2023 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның (бұдан әрі — Комиссия) төрағасы және хатшысы Игорь Рогов пен Тастемір Әбішев Еуропа Кеңесінің, заң мамандықтары өкілдеріне арналған Адам құқықтары саласындағы еуропалық білім беру бағдарламасының (HELP) сарапшылары Сергей Дикман мен Кристина Хохлованы қабылдады.
Кездесу барысында тараптар сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында адам құқықтарын қорғау, оның ішінде Қазақстан Республикасының Құқық қорғау қызметінде азаптаудың алдын алу мәселелерін, сондай-ақ Комиссияның еуропалық құрылымдармен ынтымақтастығының перспективалары туралы талқылады.
Шетелдік қонақтарды қарсы ала отырып, Комиссия төрағасы Игорь Рогов Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғау, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл ретте Комиссия Еуропа Кеңесінен елеулі әдіснамалық және ұйымдастырушылық көмек алатынын атап өтті. Бүгінде республикада құқық қорғау және сот жүйелерін терең реформалау жүргізіліп жатқан кезде Еуропа Кеңесінің HELP бағдарламасын сараптамалық қолдаудың маңыздылығын бағаламауға болмайды.
Еуропа Кеңесі делегациясының басшысы Сергей Дикман еуропалық құрылымдардың қазақстандық құқық қорғау институттарымен ынтымақтастығын дамытуға қанағаттанғандығын білдіріп, сапардың мақсаты құқық қорғау саласында адам құқықтарын қорғау, оның ішінде азаптау сияқты жағымсыз құбылыстың алдын алу тетіктерін әзірлеу мақсатында заң мамандықтарының өкілдері үшін жаңа білім беру бағдарламаларын талқылау болып табылатынын айтты.
Еуропа Кеңесінің делегациясы Республика Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Әділет министрлігінің, Республикалық адвокаттар алқасының, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің басшылығымен, сондай-ақ Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының ғалымдарымен және оқытушыларымен кездесуді жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшылығы


