І. Күдік пен сенім Облыстық Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне келген кезде сағат тілі түнгі онды көрсетіп тұрған еді. Кезекші 101-дің күтіп отырғанын айтты. Полицейлер өз арасында департамент бастығын 100-ші, бастықтың бірінші орынбасарын 101-ші, қалған орынбасарларын ретінше 102, 103, 104, 105 деп атайтын. Бұл өзге жұртқа түсініксіз болғанымен, сала қызметкерлерінің барлығына түсінікті, әрі қызметтік қолданыста тиімді болатын. Басқышпен екінші қабатқа асығыс көтеріліп келе жатқан қылмысты іздестіру бөлімінің аға өкілі, капитан Нұрлан Қыдырбаев санасындағы «Күтіп отырған… Нағыз азамат… Нағыз опер ғой…» деген ой облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ахметов Ғалымжанға деген ризалық ықыласты және басшыға деген құрмет пен мақтаныш сезімін бір арнаға тоғыстырып жіберген болатын. Бұл кезде жұмыс кабинетінде полковник ауыр ой үстінде отыр еді. Заман не болып барады… Егемендік алдық-ау, бірақ, біраз нәрсені жоғалтқан жоқпыз ба. Қылмыс көбейіп кетті, бара-бара не болар екен? Бұрын кісі өлімі сияқты ауыр қылмыс облыс бойынша айына, жылына бірді-екілі болатын. Тіпті, мұндай ауыр қылмыс болмаған жылдар да болды. Ал қазір ай сайын ондаған кісі өлімі тіркелуде, бұрын кездеспейтін ауыр қылмыс түрлері өсуде. Мына заман не болып барады, өзі?» Полковник санасында күдік пен сенім майдандасып жатқан тұста есік қағылды. – Рұқсат па екен, полковник мырза? – Иә. Нұрлан. Кел, жақынырақ отыр. – Айып етпеңіз, полковник мырза, көп күттіріп қойған жоқпын ба? – Е…Ештеңе етпес… Өзім де осы шамада шаң берер деп отырғам. Ал баянда, шаруа не болды? – Күдіктіні көрші облыстан, тағы да Созақтан таптық. Бұрынғы үйді бірнеше күн аңдып жүріп, қолға түсірдік. Бүгін өзіңізге телефон соққан шамада Жаңақорғанға әкелдік. Бірден ИВС-ке (уақытша ұстау абақтысы) апаруға қауіптеніп, жасырын түрде бір үйде ұстап отырмыз. Ертеңгісін РОВД жедел уәкілі Ертаев Қазыбек пен басқарманың жедел уәкілі Сейітов Асқар сонда апарады. Бұрын осы күдіктіні екі рет әкеп, ИВС-қа қамадық қой, бірақ тергеушілер істі «Дәлел жоқ» – деп қысқарта берді емес пе? Тағы да сондай болып, араға сөз жүріп кете ме деген оймен осылай істеуге мәжбүр болдық. Сосын тура өзіңізге келе жатырмын. – Күдіктінің өзі не дейді? – Бұрынғысы… Тура өткен жолғыдай. Кісі өлтіргенін мойындайды. Менің қорқып отырғаным, бұрын да дәл осылай қылмысын мойындап, тергеу кезінде басқаша сайрап, айтқанынан танып шыға келді ғой. Ақыл, бағыт беретін біреулер бар және олардың бізбен қызметтес болуы да мүмкін. Күдігіміз болғасын осылай істедік… Жігіттер түнімен сол үйде ұстайды. – Бұл жайлы РОВД басшылары біле ме? – Жоқ. Әзірге Ертаев, Сейітов үшеуіміз ғана білеміз. Бұл жолы бізге мықты, қолы таза тергеуші керек. Әйтпесе бұл қанішер тағы да бостандыққа кетеді. – М-м-м… Қиын іс, оқиғаның болғанына алты жыл өтіп кетті. Дерек пен дәйек табу да қиын. Кешегі күннен «сотый» демалысқа кетті, ол кісі де көп жылдар бойы қылмысқа қарсы күресіп келе жатқан адам ғой, мен уақытша оның міндетін атқарушымын. – Полковник мырза, мынау тіпті дұрыс болды ғой онда. Ендігі мәселе тергеушіге тіреліп тұр емес пе?! Тергеу басқармасына бұйрық берсеңіз болды ғой. – Бұйрық берілер… Осы істі кімге тапсыруға болар екен деп ойланып отырмын. Бұрын барған тергеушілер де тәжірибесіз емес-ті… – Полковник мырза, бұл істі ашса тек Асылбаев Орынбек қана ашуы мүмкін. Қалалық ГСК (МТК)-да бірге қызмет атқардық, ол тергеу бөлімін басқарды, мен тергеуші болдым. Оның жігерлілігі, талапшылдығы, алған бетінен қайтпайтыны тап осы жерде керек-ақ. – Оны біреулер тік мінезді деп жатады ғой. – Бәлкім, біреулерге ұнамай қалған болар. Бірақ ары да, қолы да таза азаматтың бірі. Таудағы Карабах соғысына қатысқан, жас болғанмен өмірдің ащы-тұщысын көрген жігіт. – Келістік. Онда ертең Асылбаевты күтіңдер. Ал, іске сәт! Жолың болсын! Екеуі де орындарынан тұрды. Қылмыспен күрес саласында тер төккен екі азаматтың да санасында осы тұста күдіктен гөрі сенім асқақтай бастаған болатын. 2. Қиын түйін 1999 жылдың көктемі кештеу келді, жер лайсаң. Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Қызылорда–Жезқазған тас жолының 120-шақырымындағы «Қыздың шұбары» атты жердегі кісі өліміне байланысты іс тергеуін аяқтап қалған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Орынбек Асылбаевтың есікке беттегені сол еді, кезекшінің дауысы естілді. – Капитан! Саған Оңғарбаев «Тез келсін!» деп жатыр. Бұл ойланып қалды. Тергеу басқармасы бастығының орынбасары неге іздеді екен? – Жайшылық па? – Білмеймін. Көкең «қылғынып жатыр»! Тез жеткейсің. Есік қағып рұқсат сұраған еді, іштен «кір!» – деген жарықшақты үн естілді. Үстел басындағы Оңғарбаев түтеп отыр екен. – Қайда жүрсің? Әй…Таң атқаннан сені іздеп қырыла жаздадық қой, А..? – Кеше түндегі жиналыста: «Басқа істерді қоя тұр да, ана істі бітір» – дегеніңіз бойынша кісі өліміне байланысты істі аяқтап қалдым. Соған қатысты тергеу изоляторына бара жатырмын, адвокатпен келісіп қойдым. Оның да жұмысы көп екен, сондықтан… – Тоқта! Бәрін таста! Жинал! Жаңақорғанға барасың! – Ау, бүгін бітірмесем ана іс отчетқа енбей қалады ғой. – Отчет?! Әй… Мен саған не деп тұрмын… Оңғарбаевтың ашуланғанда дауысы қырылдап, тамағы сырылдап, кей сөздері түсініксіз болып кететінін білетін бұл, әліптің артын бақты. Жаңақорғандағы не іс екен? Менен басқа кімдер барады? Қандай қаулы, хаттама бланкісін ала кеткен жөн? Не болса да бір төтенше жай болып тұр ғой, әйтпесе әлгі кісі мұнша бүлінбес еді, тіпті, дұрыстап мән-жайды да түсіндірмеді. Қағаз-құжаттарды жинақтап коридорға шыққан ол тергеу басқармасы бастығының тергеу өндірісіне жауапты орынбасары Күнберген Бердібаевтың дауысын естіп бұрылған еді, оның кабинетіне кіріп бара жатқанын көрді. Көп жылдар прокуратурада қызмет атқарған, қала прокурорының бірінші орынбасары болған, тергеу саласының майталманы саналатын бұл азаматты ішкі істер органы қызметкерлері құрмет тұтатын, артық сөзі жоқ, сыпайы, нағыз зиялы жан кейінгі буынға көмек беруден де қашпайтын. Тергеушілер арасында айтылған: «қылмыстық іс Күнберген «Іс болмайды» десе 100 пайыз, ал егер «Іс болуы қиын десе» 99 пайыз соттан өтпейді» деген пікір ақиқатты тәмсілге айналып кеткен болатын. Бұл да оның ізін ала кабинетке енді. – Күнеке! Мені срочно Жаңақорғанға жіберіп жатыр! Шұғыл бір жағдай болып қалған жоқ па? Не іс, не оқиға, хабарыңыз бар ма? – Өткенде Ғайса барып келген іс болса керек. Ол бір қиын түйін екен. Іс шығуы қиын, себебі оқиға осыдан алты жыл бұрын болған, бұл уақытта оның өлім себебін сот-дәрігерлік сараптамасы анықтап бере алмайды ғой. Осы кезде кабинетке Дат Оңғарбаев кіріп келді. – Әй, Асылбаев, неғып отырсың! Ей, мынаған дауа жоқ екен ғой, өзі. Менің Жаңақорғанға кет дегеніме екі сағат болды ғой. Жаңа бастық звондап, айқайлап жатыр: «Тергеушің қайда» – деп. Кабинетіңе барам – жабық, криминалистерге барам – жоқ, сыртта анау уголовный розыскының машинасының тұрғаны таңылып. Бұл болса мында отыр ғой шәниіп… Не деген адамсың… Смотри – а… бастығым айтты екен деп жүрген бұл жоқ… Кезекші бөлімнің тұсынан өтіп бара жатқанда жауапты кезекшінің дауысы естілді: «Тергеуші Жаңақорғанға шықты ма деп сұрап жатыр 101. Ана оң жақта тұрған Жигули апарып салады. Мен бастыққа баяндай берейін». Бұл отырысымен қозғалған «ВАЗ2106» автокөлігі жер апшысын қуыра жүйіткиді. Осы тұста тергеушінің ойына кейбір жәйттер түсе бастады. Рөлдегі сержант өзінше сөйлеп келеді, бұл болса өз ойының қалың қабаттарын қайта қопаруда. «Е…е…Нұрлан бір кездескенде айтқан әңгіме болды ғой… Алты жыл өтіп кетті, ә?! Атқа сүйретіп, шылбырмен қылғындырып өлтірген… Иә… Ау, сонда мотив қайда, қылмыскер не үшін мұндай әрекетке барды? Неге кезінде іс ашылмай қалды, тергеушілердің босатуына не себеп? Күнекең мана іс шығуы қиын деді-ау. Онымен де ақылдаса алмай қалдым. Кезінде аса мән бермепті, бұлай боларын білгенде Нұрланнан үтір-нүктесін қалдырмай сұрайтын еді ғой. Та-ак… Айтпақшы, құдай біледі Нұрлан сол Жаңақорғанда жүрген болар. Иә, оның хваткасы мықты ғой, сол шығар күдіктіні ізінен қалмай індетіп жүрген… Не болса да бара көрермін». Әне-міне дегенше Жаңақорғанның да төбесі көрінді. Сержант жылдамдықты бәсеңдетер емес, кентке жақын тұстағы жол айрығына орналасқан МАИ бекетінің де алыстан сұлбасы көріне бастады. Бұлар күтіп тұрған көлік жанына тақай тоқтаған сәтте машинадан үстінде сұр вельветтен тігілген қонымды костюм-шалбары бар, шашына ақ түсе бастаған көрікті жігіт жымия түсіп келе жатты. Иә, бұл Нұрлан еді. 3. Із кесу басталғанда Нұрлан машинасын күре жолдан шеткерірек, арнайы тоқтауға қалдырылған орынға қойды да әңгімеге кірісті. – Ореке, бұл анада өзіңе айтқан әңгіме ғой… Қысқарта айтпасам, түгел баяндауға бір күн кетер, ал уақыт тығыз… Оны өзің де білесің. Бірақ, өзіңе негізгі жәйттерді айтпасам тағы да болмайды. Сонан соң барып бағытымызды анықтап, жоспар құрармыз. Иә, 1993 жылы «Нұржол» колхозының бақташысы Ордабек Әнесұлын сол ауылдың тұрғыны Сағадат Кәрішалов өріске іздеп барып төбелеседі. Содан соң ол құлаған кезде шылбырды ілмектеп жіберіп тұзақ қылады да, атқа мініп алып сүйрете жөнеледі. Содан бір кезде сүйретілген дене қыбырламай қалғасын атынан түсіп барса, ол өліп қалған екен. Сол кезде олармен ауылдас Тұрғанбай Разақов деген кісі келіп қалады да, екеулеп өліктің қалтасындағыларды алады. Ордабектің өлгеніне анық көздері жеткесін, оны сол айдалаға тастап кетеді. Мұны алыстан көрші ауылдың қой бағып жүрген екі оқушысы Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтер де көрген. Бірақ балаларды да, Тұрғанбайды да біреулер қорқытқан болуы керек, олар тіс жарып ешкімге айтпаған. Мәйітті бір аптадан кейін бе, әлде одан да көптеу уақыттан соң ба тапқан. Көзін және т.б. ашық тұстарын құс шұқып тастаған, бет пішінінен тану мүмкін болмаған, тек марқұмның әйелі ғана танып, сосын ел боп жерлеген. Марқұмның артында жеті баласы қалды, тұрмыстары өте ауыр. Осы іспен алғаш айналысқан жігіттер ешнәрсе шығара алмаған. Мен уголовный розыскаға ауысып келгенімде ашылмай қалған осы қылмыстық іс марқұмның әйелінің арызы бойынша менің қолыма тиді. Жаңақорғанға хабарласып, Ертаевпен сөйлессем, ол «Ел ішінде ызың-ызың өсек бар», – дейді. Содан із кеспейміз бе, аудандағы Ертаев пен біздің Сейітовтерге көпкөп рақмет, нағыз оперлар ғой, біраз көмегі болды. Сөйтсем, олар да осы істің ашылмай қалғанына ызаланып, намыстанып жүрген екен. Үшеуіміз жанжақты қаза бастадық, сөйтіп осы Сағадат Кәрішаловтың мас болып отырып, бір құрдасына «Ордабекті мен өлтірдім» деп айтып қойғанын естіп, әлгі адамды тауып алдық. Оған да біраз уақыт өтті, алғашында ол «Естіген жоқпын» деп ат-тонын ала қашқан, кейіннен жесір әйелдің жайын айтқасын құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әңгімені естігенім рас, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас еді», – деді. Сонымен не керек, Сағадатты тауып, әңгімелестік, араққа тойдырдық, міне осы кезде ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Ертеңіне РОВДға алып келдік, біз оны-мұны құжаттармен жүгіріп жүрсек, ол біреулердің көмегімен шығып кетіпті. Санымызды соқтық та қалдық. Сұрасақ ешкім ештеңе білмейді, жауап беретін де ешкім жоқ, кезекші қызметкер «Ондай адамды көрген жоқпын» – деп қарап тұр. Не істейміз, қатты ызаландық, өзімізді өзіміз кінәладық. Кім білген, барлығын мойындап отырған адам ондай әрекетке барады деп ойламайсың ғой. Сонымен тоқетері – күдіктіден айырылдық, қызметтестер бізге күле бастады. Алайда бұл бізге сабақ болды, мұның қорғаушылары, қолдаушылары тек билікте емес, өз ішімізде де жүргенін түсіндік. Тағы іздеуге кірістік. Ол ұзақ әңгіме, кейінірек айтармын. Бір жылдан аса іздеп, ақыры Созақтан таптық. Тағы да арақ ішкіздік, әңгімелестік. Өткен жолы неге қашып кеткенін сұрадық. Ол «Қашып кетпегенін, өзін менттердің босатып жібергенін» айтты. Бұдан соң негізгі әңгімеге, Әнесұлы мәселесіне көштік. Тағы сол… Ордабекті өлтіргенін мойындап отыр. Оны Жаңақорғанға әкелдік. Бірден ИВС-ке рәсімдедік. Бәрі дұрыс-ау, бірақ, тергеу басталып еді… УВД-дан шақыртқан тергеушінің өзі «Ешқандай дәлел, дәйек жоқ, соттан өтпейді» дегенді айта бастады, сол, сол-ақ екен мынау: «Мен ештеңе білмеймін, ешкімді өлтірген жоқпын», – деп сөзінен танып шыға келді. Біздің диктофонға жазып алғанымыз дәйек болмай қалды. Бәрі де «Мас адам не демейді» – деп бізді мазақ қылды. Ол да басы бұлғақтап: «Менің бұлайша айтуым мүмкін емес», – деп қарап отыр. Қалай күймессің… Ертаев, Сейітов үшеуіміз ашу мен ызадан не істерімізді білмедік. Оны тағы да босатып жіберді. Біз мұның тегін емес екенін сездік. Әшейінде біреулер нақақтан күйіп жатады ғой, ал бұл болса тура құлып астынан сылт етіп шыға келеді. Оның хабары тағы да Созақ жақтан шықты. Мен 101-ге барып, барлығын баяндадым. Ол кісі асықпай тыңдады да: «Бұл не қылған суға батпайтын, отқа жанбайтын пәле, тергеушілер неге қауқарсыз отыр? – деп біраз ойланды. Сосын маған: «Күдіктіні алып қайтыңдар, оның Созақтан кетуін өз қалауы етіп көрсетіңдер, мәселен Түркістанға ма, Шымкентке ме қыдырып кеткен болсын. Сендердің онда барғандарың да құпия қалғаны дұрыс. Өйткені, оның қолдаушылары Созақпен хабарласып отыруы мүмкін. Жаңақорғанға әкелгесін алдын ала дайындап қойған үйге ұстаңдар, көп адамның білмегені жөн. Жігіттерге ескерт, ауыздарына ие болсын. Мұны бізден басқа тірі пенде білмеуі керек. Сосын өзің маған хабарлас», – деді. Міне, кеше кешкісін оны Жаңақорғанға әкелдік. Бір үйде қонақ қылып сыйлап жатырмыз. Біздің Штирлиц болып жүргеніміз де сондықтан. Ауданда біреу білді дегенше болды – ел «гу» ете қалмай ма, онда тағы да тақырға отырып қалуымыз мүмкін. 101-ге хабарласып, түнде Ақмешітке барып қайттым. Бастыққа жолығып, осылай бастауға шештік. Істі тергеуге сенің кандидатураңды мен ұсындым. – Е…е…! Неге маған осында «Шұғыл бар!» – деді деп бас қатырып отырсам. Барлығын бүлдіріп отырған сен екенсің ғой. Е, бұл бір қиын іс екен… – Енді ше. Қиын болмаса сені қозғаймын ба… Істі соттан өткізуге бір дерек, қолға ұстарлық бір дәлел болмай тұр ғой. – Ендігі бағыт қалай? – 101-сенімен күдіктіні кездестірген дұрыс деп отыр. Оған сенің кім екеніңді айтпаймыз. Қазір ол ұйықтап жатыр. Тұрғасын сен қақпалап әңгімеге тартсаң, ол бізге айтқанын қайталаса, соны видеоға жазып алсақ деп ойлаймын. 101 сержанттан шетелдік шағын видеокамера беріп жіберемін деген. Сау кезінде өзі мойындап отырса ол да бір дәйек қой. – Е… бәрін дайындап қойдым десейші. – Қолдан келгені ғой…Әңгіме арасында бір ілік тапсаң тіпті жақсы болар еді. Жалпы, ендігі шаруа сенің қолыңда. Біз көмекшіңбіз. Бірақ абайлап жұмыс істеу керек, бұл жердің өсегі көп. – Өзім де соны ойлап отырмын. Істің жалпы сұлбасы белгілі болды. Бірақ сұрақ көп. Жинақталған материалдар қайда? – Ертаевтың өртенбейтін дәу сейфінде сақтап отырмыз. – Жақсы-е… Онда біз былай істелік. Менің бүгін осында келетінімді РОВД басшылары біліп отыр. Онда бармай тағы болмайды, барғасын мені аңдитыны, бақылайтыны анық. Ол кезде жаңағы жоспар іске аспай қалуы мүмкін. Тіпті, «Азаматты заңсыз, күштеп ұстап отыр» – деп, бізге жала жабудан да қашпас олар. Әрекеттеріне, із жасыру тәсілдеріне қарап олардан мұны күтуге болатын сияқты. «Оны қолдаушылар, қорғаушылар өз арамызда жүр» дегенің көкейге қонады. Сондықтан мен қазір РОВД басшысына барайын. Ертең жексенбі ғой, бастыққа бір-жар күн Өзгентке, туған ауылға барып демалып қайтайын, тіпті сүрнігіп өлетін болдым – дейін. Ол бұл іске мүдделі болса менің ұсынысыма қуана-қуана келіседі. Сосын біреуге «Жеткізіп сал» дер, не болмаса «Солай қарай бара жатқан көлікке мінгізіп жіберіңдер» – дер. Асылы, өздерінде машина жетпей жатқанда мені қайтсін, сол соңғы жоба дұрыс болар. Тіпті, «Жігіттер солай бара жатқан бір көлікке мінгізіп жіберсе» – деп ұсынысты менақ жасармын, одан пәлендей ештеңе өзгермейді. Ал сен мені дарияның арғы бетінен күтсең, өйткені әлгі мені шығарып салған адамға «Тергеушінің анық Өзгентке кеткеніме көз жеткіз» – деп тапсырма да беруі мүмкін. Мейлі, біздің бастықтарға телефондап, мені «Бір маубас екен, демалып жатыр» – дер. Онысы бізге жақсы, мүдделілердің бейқамдығын қамтамасыз етеміз. Қалай дегенде де ұтылмауымыз керек қой. Сондықтан сәл алыстау болса да сенімді болғаны дұрыс қой. Сенің басқа біреудің машинасын сұрап алғаның жөн сияқты, көзге іліне бермейтін «Москвич» болса тіпті қатып кетер еді. Оның үстіне, марқұмның ауылы дарияның ар жағында тиіп тұр ғой. Әнесұлының отбасына барып, әйелімен сөйлесе келген де жөн болар.
Нұрланмен кездескен соң тергеуші бірден Әнесұлының отбасына барып, әйелімен сөйлескен жөн деп тапқан. – Уақыт кетпей ме? – деді Нұрлан күмәндана үн қатып, – Амалымыз қайсы… Әйтпесе қарсы жақ тақымымызды жаздырмайтын сияқты. Видеокамераны ала кетелік. Күдіктіні «Ар алдында қиналып жүр, ұйқысы – ұйқы емес, өз-өзінен сөйлейді, біреулерді балағаттайды, біреулерден кешірім сұрайды», – деген жоқсың ба, видеотаспадан марқұмның отбасын, әйелінің сөйлегенін көрсе жаны қиналып, ашыла түсер. – Мұның да жөн екен. – Бізге асықпай, байыппен жұмыс істеу керек. Күдіктінің намысына тимей, көбірек осыған ұқсас жайтты айтып, құдай алдында, ар алдында тазару керектігін қозғай берген жөн сияқты. Өзі қиналып жүрсе, неге соны пайдаланбасқа. – Әрине, болады. – Бірақ, жігіттерге ескерту керек. Күдіктіге бекем болсын. Ішемін десе, ішкізген дұрыс. Бірақ біздің барып-қайтуымызға екі-үш сағат кетеді емес пе? Бәлкім оған дейін ояна да қоймас. – Келістік. Ал, Ореке, сәттілік тілеймін! 4. Алғашқы арбасу «Жигули» тізгінін ұстаған сержант та біраз жайттан хабардар сияқты. Бұлар аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратына қарай бұрылғаннан-ақ аңғарымпаздығын байқатты. – Ореке, байқадың ба? Ана есіктің алдындағы үш-төрт қызметкер бізді көре ішке зып берді. Хабаршылар ғой. Күтіп отыр екен. Өз ауданым демей сақ болыңыз! – Рақмет, інім! Бұл ғимарат алдына келіп машинадан түсті. Есік алдында оны осы аудандағы қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкері Қазыбек Ертаев қарсы алды. Нұрлан, Қазыбек, Асқарлардың жасы мұнымен шамалас, шендері де бірдей. Араларында жасы сәл үлкендеуі – Қазыбек. Бірақ, жігіттер қоян-қолтық жұмыс істемесе де, бірін-бірі білетін, сырттай тілеулес, сыйлас болатын. – Ореке, қош келдіңіз! – Рақмет! Бастық өзінде ме? – Жаңа кезекшіден білдім, өзінде екен. Жүріңіз, мен көрсетіп жіберейін. Бұл Қазыбек туралы бұрыннан білетін, әділетсіздікке төзбейтін, шындық жолында жанын қиюға бар қайсар жігіттің «Мен көрсетіп жіберейін» дегенінен бірдеңе айтпақ болғанын ұқты. Бөлім ғимаратының тар коридорымен келе жатқан кезде ол қатарласа келе мынаны айтып үлгірген еді: – Мыналар дүрлігіп жатыр. Кәсіпкері бар, ардагері бар, әкімдіктегілері бар бірнеше рет біздің бастыққа келіп кетті. Абайлап қимылдарсың. Бірақ, саспа. Мен сені сыртыңнан бақылап жүремін. Рұқсат сұрап кабинетке кірген мұны аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы орнынан тұра қарсы алды. – Орынбек, кел. Енді сені жіберді ме? Қазақ десе бәріміз кетеміз, қазақ арыз жазғаннан басқаны білер ме екен осы. Кит етсе бітті – жоғары қарай арыз боратады. Жұмыс күнінің жартысы соны қараумен кетеді, не істерсің бұған?! Ал, жұмыстарың қалай? «Қыздың шұбарындағы» іс бітті ме? – Бітіп қалды. Нүктесін қоямын ба деп едім, жұлып алды да осында жіберді ғой. Ол істен де хабардарсыздар ма? – Сол ғой… Естіп отырмын. А, как же? Облыс болып шулап жүрген іс туралы біліп отырған артық болмайды… Бұ халық адамға жұмыс істетпейді ғой енді… Ал, мұндағы біздікі таусылмайтын бір жыр… – Иә, мені неғып сандалтып қойғанын білмеймін. Алайда бастықтар бұйрық береді, біздікі орындау ғой, сөйтіп келіп қалдық. – Вот-вот… Қайтеміз… Бәрімізде де сондай боп тұр. Ал, енді бар ғой, мына оқиғаның өтіп кеткеніне алты жыл болған, марқұмның сүйегі бұл күнде қурап қалған да болар, кезінде экспертиза ештеңе таппағанда, қазір қалай табасың, тіпті қазір сараптама да жасай алмайсың ғой. Екі рет қайта қозғалды, угродағылар да қызық. Бір бейшараны қылмыскер дегеннен танбайды. Бұдан іс шықпайтынын, Дәкең, Оңғарбаевты айтамын, баяғыда айтқан. Оны тыңдайтын адам жоқ. Енді сені жібергені… – Солай боп тұр… Бұрынғы келген тергеушілер де тәжірибелі мамандар емес пе, олар таппағанды мен қайдан табамын. – Әрине… Бірақ біздің бастықтарды да кінәлай алмайсың. Арыз түсіп жатқасын – амалы жоқ қой. Тексеруге міндетті. Тексермесең – тағы бәлеге қаласың. Ну, ладно… құрысыншы бәрі. Ал, енді не істемексің? – Қабеке! Осы жұмыстан сүрнігіп өлетін болдым. Не демалыс, не отпускі жоқ. Күн демей, түн демей жүргеніміз сабылып. Бүгін сенбі, ертең жексенбі, бір-жар күн демалып, жұмысқа дүйсенбіден кіріссем бе деп едім. – Во… Мұның жөн. Жігіттерге тапсырма беріп, рыбалка ұйымдастырып жіберейін бе, шашлык-пашлық дегендей… – Ой… Рақмет! Қабеке, мен мына Өзгент ауылынан шыққанмын ғой, туыстарымның барлығы сонда. Көптен келе алмап едім, қуанышы, қазасы бар. Соларға кіріп шықсам, сосын туған үйде жатып, ес жиып аламын ба дегенім ғой. – Әрине, қандай проблем? Я – за… – Рақмет! Онда мені жігіттердің біреуі сол бағытқа бара жатқан көліктердің біріне мінгізіп жіберсе жақсы болар еді. – Әрине. Менің машинам-ақ апарып тастар еді, бірақ жүруінен тұруы көп боп тұр. Қазір техникалық жабдықтау дегенің өлді ғой. Ол кезекші арқылы Әбдиев дегенді шақыртты. Өзінен-өзі түнеріп, сырт қараған адамға жылап жіберетіндей болып көрінетін дөңкиген старшина кабинетке енісімен бастық: «Мына жігіт – ДВД-дан келген аға тергеуші. Қазір Өзгентке қарай жүретін көліктердің біріне мінгізіп жібер», – деп тапсырма берді. Бұлар есіктен шығып бара жатқанда Жандосов Әбдиевті қайта тоқтатты. – Әй…Әбдиев тоқтай тұр. Бензинге ақшаң бар ма еді… Мә, мынаны ал, машинаңа май құйып ал… Есікті жаба кел… қонақтан ұят болар… Бұл кезде тергеуші сыртқа беттеген еді. «Әлгіні әдейі кідіртіп алып қалды… Бензинге ақша беремін деуі – маған көз қылғаны ғой, сірә. Бастық та осы іске мүдделі болғаны-ау сонда. Әлде біреулер тапсырма берді ме екен. Е… әзірге біз ойлағандай болып келе жатыр. Бұл істің астарында үлкен бір сыр жатқан болды. Ал, енді шыдап бақ, Асылбаев… Бас қатыратын кез алда сияқты». Сәлден соң старшина да көрінді, сыртта тұрған мұның жанынан өтіп бара жатып көшенің қарсы бетінде жалт-жұлт етіп тұрған машинаны иегімен меңзеді. – Менің машинам – анау тұрған лупарик «Мерседес». Даусынан мақтаныш сезіледі, бірақ, сол түюлі қалпы. Көшенің бергі бетінде тұрып-ақ пультпен есік ашты. Қозғалысы ауыр, бұл машинаға отырып болғанда, ол енді ғана есік тұтқасын ұстаған еді. «Мына қасқаның әйелі бар ма екен, бар болса – әйелдің соры қайнаған екен». Бұл артқы орындыққа көз тастады да, көлік иесінің автоинспектор екенін сезе қойды, себебі, жетон тағылған жасыл түсті жилет пен ала таяқ, фуражка көз тіккенге сес көрсете артқы орындықтың қыр арқасына жайғасқан екен. Көлік иесі машинаға отырды, отырғаны бар болсын, немістің атышулы көлігі бір жағына ауып барып, еңсесін тіктеді. «Әй, бір… 130 келі бар шығарсың». – Ылғи осы. Таусылмайтын қонақ. Жұмыс істеуден қалдық. Трассамен күніне қанша машина ағып жатыр. Біздің жүрісіміз мынау… Ол бұрқылдап келеді, сол бұрқылдаған күйі кенттің дарияға апаратын үлкен көшесіне түсті. Ел осы Алтынсарин көшесін Алтын сарай атандырып жіберген, себебі қатар-қатар салынған ылғи екі қабатты үйлер, тұрғындарының басым көпшілігі жесір келіншектер болып, 1990 жылдардан бұл маң маскүнемдер мен жасырын сауда істеушілердің, жезөкшелер мен бір түндік пәтер жалдаушылардың мекеніне айналған болатын. Машина кілт тоқтады. Автоинспектор әбжіл қимылдап, сыртқа шықты да, соңдарында келе жатқан «Опель-вектраны» тоқтатты. Оның жүргізушісі мұның қолында таяғы болмаса да бұйрыққа бағынды, сірә, артқы терезеден автоинспектордың айбарағын көріп келе жатса керек. – Қай жақтыкісіңдер? –Ақтөбе облысынан…Ырғызданбыз. – Қайда тарттық? – Түгіскенге. «Апанқақ» деген жерде шипалы ыстық су бар деп естіп едік. – Жол болсын! Онда бір жолаушыны Өзгентке дейін ала кетерсіздер. – Мақұл. Бұл көпірдің нақ ортасына келгенде артына бұрылып қарап еді, автоинспектор да тура көпірдің аузына келіп, кері бұрылып барады екен. «Туу… Осы жерге дейін еріп келгені… Біздің ойымыз дұрысқа шыға бастады… РОВД бастығы да бұл іске мүдделі болды». Көпірден түсе Өзгент бағытына бет алған машинаны қозы көш жер шамасында Нұрлан күтіп тұрған еді. Орынбек оның машинасын көрісімен, жолаушыларға өзін ауылдасының күтіп тұрғанын айтты да, «Рақметін» жаудыра түсіп қалды. Бұл кезде автоинспектор аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы кабинетінде еді. – Әлгіні мінгізіп жібердің бе? – Иә. – Бақыладың ба? – Көпірден әрі асып кетті. Ақтөбеден келе жатқандар екен, солар алып кетті. Түгіскенге бара жатыр екен, как раз жолдары ғой… – Дұрыс. Сонда да приемныйда кідіре тұр. Ол телефонға қол созды, байланыстың арғы ұшындағы да көп күттірген жоқ. Мынау мәз бола баяндауға кірісті: – Жұрттың мынаны неге мақтап жүргенін білмеймін, ыбылжып тұрған бірдеңе ғой. Өзі де шаршап өлуге келіпті. Өзгентке бір-екі күн демалуға кетті. Иә…иә…онсыз бола ма, жігіттер біраз жерге дейін бақылап, анық көз жеткізіп қайтты. А..а….олай бола қоймас. Бір кетіп бара жатқан жолаушыларға ілестіріп жіберіпті… Ол ойға келмепті-ау. Нешауа, мына жақта контрольда ұстаймыз. Оның үстіне бұл жігіт шаруа бітіре қоятын жанға ұқсамайды. Апырай, ә! Дым білмеген болып отырып, қиып түседі дейсіз бе? Ну, что ж, бізде бір қауым елміз ғой, бұл салада одан артық білмесек, кем білмеспіз. Анау-мынауға көне қоймаспыз… Жақсы… Жақсы… Ол телефон тұтқасын орнына қойды да, Әбдиевті шақырды. – Әй, сен әлгі жолаушылардың Түгіскенде кімдікіне бара жатқанын сұраған жоқсың ба? – Жоқ. Ондай тапсырма берген жоқсыз ғой маған. – Не-ме-не ? Түу… Өзің біліп тындыратын бір шаруа болсайшы. Енді құлағың түрік болсын. Әлгі жолаушыларды сол жақтан келе жатқан шопырлардан сұрастырып отырарсың. Күдікті бірдеңе естісең күн деме, түн деме, маған жет! – Құп болады! – Әй… Айтпақшы… Ана сылқымды, ИДН басшысын айтам, Түркістанға апарып қайтуды ұмытпа. Жай жүрген, бізге жіберіле салған бір жалба шаш старлей екен деп ойлама, сәбәкі. Сенің қыз десе сілекейің шұбыратыны бар, абайла! Әй, сен білесің бе, оның кімнің көңілдесі екенін? – Иә. – Вот… Онда, тіпті жақсы… Ол тіпті ертең сенің бастығың боп қалуы да мүмкін. Сондықтан байқа… Бар! Жөнел! Ол шығысымен бастық кезекшіге телефон соқты. – Не білдің? – Ағасының үйіне хабарластым, Қыдырбаев Ақмешітте екен, бұл жаққа келмепті. – Та-ак… Араға күн салып сол үйден хабар біліп тұр. Іштегі қыздарға звондат… Оларға ескерт – «оперативтік шаруа» деп, ешкімге тіс жармайтын болсын. – Түсінікті. Орындалады. 5. Жол үстіндегі әңгіме Машина тізгінін ұстаған Нұрлан көзіне түсіре киген кепкасын шешіп, көнетоз күртенің жағасын түсірді. – Нұреке, милицияға келмегеніңде сенен жақсы әртіс шығады екен-ау. – Ореке, қайбір әртістік дейсің… Осылай киінуге тура келді. «Аналар» менің осында жүргенімді нақты білмегенімен, сезетіндей көрінді. Осындағы ағайдың үйіне телефон шалып, менің қайда екенімді сұрапты. Ағам мұның сырын қайдан білсін: «Жаңақорғанға келгесін үйге келмейсің бе, кілки сырттайсың да жүресің», – деп кейіп берсін. Мен: «Аға, мен Ақмешіттемін, сіздер жаққа бара алмай жатырмын. Жұмыс көп», – деп әзер бастым. Содан, әлгі ой маза бермеді де, осы киімдерді жігіттерге тапқызып алдым, түлкі «Қырық мың айлам бар, бірақ ең дұрысы көрінбегенім», – депті ғой. – Ал, енді оқиғаны дұрыстап айтшы. «Нұржолға» дейін жарты сағат бар ғой. – Шымкенттегі милиция мектебінде оқып жүрген кезімде Жаңақорған ауданында осындай оқиға болыпты дегенді естіген едім, бірақ кейін осы істің маған кез боларын кім білген. Оқиғаның жалпы нобайын мана айттым ғой. Сонымен осы іс бойынша Жаңақорғанға келдім, менімен бірге Асқар Сейітов келді, Ертаевқа жолығып, ақылдастық, істі олар ашық, мен құпия жүргізетін болып келістік. Ордабектің үйіне баратын болдық, мен штатски киіндім, негізгі әңгіме жүргізетін Ертаев болды, оған «Менің кім екенімді айтпа, зәуқайым, өте қажет болған жағдайда шопыр дерсің» – деп ескертіп қойдым. Үшеуіміз Қазбек Ертаевтың машинасымен марқұмның үйіне келдік, біз машинадан түсіп, үйге беттеймін дегенше, үш-төрт жас бала далаға жүгіре шыққан еді. Әлгі балалардың үстін көріп, жүрегім ауырып кетті, әйтеуір киім деген аты ғана. Бізді жеңгей күдікпен қарсы алды, Ертаев өзі мен біздерді таныстырып жатыр, сөйтсек, ол кісі бұл жігітті білетін болып шықты. – Уу-АҺ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті ғой. Мен қалдым аңырап, жеті бала қалды жамырап, үй қалды қаңырап… Есіме түссе ішіме у толып кетеді. Ең болмаса құныкерлердің жазаланбағанын айтсайшы, жаныма батып жүргені осы ғой, сонда адамның мал құрлы құны болмағаны ма? Дүмділер дегенін істеп жүре бере ме? Заң қайда? Құдай қайда? УуҺ, – деді марқұмның әйелі шарасыз. – Жеңгей, түсінеміз ғой бәрін. Біз сол сіздің арызыңыз бойынша жүрміз – деді Ертаев. – Аһ…уҺ… Оны өзім де сезіп отырмын. Қазыбекжан сені дұрыс жігіт, қолы таза деп естуші едім. Алла жар болғай. Одан басқа мен сенер кім қалды?! Осыны айтты да ол маған күдіктене қарады, әбден запы болып қалғаны көрініп тұр. – Мына бала кім? Түрі таныс сияқты, бірақ жыға танымай отырмын… Мен Ертаевты түрттім, ол да түсінді. – Жеңеше, бұл бала шопыр ғой. Ал мына жігіт бізге қызметке жаңа тұрып жатқан молодой сотрудник, былықшылықтан таза, сосын бізге көмекші болып жүр. – Ә… Айтпақшы, мен сендерге папканы әкелейін…уҺ… Ол жылдамдата төргі бөлмеге өтті де, көп кідірмей бір папканы қолтығына қыса қайта оралды. Ертаев папкадағыларды қарай бастады, мен жеңгейге байқатпай Ертаевтың қасына қисайып жатқан болып қағаздарға көз салам: аудандық прокурор мен РОВД бастығына, облпрокурор мен УВД бастығына, генпрокурорға, Премьер-Министрге, Президентке жазған арыздардың көшірмесі, кейбір азаматтардың оқиғаға қатысты ой-пікірі, түсініктерінің көшірмесі, түрлі инстанциялардың жауабы. Осылардың арасында Кенжебаев дегеннің жазбасы жүр екен. Мен Ертаевқа белгі бердім, ол түсінді де, әлгі қағаз туралы сұрай бастады. – Жеңгей, мына бір қағаз түсініксіздеу екен? – Уһ…Е… Құдай аямаған бізді кім аясын?! Ордекең туралы не естісем, соны жаздырып алып жүрмін… бір керегі болар деп. Бұл мына көрші ауылдағы Айманның мұнайда істейтін баласының жазғаны ғой. Дірілдеп, қорқып отырып жазды, сорлының мен де жанын қоймадым «сотқа берем» деп. Бірде, осыдан екі-үш жылдай бұрын сол ауылдағы құдайыға барсам, әлгі бала қатты қызып алып: «Ордекеңді Сағадат өлтіріпті, Алмат қожадан естідім, оған өзі айтыпты», – деп қарап тұр. Бұдан соң мен ізінен қалам ба, адамдардың опасыздығынан талай ауыз күйген ғой, сол жерде не естігенін табандатып отырып өзіне жаздырып алдым. Бұл сол қағаз ғой… Елдің бәрі Сағадаттан болды дейді… Қайдан білейін, көзім анық жетпей отыр, жетсе қолым соның жағасында кетер еді… Бірақ, ішім сол дейді, мен де содан күдіктенем… Оның үстіне, «Ордекең насыбай сұратып жатыр» – деп Сағадат пен Тұрғанбай келіп тұр бір күні. Ау, кеше ғана біраз насыбай алып кетті ғой дедім. Олар кетерде Тұрғанбай сәл кідіріп, Сағадаттың көзін ала бере: «Ордекең мен Сағадат ілінісіп қалды», – дегенді айтып үлгірді, анау Тұрғанбайды ала көзімен ата, «Жүр-жүрдің» астына алып, шығып кетті. «Әй, негізі солар со күні Ордекеңді жазым қылып келіп тұр ғой маған» – деген ой келеді қазір… Қайтейін… «Балалар қамы» деп малдың соңында үш-төрт күндеп кететін еді ғой…УҺ…Ішім жанып кетеді…
Алматпен қабат Кабир Кенжебаев туралы да, Тұрғанбай Разақов туралы да мәліметтер жиналды. Ел ішінде айтылып жүрген «Сол оқиғаны Мәтеновтің қой бағып жүрген балалары көріпті», – деген әңгімеге қатысты да жұмыстар жүргізілді. Бір айдай уақыт өткен шамада Сыздықовпен тілдесудің сәті түсті. Оны кезекті вахтадан келгесін Кенжебаев екеуі Алтын сарай жақта «жүз грамдатып» отырған жерінен таптық. Мен оған көрінбегенім дұрыс деп шештім де, Қазыбек пен Асқар Алмат қожаны машинасына мінгізіп алды, менің машинама Кенжебаев мінді. Содан көпірге қарай келе жатырмыз. Кенжебаевтың тізесі дірілдеп отыр. – Немене, тоңып отырсың ба? Ол селк ете қалды, арақ ішті дейтін емес, тіпті. Маған тесіле қарады. – Сен де милициясың ба? – Жоқ… Түркістандікімін. Кеше клиенттер әкелгем, мына жігіттер көмек сұраған еді. Сосын жүрмін, маған бәрібір емес пе, пұлын төлесе болды… Ол тағы да үнсіз қалды. Көпірден бұрылып тоқтадық. Олар алда, мен артта, алдыңғы машинада үлкен тайталас жүріп жатқанын сезіп отырмын. Оның үстіне Қазыбектің анаған шынын айтқызатынына сенімім зор. Алдында үшеуіміз әңгіменің Кенжебаевтан шыққанын Алматқа айтпаймыз, бұл факт кейін керек болар, әуелі «жұрттан есіттік» делік, Ордабектің үйінің қасіретін, халін айталық, иманы болса шынын айтар деп келіскенбіз. Мынаны әңгімеге тарту үшін оны-мұны айтып отырдым, онда тіл жоқ. Сол сәт «Егер Алмат Сағадатқа біздің әңгімеміз туралы бүгін жеткізсе, ол қашып кетуге талап қылмай ма?» – деген күдік қылаң берді. Санамда жаңа бір жоспар туа бастады. Содан соң мынаны да пайдаланып көрейін, мүмкін қармақ қауып қалар деген ой келді. – Ақшаң көп жігіт сияқтысың. Қыдырмайсың ба… Мен мыналардан босасам, ертең Түркістанға қайтамын. Бізде бәрі арзан. Маған пұлын төлесең болды, зыр еткізем. Әйтпесе, қашан төрт клиент тапқанша сарылып тұрамын ғой. Бұ жақта ешкімді танымаймын. Кеше мыналар жібермей, машинаға қондым… Ол маған тесіле қарап, саусағын шошаңдатты, сірә, түрмеден оралғандардан үйренгені болар, мен түсінбедім. – Бұлар солай. Қолына бір ілікпе. Іліктің бітті, айырылмайды, сорпылдатып сорады да отырады. Көнсең – бар жиған-тергеніңді осыларға бересің, көнбесең – сотталып кетесің. Сорлы Алмат сорлайтын болды-ау енді. – Алматың кім? – Ана машинадағы, мыналар мінгізіп алған жігітті айтам. – Қараптан – қарап сорлап не бопты? Мынау тағы үнсіз қалды. Бір кезде алдыңғы машинадан түскен Асқар бізге қарай жүрді. Мынаның түрі қашып кетті. Ол анаған байқатпай көзін қысты, мен Алматтың шындықты айтқанын түсіндім. Асқар да тәжірибелі опер ғой, бір жайтты ойланып қалды-ау деймін, сәл тұрды да бізге таяп: – Машинадан түсіңдер, мында келіңдер, – деді. Ішімнен бұл неге керек болды екен, – деп қоямын. Ана машинадағылар да түсті, біз соларға қосылдық. Осы кезде тізгінді Асқар алды. – Мына жігіт кім? – деді ол Алматқа Кенжебаевты көрсетіп. – Бірге жұмыс істейміз. Кеше вахтадан келдік… – Ім-м…Сенің фамилияң кім? – К-Кенжебаев. – Мұның бізге керегі жоқ. Бірақ бүгінгі біздің кездескеніміз туралы біреуге айтар болсаңдар қылмыстық жауапқа тартамыз. Түсіндіңдер ме? Бұл шарт таксист саған да қатысты. Естідіңдер ме? Қазір екеуіңді манағы жерге апарып тастаймыз. Ауыздарыңа ие болыңдар. Екеуі басын шұлғыды, Кенжебаевтың лезде-ақ ажары кіріп қалды. Мен Асқардың ойын енді түсіндім. Осы әрекет арқылы ол біріншіден менің басқа жақтың адамы екенімді көрсетсе, екіншіден Кенжебаевтың бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, Алматта оған деген күдік тумауын қамтамасыз етіп тұр екен. Оларды апарып тастадық, менің машинамда отырып, жұмысты қорыттық. Барлығы өзіміз ойлағандай болды. Алмат бастапқыда: «Ондай әңгімені естіген жоқпын» деп қашқанмен, кейіннен жесір қалған әйелдің жайын айтқасын, құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әлгі әңгімені естігенім рас еді, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас болатын, күліс ойнап отырғанбыз, ол ылғи су жаңа ақшаларды салды да отырды. Тіпті, жігіттердің бірі: «Мына ақшалар банкіден шыққандай ноп-новый екен» – деп қалжыңдаған еді, Сағадат: «Артыңды қысып отырмайсың ба, ақшаң жоқ па шық ойыннан, біреудің қалтасында не шаруаң бар» – деп шытынап шыға келді, – депті. Барлығы хаттамаға түсіріліпті. Иә, бұл бір біткен шаруа болды. Мен өз болжамымды айттым: «Кәрішаловты бірден тұтқындамалық, ізін бағалық, мыналар жеткізсе, ол қашуға талап қылар, сол кезді күтелік», – деп едім, Асқар: «Айырылып қалмаймыз ба?» – деген қауіп айтты. – Жоқ. Егер мыналар оған хабар жеткізетін болса, ол ертең менің машинамды іздейтіні анық. Оған ешкім білмейтін көлікпен, ешкім танымайтын шопырмен кеткені тиімді емес пе. Қазеке, қалай ойлайсың? Ал, ол қашпаса мыналардың хабар айтпағаны… Бұларды да бір тексеріп аламыз. – Ту… Сенің де шығармайтының жоқ. Бірақ, барлығы сенің айтқаныңдай болып келе жатыр ғой. Келістік. Ертеңіне таксистер тұрағына сағат оннан өте келдім. Бұл кезде Ертаевтар трассадағы МАИ бекетінің маңында, Түркістанға бағыт алған көліктерді дүрбімен бақылап отырған болатын, егер менің машина фарымен берген белгімді көрсе, олар біздің алдымызға түсіп жүре беретін болып және күдіктіні Түркістанда ұстайтын болып келіскенбіз. Машинаны тоқтатқаным сол еді, кепкасын баса киген, шаңырақтай қара көзілдірікті бір қатқан қайыс қара тап бола кетті. Есіктің әйнегін қағып, ашуымды сұрады. Ішімнен «Дәу де болса Кәрішаловың осы болар» – деп отырмын. Ол алдыңғы орындыққа отырысымен машина әйнегінің күнқағарын түсіріп қойды, көзінің астымен жан-жағына сақтықпан қарайды, бет-жүзін анық көруге көзілдірік кедергі жасауда. – Таксисің бе? – Таксимін. – Түркістанға бармақ ем. – Апарамын. Бірақ, маған әлі үш адам керек. Күтуге тура келеді. – Мен сол төрт адамның пұлын өзім төлесем қалай болады? – Неге болмасын. Бірақ, әуелі ақысын төлейсің. Сосынғы шаруа – біздікі. Сонымен ол ақшасын төледі де, машинаның артқы орындығына ауысып отырды. Базардың қасындағы бір үйге соға кететінін айтып еді, мен түркістандық екенімді, Жаңақорғанды білмейтінімді, өзі жол көрсетіп отыратынын айттым. Ол базар қасындағы бір үйге кіріп, он минуттан соң шықты. Үйдің мұнаймен айналысатын кәсіпкер Жәмиттікі екенін біліп отырмын. Кәрішаловтың мұнымен байланысы барын, оның бәйге аттарына шабатын шабандозы әрі бапкері екенін жігіттерден естігенмін ғой, енді менде жүзін қанша жасырғанмен мұның Сағадат екеніне күман қалмады. Барлығы жоспарлағандай болды, Қазыбектер алдыда, біз соңында Түркістанға тарттық. Жол үстінде ол көзілдірігін, кепкасын шешті, түрін анық көріп келемін. Ауық-ауық арақ ішіп келеді, түрі кетіп қалыпты сорлының, көзінің алды қалталанған, беті іскен. Тұсымыздан обгон жасап машиналар өтсе сразу бетін басқа жаққа бұрып кетеді. Осылай межелі жерге де жеттік. Қысқасы оның Түркістанда бірнеше туысы бар екен, ол айтқан адрестерді жадымда сақтап, соңғы айтқан үйге ғана жеткізіп салатынымды, қалғандарының алыс екенін айттым. Түркістанға кіргесін Қазыбектер менің машинамның соңынан ерді, екі-үш көшеден өтпей-ақ мынау аңду барын сезіп қойды. – Мына бір сұр «Жигули» ізімізден қалатын емес қой өзі. – Түркістан толы сұр «Жигули». Қайсысын айтасың… Менің сөзіме құлақ асатын емес, ол қобалжи бастады. Тез әрекет ету керек болды, жылдамдықты резко бәсеңдете бастадым. Қазыбектер де түсінді ғой деймін, мен тоқтағанда олар да жетіп үлгірген еді. Машинадан енді шыға берген Кәрішаловты Қазыбек шалт қимылдап қайтадан салонға сүңгітіп жіберді. Сезіктіні алғаш осылай ұстадық. Әуелі қолын бос қойдық, кәдімгі әңгімеге шақырып едік, болатын емес. Содан арақ ішкіздік, үшеуіміз үш бағытта сұрақ қойып отырып, ойлануға мұрса бермедік. – Ағайынды Мәтенов деген оқушыларды білесің бе? – деді Асқар. – Бүгін Тұрғанбайды көрдің бе? – деді Қазыбек. – Осы сенің түсіңе өлген адамдар еніп жүрген жоқ па? – дедім мен. Ананың көзі алақ-жұлақ етеді, бір түрлі қырылдаған дыбыс шығарғанмен сөйлер емес. Бұдан бұрын да бірнеше рет кісі өлтірген қылмыскерлермен сөйлескенімде олар: «Өлтірген адамымыз түсімізге кіріп, ұйықтатпайды» – дегені есіме түсіп, сезіктіні осы бағытта сұрақтың астына алдым. Бір кезде ол: «Арақ беріңдерші» – деді, мен Асқарға ымдадым, ол стақанға құймақ болып еді, мынау бөтелкені алды да, көмейіне құя салды. Осыдан соң барып қана манадан бергі естіліп тұрған қырыл үннің орнына «УҺ…Алла-ай» – дегенді есіттік. – Сонымен, біраздан кейін ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Арғы жағы манағы айтқанымдай болып кетті ғой. – Сонда не үшін өлтіріпті? Ондай әрекетке бару үшін себеп керек қой? – Ерегісіп қалдық, арты төбелеске ұласты. Содан кейін не істеп, не қойғанымды білмеймін, ашу қысқаннан ғой… – дейді. – Жақсы-ы-е… «Нұржол» ауылына да кеп қаппыз ғой. – Ал, енді жеңгейге өзімізді кім деп таныстырамыз. Бұл ауылда әңгіме жатпайды. Былтыр Ертаевтармен алғашқы келгеніміз жайлы сол күні-ақ РОВД-ға жетіпті, мені шопыр деп айтқанымыз және Асқардың да келгені дұрыс болыпты, «Бір шопыры бар екі мілитса Ордабектің үйіне келіп кетіпті» – деген хабар гу ете қалды ғой… – Апырмай…ә?! Біздің мұнда келгеніміз РОВД-ға белгілі болмағаны дұрыс еді. Мұны қалай ескермегенбіз. Нұреке, онда бұл жолы да сенің әдісіңе көшейік. Журналистер едік дейік, камерамыз бар… Сен бұрыннан таныс шопырсың. Бәрі қатып тұрған жоқ па. Аналар журналистерді іздеп бүліне берсін. Оған дейін де біз істі біраз еңсеріп тастамаймыз ба… – Келістік. Алла, істің сәтін бере гөр! 6. Тайталас Марқұмның әйелі бұларды ортаңғы бөлмеде күтіп отыр екен, төрге салынған көнелеу құрақ көрпеге тізе бүгісімен Орынбек қазақ салтымен көңіл айтты, өздерінің теледидар қызметкері екенін, отағасының қазасына қатысты журналистік зерттеу жасап жүргендерін жеткізді. – Уу-АҺ… Не дейін… Ордекең кісі қолынан кетті ғой, қарағым. Ауданнан бастап Президентке дейін арызданып жүрмін, бұл бір қағынған заман болды ғой, кейбіреулер тіпті мазақ қылуға айналды. «Өлер адам – өлді, алты жыл өтті, енді қоймайсың ба, босқа шаршап…» – деп ақылгөйситіндер де бар… Беу, сорлы Ордекең-ай…Іздеушісінің сиқы мен ғой, қайтейін… – Уу-АҺ… Ағаларың барда талай-талай мықтылардың дәм татқан шаңырағы еді бұл. Қазіргі күй осы… Шай қояйын. Оған шейін мына қағаздарды қарай беріңдер, керегін сүгіретке түсіріп алыңдар, барлығы 557 бет, мілитса Қазыбектің ақылымен нөмірлеп қойдым. Сендерге сенем ғой… Орынбек қағаздарды қарауға кірісті, кейбірін камераға да түсіріп алуда. Сәлден соң ол жүйесіздеу жазылған, түсініктен гөрі баянхатқа келетін оқушы дәптерінің екі парағын қолына алды. – Ореке, бұл өзіңе айтқан Кенжебаевтың жазбасы ғой. – Кенжебаевты содан кейін қозғаған жоқсыңдар ма? – Жоқ. Оны қайтеміз. Сағадаттың өзі кісі өлтіргенін мойындап тұрғасын, біз оны онша қажет қыла қоймадық. – Осыны толық түсіріп алайықшы. Мына тұста Сағадат «Ордекеңнің қалтасынан шыққан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды», – деп айтты деп жазылыпты. Ол не қылған ақша? – Онысын білмедім. Біз бұған назар да аудармаппыз. Сағадат мойындап отырғасын, керегі бола қоймас деп ойлағанбыз. – Ақша… Бұл не қылған ақша? Мал бағып жүрген адамның қалтасында мұнша ақша қайдан жүр? Осы жерде бір гәп бар. Бұл мәселені басқа жаққа бұратын сияқты өзі. Мұны тексеру керек… Нұрлан, мынаны анықтамаса болмайды. Бәленің басы сол ақшада жатқан жоқ па екен?» – Қарақтарым…Жайымыз осы. Бұрын талай мықтыларды күткенбіз, қазір «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» болып тұр. Қайтеміз, көңілге алмаңдар. – О не дегеніңіз. Ықыласыңызға не жетеді, Алла разы болсын! Нұрлан жеделдетіп: «Жеңгей, мына тілші жігітке бар білетініңізді, естіген-сезгеніңізде баяндап берсеңіз дұрыс болар еді», – деп қолқа салды. Орынбек әлі де манағы ой жетегінде отыр еді, әңгіме арасында сол ойдағы күдіктер тайталасын тексеріп өтуді жөн көрді. – 1993-94 жылдар өте қиын болды ғой елге. Біз де шет жағасын көрдік. Сабан ақша десек те, сол кезде тіпті қолына ақша ұстамағандар да болды ғой. – Уу-АҺ… Болды ғой…Біз де ол кезде ақша көрмедік, елдің айлығына колхоз өлейін деп тұрған тоқты-торымын беріп құтылатын еді. Бастықтар ақша болатын тана, қашар, өгіздерді алатын, оны Ордекең айтатын. Бақташы болғасын біледі ғой. Кейде сол білгені бәле болды ма деп ойлаймын. Бірде Жаңақорғаннан қызулау келді. Түрі алабұртып тұр екен. «Ау, папасы, бүгін біртүрлі болып отырсың ғой», – деген едім, қабағы түйіле түсті. Сосын маған қарап: «Саспа Томпақ! Біздің де дүрілдейтін кезіміз таяп қалды», – деді… Есіме түссе ішім… қайнап кетеді. Алла-ау… – Елде ақша болған жоқ дейсіз ғой ол кезде? – Е, шырағым! Сол ақша дегенің бізде әлі де жоқ. Осы ауыл да, мына көрші колхоз да ақшаның мөрін тоқсан сегізден кейін ғана көрді. «Иә… Елде ақша жоқ кезде далада мал бағып жүрген марқұмның қалтасындағы бобыраған ақша қайдан келген? Сағадаттар марқұмның үйіне не мақсатпен келді екен? Марқұм әйеліне «Біздің де дүрілдейтін кезіміз жақын» – деп неге айтты, нені меңзеді? Бұл жерде біз білмейтін бір сыр жатқан сияқты ғой. Неге сол кезде бұл іс қысқаруға кетті?». 7. Күтпеген бетбұрыс Жол бойы Орынбекті әлгі бір «Бобыраған ақша» жайы мазалаумен болды. – Нұрлан… Сәл кідірейікші. Машина жол шетіне тоқтағасын ол ойын ортаға салды. – Нұрлан, ана үйде де айтып едім ғой, маған мана айтылған ақша жайы маза бермей келеді. Шынында да марқұмның қалтасында бобыраған ақша болған ғой? – Иә, солай. Анау солай деп жазып отыр. – Осы оқиғаның түпкі себебі – ақша болып жүрмесін. Мен ақша дегенді тағы бір жерде естідім ғой осы. Иә…иә… сенің әңгімеңнен… Сағадат карта ойынына ылғи су жаңа ақшалар салыпты деп айтты деген жоқсың ба? – Иә, Алмат Сыздықовтың түсінігінде дәл солай жазылған. – Олай болса, мұның барлығы тегін емес. Біз онда ең алдымен Қазыбекпен ақылдасайық, негізі оның біраз жайтты білетіні байқалады. Қою тұман мен көк жүзін торлаған қалың бұлттан мезгілдің қай уақ болғанын, не түс, не кеш екенін де аңғару қиын. Бұлар Жаңақорғанға кірген кезде әуелі қар жауып, соңынан жауын бір құйып өткен еді, кәдімгідей қақ тұрып қалыпты, машина көшедегі лай су мен балшықты кеше Сағадатты құпия ұстап отырған үйдің алдына келгенде, күртесі суға малшынған біреу қақпа алдына шықты. Бұл Қазыбек еді. Ол бұларды үйге емес, қарсы беттегі сарайға қарай бастады. Бірінен екіншісіне өтетін екі бөлмелі сарай кәдімгі тұрғын үйге бергісіз, төсек-орны түгел, ұқыпты жандар қарауында екенін аңғартқандай. Екі есікті де қымтай жауып барып Ертаев сөз бастады. – Ана пәшес үйдің төргі бөлмесінде әңгіме соғып отыр, ішіп-жемі мол. Қасында Асқар бар, одан қам жемеңдер. Ореке, мына времянка біздің штабымыз. Ол қарқылдап бір күліп алды да, әңгімесін жалғады. – Мына паразиттер сенен күдік ала бастады-ау. Артына бұрыш қыстырғандай шапқылап кетті. Мен сендер қонып қала ма деп қорқып едім, жаңбырмен араласып көзге түспей келіп қалғандарың жақсы болды. Өзгентке телефон соғу керек шығар, ол жақты ескертіп қоймасақ, бұлар тағы бірдеңе шығарып жүрер. Осы мені алаңдатып отыр. – Мұның дұрыс ақыл болды, Қазеке. Мен ағайдікіне телефон соғайын, көліктің реті келіп, ары өтіп кеткенімді, Көктөбе ауылында, қайынжұртта екенімді айтайын, «Қайтарда соғамын» дейін. Әйтпесе бұларға Өзгентке хабарласу түкке тұрмайды. Участковойға тапсырса бітті ғой. – Ал… Көктебеге телефон соқса қайтесің? – Біріншіден, ол жақпен байланыс өте нашар, ең шалғай, Түркістанмен шекаралас ауыл ғой. Екіншіден, ол ауылға арнайы бөлінген участковой жоқ, екі-үш ауылға бір штат. Үшіншіден, әкімің де, участковойың да біздің қайынжұрттың есігін ашуға қорқады, арызға ілініп кетеміз бе деп аулақ жүреді. Біздің шал мен қайнағаларды білесіңдер ғой… – Онда, дұрыс… Айтпақшы, ол жақтың участковойы осында жүр, түсте көрдім, мал ұрлығы бойынша сотқа келіпті. Значит, сәті келіп тұр екен. Осы үйде телефон бар, қазір кірісейік. – Иә, әуелі осыны бітірейік, сосын әңгімелесу керек боп тұр, Қазеке. – Әрине. Мұның Өзгентке телефон соғуы мұң екен, ағасы ұрыса жөнелді: – Шырағым-ау, қайда жүрсің? Сені келеді деп күткелі талай заман өтті ғой. Түгіскенге бара жатқан көлікке мінгеніңді есіттік, содан жоқсың, обедті ішпей әрі күтеміз кеп, бері күтеміз кеп… – Ассалаумағалайкүм! Үй-іші аман ба? Өткенде Көктөбеге бара алмай қалғам, не дегенмен қаза ғой, шалдың немере інісі, ұят болар деп машинаның реті келіп, құдаңызға қарай өтіп кеттім. Әрі көңіл айтайын, мұсылмандық, күйеу балалық міндетімді өтейін, екіншіден оларға да бармағалы жарты жылдай болыпты, сәлем берейін деп ойладым. Мүмкіндік болып жатса Майдамтал ар жағында тиіп тұр, шалды ертіп, құран бағыштап қайтам ба, көремін. Ертең кешке қарай, кері қайтарда үйге соғамын ғой. – Ой, бізді қойшы, ана көк көз тапал ушасковой екі рет келіп кетті сені іздеп. Дәулетовті айтам, онсыз да жүргенде екі қолы санын соғып жүретін сорлы еді, енді тіпті тыпырлап қалыпты, мұрны делдигенде баланың жұдырығы сыйып кеткендей боп, аққан терін сүртіп үлгіре алмай жүр. Жайшылық па? – Аманшылық. Командировкаға келгенмін Жаңақорғанға. Ол тағы келіп жатса айтарсың менің хабарымды, күтіп әуре болмасын. Телефонды орнына қойғаны сол еді, Ертаев ашуға булыға сөйлей жөнелді. – Көрдің бе…Бұл паразиттер ме…Бұл паразиттер бар ғой, пәшестен де жаман. Бұлардың кислородын жауып тастау керек, сонда көрер ем қыңсылағанын… Сені іздеуді бастағаны… Қайта құдайымыз бар екен. Енді жүрсін сол қиларын атып. Ана көк көз қазір Таймановқа звандап өліп жатқан шығар, сорлы онсыз да өсекке жақын қасқа еді, мына бастықтың нағыз құлағы болып алды. – Бұл жолы да шаруа оңынан болған сияқты Қазеке. Енді мынаны айтшы, осы іске қатысты құжаттардың барлығы өзіңде сақтаулы ғой. – Иә. – Ал, «марқұмның қалтасынан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды деп Сағадат айтты» – деген Кенжебаевтың түсінігі, Алмат Сыздықовтың Сағадаттың карта ойынына, күліске су жаңа ақша салып отырғаны туралы түсінігі де сенде ғой. – Әрине, барлығы сақтаулы, тіпті, протоколдарына дейін тігулі. Бұл құжаттарды бұрынғы тергеушілер іске қатысы жоқ деп алып тастаған. Тіпті, түсіндіре алмадық қой… Күйеді екенсің тіпті… – Ал сол оқиға болған шамада аса ірі мөлшердегі ұрлық болған жоқ па? Немесе ақшаға қатысты адамдарға байланысты оқиға болған жоқ па? – Оны неге сұрадың? Орынбек өз күдігін айтты. Қазыбек сәл ойланып отырды да: – Өзім де осы тұсқа бір соғар деп отырғанмын. Ақша жайы мені де көп ойландырған, бірақ, сол тұста ауданда да, облыста да аса ірі мөлшердегі түгіл, тіпті ақша ұрлығы атаулы тіркелмеген. Ойбай-ау, қайдан тіркеледі, халықта көк тиын ақша болмаса?! Мен де күдіктеніп, девятканың жігіттерімен біріге астыртын іздестіргенбіз, сол оқиғадан бір жарым ай бұрын банктен тек «Өскен» колхозына ғана төрт айдың айлығы босатылыпты. Жеті миллион сом ақша… Ауданда басқа бірде-бір колхоз, не мекеме ақша алмаған. Бірақ, колхоздың құжаттарын тексердік, барлық ақша таратылған, ведомостағы қойылған қолдар дұрыс. Маған подозрительно болғаны – ақша таратылған күні кассир мен колхоздың «Уаз» көлігін жүргізуші жігіттің мас болып, машинамен дарияға батып кеткені. Мұны сен де естіген шығарсың? – Иә. Шофер банктен ақша алуға жіберілген көліктің жүргізушісі екен, екеуі де удай мас деп есіттік. – Денесін шығарып, экспертизаға бердік қой, бірде-бір зорлық белгісі жоқ, тіпті денелеріне сызат та түспеген, тек арақтан уланған, денедегі арақтың көптігі сондай біз судан алып шыққанда да арақ сасып жатты. Адамның мұндай мөлшерде арақ ішкенін бірінші көруім және бір емес, екеуі де сондай деңгейде. Техникалық сараптама да көліктің ештеңесі сынбағанын, техникалық күйі жақсы екенін көрсетті. Бұған не дерсің, күдіктенесің де қоясың. Бастықтар «істі жап» деп ойбайын салған соң барлығы мастықтың салдарынан деп қорытынды жасады. Сонымен ол жағдай сол жабулы күйінде қалды. – Апыр-ай, ә?! – Мен де күдіктеніп, сондағы құжаттың бәрін түсіріп алғанмын. – Керемет болды. Солармен танысып шықсам… Мен Сағадат жасап отырған қылмыс пен әлгілердің суға кетуі байланысты емес пе екен деп отырмын. – Дәлелің бар ма? – Марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшалар, Сағадаттың картаға салған ақшалары қайдан шықты? Осылар сол Түгіскенге бөлінген ақшамен байланысты сияқты. Бүкіл аудан жұртшылығы үш-төрт айлап ақша көрмейді, ал олар ақшаға қалталарын толтырып алған. Қалай ойлайсың? – Ие – е… Мен де солай ойлағанмын кезінде. Шынында да күдік тудыратын нәрсе ғой. Бірақ сол кезде біздің маңдайымызға мұны ойлайтын тергеуші тап болды ма… Барлығы істі тездетіп өткізуге тырысты ғой… Содан бері көп уақыт өтті, бірдеңе шығара алсақ жақсы еді… – Оның үстіне, мына Сағадаттың ісінің қайта-қайта қысқарып кетіп жүргені де, бүгін ғана келгеніме қарамастан мені бақылап отырғандары да осы бағытқа сілтемей ме? Мұның сыртында басқа адамдар тұрған сияқты…
– Қазеке… Онда көп дабыра қылмай, сол ауылға барып қайту керек. Онда анықтайтын нәрсе мынау: төрт-бес айлық жалақы қалай төленді екен. Ақшалай ма, әлде мал не техника бөлшектері, жем-шөп, азық-түлікпен бе соны анықтау керек. – Сонда не болады? – Оның жайы былай. Көп колхоздар мен мекемелер сол тұста бартер деген әдіске көшті ғой. Жалақыны мал, жемшөп, техника бөлшектері арқылы өтеді емес пе? «Нұржол» колхозы да теңге шыққанша солай төлепті, мана марқұмның әйелі айтып отыр. Егер «Өскенде» де солай төленсе жеті миллион сом ақша қолды болғаны. Ол ақша қайда кетті, қылмысты кім ұйымдастырды, оған Сағадаттың, Ордабектің қатысы қандай? – міне, осыларды анықтауымыз керек. Егер сол қылмысты Ордабек кездейсоқ көріп қалды деп есептесек – онда қылмыскерлер оның көзін жою үшін Сағадатты пайдаланған. Егер бұл нақтыланса жалпы картина ашыла бастайды емес пе? – Тфу… Алла-ау мынау неғып біздің ойға келмеген, ә? Ақша қайдан шықты деп ойладық. «Өскенге» қатысты іздеп едік, тарату ведомосы заңды болып, үніміз өшті… Әй, маладес… Ореке! Міне, енді ғана мидағы тұман сейіліп, басымда істің нобайы айқындала бастады. Әй, пәшестер-ай!. Онда мен Нұрлан мініп жүрген «Москвичпен» тартып кетейін. Мына жақты байқаңдар, бүлдіріп алып жүрмеңдер. Жалпы осы бағытыңды 101ге айтып қойғаның жөн шығар. – Бұл көкейге қонады, Қазеке. Осы кезде тағы да аспанды қақ айыра күн күркіреді, шатыр-шұтыр етіп найзағай ойнады. 8. Мазасыз түн 101-мен хабарласқан Орынбек өз ойын мәлімдегені сол еді, басшы бірден іліп әкетті: «Өзім де осының арты үлкенге соқпаса болар еді деп отырғанмын. Ойың дұрыс. Қыдырбаев пен Ертаевқа айт, абайлап қимылдасын, көзге түспеңдер. Ананы ИВС-қа дүйсенбіде апару керек. Оған дейін бір жағына бұрыла алмайтындай етіп материал дайындай беріңдер. Мен Шымкенттегі республикалық жиынға қатысуым керек, жексенбі түнде сендердің тұстарыңнан өтемін. Шамамен 1 мен 2-нің арасында. Мені постгаиға жетпей күтерсіңдер. Қалғанын сол жерде айтарсың». Ертаев «штабымыз» деп отырған сарайға Асқар Сейітов келді, оны Нұрлан ауыстырған екен. – Күні бойы анаумен боламын деп шаршап кеттім, Ореке. Ызыңдап миымды ашытты. Өзі бір араққа тоймайтын құдық қой. Біраз бөтелкені құлатты. – Ештеңе етпес. Ісіміз нәтиже берсе болды да. Қазыбек келгенше көз іліндіріп алғаның дұрыс болар, мынаумен таң атқанша сөйлесу керек болатын сияқты. Сондықтан сендердің шаршамағандарың керек. Бұл келгенде Сағадат қызыңқырап алған екен, арақтың буы қойсын ба, ана бір жылы Созақта өткен көкпар туралы майын тамыза әңгімеледі. Бұл кіргеннен дауысы бәсеңдей бастады, көзінің астымен бір қарағаны болмаса Нұрланға көп назар аудара қоймағанмен, мұны тінте қарайды, бейтаныс жігіттің келуі тегін емес екенін сезсе керек, қимылын бағып отыр. Оның бейтаныс жігіттен сескене бастағанын сезсе керек Нұрлан манағы уәде бойынша іске кірісті. – Мына жігіт осы үйдің иесі, менен үш жас үлкен, қысылмай әңгімеңді айта бер. – Бұл жігітті бұрын Жаңақорғанда көрмеген сияқтымын. Қайдан келгенсің? Қай рудансың? – Қоңыратпыз. Мұнда кәсіп іздеп келіп қалдық. – Өй, өзің де бір… Жаңақорған толы Қоңырат емес пе, оның ішінде қайсысы боласың? Мен қалай білмеймін сені, бір шикілік жоқ па бұл жерде? – А…? Біз Өзбекстаннан, Жиделі Байсыннан келдік. Қарашамыз. Ел тәуелсіздік алғасын Жетісайға көшіп келгенбіз. Енді жол осында түсті. – Е-е-е… Әй… Сендер өлмейтін бәлесіңдер… Жапырақ, гүл сатсаңдар да күн көресіңдер. Сорлаған бізді айтсайшы, мал баққаннан басқаны білмейтін. Қарашамыз дейсің бе, е-е-е… Мен Нұрланмен құрдаспын, нешауа, бәріміз қарайласпыз ғой. Ау, анадан құйып қойсаңдаршы, тамақ құрғап қалды ғой. – Айтулы көкпаршы, көп әңгіме біледі деп естігесін, тыңдағым келіп отырғаным ғой, әйтпесе, шаруа көп. – Шаруа өмірі бітпейді, бауырым! Бітірем деп жүргеніңде бір күні шиқ ете қаласың да ана дүниеден бір шығасың. Дұрысы – өмірде шайқап қалған. Ана жақта сені құдашаң күтіп отыр дейсің бе құшағын жайып?! Сағадат қайтадан манағы қалпына түсті. Тер шыққан сайын әңгіме айту қалпы да құбыла түскен. Саясаттан бастап көкпарға дейінгі талай әңгіме айтылды. Бір кезде ол өзі туралы айта бастады. «Ой, жігіттер! Сендер қайдан білейін деп едіңдер, менің обалыма қалған әкем болды ғой. Әйтпесе, басымның істеуі деген сұмдық қой, сұмдық. Небір ойлар келеді, кейде осы шынымен өзім бе деп қорқып кетем. «Тақымың мықты, өзім сияқты шабандоз боласың» – деп әкем құртпағанда менен президент шығуы да мүмкін еді. Әттең, сол сөзге малданып сегізден кейін оқымай қойдым ғой. Өтті-кетті енді. Бірақ, бастың істеуіне өкпе жоқ, құдды компьютер ғой. Ал мен аттың үстінде келе жатқанда талай сұлу қыздарың ғана емес, небір кемпірлерің мен қатындарың да аузын ашып отыра қалатын». Әңгімені Орынбек бұзды: «Сәке, әлгілердің отыра қалатынын түсінбей қалдық қой». – Өй…Өзің де бір… Жігіт емесің бе… Соны білмей… Аттың үстіндегі мені көріп, қозып кеткесін отыра қалады да шыдай алмай… Бұл кезде көрші бөлмеде дыбыс жазу жұмысы жүріп жатты. Есіктен арнайы жасалған тесік те видеокамераға ыңғайланып қойылғанмен, таспаға түсіру тек негізгі оқиғаға қатысты ғана жүреді деп келісілгендіктен әзірге диктафон ғана қосылып, бұған жауапты бөлім қызметкері бірнеше аудиотаспаны толтырып тастаған еді. Сағадат қысыр әңгіменің талайын қайырып тастады, көкпар, шабандоздық, ат бабы жайына келгенде тіпті көсіліп кетеді, бірақ кісі өліміне қатысты жайтқа жолар емес. Енді не істеу керек? Уақыт болса өтіп барады, Орынбек күдіктіге байқатпай Нұрланға ымдады. Ол түсіне қойды. – Сәке! Қызық әңгімеңнің бірі – Ордабекпен айқасыңыз емес пе, біз әлденеше есіттік қой, енді мына туысың да есітсін, айта отырсаңшы. Сағадат бір уақ үнсіз қалды, оқыс самай тұсы жыбырлап қоя берді, тіпті мынаның уқалағанына да қояр емес. Жоспарды бүлдіріп алмау үшін әңгімеге Орынбек араласты. – Ол кім еді? Сағадат бұған тағы да тесіле қарады: – Бұл жақтағы Қарашалармен байланысың қалай, кімдерді танисың? – Ешкімді танымаймын. Шиелілік Шаймерден деген жігіт бензин, солярка сатып біздер жаққа баратын, танысып, араласып кеттік, осында орналасуыма сол себеп, екеулеп бизнес жасамақпыз. Бірте-бірте бұл жақтағы туыстарды да табамыз ғой. – Е…е-е… Сендер жақтағылар кәсіптің майын ішкендер ғой….Дұ-ре-с… Күдігі аздап сейілсе керек, ол тамағын бір қырнап алып әңгімеге кірісті. Әуелі кібіртіктеп бастағанмен, үстемелете тамақтан өтіп кеткен екі стақан арақ күдікті ойдың қамалын быт-шыт қылып, бүге-шүгесіне дейін қалдырмай сонау жылғы оқиғаны баяндауға жетелеген болатын. Бір сағаттан астам уақыт алған бұл әңгіме толық видеотаспаға жазылды. Біраздан соң Сағадат әр нәрсені бір айтып былдырлай бастады да, өтірігі-шынын бір Алла білсін, отырған жерінде қалғуға кірісті. Бөлмеге Асқар кірді, бес сағат ұйқыдан біраз тынығып қалғаны байқалады. Нұрлан мен Орынбектің таза ауаға шыққаны сол еді, аулада тұрған «Москвичті» және бұларға беттеген Қазыбекті көрді. «Штабтағы» әңгіме Орынбектің болжамын растағандай болды. – Ореке, сен болжағандай болды. Құдалармен сөйлестім, ешкімге тіс жармайтын болды. Шындығында да олар айлық жалақына малмен, күрішпен, ұнмен, қосалқы бөлшектермен алыпты. Бухгалтер болып істеген құда біраз мағлұмат берді. Ведомостьке бұлар ай сайын әлгі ақша орнына бергенін алған тұста қол қойдырып алған екен. Ал соңғы айдың жалақысы үшін мал, ұн және т.с.с. кассир аудан орталығына кетерден үш күн бұрын таратыла бастаған, ведомостьке бұрынғы ай сайын ақша беріліп жүрген дата қойыла салған сыңайлы. Мен құдаларыма ескерте, мұның барлығын диктафонға запись жасадым, керегі болуы мүмкін. Ана қыруар қаржы қолды болған сияқты. Кассир әлгі ақшаны банктен алған тұста бәлеге тап болып тұрған тәрізді. Мен шофер мен кассирді таныс адамдар әдейі араққа тойдырып, ақшаны алып, өздерін машинаға отырғызып, дарияға ағызып жіберген шығар деген ойдамын. – Неге таныс адамдар? – Нұрлан-ау, таныс болмаса бұлар қарсыласар еді ғой, ол уақытта бұлардың денесіне таңба түсер еді, оның үстіне кассирге бекітілген аңшы мылтығы да бар. Сараптама оның да артқы орындыққа сүйеулі қалпында жатқанын, қосауыз оқпанында екі оқ болғанын, бірақ құлағы қайырылмағанын көрсеткен. – Жігіттер, бұл ұйымдасқан және үлкен лауазымдағы адамдардың қатысы бар қылмыс сияқты. – Неге олай дейсің? – Себебі, Сағадаттың бірнеше рет заң құрығынан құтылып кетуі, аудан бойынша тек «Өскенге» ғана қыруар қаржы бөлінуі, оны банктің бөліп босатпай, келген кассир мен шоферға бірден бере салуы, колхоздың айлық жалақыны мал, ұн және т.с.с. бергенін біле тұра жоғарыдағылардың көп қаржы босатуы, біздің аңдуда болуымыз, міне осының бәрі – менің әлгіндей топшылауыма негіз болып отыр. Иә, жігіттер, үлкен бір іске тап болдық, сәтін берсін, қырсығынан сақтасын. – Ендігі бағыт қалай? – Екі-үш сағаттан соң Нұрлан екеуіміз трассадан 101-ді күтеміз. Манағы өзің айтқандай ғой, Қазеке. Ертең дабыра қылмай куә болған екі оқушы Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтерді, Тұрғанбайды, Кенжебаев пен Сыздықовты сөйлетіп, видеозапись жасау керек. Қашатын жер қалдырмау керек қой. Сосын, Қазеке, өзіңдегі барлық құжатты алып шығып, бірнеше дана ғып көшіріп қою керек. Сағадаттың Ордабекті қалай жазым қылғаны түгел бейнетаспаға жазылды, бірақ талайды көрген сұм ғой, «Мас болып отырып, бөсіп кеткен шығармын» деп тайқып шығуы мүмкін. Міне, соған жол бермеу керек. 101 оны дүйсенбіде ИВС-ке жабыңдар деді. Оған дейін барлық жұмысты тас қылып дайындаған жөн. – Иә, Алла, сәтін сала гөр. Вот-вот, міне енді ғана жұмыс бола бастады. Қазыбек орнынан шалт көтеріліп, аулаға беттеді. – Мен мынаның ертеңгі арағы мен тамағын ұйымдастырайын. 101-мен жолыққасын осы штабта ақылдасып алармыз. Ал, кеттік. Бұлар жақындаған кезде күре жол шетінде тұрған автокөлік шамын өшіріп-сөндіріп белгі берді. Күтіп тұрған 101 екен. «Көп күтіп қалмады ма екен?» Жігіттердің осы ойдан қысыла бастағанын сезді ме, Ахметов: «Біздің де келгеніміз жаңа. Кәні, іске көшейік», – деп оларды өз көлігіне шақырды. Бұлар жүргізушінің шығуын күтті, ондағылары іске қатысты құпияны сақтау еді. Полковник: «Тездетіңдер! Бұл сенімді жігіт», – деген соң барып, машинаға отырды, сөйтсе, машина тізгінін ұстаған ертеңгісін Орынбекті әкеп салған сержант екен. Ол болса мәз, жағдай сұрап жатыр. Орынбек іске қатысты барлық жайтты баяндап шықты. Полковник біраз үнсіз қалды да, кесімді шешімін айтты. – Жігіттер, жарадыңдар. Осы күдіктіге қатысты ой басымнан шықпай қойған: әуелі мойындайды, соңынан бас тартады. Неге? Бұл жердегі жұмбақ не екен дейтінмін. Ім…да… Топшылауларың дұрыс сияқты. Олай болса, бұған талай дөкейдің қатысы бар болуы мүмкін. Кезінде ГСК-ның жігіттеріне де тоқтау салынған боп тұр ғой. Егер ашық кіріссек – барлығымызға да қауіп төнуі мүмкін. Қазір ең құқықтық қорғалмаған сала – құқық қорғаушылар. Қанша ақша?… Үш адамның өлімі?… Біз былай істейік. Күдіктіні дүйсенбіде емес, ертең, тоесть, бүгін түнге қарай ИВС-ке қамаңдар. Оған дейін анаған бақташының өлімі туралы ғана емес, ақша туралы да айта беру керек, барлық видеоларды көрсетіңдер. Түнімен ойлансын. Мүмкіндігінше кезекшілікте сенімді жігіттер болғаны дұрыс. Қажет деп тапсаңдар оларға қызметтік міндеттерін қайталап, құпияны сақтау туралы ескерткендерің жайлы менің атыма баянат жазыңдар, оларға қол қойдырып алыңдар. Күдіктінің кісі өлтіргенін мойындатып, сотқа баратын қылсаңдар болды. Бізге керегі сол. Бұл саған, сенің мықтылығыңа байланысты Асылбаев. Ананың крышалары да осымен құтылдық деп ойлар, ал бізге оның түрмеге қамалғаны дұрыс, ақшаға қатысты істі тергеуге ол жақта ешкім кедергі келтірмейді, әйтпесе қиын болатын тәрізді. Осы кезде теріскейден еттен өтіп, сүйекке жете бір ызғырық есті, тағы да аспанды қақырата күн күркіреді. 9. Бейнетаспадағы дәйек Сәске түс болса да күн көзін ашар емес, сол түнерген қалпы, ауық-ауық не қар, не жаңбыр екені белгісіз бірдеңені бүркіп қояды. Қазыбек ағайынды Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтермен және Кенжебаев, Сыздықовтармен кездесіп, айтқанын бейнетаспаға жазыпты. Ал, Тұрғанбай Ақмешітке кетіпті, дүйсенбі күні келеді екен. Орынбек 101-мен болған әңгімені баяндап, жұмыс бағытын айтты да, Қазыбекке ризалығын білдіріп, Нұрлан екеуіне тынығып алуға кеңес берді. – Ау, өзің ше? – Мен бұған үйренгенмін ғой. Сырт көзге тергеушінің жұмысы кабинетте отыратын қызмет сияқты көрінеді, алайда біздің саладағы ең мехнатты қызмет осы ма деймін. Екі-үш күндеп ұйықтамайтын кездер де аз болған жоқ. Осы «штабтарыңда-ақ» тынығып аларсыңдар. Мана бір қарағанымда Сағадат та, Асқар да ұйықтап жатқан еді. Тағы бақылап қайтайын. Төргі бөлмеге енген Орынбек Сағадаттың оянғанын байқады. Ол басы салбыраған күйі біруақ отырды да, ымдап мұны өзіне шақырды. Көп ішкендіктен болса керек көзі қанталап кеткен. Шамасы құпиялап бірдеңе айтпақ. Орынбек Сағадат отырған тұсқа өтіп бара жатқанда байқамаған адам болып Асқардың аяғын қаға өтті. – Ба-ла, рө-рө-шкі мен бір жа-пырақ қағаз әкеп берші. Оның сыбырын бұл әзер есітті. «Ол неге керек болды екен? Не болса да көрейік, айтқандарын әкеліп берейін». Осы ойға бекіген Орынбек есікке беттеген тұста тура Асқар мен Сағадат екеуінің арасында тұра қалған еді, ол Асқардың көз қысқанынан оның оянғанын, бірақ өтірік ұйықтаған болып, күдіктіні аңдып жатқанын білді. Бұл әкелген қағазға Сағадат телефон нөмірі мен адресті тездетіп жазды, бірақ екі көзі Асқарда, бір-екі рет тамағын кенеп еді, Асқар қозғала қоймады. Анау сонда да сыбырға көшті. – Ба-ла! Мы-на а-дрес-ке, не телефонға менің осы үйде екенімді жеткізсең. Менттер ұстап отырғанын айт. Егер бәрі дұрыс болса, күйдірмеймін, астыңа ат мінгіземін, бизнесіңе де көмек берем. Бұл түсінгенін аңғартып, басын изеп шығып кетті де, Қазыбек пен Нұрланның жанына келіп, болған жағдайды айтты. – Тфу… Әй, мынау нағыз екен ғой… Пәшестің пәшесі екен ғой мына сұмырай. Осыдан кейін қалай тынығарсың. Адыра қалды ұйқы да, күлкі де. Жігіттер, мынадан байқамасақ болмайды, қашырып алып, масқара болармыз. Одан да, дым білмеген болып бірге тамақтанып алайық, сосын видеоларды көрсетуге кірісейік. Ореке, сен ымдап ананың сәлемін жеткізгеніңді сездіріп қоярсың. Сол кезде мынау сәл де болса сенімдірек болып, жайбарақат отырары анық. Сендер кіре беріңдер, мен насыбай атып алайын. Барлығы бірге тамақтанды, Орынбек Сағадатқа ымдап, тапсырмасын орындағанын білдірді, анау бірден көңілденіп сала берді. Бір-екі жүз грамнан соң ол тіпті шалқыды. «Осы жұрттың мілитсаны жек көретініне миым жетпейді. Ау, мілитса болмаса халық бір-бірін түтіп жемей ме? Онсыз да тонап, ұрлап жатқан жоқ па бірін бірі. Тіпті, әкім-сәкімдердің өзі солардың арқасында талтаңдап жүр». Содан соң барып: «Бүкіл мілитсаның денсаулығы үшін!» – деп алып қойды. Орынбек мынаның сөзіне іштей таңқалуда. «Білмейтін адам мынаған алданары анық. Сонда бізді бала көріп отыр ма бұл. Мына жігіт кез келген жерде сатып кетуден тайынатын емес қой». Бұдан соң жеделдете іске кірісу керек болды, жауапты қызметкер бейнетаспаны телевизорға қосты, барлығының да назары соған ауды. Әуелі Сағадаттың мойындауы көрсетілді. Орынбек күдіктіні бағуда, ол болса бір қызарып, бір сұрланады. Бір сағаттан аса көрсетілген жазбаны көріп болған кезде Сағадат бетін басып отырып қалды. Түрі кісі шошырлық. – Мастық қой…Мас болып, аузыма не келсе соны айтыппын. Мұны неге менен жасырын түсіргенсіңдер. Бұларың заңсыз… – Неге заңсыз? Қазыбек, Асқар және мен қатысып отырмыз… Немене саған үш сотрудник аз болып отыр ма? Ешкім сені қинаған жоқ, айтқан өзің. Біз саған бейнежазу жүргізіледі деп кеше ескерттік, ол да диктафонда жазулы тұр. Енді неге қыңырайып отырсың? Нұрлан күдіктіге тіктеле сөйледі, ол Орынбекке қарайды, шамасы, өзін құтқарушыларды сұрағаны болуы керек, бұл екі иығын көтеріп «Білмеймін» дегенді ұқтырды. – Енді… не ғой… Әлгі шешең… не болды екен? – Бәрін қойып, бізге тіл тигізейін дедің бе? – Жоқ, жо-жоқ, сендерге емес, есіме бірдеңе түсіп кеткені. – Енді келесілерін көр. Тағы да теледидар қосылды, әуелі ағайынды Мәтеновтердің, сонан соң Кенжебаев пен Сыздықовтың бейнетаспаға жазылған куәліктері көрсетілді. Сағадаттың ұнжырғасы түсіп кетті. Басы салбырап, жынынан айырылған бақсыдай болып отыр. – Кешеден бері мені неғып баптап, бағып жатыр десем, бәрін қымтап, түрмеге дайындап отыр екенсіңдер ғой…ә… кәззаптар… – Ей, не сандалып отырсың? Барлығын өзің айтқан жоқсың ба? Неге бізден көресің? – А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құрттыңдар ғой… Құрымаған нем қалды енді… – Жоқ! Біз емес сені құртқан… Сен өзіңді өзің құртып отырған адам емессің бе? Жазықсыз жанның қанын мойныңа жүктедің, сөйте тұрып бізді кінәлайсың. Әңгімеге Қазыбек араласты: «Әлі ақша туралы да айтуың керек қой». Сағадаттың көзі шарасынан шыға оған тесірейе қалған. – Не қылған ақша? – Оу…Тыңдап отырған жоқсың ба? Сен картаға уыстап ақша тігесің, Тұрғанбай болса марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшаны алады. Оу… ел ақша түгіл оның көлеңкесін де көрмеген кезде бұл не қылған батпан құйрық. Ол байлық сендерге қайдан келген? Сағадаттың беті тағы да көгістене бастап, самай тұсы жыбырлап қоя берді, қолымен уқалап әлек, бірақ сыр берген жүйке көнер емес, бір кезде барып дауысы шықты. – Ешқандай ақшаны білмеймін. Оның қайдан алғанын сүйегі қурап қалған көкелеріңнен сұрарсыңдар. – Ал, картаға салған ақша ше? – Ақ адал ақшам – табан ет маңдай терім. Немене бізді тезек теріп жүр деп пе едіңдер? – Жоға… Біздікі еске салып қойған ғой… Енді мынаны көрейік. Теледидардан Ордабектің жесірі Шынар Ермағанбетқызының отбасы, дастарқан үсті, үрпиген балалары, әйелдің зарлы әңгімесі көрсетіле бастады. Әйелдің жылап, балалардың шулаған тұсына келгенде Сағадат бетін басып отырып қалды. Тісі шықыр-шықыр етеді, аузы бір жағына қисайыңқырап: «Әл-г-і… шешең…. неғып жатыр екен. Ойбай-ай, ойбай… құрыдым-ау, құртты-ау мені, тап қана жеті әкеңнің аузын….» – деп жыламсырай бастады. Қазыбек енді оған уақыт беру керектігін ескере: «Ал, азамат Кәрішалов ойланыңыз, біз саған екі сағаттай уақыт береміз. Манадан бергі көргендеріңді ақыл елегінен өткіз. Өзің айтқандай басың қатты істейтін жігітсің ғой, келешегіңді ойла. Кедергі жасамайық, қабырғаңмен кеңес. Бұдан кейін бәрі кеш болуы мүмкін, ол кезде өзіңе ренжімесең кімге ренжисің, тілеп алған тағдырың – зонада шірисің. Біз сені келесі бөлмеде күтіп отырамыз. Саған жәрдемші – тек шындық қана. Осыны ұмытпа. Ойлан…» – деді. Екі сағаттан соң Сағадат қылмысын мойындап, хаттамаға қол қойды. Алда оның қалай құбылатынын кім білген, із кесушілер дайындық жұмысына кірісіп кетті. Түнгі 11-де күдікті ИВС-ке жеткізілді, кезекшілерге қатаң ескертіліп, барлығы құжатталды. Орынбек ертеңгі жұмысының бағытын ойша шамалауға кіріскен. Ішінен Кәрішаловтың қамалғанын түнде жақтастары біліп қалмаса екен деп тіледі, таңертеңгіге тәуекел, сенімді жігіттер бар, олардың дегенін болғыза қоймаспыз – деп бір түйіп қойды.
10. Күдіктімен ресми кездесу Бұлар аудандық ішкі істер бөліміне келгенде сағат тілі таңғы 8-ді көрсетіп тұрғанына қарамастан жиналғандар қарасы аз емес екен. Орынбек олардың ешқайсысын танымады, олардың да мұны тани қоймағаны анық. Нұрлан мен Қазыбек уақытша ұстау абақтысына бағыт алды, Асқар жоғары қабаттағы бөлме дайын болғанын хабарласымен Сағадатты сонда апармақ. Кезекші бөлімнің бастығын ертіп кеткен Асқар екінші қабаттың шығыс жағындағы ең шеткі екі кабинеттің дайын екенін, жазу машинкасы, қағаз және т.с.с. дайын болғанын, бейнежазу, дыбыс жазу құрылғыларының орнатылғанын ыммен түсіндірді. Сағадатты кезекші қызметкер алып келе жатты, Қазыбек алдында, Нұрлан мен Асқар күдіктінің соңында. Осы кезде депутаттық белгісі бар кісі: «Бұл жігітті на каком оснований ұстадыңдар?», – деп дауыс көтеруге кірісті. Қазыбек кілт тоқтай қалып, жауапты кезекшіден: «Мұнда бөтен адамдар неғып жүр?» – деп сұрады. Әлгілердің де күткені осы болса керек: «Немене, бұл Қазақстан азаматтары кіруге болмайтын жер ме еді? Біздің құқығымызды таптама. Сендер бізге қызмет етулерің керек», – деп жамырай жөнелді. Өзі тар дәлізде әлгі депутаттық белгісі бар адам Сағадатқа тез жақындап, бір пакетті ұстата салды да: «Қорықпа! Саған ештеңе істей алмайды. Ештеңе мойындама. Біз бармыз!» – дегенді айтып үлгірді. Мұндай арандатуға мән бермеген олар дайындалған кабинетке беттеді. Ең шеткі кабинетке жігіттер Сағадатты апарды, одан бергі кабинет Орынбекке даярланған екен. Екі кабинеттің де есігі ашық, тергеуші мұны әдейі істеген еді. Сосын кезекші бөлім бастығын шақырып тапсырма берді: – Бұл өте жауапты іс! Кісі өлімі! Сондықтан қадағалаушы прокурордан басқа менің рұқсатымсыз күдіктіге бірде-бір адам жолықпауы керек. Ешқандай зат беруге болмайды, камерада жалғыз ұстау керек. Бұған тікелей жауап бересің. Бастықтар айтты, пәлен-түген дейтін болсаң – қызметтен кетіп қоймай, үстіңнен іс қозғалуы мүмкін. Міне, талап қойылған қағаз, екі дана. Қол қой, бірінші данасы менде болады. – Құп болады! Ол кетісімен Қазыбекті шақырып, әлгі шу көтеріп жүрген кісі туралы, оның беріп жіберген пакеті туралы сұрады. Есікті жаба келген ол бір жымиып қойды. – Ореке! Ол аудандағы үлкен кәсіпкердің бірі. Сағадат – көкпарда, бәйгеде осының атына мінеді. Ал, пакетте екі бөтелке арақ, бір бөлке нан, пияз, колбаса бар екен. Біз бірден алып қойдық. Сағадаттың сүдіні кетіп қалыпты. – Оларың дұрыс болған екен. Ал, енді оған менің тергеуші ретінде танысатын уақытым да жақындаған сияқты. Екі есік те ашық тұра берсін. Оқиға болған жерге бүгін бара алмайтын сияқтымыз. – Неге? – Бастық жоқ болып отыр ғой. Әлгілердің айтқаны рас болса – ол тек түстен кейін ғана болатын сияқты. Ал, бізге көлік түске дейін және кемі екі күнге қажет. Бүгін не болса да, бір шу көтерілері анық. Сақ болайық. Сағадатты ұстап отырған кабинетке келісімен Қазыбек: «Сәке, сіздің ісіңіз бойынша облыстық ішкі істер басқармасынан аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші келді. Кешеден бері бізге айтып отырғаныңды енді осы жігітке айтасың» – деді. Күдікті бірден күреңітіп шыға келді. Бұлардың бәрін қанталаған көзімен бір шолып шықты. – Аса маңызды істер жөнінде – е – гі? Маған жай тергеуші де жарайтын еді ғой. Ол сыңар езулей күлді, онысы күлкіден гөрі жаны қысылған қорқаудың ырсия ырылдағаны сияқты әсер қалдырды. – Иә, солай істеңіз, – деді Нұрлан, – Ешнәрсені бүгіп қалмаңыз, барлығын ашық айтқаныңыз жөн. – Ә…Мені әбден тып-типыл етуге кіріскен екенсіңдер. Енді облыстық милиция қалып еді…еще важняк… Облыстарыңа бармаймын… мен ештеңе білмеймін, ештеңеге қол қоймаймын. – Сәке! Әуелі өзіңді сол важнякпен таныстырайық. – Көрейік. Апарыңдар. – Е…оның апаратыны жоқ. Міне, облыстық ішкі істер басқармасынан келген аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, капитан Орынбек Асылбаев деген жігіт. Нұрлан Орынбекті қолымен нұсқады. Күдіктіге бұл жойқын соққы болды, Орынбекке қараған көзі соңғы үмітінен айырылып, шерменде болған, мүсәпір жанды елестетеді, аузы ашылып, үнсіз қалған. Жаңағы адуындықтың ізі де жоқ. Бөлмеде тым-тырыс үнсіздік орнады. Асқар мен Нұрлан бұл да Орынбектің әдісі болар деп ойласа керек, тіл қатпастан Сағадатқа тесіле қарайды, ал Орынбек мынаған қай тұстан кірісерін ойлануда. Бұл Сағадатты онан сайын абыржыта бастады. – Ореке, Тұрғанбай келді. Не істейміз? – Тұрғанбайды бүгінше қайтара бер. Ертең 11-де беттестіруге алып келерсіңдер. Негізі ол бір дұрыс азамат қой… – А-а-а-й-й-й… Сағадат екі қолымен басын қыса ыңырсыды. – Сәке, не болды? Бұл ананың тығырыққа тірелгенін түсінді. – А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құртты ғой… Құрымаған нем қалды енді… – Сәке, мазаңыз болмай кетті ме? Шамасы ұйқысыз өткен түндер әсер еткен ғой. – І-і-ң…ә-ә… – Сәке, онда былай істелік. Сіз түске дейін демалып алыңыз. Онсыз да белгілі жәйт қой. Мас едім деп қаша алмайсыз, кеше өзіңіз видеоны көрдіңіз. Барлығын өзіңіз сап-сау отырып баяндадыңыз. Ешқандай қысым болған жоқ. Сіздің маған айтқан тапсырмаңыз видеоға да, диктафонға да жазылып алынды, жазып берген адресіңіз менің қолымда. Сараптамаға жіберсем – жазу сіздікі екенін дәлелдеп береді. Оны міндетті түрде жасаймыз. Мұның ар жағында группавой деген де көрініп тұрған сияқты. – А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… Бұл жолы ол ұзақ сарнап отырып алған жоқ. Орынбектің айтқаны ой салған сияқты және топ болып жауапқа тартылғаннан гөрі, дара кеткеннің жеңілдеу болатынын да білетіндей. Біраздан соң келіскенін білдіріп басын изеді. Орынбек кезекшіні шақырып, күдіктіні алып кетуді тапсырды. Ол біресе кезекшінің арғы жағында тұрған Қазыбек пен Асқарға, біресе Орынбекке қарап, басын шайқады. * * * Бұл кезде Ақмешіттегі лауазымды адамның бірі Жаңақорғанға көз тігіп отырған еді. Екі арадағы телефон желісіндегі әңгімені естіген адам болса мұның сұмдық сойқанға қатысы барын бірден сезер еді, бірақ ондай мүмкіндікті бізге кім беріпті. – Аптықпа, асықпай жөндеп айт. Қашан қамапты? – РОВД-ға ертеңгісін әкеліпті. Қашан ұстағаны белгісіз. Бірақ ана ұрқыны құрғырдың өңі қашып кеткен. Бүлдірмесе болар еді деп қорыққасын сізге телефон соғып отырғаным ғой. – Алдын ала байбалам салма! Ол бәрін жайып салса – прокурордан сені қамау туралы санкция сұрар еді ғой. – Құдай сақтасын! Көке, адамның иманын ұшырып… – Ышқынбай тұра тұр. Осы жақтан бір тергеуші барды деп еді ғой. Ол да сонда жүр ме? – Жоқ. Оны көрген жоқпыз. Бір-екі күн демаламын деп ауылы жаққа кетті деп естігенбіз. – Дұрыс екен…Так… Онсыз бұлар ештеңе істей алмайды. Бұрынғыша жасаймыз. РОВД жаққа барушы болмаңдар, көзге түсесіңдер. Телефон байланысының соңын күтіп тұрғандай аспанды қақырата тағы да найзағай ойнады. Кім білген, бұл жаратушының пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете, бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. 11. Мойындау Тергеу басталды. Сағадаттың жағдайы манағыдан да құлдыраған сынды. Әбден қажыған, іштей мүжілген жан тергеуші сөзін үнсіз тыңдауда. – Иә, Сәке! Сіздің маған дұрыс жауап бергенді былай қойғанда, мүлде жауап бермеуге де қақыңыз бар. Сіздің айыпты екендігіңізді растайтын дәлелдер менде жеткілікті. Оны өзіңіз де біліп отырсыз. Тергеуші – тек заңға бағынатын тәуелсіз тұлға. Мен өзіңіз көрген бейнетаспалар мен аудиожазбаны, куәлардың жауабын алып, ісіңді сотқа жібере беремін. Ақыл беріп жүрген кәсіпкер, поссовет, депутаттардың сізге көмегі де тимейді. Оның үстіне олардың манағы әрекеттері де бейнетаспаға жазылып алынды, қажет десеңіз оны көрсете аламыз. Енді олар сізге қарасын да көрсетпейді. Әйтпесе, қанша уақыт өтті бір келер еді ғой. – Темекі тартсам бола ма? – Тұра тұрыңыз. Мен айтып болайын. Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмын, осы оқиға болғалы ішкеніңіз – ірің, жегеніңіз – желім болып, ұйқыңыз қашып жүр емес пе. Осындай істерді жүргізгеніме жеті жылдан асыпты, талайларды көрдік, рухтың өлмейтінін, оның өзін өлтірген адамды түсінде мазалайтынын түсіндік. Сіздің де ұйқыдан қалғаныңызды сезіп отырмын. – А-а-й-й-й… Айтпа…тоқта… Темекі тартайыншы. Ол қолы дірілдеп темекі тұтатты, қомағайлана жұтып, түтінін сыздықтата шығарды, ұзақ ойланды. Сонан соң барып тістене сөйледі. – Тұрғанбай да сау сиырдың боғы емес. Одан жауап алған шығарсыңдар. – Иә. – Маған жауып жатқан шығар? – Шындығы сол емес пе?!. Ол тек шындықты айтты. – Мана Мәкеңдер бірдеңе әкелген сияқты еді, тамақ жібітіп алсам… – Жоқ, болмайды. Тек жауап алу біткесін ғана ораламыз оған. – А-а-й-й-й… Бітті…Біттім… Жалтарғанда қайда барам. Барар жер қалмады ғой… Жауабыңды ала бер. Өлмеспін… Қашанғы шыдаймын бұл азапқа… Айтамын… Бәрін де айтамын. Қорғаушының қатысуымен алынған жауапта Сағадат Ордабекті қалай өлтіргенін баяндап шықты. Барлығы бейнетаспаға жазылып, хаттамаға түсірілді. – Сәке, үйден алдыратын керекті заттарыңыз болса мына қағазға жазып беріңіз, мен ертең алдырып берейін. – Мен айтып отырайын, өзің жаза берсейші. – Өзіңіздің жазып бергеніңіз дұрыс. Бұл үйдегілер үшін сенімдірек болады ғой. – Иә, солай екен-ау. Солай, дегенмен ол біраз ойланып қалды, сірә, өз қолымен жазғаны екінші рет алдымнан шықпас па екен – деп қауіптенсе керек, бірақ басқа амалы жоқ еді, керекті заттарын қағазға жазып берген соң, оны кезекші камераға алып кетті. Орынбек бұл қағазды жаздырып алғанда осы арқылы іске қатысты куә болып отырған Тұрғанбайға ықпал жасауды көздеген еді. Осыны күткендей жедел уәкілдер Тұрғанбайды алып келді. Көзі адырайып кеткен Тұрғанбай дау сала келді. Сөзінен бұған дейін біреулермен ақылдасып алғаны байқалады. Өктем сөйлесем, сөйтіп ықтырып алсам деген ойы болса керек. – Ал, келдік. Бұл не деген масқара! Ертең ел-жұрт не дейді? Тұрғанбайды мілитсалар ұстапты деген сөз Жаңақорғанның ана шеті мен мына шетіне жеткен шығар. Репрессияның заманы емес, бізде де таныс, туыс бар. Жазамыз керек болса ООН-ға дейін. Енді қатын-баланың, ағайын-туыстың бетіне қалай қараймыз? Маған моральный өшербті кім төлейді, сен бе, әлде сен бе? – Отырыңыз. Сіз байбалам салатындай ештеңе жоқ. Бір іске байланысты куә екенсіз. – Менің аты-жөнім – Асылбаев Орынбек. – Мен ештеңе білмеймін. Ештеңе көрген жоқпын. – Мен сізден әлі сұраған жоқпын ғой. Шамасы бүгіп жүрген бір оқиғаңыз барау, сірә? – Жо-о-қ! Мыналар ғой…Ордабектің өліміне қатысты көргеніңізді айтасыз деп… Сосын мен… – Бұл жасырынбақ ойнайтын жағдай емес. Енді шындықты айтасыз. Біз тек кей нәрселерді анықтау үшін сізді шақыртып отырмыз. – Онда кете берейін бе? – Неге кетесіз?! Міне, Сағадаттың үйінен алдырмақ болған заттарының тізімі, қараңыз, өз қолымен жазған. Дос адамсыздар ғой, осыны жеткізіп беріңіз. Ол Ордабекті өлтіргенін мойындап, барлық құжатқа қол қойды, сіз аса қорықпай-ақ қойыңыз. – Неге қорқады екем? Оларда «Алты аласы, бес бересім жоқ». – Менің уақытым өте тығыз. Сіздің жырыңызды тыңдап отыра алмаймын. Қаласаңыз жауап беруден бас тартамын деп жазып беріңіз. Бірақ онда біз мәселеге басқа қырынан келеміз. – Ол не қылған басқа қыр тағы? – Сағадат Ордабектің қалтасындағы бобыраған жиырма бес сомдықтарды сіз алды деп көрсетті. – Ойнама бала…Отпен ойнама, Сәкең олай айтуы мүмкін емес. – Бұл ойын емес, Тұреке! Тағы айтамын. Дұрыстап тыңдаңыз! Сіздің барлық жауабыңыз видеотаспаға жазылуда. Сондықтан көп бұлтақтамаңыз. Сағадат сіз Ордабектің қалтасын қарап жатқанда ол әлі тірі еді деді. Егер бұл дәлелденсе, сіз соучастник ретінде жауапқа тартыласыз. Сіз жәбірленушіге көмек берудің орнына, дәрігер шақырудың орнына оның өлуіне жағдай туғызғансыз. – Не дейт? Ойбай-ау…ойбай-ау, мен барғанда ол өліп қалған ғой, тіпті қолы да мұп-мұздай… О несі-ай маған… – Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз барлығын айтып отырсыз. Оқиғаны көргеніңіз, Ордабектің қасына барғаныңыз, оның қалтасынан бобырағын ақшаларды алғаныңыз рас қой. Яғни, Сағадат шындықты айтқан. Сіз де барлығын айтыңыз, ертең кеш болады. Біз Сағадатпен сізді беттестіреміз, міне сонда әңгімелеріңде алшақтық болса… онда жалған айтқан адам заң алдында жауапты болады, білесіз. Біздің білетініміз сіздің қылмысты жасырғаныңыз. Қылмыскермен ауыз жаласып, мүмкін мол ақша алып кісі өлімін жасырдыңыз. Ал марқұмның жесірі, бала-шағасы анау шулап отырған. Сіздерде адамшылық деген сезім бар ма осы? – Ойбай-ау…ойбай-ау… Мен не істеймін?! Жақ ашсаң өлтіремін деп отыр. Бармауым керек еді сол жерге. Шайтан ертіп барды ғой…Барғасын… анау тұр әзірейілдей діңкілдеп… Мен қатты қорықтым. Одан бәрін күтуге болады… – Міне, біз барлығын хаттамаға түсірдік. Оқып шығыңыз. Келіспейтін жеріңіз болса – айтыңыз. Келіссеңіз – қол қойыңыз. Тұрғанбай хаттамаға қол қойды. Арасында өзінің қорқынышта күн кешкенін айтумен болды. Оны Жаңақорғаннан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберген Орынбек өзін күтіп тұрған Қазыбек пен Нұрланның жанына келгенде сағат түнгі үш болған еді. Жігіттердің қабағы ашыла бастапты. «Алла-ай, әйтеуір бұл істі бітіретін болдық қой, Ореке. Сағадаттың жауабынан кейін неге екенін насыбай атуым көбейіп кетті», – деп жымиды Қазыбек. – Тұрғанбайды подрасписка жібердім. Барлығын айтты. Куәлар жеткілікті, енді тек жауапты оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекетін жасау қалды. Ертең ертерек келейік. Начальник машина тауып берсе бергені, тауып бере алмаса бір таблетка «УАЗ» тауып алсақ дұрыс болар еді. Біраз адамбыз ғой. – Иә. Одан қам жеме. Көлік табылады. Бірақ, әуелі бастықты байқайық. Олар тағы да өздері «штаб» атандырған үйге бет алды. Көше тас қараңғы, машина жарығынан көше толы судан бу көтеріліп жатқан сияқты көрінеді. 12. Оқиға орнында болғанда Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметке түстен кейін келді, беті ісіңкіреген, үстінен өткір әтір исі аңқыған ол қабылдау бөлмесінде отырған Орынбек, Қазыбек, Асқарды көріп «кабинетке кірейік» дегенді сездіре қолымен белгі берді. Бұл кезде бастықтың басы әңкі-тәңкі болып тұрған, «Осы тергеуші келеді» дегеннен мазасын ала бастаған осындағы әкімдіктегілері, кәсіпкерлері, ардагерлері бар, Ақмешіттен телефондап зіңкілдеп отырған бірнеше лауазымды тұлғалар бар мұны шаршатқан еді. Шаршамай қайтеді, олардың айтқанын істесе – заң бұзылады, қызметіне, келешегіне қауіп төнеді, істемейін десе – аналар да осал жау емес, түрлі бәлені ұйымдастыруы мүмкін. Оның үстіне кеше түнде Сағадатты тағы да уақытша ұстау абақтысына әкеп қамағанын естіді. «Мұның мына қиқар тергеуші кеп жатқанда топ ете қалғанын айтсайшы, бір бәле болып кетпесе болар еді». – Бұл бір таусылмайтын жыр болды-ау. Ананы тағы әкепсіңдер ғой. – Иә, Қабеке. Жігіттер алып келіпті. – Не дейді, жауап алдың ба, бұрынғы құжаттармен таныстың ба? – Таныстым да, жауап та алдым, Әнесұлын өлтіргенін мойындап отыр. Енді жауапты оқиға орнында бекіту үшін көлік берсеңіз жақсы болар еді. – Ма – ла –дес…Бәріне үлгіріпсің, ә? Өзің демала алдың ба? – Рақмет. Бұл жақта демалмау мүмкін емес қой. – Жарайды. Бізде көлік жағы қиындау. Менің «Уазыма» барлығын тиеп алыңдар да, барып қайтыңдар. – Қабеке, маған көлік кемінде екі күнге және таңертеңнен түске дейін керек. – ПаҺ деген! Ондай жағдайды мен жасай алмаймын, айналайын-ау, бұл сенің қалаң емес, соны ұққын. – Қабеке, іс қиын, солай істемесек болмайды. – Ертең таңертең көлік өзіме керек, түстен кейін көлік босағасын ертеңгі тергеу әрекетін кешке дейін «қағып тасамайсың» ба? – Болмайды, Қабеке! Себебі оқиға 1-Май ауылының батыс бетінде болғандықтан бейнетаспаның сапасы дұрыс болуы, яғни тергеу әрекетінің дұрыс болуы үшін күннің шығу бағытын ескеруім керек. – Бала! Мен де тергеуші болғанмын. Оны маған несіне айтып отырсың? – Сіздің тергеуші болғаныңызды білгесін іс жайын түсінеді деп айтып отырмын. Оған қоса УПК-ның талабы бойынша оқиға болған жерде бірнеше адамның айғақтарын бір уақытта тексеру мен нақтылауға жол берілмейді – деп атап көрсетілген. – УПК-ны біз де білеміз. Сені қиқар деуші еді, тошно солай екенсің ғой. Үлкенге уважение деген болу керек қой. Менің жасым да, шенім де, органдағы стажым да, қызметім де сенен үлкен екенін білесің бе? – Әрине, Қабеке! Осының барлығын сізге деген құрмет болғандықтан баяндап отырмын. Сізге де, маған да тергеудің нәтижелі болғаны керек емес пе? Оның үстіне, маған екі күнге кемінде алты адам керек, олар тергеудің нәтижесіне мүддесіз болуы қажет және маған 101-мен байланысып отыратын телефон керек. – Ім – м… Да-а. Жарайды, ертеңгісін ерте келіңдер. Мен жоғары жақпен хабарласайын. Ал, Ертаев сен неғып жүрсің? – Қабеке! Сіздің бұйрығыңызды орындаудамын. – Ол қандай бұйрық? Бастықтың көзі шатынап кетті. – Ақмешіттен келген важняктың қасында бол, көмек көрсет, біздегі тергеушілер бос емес. Өлесің бе, тірілесің бе, білмеймін, соның тапсырмасын орында – деп бұйрық бердіңіз ғой маған. Бастық бейне қылғынып бара жатқандай галстугін босатты. – А?… Қай кезде? Қай жерде? – Асылбаев осында келген күні, кешкі сағат 10-да «Баршын» кафесіне шақыртып алып, бұйрық бердіңіз ғой, қасыңызда сот төрағасы бар… Бастықтың сұлқ түскені даусынан да аңғарылғандай – Ә – ә… Иә…иә… Дұрыс. Бұйрықты орында! – Құп болады! Үшеуі сыртқа шықты. Қазыбек ерекше қуанышты. – Не болды Қазеке? – Ореке, 101-ді айтқаның дұрыс болып кетті, көзі бақырайып, біраз үнсіз қалды ғой. Сосын өсектің пайдасын көргеніме мәз болып келемін, қой, бір рет насыбай атып жібермесем болмас. – Ол қандай өсек? Қандай пайда? – Құдай аузыма салды…Мені өлтірсін бе… Сендер «Нұржолға» кеткен түні біздің бастық райсот екеуі «Баршын» кафесіндегі кабинада отырып, біраз сілтепті, соттың шофері бастығын әзер машинаға мінгізіпті дегенді естігем ғой. Мен осы РОВД-ның адамымын, анау тікелей бастығым, жаңа «Неғып жүрсің?» деген кезде «Құрыдым!» деп ойладым, содан әлгі өсек есіме түсе кеткені, соны пайдаланып «Өзіңіз бұйрық бердіңіз» – деп едім отырды да қалды. Өздерің көрдіңдер ғой. Мені шақырған – шақырмағанын ол тіпті білмейді де екен, қатып кеткен жоқ па, ә, жігіттер? Ертеңіне ертемен тергеу әрекеті Сағадаттың айтуымен оқиға болған жерді тексеру арқылы нақтылаудан басталды.
Топ ескі канал бөгесіні үстіндегі қара жолға шықты. Сағадат баянын бастады. «Екеуіміз осы жерде кездестік. Онда ылғи насыбай жүретінін білгесін, осында келгенмін насыбай сұрап». Орынбек оның келуінің себебі басқа екенін білсе де, әңгімені бұзбады. «Екеуміз насыбай аттық. Ол маған «Күніңді көре алмай жүрсің бе, неге біреуден атқанды пайда көресің» – деп тиісті. Осыдан ерегіс басталды, не түрлі боғауыз сөздер кетті, тіпті ұстаса бастадық. Мен осы өңірге белгілі көкпаршы болсам да оны аттан аудара алмадым. Тақымы өте мықты болатын, бұрын қорадан қашқан үш жасар бұқаларды атпен қуып жетіп, мүйізінен ұстап, тырп еткізбегенін талай көргенмін. Айқасып жүргенде ішімнен пышақ шығармаса екен деп тіледім. Ол да іс насырға шабар деп ойламаған шығар пышаққа қол апарған жоқ, мен де бұлай болар деп ойлаған жоқпын. Екеуміз апыр-топыр аттан құладық, екі ат екі жақта, біз төбелесіп жатырмыз. Бір кезде ол қамшымен менің басымнан осып-осып жіберді, мен басымды қорғап, қолыммен көлегейлеген кезде ол жақын тұрған менің атыма қарай жүгіре жөнелді. Мен жолдың келесі бетінде сәл алыстау тұрған оның атына қарай жүгірдім. Жүгіріп бара жатып көз тастап ем, киімінің алба-жұлбасы шыққан оған менің атым үркіп, ұстатпай жүр екен. Мен Ордабектің атына жеттім, бұл ылғи малға мініп жүрген жабы болатын, атқа қарғып міндім. Ашу-ызадан көзіме қан толып кетті, тіпті үзеңгіге аяғымның ұшын да ілген жоқпын, пырылдай шапқан ат басын соған бұрдым. Бұл кезде ол да менің атымды ұстап үлгірген екен, бірақ мен оның атқа мінуіне үлгіртпей, айқайды сала Шабдардың маңдайынан бір-екі рет тартып-тартып жібердім. Ат жұлқа тартқанда қолынан шылбыр шығып кетті, ол жерге бір құлап тұрды да каналға қарай қаша жөнелді. Мен атпен қуып жеттім, қолымдағы тобылғы сап қамшының өрім жағын қолыма бір орап алдым да, сап жағымен бастырмалата басынан тартып-тартып жібердім. Ол басын қорғаштай жоңышқалық орнына қарай қашты. Оны қуып келе жатып, шылбырдың бір ұшын ілмектеп күрмедім, кәдімге бұғалық сияқты болды да шықты, қуып жеткен кезде әлгіні оның мойнына тастап үлгірдім де, ат кеудесімен қағып өттім. Ол тұрамын дегенше шылбырды тақымға басып, оны сүйрете жөнелдім, поляны екі айналып шықтым да каналдың келесі бетіне шауып өтіп, ана ағаштың түбіне тоқтадым. Әрі-бері қарап едім. Қозғалар емес, каналдан өткен тұстан бастап оның қалтасынан ақша шашылыпты. Мен аттан түспестен оның денесінің жанына келгенде оң жағымнан біреудің қарап тұрғанын сездім. Жалт қарасам Тұрғанбай екен, айқайлап шақырып алдым да: «Неге қарап тұрсың, мойнындағы шылбырды шеш», – дедім. Шылбырды шешіп жатып ол: «Өліп қалыпты», – деді. Өзі қорқып тұр, сөйте тұрып, дүниесі құрғыр-ай жаман ғой, мына ақшаларды не істейін», – деді. Мен: «Жинап, қалтаңа салып ал», – дедім. Ол барлық ақшаны жинап қалтасына салып алды. Төңіректе басқа ешкім жоқ па екен деп ер үстінен бой созып ем, ана дөңнің басында тұрған екі баланы көрдім. Олардың қой бағып жүрген Мәтеновтің балалары екенін біліп, айқайлап аттың басын солай бұрып ем, олар ары қарай қаша жөнелді. Содан соң түнде келіп мүрдені ескі киізге орап, әріректегі ескі кепеге тықтым. Арада бірнеше күн ел болып оны іздеп, таба алмаған соң барып мүрдені әлгі жерден алып шығып, далаға апарып тастадым». Қара ағаштың бұл жерге тамыр жайғанына біраз жылдың жүзі болған сияқты, бірнеше жыл бұрын өртенсе керек, төменгі жақ діңі қара күйе. Енді Сағадаттың жауабының растығын тексеру және бекіту үшін осы ағашты пайдалану керек. Куәлар да осы ағашты көрсетсе оқиға орны нақтыланды деген сөз. Оның көрсетуі, баяндауы бейнетаспаға жазылып, оқиға орнының схемасы сызылды, хаттама толтырылды. Келесі күні дәл сол уақытта осы жерге әкелінген Тұрғанбай да, қосымша куәлар Мәтеновтің балалары да Сағадаттың жауабын растап шықты, қылмыстың болған жері, уақыты, жасалу әдісі айқындалды. 13. Тұтқын ба, тұтқын емес пе? Кеше Сағадатты қамады, мұны бос қойды. Бос қойғаны бар болсын, не ұйқы жоқ, не тамақ батпайды. Тіпті, қара су да өтпей қойғанын қайтерсің. Сорлылығым-ай! Ау, Сағадат – кім, Ордабек – кім? Ордабек бұған аталас туыс емес пе… Неден қара басты мұны… Түбі ашылып отыр, сол кезде Ордекеңді кім өлтіргенін айтса ғой, шіркін, мұның ары да, қолы да таза болар еді. Енді не болды… Сағадаттың қолшоқпары болып отыр… «Өлікте қолыңның ізі қалды, енді сотталсақ – бірге сотталамыз, атылсақ – бірге атыламыз, егер ұсталып қалсам – Ордабекті екеулеп өлтірдік», – деп айтамын деген Сағадаттың сөзінен соншама қорқып… Елдің бетіне қалай қарайды енді… Ақымақтық-ай, сонда бұлар неге төбелесіп жүр деп те ойламағаным ғой. Неге Сағадат «Ақшаны ал!», – десе алып, «Малды айда!», – десе айдай бергенмін? Сорлы басым-ай… Енді уайымдай бергенше, құдайдың өзі мәулет беріп тұрғанда таныс іздеу керек. Құр жатқан болмас, таныстардан сұрастырып, адвокат іздейін. Бір қолына оқушы дәптерінен жасалған телефон анықтамалығын, екінші қолына телефон тұтқасын ұстап, кішкене қара телефонның шыңылдағанын тыңдап біраз отырды. Ойынан Ақмешіттен келген тергеушінің сөзі шығар емес. Жүдә, қатты пәлекет екен, «Соучастник болып кетуің мүмкін дей ме, қылмысты жасырдың дей ме, жалған куәлігің үшін жауаптысың дей ме», әйтеуір, таусылмайтын айып, бұл соны әдейі істеп пе, соны неге түсінбейді екен осы жұрт. Жатын бөлмеге бет алды, санасында бір сұрақ: «Тұтқын ба бұл, тұтқын емес пе? Енді адвокатқа тұтқын болайын деп тұрған жоқ па, ол да сұрайтын шығар өкіртіп, бәрі көрініп тұрған нәрсе, оның мені қорғайтындай несі қалды, босқа шығындалам ба? Ал, адвокат таптың делік, сонда оған бере қоятын ақша қайда? Бірде-біреуіміз жұмыс істемегесін банк кредит те бермейді. Енді не істеу керек? Әй, қу тірлік-ай… Тергеуші неғып Ордабектің сексен жеті бас малы туралы сұрамады, ә? Әлде білмей отыр ма… Менің айдасып барғанымды Сағадат жазып берген жоқ па жауабында. Онда неғып ол туралы сөз қозғамай отыр екен? Ол теңселе басады, аяғы да өзінікі емес сияқты. 14. Қанды қақпан Сағадаттың қылмысын мойындағаны туралы хабар сол күні-ақ Ақмешіт пен Жаңақорғанға жетті. – К-көке… Анау мойындап қойыпты… – Не айтыпты? Тергеуші кім? – Облыстан келген жігіт. Хваткасы қатты екен, анау бір күннің ішінде барлығын мойнына алыпты. Е-енді не іс істейміз? – Қатынша ойбайлама! Кімнен білдің? Нені мойындапты? – Адвокаттан. Бәрін өз еркімен мойындап, қол қойып беріпті, кеше хаттап, видеоға түсіріп қойыпты, енді тек сотқа барады екен. Тергеуші де бір сұмдық дейді, адамның ішіне кіріп кетіп, айтпасын айтқызатын көрінеді. – Әй!…Мен сенен тергеушіге характеристика бер деп тұрған жоқпын. Әлгі нақұрыс нені мойнына алыпты? Айтпайсың ба адам құсап. – Енді…сасып… Ордабекті өлтіргенін мойындапты. – Сосын? Ана жай туралы әңгіме жоқ па? – Болмаған сияқты… – Адвокаттан ақша аяма, ананың не айтқанын толық біл. Ал, бақташыны өлтіргенін мойындаса – ол өз шаруасы, тіпті оның сол бойынша сотталып кеткені жақсы. Бізге тек ана шаруа ашылмауы керек. Соттағыларға ескертем… Болды, телефон соғып, миды ашыта берме, маңызды болса ғана хабарлас. Сағадат болса уақытша ұстау абақтысында ойға шомған, көз алдынан бүкіл ғұмыры тізбектеліп өтуде. «Елеске малданып, алдауға түсіп, кісі қанын жүктеген сияқты. Оның болу себебін ашық айтса – бірталай адам сотталуы мүмкін және мұның да қылмысы ауырлап, зонада өтер жылы да ұзармақ, сондықтан осы айтқанынан таймағаны дұрыс. Бірақ, іші күйіп барады, аналар мұны қалқалап тап-таза қалып барады. Сырттан қарасаң керемет адамдар сияқты, істеп жүргендері анау. Осы жұрт мына байлардың көбісі пашти қылмыскер екенін біле ме екен? Әй, білмейді-ау. Ай… дүние тағы бір айналып келсең…Түбіңе мен жетемін әлі Жәмит, қара да тұр! Осының барлығы неден басталып еді, өзі? Иә, ана жылғы аламан дүбір, атышулы ат жарысынан, бас жүлдеге Toyota Land Cruiser Prado тігілген бәйгеден басталған екен ғой. Әкесі бар болғыр да қоймады: «Оу, мына елге белгілі Жәмит туыс асыл тұқымды жүйрік атын додаға қоспақшы, бәйгенің жайын білетін атшабары жоқ болып қиналып саған қолқа салып отыр екен, нең кетеді, атына шауып көр, озып келсең абырой, екіншіден, ауданның бензинін ұстап отырған камерсант емес пе, құр қол қалмассың», – деп. Иә, сол жолы көрсең ғой Жәмитті, аузы жаялықтай болып мәз-мәйрам болды емес пе, бас бәйгеге келген машинаны айналып шықпай қалған жоқ па, тіпті сол күні соның ішіне қонып еді ғой дүниеқоңыз ит. Сол күні емес пе еді тал шыбықтай бұралған Шынарды бұған қосатын болғаны, қызын шақырып алып, мұнымен таныстырып, «Жігіттің төресі, нағыз азамат»,–деп мақтағаны, қыз да кетәрі емес сияқты көрінген. Сөйтсе сұмдығы ішінде екен ғой, сонда бұлар мені ойнатып жүргені ме?! Осыдан аман келейін, көрсетемін ойнатқанды». Миы сапырылысқан ойдан қорғасындай болып, басы бейне шытынап жарылып кететіндей көрінуде. «Қызы да бір әперис екен ғой, бұл қайдан білсін, үш жыл мұрындықтады да отырды-ау… Алматыдан каникулға келді бітті – бұған хабар салады, тапқан-таянғанын қалтасына салып бұл жетеді ентігіп. Ақмешіт, Жаңақорған, Шымкент, Түркістанда бұлар бармаған кафе, ресторан қалды ма екен, сірә. Әй, жарымеспін ғой.. Атын да баптадым, бәйгеге де, көкпарына да шаптым… Қаншама табыс тапты… Одан бірдеңе берсе де, бермесе де риза болдым ғой мен дөрак. Ал, енді не таптық, сотталайын деп отырмын. Қайдан білейін мен сорлы, болашақ қайын атам болады деп жүрген, оның үстіне автозәпіравкілердің құдайы атанған адам бар, анау облысты ұстап тұрған көзі бақырайған алпамсадай дәу бар, «Өскеннің» жігіттерінің машиналары батпақтап қалыпты дария жақта, итеріп шығарысып жібер» дегесін барған едім ғой, үлкен лауазымды адамдардың машинаны бірге итерісіп жүргеніне қарап сонда: «Алла-ау, мынау не деген керемет адамдар, не деген кішіпейіл жандар» – деп ойлаған едім. Сөйтіп жүргенде ішіндегі адамдарымен қоса машина дарияға күмп берді. Ішінде екі адам бар екенін, олардың кім екенін кейін естіді ғой бұл сорлы. Сонда мыналар ана марқұмдарды әдейі дарияға ағызып жіберейін деп тұрған жоқ па деген ой келмегенін қарамайсың ба. Ол ой келсе осылай отырар ма едім. Кейін білді ғой мұның сырын, бармағыңа қоса басқа жеріңді тістесең де барлығы кеш еді ғой ол кезде. Не болса да – бітті енді, алты жылдан бері мазалап, ұйқы бермей жүрген салмақтан құтылды. Бүгін бір тыныш ұйықтайтын шығар. Бұл кезде облыс басшыларының бірі болып отырған лауазымды адам да осы іске қажетті дегендермен телефон арқылы байланысып, көңілін бірлеп отырған. Сонда да ойынан жаңақорғандық кәсіпкердің хабары шығар емес. Осы жігітті іші ұнатпаса да, лауазым иесі оның дүние байлық үшін бәріне дайын екенін ұнатады, онысы бұған жақсы, ақша болып құяды. Сол күні, иә… иә, осыдан алты жыл бұрын ол «көкелеп» тағы да келген еді, Ресейден бензин әкелу үшін көмек сұрады. Бұл ішінен «Не деген аппетит» – деп қойды анау «бір состав» дегенде. Ойлана бастады, одан түсетіні де аз емес, оның үстіне көктемгі егіске бөлінгеннен қымтығаны бар, оны да осыған сатқызады, қомақты қаржы болатын түрі бар. Біраз ыңыранып отырды, санасында ананың «Жаңақорған ауданы бес-алты айдан бері айлық алған жоқ, жалақы орнына мал, астық, жанар-жағармаймен құтылуда» деген сөзі, бір сәт мол қазына түсетін істің құлағы көрінгендей болды. Аудан басшысына телефон соқты, барлық шаруашылықтар бойынша жалақы қарызы жоқ екен, әлгінің айтқаны рас болды. Облфинмен, банкпен сөйлесті әр ауданға там-тұмдап беретін ақша келіпті. Ертеңіне бұл іске кірісті. Құпия ұстайтын екі арызқойы бар еді, соның біреуін шақыртты да, қалтасына жол пұлы үшін ақша салып, жұмыс бағытын түсіндірді, ол жолға шықты. Сол күні мұның атына Жаңақорғаннан телеграмма түсті, кімнен екені белгісіз. Бірақ «Өскен» колхозы халқы көптен ақша алмаған, жиналып, көшеге шықпақшы екен деген мағынадағы хабар қолына тиісімен лауазымды адам аудан басшысына, аудандық банкке телефон соқты, «Өскеннің» төрағасын өзіне шақыртты. Кеңес билігінің соңғы жылдарында Шымкент облысынан қызмет бабымен ауысып келген жігіт ағасы ел жағына қайтқысы келетінін бұған бірнеше рет айтқан болатын, ылдым-жылдымы жоқ оны ұнатпайтындықтан бұл келісім бермей жүрген-ді. Мезгілі енді келген сияқты. Екеуара әңгіме ел жайын сұраудан басталды. Анау терлеп-тепшіп баяндауда. Біраздан соң бұл телеграмманы көрсетті, ананың көзі шарасынан шығып кетті. – Інім, саған жаным ашып отыр. Сырттың адамысың, еліңнен де ұяламын, ертеңдері «Бір жігіт елдеріне барып қалып еді, сиғызбай, соттатып жіберіпсіңдер», – деген әңгімеге қалармыз. Не болғанда да мына әңгімені басу керек, жоғарыға шығып кетсе – не болатынын құдай білсін. Мен ауданыңның басшысымен, райфомен, банкпен сөйлестім, қазір облбанкке келіп тұрған ақша аз ғой, әр ауданға жеті-сегіз миллионнан ғана беруге мүмкіндік болып тұр. Мен сендердің ауданға бөлінген қаржының барлығын сендерге бергізгелі отырмын. Дабыра қылмау керек, көп қаржы ғой, ертең түстен кейін кассирді бір көлікпен жіберіп, райбанктен сол ақшаны алып ал, келесі айда келесі колхозға береміз, сөйтіп отырмасақ болатын емес. – Ау, біздің айлыққа қарызымыз жоқ, бәрін мал, запчасть, бензин есебінен беріп тастағанбыз. Мұны не істейміз сонда? – Барлық ұжымда да сондай. Ал шу шығарып отырған сендердің ауылың, сосын мен сендерге көмектескелі отырмын. Келесі айдың есебінен беріңдер, әйтеуір, ел тынышталу керек. Понятно? – Жақсы… Бір таблетка «Уаз» және екі-үш жігіт бөлейін кассирдің қасына. – Өйтпе. Жұрттың құлағын көтеруге болмайды. Бес орындық «Уаз» шоферымен болса – сол жетеді. Кассир екеуінің бес-алты қап ақшаға шамасы келетін шығар… – Келеді ғой… – Дұрыс. Ешкімнің білмегені жөн. Бүгін кері қайтып, басбухпен бірге құжаттарды дайында. Бірақ, оған ештеңе айтпа, кассир де білмесін. Банктегілер олардың түстен кейін келгені дұрыс деп отыр, сонда ешкім күманданбайды екен. Әдетте ақша алуға кассирлер ертеңгісін барады ғой, оны жұрт сезіп қояды екен. Көрдің бе… мен банкке «Өскен» қай уақытта келсе де ақша босатыңдар деп тапсырма бердім. Кассир мен шоферға тек жолға шығарда айт. Осыны ың-шыңсыз бітірсек, сенің өтінішіңді орындауды ойланып көрерміз…
Барлығы лауазымды адам ойлағандай болды, банктен ақша алып шыққан кассирді бұлар көпірге бұрылар көше қиылысынан күтіп алды. Өз машинасын Жәмиттің гаражына кіргізіп, соның жол талғамайтын көлігіне мінген лауазымды адам машина қозғала бере: «Алла, істің сәтін сала гөр та!» – деп күбірлеп алды… Жәмиттің көлігінің жанында тұрған облыс басшыларының бірін көрген кассир құлдырыңдап жүгіріп келіп, сәлем берді. Көлік ішіндегі бес-он минуттық әңгімеден соң олар Жәмиттің жол көрсетуімен дария бойындағы таса тұсқа барып, суға тойып дария бойында жатқан кент тұрғындары сиырларының арғы жағына тоқтады, кездесу құрметіне ішу басталды. Шоферға да ішкізді, дауысы күркіреген лауазымды адам олар мас бола бастағанда Жәмитке «Кіріс!» – деп бұйрық берді. Ол әлгі екеуін «Уазға» мінгізіп, тағы да ішкізе бастады. Көп ұзамай екеуі де ұйқыға кетті, Жәмит бұл кезде олардың аузына арақ құя бастаған болатын. Әбден жеткілікті болды деген шамада күркіреген дауыс естілді: «Достаточно!». Жәмит қаптағы ақшаларды өз көлігіне апарып салды. Лауазымды адам риза: өйткені бәрі өзі жоспарлағандай болуда. Енді тек машина мен ана екеуін құрту қалды. Екеуі машинаны итеріп көргенмен орнынан қозғалта алмады, дөңгелектер дария бойының ылғал құмына батыңқырап кеткен екен, шамалары келмеді. – Әй, немене мұнда надежный жігіттер жоқ па? – Бар ғой… Жаңа үйдің жанында жүрген Сағадат деген… – Давай… Онда соны ертіп әкел… Зуылдап тұрған машинаға сөз боп па, ол Сағадатты лезде-ақ жеткізді. Үшеулеп машинаны итере бастады, Сағадат жанын салып мықшыңдауда, орнынан қаттырақ қозғалып кеткен машинаның рөлін бұл кезде Жәмит дарияға бұрып үлгірген болатын. Сағадат шошып кетті. – Ойбай…Құрыдық, аналар суға кетті… – Енді қайттік? Бұл Жәмиттің дауысы. Сағадатқа дым білмейтін болып көрінген сиқы. – Дымыңды шығарма! Кеттік. Біз ештеңе көрген жоқпыз. Сен бұл жерде болған жоқсың. Сотталып кеткің келмесе, тіліңе ие бол! Барлығы да күркіреген дауыс иесінің айтқанына көнді. – Сені биіктің ар жағындағы шеткі үй жанынан күтеміз. Ана сиырларды арлы-берлі айда, мына жерде із қалмасын. Қанды қақпан осылайша «шарт» етіп, қауып түскен болатын. 15. Сағадат бүккен сыр Тар камераның торлы терезесі жағынан жарқ-жұрқ еткен найзағай жарқылы көрінеді, Сағадат жалғыз. Жаңа бір әзірде көзіліндірмек болып еді, ойына Жәмит түсіп, ашудан шеке тамыры білеуленді, маужыратып келе жатқан ұйқы да зым-зия жоғалды. Иә, сол күні Ордабек Жаңақорғанға келген болатын. Мал жаятын тұста қаңғыбас иттер көбейіп кеткен еді, бұл болса атпен қуып жүріп, бұғалық тастап, жетеуін жер жастандырды. Мал болса өз бетінше жайылып жатыр, қол бас, енді не істейді, иттердің барлығын әдемілеп сойды, терілерді қоржынында жүретін тұзбен пұшпағына дейін қалдырмай тұздап тастады. Ойы – жұмыстан толастау кезде илеп, құлақшын тіккізбек. Ішінен «Үй ішімізбен ит терісінен бас киім киетін болдық қой» – деп өзін әжуалап та алады. Алыстау болса да ерінбей жаңа канал бойына апарып жеті иттің ішек-қарнын тазалап, үнемі қанжығада жүретін қаптарға салып алды. Сол күні ауылдан туыс інісін шақыртып, малға ертеңге дейін қарай тұруын сұрады. Ол иттердің еті мен ішек-қарнын қапқа салып, кенттен бір-ақ шықты. Әскерде екі жыл бірге болған Юра үйінде екен, қуана қарсы алды. – Әй… кәріс амансың ба? – А…Фронт… кел, кел… Юраның ұлты кәріс демесең, қазақша ағып тұр, әйелі неміс қызы Вера қазақша әндерді тамылжыта шырқайды, екеуінің де бабалары сонау өткен ғасырларда тағдыр айдап осы жаққа келіп қалған екен. Ордабек келген шаруасын айтты, олар құптады. Юрада тұрақты жұмыс жоқ. Бір ісі аудандағы бірден-бір ит майын «өндіруші». Иә, өкпесі ауыратындар, салқын тигендер Юраның құтыларға құйып сатар ит майын қолға тигізбейді. Ал, мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін Вераның ит терісінен тіккен кеудеше, сумкаларын Ресейден де келіп алып кететіндер бар. Иттің терілерін екеуіне өткізіп Ордабек мәз, арзан ет пен тері алғандарына үй иелері мәз болып үшеуі столға отырды. Қас қарая масаңдау күйде ысқыра әндетіп, дария жақ шеттегі бажасының үйіне беттеген Ордабек кілт тоқтады. Кенттің шеткі үйлері ауласы мен дарияны жағалай салынған бөгеме биік аралығында машина жүре алатындай жол болғанымен, ылғи темір-терсек, қураған сүйек жататындықтан ол бөгеме биіктің үстімен келе жатқан болатын. Ойы – бірдеңеге шалынысып қалмай, осы әдемі күйінде қонар орнына жетіп алу. Бірақ, дария жаққа көзі түскен еді, жүрегі бір жамандықты сезгендей шаншып кетті. «Апыр-ау, мыналар кім? Өй! Мына біреуі Сағадат қой. Әне біреу Жәмит пройдоха, ана дәу кім болды екен сонда? Ана… Ойбай… ана машина суға кетті-ау… мыналар жынды ма машинаны суға ағызып? Қой, бәлесінен аулақ, тасалау жерден байқайын бұларды». Манағы мастықтан із де қалмаған, мына оқиға ойын сан-саққа жүгірткен Ордабек шеттегі үй сыртында бұзылып, моторының орны үңірейіп тұрған «Беларусь» тракторының кабинасына қалай тез мініп алғанын да байқамай қалды. «Мына МТЗ-80-нің нағыз набпункт екен» болды оған алғаш келген ой. Әскерде арнайы жасақта болып, барлаушы дағдыларын игергендігі кәдеге асты, ол өзін байқатпау үшін кабинада жатқан май-май көне күпәйкені үстіне жамылып алып, барлық оқиғаны қарап отырды. Ордабек аналар көлікке мініп кеткесін, трактордан түсіп, бажасының үйіне келді. Өзіне риза, себебі, енді ол мол ақша көзіне кезіккеніне сенімді еді. Ертеңіне түстен кейін інісіне базарлығын беріп, малға шыққан Ордабек өзіне дән риза еді, аз-маз ақша, кәмпит-печенье сияқтылар әкеліп әйелінің, балаларының көңілін бір көтеріп тастады, үй ішін ертеңгілік көптен болмаған жылы шуақ жайлады. Сиырлар жаңа шыққан көктен бас алар емес, мұның қоржынға тығып алып шыққан бір бөтелке арақты ашуға оңтайлана бастағаны сол еді, мотоциклге мініп, мал қарап жүрген көрші ауылдағы Сексеннің сап ете қалғаны. Қашан да сөзін «фіф… фіф» – деп ауызан жиналған сілекейін ішке тарта тамсанып алудан бастайтын одан естіген өсек мынау болды: «Мына «Өскен» колхозының кассирі мен «Уаз» жүргізушісі удай мас болып дарияға түсіп кетіпті. Ертеңгісін күтуге мал қосуға шыққан шалдар дария жағасында сиырлардың өкіріп-бақырып жүргенін көріп, тегін емесін сезеді. Сөйтіп, Андрей маскүнемді көндіріп, қайығымен сүзіп шықса, ескек жағалаудан оншақты метр жерде бірдеңеге тиеді дейді. Сонымен не керек, аудандық ЧС бар, басқасы бар, әлгі жерді тексерсе, суға батқан машина екен, шығарып алыпты. «Марқұмдар арақ сасып жатыр» – дейді көргендер, мүрделерді эксперизаға алып кетіпті». Осыдан-ақ Ордабектің санасында сұмдық көрініс ашылған болатын, араққа да зауқы соқпай қалды, ойға берілді. «О, құдай тас төбеңнен ұрғырлар! Кешегі дарияға ағызып жүргендері осылар болмасын. Құдай-ау, осылар болмасым не, дарияға күнде машина кетіп жатыр дейсің бе, тошно солар болды. А-а… Түсінікті…түсінікті. Ендігі жұмысым Сағадат пен Жәмит сендермен болсын. Маған да бір құдайдың көзі түскен екен, қашанғы қинасын. Ой, Алла-ау, берейін десең форточкадан да бере саласың-ау». Ордабек ертеңгі күнді асыға күтті. Бірақ колхозда ертеңіне мал санағы жүріп, ойдағы шаруасына бір апта кештеу кірісерін де, тәңірімнің мұның мына жарық дүниеде тағы да бір апта күн кешуіне мүмкіндік беріп тұрғанын да сол сәтте ол білмеген еді. Бұл кезде аудан орталығында шұғыл мәжіліс өткізген лауазымды адам өзінің арам пиғылынан туған қылмыстың артын жабуға кіріскен-ді. – Жігіттер! Екі азамат бақилық болды, алдынан жарылқасын! Мұнда мынадай жағдай болып жатқанынан хабарымыз жоқ, кеше облыс басшылары болып кеңесіп, колхоз төрағасын біз басқа облысқа қызметке ауысуына байланысты міндетінен босатқанбыз. Міне, өзі отыр, еліне қайтқысы келді, біз келісім бердік. Бұлай боларын кім білген. Барлық құжат дұрыс екен. Сондықтан істі дабыра қылмау керек, мас деген де әңгіме айтылмасын, несчастный случай дейік. Сорлылардың бала-шағасы ең болмаса жәрдемақы алсын. Бұлай болмаса қазалы үйді онан сайын қайғыға саламыз ғой, тергеу жүреді, мас болғаны айтылады, үйі жәрдемақысыз қалады. Мұнымыз мұсылмандыққа жатпас, құдайдан үмітіміз бар, осыған келісейік, жабулы қазанды жабулы күйде қалдырайық. Қалай қарайсыңдар? – Заңға томпақ болмаса болды. Сізді қолдаймыз. – Ол өзімізге, біздің имандылығымызға байланысты. – Банктен ақша алыпты деген сыбыс шығып тұр ғой… – Мұны айтқан қайсысың? Кәні, тұршы орныңнан. Сен… Сендер өсек қумаңдар. Өсек қуа берген адам өсектің жемі болады. Айтқан жоқпын ба жаңа, финансовый мәселеге қатысты әңгіме жоқ деп. Біз тексерттік, бәрі дұрыс. Міне, отыр ғой ауыл басшылары. Ел қаржысы өз орнында. Ал, ертең «Пәлен еді, түген еді» дейтіндерің қазір айтыңдар ортаға шығып! Көрейік кім екендеріңді! Бәрі сап тыйылды, лауазымды адамның мысы басты. Мәжіліс сол күні ол жоспарлағандай мәмілемен тараған болатын… Сағадат жалғыз. Ордабектің алдындағы кінәсін жуа алмай әлек. «…Құлың болайын, Ордеке-ау, айтшы, енді нең қалды менде? Бәрін айттым ғой. Бәрін істеген дәу бастық пен Жәмит. Сен келіп мені бопсаладың, менің жаным мұрнымның ұшына келді. Менде қайдан ақша болсын… Әлгілерге айттым… Олар бір күн мұрсат сұрады. Сенің қорқытқаның аз болғандай, олар түнімен мені қорқытты. Неге саған келеді? – дейді. Құдай-ау, бірден неге Жәмитке бармадың? Айтпайсың, ә! Мені иі жұмсақ деп ойладың ғой, ә ? Әрине, солай… Оны қойшы… екеуміз төбелесетін күні ақшаны алғасын маған тиіспеуің керек еді. Бәрінен бұрын мені «Ақша қалтам» деп мазақ қылғаның батып кетті, мазақтамауыңа, қорламауыңа болатын еді ғой. Жәмитке қарап «Бұл – істің басы ғана, мен әлі талай келемін» – дегенің мені онан сайын ашындырды. Оның үстіне Жәмит те «Сағадатжан-ау, мына жалмауыздан бір құтқарсаң – сен ғана құтқарасың. Әйтпесе, екеуіміз де мынағын өмір бойы құл болатын сияқтымыз ғой» деп қайрай берді…Бары осы…А? Мені өлтіріп тастап, үйге неге барасың дейсің бе? Аналар ғой үйінің әужайын біл деген… Болдым… Енді айтатын да ештеңе қалған жоқ… Маза бер…». 16. Тергеу әлі біткен жоқ Түскі үзіліс кезінде 101-мен хабарласып, мән-жайды баяндаған Орынбек аудандық ішкі істер бөліміне келіп, алдағы жұмысты жоспарлау үшін өзіне бөлінген кабинетте отырыңқырап қалды. Санкция алу үшін ертең прокурорға апару керек, тергеуге беймәлім болып тұрған тұстар бар ма деп отырғанда Нұрлан келіп: «Ореке, байқарсың, не то жағдайлар болып жатқан сияқты», –деп ескертіп кетті. Кезекші Сағадаттың қатты қорылға басып, ұйықтап жатқанын айтты, ойына мана бөлім бастығының бұған жөнсіз тиісіп, «Істі неге дұрыс жүргізбей жатырсың», – дегені түсті. Бұл да қарап қалмады: «Сізге тергеуді дұрыс жүргізбей жатыр», – деп арызданушы бар ма? Бар болса менің әрекетіме ведомствалық қадағалау жасайтын тергеу басқармасы мен прокурор бар. Бұған сіздің қатысыңыз қандай?» – деп тіктеле сөйледі. Мұныкі заң бойынша дұрыс, ол мұны күтпесе керек, үнсіз қалды. Барлығы жоспар бойынша келе жатқан сияқты. 101-мен әңгімеден ол мұны қайта шақыртатынын ұққан, «Біз түк білмеген болайық. Ананың ісі сотқа өтетін болсын. Сенің орныңа басқа тергеуші барып қалатын шығар, тікелей бастығың солай істейтін болар, бізге анау сотталып осында, десяткаға келсе болды, қалғанын кездескенде айтармын. Жалпы «ход коньем» жасаймыз. Ясно?!» дегенінен осы іске қатысты тергеу басқа арнада қайта жалғасарын түсінген. Көп күттірмеді, телефон безілдеп қоя берді. Тұтқадан Оңғарбаевтың дауысы қырыл-сырылын араластыра төпей жөнелді: «Былықтырып жатсың ба…басқа не бітіресің…бастықпен ұрысқаннан басқа қолыңнан не келеді сенің? Сезіктіні босатпақ дей ме… Әй… есің дұрыс па… Омаровты жібердім, қазір барып қалады, шыққанына бір сағаттан асты. Істі соған өткіз, Сексеуіл станциясында двойной убийства болып жатыр, соған барасың. Түнімен жет Ақмешітке. Түсіндің бе… Смотри, ә … бұларды…». Орынбек «101-дің болжамы дұрысқа шықты-ау», – деп ойлап істі өткізуге дайындауға кірісті. Омаров келісімен барлық жағдаймен таныстырып, беттері нөмірленген, тігілген істі өткізген ол бірінші қабатқа түсіп, уақытша ұстау абақтысына бас сұқты. Сағадат ояныпты. Мән-жайды айтты. «Алты жылдан бері дұрыс ұйықтағаным болды, түк сезбей қатып қалыппын» – деді ол. Орынбекті Нұрлан, Асқар, Қазыбек үшеуі күре жолдан көлікке мінгізіп жіберді. Шығарып салушылардың жүзі жарқын, өз істерінің нәтижелі болғанына деген ризалық әр сөзден аңғарылады. Олар істің сотқа кететініне, қылмыстының жазасыз қалмайтынына сенімді еді. Ертеңіне облыс орталығынан бес жүз шақырым қашықтықтағы Сексеуіл станциясына кеткен Орынбек қылмыс бетін ашып, он күннен соң оралды. Облыстық ішкі істер департаментінің коридорында кездесе кеткен Омаров: «Оу, Ориксон! Қалайсың? Кеше Жанталиядан келдім, Макс айтпақшы мен барамын дегенше істі бұзылмайтындай етіп, шегелеп тастаған екенсің, менікі тек сотқа өткізу болды. Кешке жұмыстан соң мұны жуып жіберуге болады. Мен қарыз болып қалғанды қаламаймын, еңбек – сенікі, атағы – менікі. Ну, как? » – деп екі алақанын ысқылап қойды. Бұл ыңғай таныта қоймады, ал ол ізінен қалар емес. «Әй, маладес Ориксон… Бұл бір біткен іс, успешный тергеу болды», – деп ол сөйлеп келе жатқанда Орынбек ішінен «Жоқ, тергеу әлі біткен жоқ… Негізгі шаруа енді басталады», – деп қарсылық білдірді. Иә, мұны дауыстап айтуға болмайтын. Тергеушіні он бес күннен соң құпия жүргізілер жаңа бір іс күтіп тұрған болатын. Екі-үш күннен бері шуақ төгіп тұрған ауа райы тағы бұзыла бастады, көкті бұлт торлады, тұтаса төнген бұлт мезгіл тал түс болса да төңіректі қараңғылық бояуымен әрледі. Үш-төрт күннен бері тып-тыныш болып қалған аспан лезде мыңдаған дию, жын-перілер ойнақ салғандай қалыпқа түсті, мұздай тамшылар себелей жөнелді. Аспанды қақырата, жерді тітірете найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, өзгешелеу сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.
Алдажар ӘБІЛОВ