12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қайрат ЧАҚПАНТАЕВ, Абай облыстық сотының төрағасы: «ХАЛЫҚҚА КЕРЕГІ – АДАМИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС»

– Президент Жарлығымен Абай облысының құрылғанына да жыл толды. Жаңа облыстың жұмысын жолға қою оңай шаруа емес. Оның ішінде облыстық соттың да аяғынан тік тұрып кетуі үшін қыруар жұмыс атқарылған болар?

– Еліміз үшін Семейдің орны бөлек. Бұл өңірді Абайдың, Мұхтардың, Шәкәрімнің елі деп қадірлейді. Алаш арыстарының басын қосып, озық идеяларының отаны болған Семейдің облыс орталығына айналуы біз үшін үлкен қуаныш. 2022 жылғы 8 маусымдағы Президент Жарлығына сәйкес, бұрынғы Семей облысы Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шығып, Абай облысы болып бекітілді. Жаңа облысты алға жетелейтін жаңа құрам жасақталды. Абай облыстық сотына төраға болу – маған да үлкен жауаптылық артты. Мұндағы ең үлкен қиындық соттың жүйелі жұмыс істеуіне қажет ғимаратты тауып, мықты кадрларды бір ортаға жинауға байланысты туындады. Іздеп жүріп қала орталығындағы университет ғимаратына таңдау жасап, оны жедел жөндеуге кірістік. Сотқа келген азаматтарға арналған күту залын, сот отырысы өтетін бөлмелерді, судьялардың қызметтік бөлмелерін ретке келтіріп, қауіпсіздік мәселесінің ескерусіз қалмауына көңіл бөлдік. Біздің мұндағы басты міндетіміз – сотқа келушілер мен осы сотта жұмыс істейтіндерге неғұрлым қолайлы, қауіпсіз, жұмыс істеуге ыңғайлы орта қалыптастыру еді. Жаңа облыстағы ғимаратта құрылыс жүріп жатқанда кадр тапшылығын реттеуге күш салдық. Семей – тарихи мекен, әдемі қала, көрікті шаһар екені рас. Бірақ, Өскеменге орнығып қалған, үй-жайын жасап, ұл-қызының мектебін ауыстырғысы келмеген көптеген әріптесіміз Абай облыстық сотына келгісі келмеді. Кейбірі жаңа ортада бәрін жаңадан бастаудан қорыққан болар, кейбірі көшіп-қонып жүргісі келмеген шығар, оларды да түсінемін. Бізге сеніп, бізбен бірге жаңа облыстық сотты жақсартамыз деген мақсатпен Семейге келген әріптестерім де аз болмады. Жаңа іске бізбен бірге тәуекел жасаған, өтінішімізді аяқ асты етпеген сол мамандардың барлығына ерекше алғыс айтамын! Біздің соттың аяғынан тік тұрып, кедергісіз жұмысын бастауына осы азаматтардың әрқайсысының үлесі қомақты. Осындай бірлігі бекем ұжыммен біздің биік нәтижеге жетпеуіміз әсте мүмкін емес.

– Қазір енді материалдық, техникалық мәселелер толық шешілді ме? Судьялар мен сот мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы қалай реттелмек?

– Мұндай ауқымды шаруаны бір адамның күшімен, бір сәтте шешу мүмкін емес. Қызметке байланысты керек-жарақты шетінін жөнге келтіріп жатырмыз. Тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да алғашқы қадамдар жасалды. Облыстық әкімдікпен бірге жақын уақытта қызметкерлерге қажетті баспаналар берілетін болады. Судьялар мен сот мамандары алғаш ғимаратқа кіргенде атқарылған жұмысқа таңғалды. Біз «Көші-қонға араласпаңыздар! Тек қажетті құжаттарыңызды дайындап беріңіздер, қалғанын арнайы адамдар орын-орнына қояды» дегенде көпшілігі сенбеген ғой. «Семейге барып, өз бөлмелерімізді жөндеп, құжат-қағаздарымызды түгендегенше талай уақыт өтер» деп келгендер қызмет бөлмесіндегі тазалық пен жинақылықты көріп қуанып қалды. Сөйтіп басқа шаруаға алаңдамай, өз жұмыстарына бірден кірісіп кетті. Біздің діттеген мақсатымыз да осы еді. Міне, содан бері Абай облыстық соты өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

– Абай облыстық сотындағы жұмыс жұрттың көңілінен шығып жатыр ма?

– Семей – біздің туған жеріміз. Туған жерге туымызды тіккен соң, әр ісімізді жауапты, сапалы атқаруға тырысатынымыз түсінікті. Әрине, алғашқы қадамды бастаудың жауаптылығы зор. Бірақ, қиындықтан, қателіктен қорыққан адам жұмыс жасамайды. Мұны бала жастан ата-анамыз біздің санамызға құйып өсірді. Әкем облыстағы құрылыс саласына жауапты тұлғаның бірі болды. Өзінің білгенін бізге үйретуден шаршамайтын. «Баланы аясаң, аяма!» деген ұстанымды биік ұстаған әкеміз бүкіл үйдің, түздің шаруасын біздерге жасататын. Туыстар үй салса, шөп шапса, асар жасаса бауырым екеуміз қызу жұмыстың бел ортасында жүретін едік. Адал бол, айналаңа көмектес, біреудің наласына қалма дегенді жиі айтатын. Сол тәрбиенің арқасында қандай қиындықты болсын еңсеруге, елдің алғысын алуға күш салдық. Бала жастан сіңген тәлім сүйекпен кетеді екен. Біз отбасында үш бауырмыз. Қарындасым Жанат Астанада. Ал інім Талғат суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп арамыздан ерте кетті. …Ол кезде Талғат өз кәсібін жолға қойған, отбасын құрып, екі бала өсіріп отырған берекелі шаңырақтың иесі еді. Қайғылы оқиға болатын күні отбасымен бірге Ертістің бойында демалып жүрген. Бір кезде айқай-шу шығып, қыз баланың суға батып бара жатқанын естиді. Жағажай толған жұрт, қарақұрым халық. Сонда бірден шешім қабылдап, суға қойып кеткен жалғыз осы Талғат екен… Өзі суға жүзудің шебері еді. Бір тағдырды өлімнен арашалап қалғанымен, өз өмірін сақтап қала алмады. Өкінішті, әрине. Бұл туралы кезінде барлық басылымдар жарыса жазды. Бауырым арамызда жоқ болғанымен, оның үлгілі ісінің, батыл әрекетінің ел есінде қалатыны көңілімізге демеу. Талғат менің екі ұлымды да жүзуге үйретіп, қасынан бір елі қалдырмай ертіп жүретін. Жақсы өнегені алған ұлдарым да ұятқа қалдырған жоқ. Қазір екеуі де прокуратурада жемісті еңбек етіп, өз күштерімен әріптестерін мойындатып жүр. Тимур мен Азаматымның білім мен еңбекқорлықтың арқасында сатылап өсіп, халықтың құрметіне бөленгенін көру мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл да тәрбиенің жемісі деп ойлаймын.

– Еңбек жолыңызды жеке кәсіпкер ретінде бастап, одан кейін ұзақ жыл прокуратурада жұмыс істегеніңізді білеміз. Сот саласына ауысуыңызға не әсер етті?

– Иә, прокуратураға дейін жеке кәсіпкер ретінде еңбек еттім. Өз шаруамды дөңгелетіп, қолымнан іс келетінін, жұртты ұйымдастыра алатынымды, бастаған шаруамнан нәтиже шығара білетінімді дәлелдеген адаммын. Ал прокуратураға өзімнің өмірлік тәжірибемді шыңдау үшін, алған біліміме сай елге қызмет ету үшін келдім. 1997 жылдан бастап 2003 жылға дейін аудандық прокуратурадан бастап облыс прокуратурасының бөлім, басқарма басшысына дейінгі өрлеу сатысынан өттім. Осы аралықта көп жұмысымыз сотпен байланысты жүрді. Судьялармен бірге түрлі құқықтық мәселелерді талқылап, төрелікке байланысты талай пікір жарыстырдық. Судьялардың арасынан пікірлес, рухтас адамдар таптық. Ақыры жаңа салаға түрен салсам, сот жүйесінің дамуына үлес қоссам деген ниетіміз оң болып 2003 жылы Өскемен қалалық №2 сотына судья болып тағайындалдық. Биыл осы салада еңбек етіп жүргеніме тура жиырма жыл толыпты. Жиырма жылды текке өтті, нәтижесіз болды демеймін.

– Прокуратураның қазанында қайнап келген білікті маманға сот саласында жұмыс істеу аса қиын бола қоймаған шығар?

– Кез келген саланың өз қиындығы бар. Дегенмен, жаңа ортадағы жұмыстың жемісті болуы көбінесе тәлімгерлердің мықтылығына, әріптестердің қолдауына, ортаның сеніміне байланысты. Жалпы, мен ұстаздан жолым болған адаммын. Прокуратура мен сот саласында қызмет еткен жылдары талай ел алдында жүрген аңыз адамдармен әріптес болып, ақыл-кеңесін алу бақыты бұйырды. Асқар Секишев, Абай Рахметулин, Досжан Әмір, Бағлан Мақұлбеков секілді өз саласының білгірлерімен бір ортада еңбек етіп, көп нәрсені үйрендім. Сенім – жетістіктің кепілі. Алдыңғы буын ағалардың «сенің қолыңнан келеді» деген бір ауыз сөзі біздің талай табысымыздың бастамасы болды. Мәселен, мен Өскемен қалалық №2 сотына алғаш судья болып тағайындалған кезде, сол соттың төрағасы Анарбек Рамазанов ағамыздың «прокуратурада жұмыс істеген адамды оқытудың, үйретудің қажеті жоқ. Мұндай мамандар қайта елді үйретуі керек» деген сөзі әлі есімде. Ал сол кездегі облыстық соттың төрағасы болған Асқар Секишев ағамыз, судьялық қызметті сатылап және аудандық соттың төрағасынан бастау керек дегенді үнемі айтатын. Ол кезде төраға болу үшін екі жыл тәжірибесі болуы керек еді. Ал менің сотқа келгеніме бір жыл ғана болған. Соған қарамастан Көкпекті аудандық сотына жіберді. Көкпекті аудандық №2 сотының төрағасы болып 2009 жылға дейін қызмет еттім. Одан кейінгі тәжірибе жолым Өскемен қаласының №2 сотының төрағасы, Өскемен қалалық сотының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымына жалғасты. Жылдар бойы жинаған тәжірибем мен көпшілік сенімінің арқасында жаңадан ашылған Абай облыстық сотына төраға болу бұйырып отыр. Төрағаның міндеті – төрде отыру емес. Бір өңірдің сот төрелігіне жауап берген соң ұжымды бір мақсатқа үйлестіру, істердің әділ, сапалы қаралуына ықпал ету, қателіктерді болдырмауға күш салу – күнделікті міндетіміз.

– Соттағы жаңа өзгеріске сай төрағалық лауазымға екі реттен артық отыруға жол берілмейді. Бұл жаңашылдықты қалай қабылдадыңыз?

– Өзгеріс бекер жасалмайды. Қоғамдағы қалыптасқан жағдайды, көпшіліктің пікірін ескере отырып қолға алынады. Жалпы, төрағалық қызмет қана емес, кез келген саланы ұзақ басқару – тығырыққа тіреуі мүмкін. Өйткені, бір салаға бейімделіп, жайлы жұмысқа үйренген адам ештеңені өзгерткісі келмейді. Жұмыста жаңару болмайды, кадрлық аштық орнайды. Ал өсетініне, мансабы бойынша жоғарылайтынына көзі жетпеген жас мамандардың ынта, ықыласы төмендейді. Меніңше, сіз айтқан өзгерістің түпкі мәні осында. Міне, сот реформасындағы бұл жаңашылдық та бүгінде дұрыс жасалғанын дәлелдеді деп ойлаймын. Алғашында шалғай жерлердегі аудандық сот төрағаларының орны бос болып, біраз қиындық туындағаны рас. Дегенмен, уақыт өте келе бұл мәселе де оң шешімін тапты. Жоғары Сот Кеңесінің соңғы мәліметінен байқағанымыздай, қазір судья болуға, сот төрағасы болуға ниет етіп, конкурсқа түсіп жатқандардың қатары қалың.

– Абай облыстық сотындағы судьялардың жүктемесі қалай?

– Соттардың жүктемесіне, шығарылған шешім, үкімдердің сапасына үнемі көңіл бөліп, мониторинг жүргізіп, нақты жұмыстар жасап келеміз. Соған орай өңірде үш жаңа мамандандырылған сот ашылғанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде мамандандырылған тергеу соты, мамандандырылған экономикалық сот және мамандандырылған қылмыстық сот ашылып, өз қызметіне кірісіп кетті. Мұндағы судьялардың біліктілігін көтеру, қаралған істер бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастыру бағытында аз жұмыс жасалмады. Халықпен кездесіп, пікір-ұсыныстарын тыңдауға да айрықша мән беріледі. Өйткені, күнделікті тәжірибе көрсеткендей, судья мәселені жан-жақты түсіндіріп, заң талаптарын айтып берсе, дұрыс бағыт сілтесе азаматтар да соттасудан, арыз жазудан бас тартады. Халыққа керегі – адами қарым-қатынас. Сотқа деген сенімді нығайтудағы бірінші тетік – осы өзара түсіністіктен басталады. Әрбір судья өз шешімін түсіндіріп, тараптарға теңдей қарап, сауалына тындырымды жауап бергендіктен болар, біздің соттарға арыз-шағым жолдайтындар аз. Бұл да жаңа соттың ел сеніміне ие болып отырғанын айғақтайды.

– Семей – қазақы өңір. Талай аузы дуалы билер мен шешендер төрелік еткен аймақ. Осындай тарихи мекеннің тұрғындары медиациялық келісімге жиі келе ме?

– Жалпы, соттың балама әдістерін енгізу бойынша іргелі істер жасалды. «Жау мен дау егіз», «Дау қуған бәлеге жолығады» дейді бабаларымыз. Бір даудың айналасында қаншама адам жүреді. Сол дауға нүкте қою үшін қаншама уақыт, қаржы, күш-қайрат жұмсалады. Содан абырой тауып, жоғалғаның түгенделіп жатса жақсы. Кейде дау қуып жүріп жақынынан ғана емес, абыройынан да айырылатын сәттер жетерлік. Мысалы, жақында ағайындылар әкесінен қалған мұраға таласып, сотқа жүгінді. Ал мұндай соттардың айқай-шусыз, өкпе-ренішсіз өтпейтіні белгілі. Өзінікін дәлелдеу үшін кейбір жандар жақынының жүрегіне жара салып, көңілін қалдырып жатады. Сонда әкесінің зейнетақы қорында қалған болмашы тиын-тебені үшін, ескі үйі үшін осыншама бет жыртысуға бола ма? Бауыр деген, ағайын деген әр адамның ең аяулысы, ең жақыны емес пе? Осыны айтып, жағдайды барынша түсіндіріп туыстарды бітімге келтірдік. Бұдан бөлек, біздің судьялар баспа және электронды ақпарат құралдарында медиация, медиация туралы заңнаманы қолдану тәртібі, жалпы даулы мәселелерді сотқа дейін реттеудің жағымды аспектілері туралы мақалалар жариялауда. Медиативтік келісімдерді көбейту ісіне мемлекеттік мекемелерді де тартып жатырмыз. Соған орай, жергілікті билік органдарының жанынан медиация кабинеттері ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Дамыған елдерде соттан тыс институттардың көмегімен даулардың 90% сотсыз шешіледі. Ал Жоғарғы Соттың бастамасымен қолға алынған «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасында татуластырушы судьялардың арқасында даулардың 50-60 пайызының бітімгершілік келісімімен аяқталатынын ауыз толтырып айтуға болады.

– Сот жұмысындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы көңілден шыға ма?

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, мерейін өсіру, қолданыс аясын кеңейту – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Абай атамыздың атын алып отырған өңірде қазақ тілін қадірлемесек – азаматтығымызға сын. Сондықтан, орысы көп өңірде тәрбиеленіп, орыс мектебінде оқып, жоғары білімді де орыс тілінде алғаныма қарамастан өзімнің де қазақша тіл байлығымды арттыруға, барлық жұмыста қазақ тіліне басымдық беруге күш салып жүрмін. Өйткені, ұжымдағы адамдар бірінші басшыға қарайды. Бүгінде барлық жиналыс, басқосуларды мемлекеттік тілде бастаймыз, сот тәжірибесін талқылағанда да мемлекеттік тілге көңіл аударылады. Қазір ішкі, сыртқы құжаттар 100 пайыз мемлекеттік тілде дайындалады. Бұған қоса, мемлекеттік органдармен басқосулар өткізіп, құжаттарды қазақ тілінде жолдауға шақырып жүрміз. Мұндай халықтық істе жақсы нәтижеге бір күнде жету мүмкін емес. Оған көп уақыт, ынта мен намыс керек.

– Сот саласындағы тәлімгерлік мектептің тағылымы зор. Жас судьяларды қатарға қосып, талабын ұштауда ардагер-судьяларды жиі іздеп тұрасыздар ма?

– Ардагер-судьялармен хабарласып, қал-жағдайын сұрасып тұрамыз. Өйткені, біздің аяғымызды нық басып, шеберлігімізді шыңдауда ол кісілер үлкен еңбек сіңірді. «Көргені жақсы көш бастар» демекші, шырайлы шығыс өңірінде бірталай әріптес-замандастарыммен қызметтес болдық, аға буынның біразы қазір құрметті демалыста. Қай заманда да халық шырылдап, шындық пен әділдік іздеп келетін сотта қызмет атқару оңайға соқпаған. Сондай ардагеріміздің бірі – Анарбек Рамазанов. Өзінен кейін мықты буынның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Анарбек Қожахметұлының кіршіксіз абыройы, мақтаулы еңбек жолы бәрімізге үлгі. Ол кісінің сот саласындағы сара жолын шәкірттері жалғастырып келеді. Ардагер судья Александр Лукьяновтың да шәкірттер үшін орны дара. Александр Иванович Шығыс Қазақстан облыстық сотында судья қызметін атқарып жүргенде бірқатар авторлық кітаптар шығарған. Оның ішінде, ерекше атап өтерім, Абай атамыздың 45 қара сөзін, «Так говорил Абай» деп орысшаға аударып, кітапша етіп шығарған еді. Және де өзінің қызмет атқарған уақытында сот тәжірибесімен бөлісіп, «Именем Казахской ССР приговорил…» атты бірнеше томдық кітабын жарыққа шығарған. Ал спортқа, оның ішінде футболға қызығушылығы, ойнау шеберлігі өте ерекше. Жасы ұлғайып тұрса да, жастарға өнеге, үлгі болатын ардагер судьяларымыздың бірі. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың қазіргі судьялары Абай Рахметуллиннен, Досжан Әмірден үйренгенім аз емес. Былтырдан бастап қазақстандық судьялар мен сот қызметкерлерінің арнайы кәсіби мерекесі белгіленгені мәлім. Бұл күн сот саласындағы ардагер-судьялардың, тәлімгер қазылардың еңбегін дәріптеп, шеберлігін көрсетіп, тәлім-тәрбиесі үшін алғыс айтуға берілген тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Биыл екінші жыл тойланғалы отырған кәсіби мереке қарсаңында сот саласында еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді, ардагер-судьяларды, сот мамандарын шын жүректен мерекелерімен құттықтаймын! Төрелік алаңында атқарған істеріңіз әрдайым абыройлы болып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер! Сонымен бірге, ақпарат алаңындағы барша журналистер қауымын да кәсіби мерекелерімен сот ұжымының атынан құттықтаймын! Қаламдарыңыз қуатты, өмірлеріңіз шуақты болсын!

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет! Жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!

Айнұр САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Қазақстандағы су тасқыны: Атырау мен ШҚО-дағы жағдай қандай?

Шығыс Қазақстан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты елді мекендерге су тасқыны қаупі төнді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БӘСЕКЕДЕ МИНЕРАЛДЫ ШИКІЗАТТЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Жеріміз пайдалы қазбаларға толы деп мақтанамыз. Алайда, осы байлық толыққанды ел игілігіне айналмай отыр. Оның бір себебі пайдалы қазбаларды жер қойнынан алып шығудың қиындығында. Осының салдарынан құрамында минералды шикізат бар тау жыныстарының белгілі бір бөлігі басқа елдерден әкелінеді.

Астанада жылу қайта қосыла ма? Қала әкімі жауабы

Астанада жылу беру маусымы аяқталды, бірақ күн қайта суытып, 1 мамырда қар жауды.

Қырғызстанда балмұздақ тиеген жүк көлігі балаларды қағып кетті: зардап шеккендер саны көбейді

Қырғызстанда балмұздақ тиеген жүк көлігі балаларды қағып кетті. Қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккендер саны артты.

Бүгін ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 3 мамырда елдің 12 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.