жазаны күшейтетін заң әзірленді. Бұған әрине, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында берген тапсырмасы негіз болғаны даусыз.
Онда Президент кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты зорлыққа жазаны күшейту туралы тапсырма берген еді. Жаңа құжаттың жаңалығы көп. Барлығы 4 кодекс, 10 заң жобасына өзгеріс енгізуді көздейтін заң қабылданар болса, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты зорлық пен қатал қарым-қатынасқа орай тараптардың өзара мәмілеге келуі, бостандықты шектеу (бостандығынан айыру қалады) жойылып, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағандар өмір бойы түрмеге қамалмақ. Қасында ересектер болмаса балаларды жолақы төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіруге де тыйым салынады. Жаңа құжаттың өзге де жаңалығы аз емес. Олардың қатарында балаларға барлық күш қолдану, қатал қарым-қатынасқа қарсы шараларды қамтитын, оларды жасаушыларға психологиялық көмек көрсету, қауіпсіздік талаптарын сақтамау, жарақаттау, зорлық көбейіп кеткен балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау секілді талаптар бар. Бас прокуратурада тұсауы кесілген бұл құжат Парламент Мәжілісіндегі «Аманат» партиясы фракциясының басқосуында талқыланды. Жиынды ұйым төрағасы Ерлан Қошанов өткізді. Онда елдегі отбасы, ана мен бала құқын қорғау жайы әңгіме өзегіне айналды. Сөз алғандар аталмыш құжат бойынша ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын, өзектілігін айтты. Олардың қатарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «Аманат» партиясының хатшысы Шолпан Қаринова, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, «Балаларды қорғау» қорының директоры Жанар Ахметова, Түркістан облыстық балалар омбудсмені Гүлжан Вероцкая, «Қорғау-Астана» ҚБ жетекшісі Анна Рыль және тағы басқалар бар. Фракция отырысын қорытындылау барысында партия жетекшісі Ерлан Қошанов аталмыш заң жобасын қауымдастықтар және мүдделі мемлекеттік органдар арасында кең ауқымда талқылап, тезірек қабылдаудың маңызына тоқталды. Тоқетерін айтқанда, бұрынғыға қарағанда барынша қатаңдатылған заңның өмірге келер күні алыс емес. Бұл енді соңғы кезде жиілеп кеткен балаларға жасалған зорлыққа орай қолға алынып отырған қадам. Жалпы, Оқу-ағарту министрлігі Білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, 2022 жылы 719 кәмелетке толмаған жасөспірім жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстың құрбаны болыпты. Бұл әрекеттердің дені яғни, 87-сі Алматы облысында, 70-і Қарағанды облысында, 63-і Түркістан облысында жасалыпты. Одан кейінгі орында Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Сонымен қатар, балаларға қарсы жыныстық зорлықтардың қай өңірде болмасын өскені байқалады. Жалпы, 3 жыл ішінде Қазақстанда балаларға жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы 2472 қылмыс жасалған. Бұл ретте 12 мыңнан астам баланы тәрбиелеп отырған 9 мыңға жуық тұрмысы төмен отбасы ішкі істер органдарында есепте тұр.
Жаңа құжат бойынша бұрынғы жиырма жылға дейін бас бостандығын айыру жазасының өмір бойы түрмеге қамалуға ауыстырылуы ондай азғындарға бірден-бір лайық жаза. Нәпсісіне ие бола алмай, балаларға айуандық жасаушыларға еш аяушылық болмауы керек. Бірақ қандай жаза болмасын әділ түрде тергеліп, айып толық дәлелденіп қолданылғанда ғана өз тиімділігін беретіні даусыз. Олай болмаған жағдайда мұндай қатал жазаның құрығына жазықсыз жалалы болғандар ілініп кету қаупі бар. Таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпау керек. Өкінішке қарай, мұның мысалдары баршылық екен. Олай дейтініміз, балалардың жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмысының бәрі нақты болмауы мүмкін. Ол сол балалардың анасының, өзіне ұнамайтын күйеуден, немесе бірге тұрушыдан немесе әжесінің бір қылығымен жақпай қалған күйеу баладан құтылуының амалы болып жататын жағдайлар да кездеседі. Мұндай сәтте айтқанын екі етпейтін, көп нәрсенің байыбына бара бермейтін балалар оң жамбасына келе кетеді екен. Мұны бүгінде осындай оқиғалармен бетпе-бет келіп жүрген адвокаттар да айтады. Бізге құқық қорғау саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Әлімжан Жұбатхановпен пікірлесудің сәті түскен еді. Ол бірден осындай фактілердің өте көп екендігін ортаға сала келіп, өз тәжірибесінен мысал келтірді. Жұбатқановтың айтуынша, бүгінде 40-тан асқан бір азамат бес жасар қыз баланы зорлады деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Жазаны тағайындау барысында оның қылмысы толық дәлелденбеген. Тіпті, зардап шегуші тараптың қорғаушысының өзі бұл істі қысқартуды сұраған. Судья оның бұл өтінішін ескеру былай тұрсын, керісінше, оған қарсы қаулы шығарыпты. Ал шын мәнінде зорланды деген қыз баланың берген көрсетілімі шындыққа сай болмаған. Мемлекеттік сот сараптамасының қорытындысы толыққанды емес. Жұбатқанов айыпталушының өтінішімен істі өз қолына алып, Жоғарғы Соттың қарауына ұсынған кезінде жеке сот сараптамасын қайта жасатып, қыз баланың зорлыққа ұшырамағанын анықтаған. Айыпталушының айтуынша, өзімен келіспей қалған енесі бұдан өш алуы үшін баланы пайдаланған. Алайда аталмыш құзырлы орын бұның ұсынған сот-медициналық сараптамасын назарға алу былай тұрсын, оны қарауды қажет таппай, аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырыпты. – Бұл өте қиын жағдай. Еш жазықсыз жан сотталып кете барды. Мұндай баппен барғандар түрмеде адам санатына қосылмайды. Ондағы қыспақтан олар өздеріне қол жұмсауы мүмкін. Дәл осындай жағдайдың көптігін әріптестерім де үнемі айтады. Өкінішке қарай, тергеушілер де, судьялар да істі қарау барысында көп олқылыққа жол береді. Бұған адвокаттардың біліксіздігінен бастап, тергеушілердің, судьялардың немқұрайдылығы, кейде қоғам тарапынан болатын қысымға қарсы тұра алмайтыны, сонымен қатар, өздерінен жоғары тұрған құзырлы ұйымға тәуелділігі себеп болып жатады. Жаламен сотталғандар қандай бұлтартпас дәлелдер ұсынып тұрса да, ақталмайды. Себебі, қабылданған шешімдердің бұзылуы тергеушіден бастап, судья-ның жұмысының көрсеткішін төмендетеді. Жалпы, бізде прокурордың айыптау актісі деген талай адамның кінәсінің толық дәлелденбей, көп жағдайда жазықсыз жалалы болуына себеп болып жатады. Көрсеткіштен бұрын адам тағдыры, заңдылықтың үстемдігі, оның әділ қолданылуы бірінші кезекте тұруы керек. Жыныстық зорлыққа қарсы қылмыстарға қатысты өзгерістер талай жазықсыз жанның өміріне балта шабуы мүмкін. Өйткені, балалар көбіне үлкендердің айтқанынан шыға алмайды. Олардан нақты жағдай туралы дерек алу өте қиын. Сондықтан аталмыш шараны қабылдауда асығыстық жасамағанымыз жөн, – деген еді адвокат. Заңгердің бұл сөзі мәселеге кең ауқымда қарау қажет екендігін көрсетеді. Расында өмір болған соң әртүрлі пиғылдағы адамдардың бары шындық. Өртенген көршінің қорасын сөндірудің орнына, оған бас үйітіп алғысы келетіндердің аз еместігін естіп те, көріп те жүрміз. Сол секілді, қоғамды алаңдатқан бұл мәселені өзінің жеке басының пайдасына асырғысы келетіндердің болмай тұрмайтындығына біз келтірген бір ғана мысал дәлел. Сондықтан жазалаймыз деп жазықсызды жалалы етіп алып жүрмейік. Егер олай болса, бұл қоғамдағы әділеттілікке, заңның үстемдігіне деген сенімсіздік тереңдей түсері анық. Ал, оның арты елдің қауіпсізідігіне, болшағына төнетін қауіп. Ендеше, аталмыш заң жобасын қарауда мұндай істердің тіркелуінен бастап, қаралуы, түбегейлі шешімнің шығуының жүйелілігін, әділдігін қамтамасыз ету негізгі нысана болу керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»