12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ІЗІ ЖОҚ ӨЛІМ

Мүлгіген қала түнін полиция машинасының дабылы бұзды. Қызылды-жасылды жарығы бір бәленің бастауын меңзейтіндей. Жаңа көлік ыңыранып келеді. Бұл безек қаққан жедел қызметтің суыт жүрісі «102» телефонына жылаңқы дауыспен көмек сұраған қыз қоңырауынан кейінгі көрініс еді. – Она умерла, она умерла… Қабанбай 12. Менің қатысым жоқ, она умерлааа! * * * Телефонның арғы жағынан тіл қатып тұрған Аяулым еді. Жылай-жылай дауысы қарлығып, есінен айырылатындай мазасызданады. Күні бойы жұмыста болған ол, кештетіп үйге келген екен. Әдетте қара құлып салынатын есік айқара ашық. «Лаура, үйдесің бе? Лаука, қайдасың?» – деп еді, ешкім қарсы жауап қатпады. Кезек-кезек бөлмелерді кезіп шықты, ешкім жоқ. Үй төрінде тұрған жуыну бөлмесіне жақындады. Ағып тұрған кран суының дауысын естіп, «Ой, сен осында екеңсің ғой, неге үндемейсің?» – деп бөлмеге енді. – Ой, Лаука, мұның не? Лаука… Жылай берді, көз алдында тыр жалаңаш жатқан Лаура. Нақтырақ айтқанда, өлі денесі су толтырылған ваннада жатыр. Қардай аппақ тәні қанқызыл су астында ағараңдайды, көкпеңбек. Қос анарындағы үрпісіне дейін түссіз. Көзі аларған күйде кете барған. Жедел топ жетті. Жалғыз куәгер де, күдікті де – Аяулым. Шошытып алмайын деді ме, қос тергеуші кезегімен, үзіп-үзіп сауал қойды. Аяулым өксіп тұрып білгенін баяндап берді. Бар айтқаны сол, жұмыстан келсе сұлап жатыр. Лаурада жанжалдасу, біреулермен жауласу деген болмаған. «Әзірше өз-өзіне қол жұмсау деп тіркейік, терең іс секілді», – деді Хамит. Асан да үндемей басын шұлғыды. Бұл екеуі академияны кеше бітірген жас тергеушілер еді. Шылым шегіп тұрып, біраз ақылдасқан болды. «Жарайды кеттік, шефке барайық. Қалғанын өзі айтады», – деп мақұлдасты. * * * Лаураның көңіл-күйі де сырдың желіндей, бірде қылт, бірде сылт. Жылауы да, күлуі де тез болатын. Алайда, адам баласының көңілін табуға келгенде тым шебер. Сонысымен ақылды, табыскер. Мансап жолы да соңғы жылдары өрге домалаған. Көрген адам мойнын бұрмай өте алмайтындай сұлу. Күн көрмеген ақ денесі, қиылған көзі, сұңғақ бойы, төгілген шашы, үзілердей жіңішке белі, кең жамбасы, оқтаудай түзу аяғы еркек біткенді масайратпай тұрмайды. Жолында талай жігіт жорғалаған. Оны жақсы түсінетін бұл да, оларды талай керегіне жаратқан. Қалаға алғаш келген ауыл қызын үлкен орта аса қонақжайлылықпен қарсы алмады. Бірінші курстан-ақ оқудан шығып қалды. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші, бұны да құртқан сұлулығы. Көрсеқызар бір оқытушы қызға тиіскен, Лаура көне қоймаған. Басшылыққа болған оқиғаны бүкпей баяндап бергенімен, әлгілердің ым-жымы бір болып шықты. Содан, «Қалауыма жығылмайды екенсің, көресіңді көрсетемін» деген әлгі ағайы ізіне түсіп алды. Ақыры оқудан шығарып тынды. Бұл Лаураның үлкен өмірдегі алғашқы ащы сабағы еді. Содан елге қайтуға намыстанды. Ауылдағы ата-анасы, «Қызым оқуда, білікті маман болады» деп тілеуін тілеп отыр. Өзі де, «Неде болса осында күнелту керек. Шегінуге болмайды!» деген шешімге келген. Содан бері осы ұстаныммен баспаған тауы, бармаған бауы қалмады. Бір күн тоқ ұйықтаса, үш күн аш жүреді. Басынан сыйпайтын бір мұсылман табылмады. Еден жуды, ыдыс тасыды, даяшы да болды, базар кезді, жұмыс таппаған сәттерде көшеде көлік жуып, керек десеңіз жүк тасыды. Құдай да сорлыны қашанғы сынасын. Әлеуметтік желі беттеріне жарыса жазылған бір жарнама қыздың өмірін түбегейлі өзгертті. Айтуларынша, оңай әрі демде дәулетті болуға шақырады-мыс. Көп ойланбай телефондады. – Алло, жұмыс бойынша хабарласып тұр едім. Кіммен сөйлесіп тұрмын? – Иә, болашақ миллионер, сізді тыңдап тұрмын… Бұл қоңыраудан кейін желідегілер жүздесуге уағдаласты. Телефонмен тілдескен кісі Лаураға бәрін түсіндіріп беруге уәде етті. Айтуынша, командамен жұмыс істейді екен. Топқа адам тарту керектігін де айтты. * * * Арада бес жыл өтті. Баяғы жоқшылық емес Лаура қазір іскер әйелге айналды. Төрт құбыласы түгел, ұйықтаса түсінде көрмейтін кең үй, су жаңа көлік, ай сайынғы шетелдерге жасалатын саяхат дегеніңіз үйреншікті тіршіліктің бір бөлігі ғана болып қалған. Досы да, жолдасы да көп жанында. Қам көңілдің бір кемшілігі – ауылға ат ізін салмағалы көп болды. Ата-анасымен арасында ғана телефонмен сөйлеседі. Сондағысы бұл байлықтың бәрі қайдан келіп жатқанын түсіндіруге қиналады. «Пирамида арқылы ақша табамын, жұртты алдап күн көріп жүрмін» десе, ауылдағылар бұны оңдырмайтынын жақсы біледі. Адалынан жеген астың тәтті болатынын әр кез айтып отыратын ауыл қазақтарының бұған көңілі көнши қоюы екіталай. Сондықтан, ағайыннан ауылын алыс тіккісі келеді де тұрады. Жақында жалғыздықтан жалықты ма, Аяулым деген қызды үйіне бірге тұруға алды. Бұл сыртта болғанда, үй шаруасын пысықтап қояды. Лаураға осының өзі жетіп жатыр. «Сен үйді жинап, ара-тұра тамақ әзірлеп тұрсаң болды. Ештеңе төлемей-ақ қой», – деді. Аяулымға да сол керек еді. Бұрынғы бойжеткен қазір мүлде толысқан. Жас күніндегі сұлулық күшеймесе, азайған жоқ. Әліге дейін жасын да, кәрісін де көз қиғымен-ақ құлатады. Еркек кіндіктіге зәру емес. Қазір қасында жанына жаққан екеу бар. Біріншісі – Шолақ, қала базарларының иесі. Екіншісі – Марлен, әкесі прокурор. Жай прокурор емес, баласы үшін бәріне даяр басшы. Лаураның бұл екеуімен де ғашық болып, есі кеткендіктен жүрмегені белгілі. Өзі сөзінде, «Ай, сұлу әйелді сүю үшін оның каприздарын көтере алатындай болуың керек. Ондай болмаса сүюге қақың жоқ», – деп, қарқылдап күледі. Әлгі екеуінің де Лаураны сүйетіні шамалы. Құшқанды, тек нәпсі қалауын тояттандырғанды тәуір көреді. Қызық болғанда Шолақ жас ашынасын кеше түні Марленмен іс үстінен ұстады. Жас жігіт ауыздығымен алысқан айғырша енді бас сала бергенде, кілт көзшесі кері бұралды. Аналарынан жаңа туылғандай жалаңаш екеуді көрген Шолақтың зығырданы қайнады. Бірақ амал аздау, аямайын десе ашынасы, қоя салайын десе қалағаны арамза болып шықты. Марленге де мәу дей қоятын шамасы жоқ. Өзін де, әкесін де жақсы таниды. Жұмыс жайымен талай жолығатынын біледі. Марлен десе бауыр етін бөліп беруге даяр прокурор баласының бір тал шашы түссе базарымен қосып итжеккенге айдатып жіберетінін де бұл жақсы біледі. Не керек, «Ай, қап! Салдақы» деп жүріп сабырға әрең келді. * * * – Тәк, айтыңдар, не болған дейді? – Жолдас бастық, кеше түнде қыз өлімі орын алды. Тырдай жалаңаш ваннада жатыр. Ешқандай зорлық белгісі жоқ. Ақ денесі деген «оууу» ғой. Фигура деп соны айт. Біздің қыздардыкі жай… Қайттан тірілетіндей болса қалағанын берер едім. Асанның аңғалдықпен айтқаны бастығының шамына тиді. – Ей, тоқтат мына порнографияңды. Мен сенен істі сұрап тұрмын. Не істеп жатсыңдар? – деді басшысы. Әрі қарай әңгімеге Хамит араласты. – Шеф, қазір ақпарат жинап жатырмыз. Марқұмның есімі – Лаура. Өз үйінде өлі табылған. Соңғы уақытта кіммен араласқанын зерттеп жатырмыз. Әзірше бірге тұратын Аяулым есімді қыз бар. Прокуратурадағы Жәкеңнің баласымен, сосын базар иесімен тығыз қарым-қатынаста болған дейді. – Оқи ма? Жұмыс істей ме? – Қаржы пирамидаларының бірінде екен. Ол жақтағылар, «Қызда бәрі жақсы еді» дейді. – Ана кемпір жайлы айтсай, – деп әңгімеге Асан араласты. Хамит: – Иә, олар бір кемпір жайлы айтты. Жақында кеңселеріне жылап-еңіреп бір кейуана келген екен. «Қызым, құлың болайын, баламның ақшасын қайтаршы. Бұл көгергірге оқуыңды төле деп қорамдағы соңғы сиырды бұзауынан айырып, сатып беріп едім. Бұл болса саған беріпті. Тағы бір-екі ағайыннан қарыз алған ба? Олар қарызды қайтар деп мазамызды алуда, ауылға жүзімізді көрсетуден қалдық. Оқуынан ол шығып қалды. Сен де ана шығарсың, аналық ақ пейілімді берейін, қайтаршы ақшасын. Қарызын қайтарып, жалғызымның басын арашалап алайын» деп аяғына жығылған көрінеді. – Тәк, бұл не деген? – Шімірікпестен есікті нұсқапты. – Ай, оңбаған! Сонымен? – Әлгі бала ақшасын ала алмағандықтан бірдеңе ойластырды ма дейміз. Асан әңгімеге тағы араласып: – Бірақ, бір де бір ұру, соғу белгілері жоқ, – деді. Үшеудің кіші жиналысы осылай аяқталды. Әзірше күдікке қаржы пирамидасының құрбаны болған студент және Аяулым ілікті. «Асан, сен былай қыл. Әлгі студент баланы мамасымен қосып осында алдыр. Болған оқиғаға қатысты жазбаша түсініктеме аламыз. Аяулымда Лаураны өлтіретіндей себеп жоқ. Тегін үй, дайын ас кімге болса да керек», – деді Хамит. Ертеңгілік бөлімшеге студент пен шешесі келді. Зар илеген анасының даусы бүкіл бөлімшедегілерді тік тұрғызды. Баласының қарызы бүйірінен қысып, ішкені ірің, жегені желім болған ананың зары түсінікті. Енді жалғыз ұлын тергеуге шақырып тұр. Адам өліміне қатысты түсініктеме бересіз дегенде тіпті төбе шашы тік тұрды. – Апашка, қызда нең бар? Ақымақ балаңды тәрбиелеу керек еді. Анау өлді де қалды. Убийство үшін қанша жыл екенін білесің бе? Айт, кім істеді, қалай істеді? – деді Асан. Мұның бұл ісі кәдуілгі тергеушінің сұрағы еді. Бәрін көзбен көріп, біліп тұрғандай төтелеп келіп қойғанда талай қандықол өз қылмысын мойындаған еді. Ал апасы әлгі сұрақтан кейін екі рет талып тұрды. Айтуынша, қызды сол жолыққаннан кейін көрмепті. Шарасыз ана тіпті: «Бір малым бар, соны қораларыңа байлап кетемін. Құлынымды құтқарыңдаршы», – деп тергеушілердің аяғына жығылды. Сондағы малым дегені әлгі сатқан сиырдың жетім бұзауы. Студент мардымды ештеңе айтпады. Екеуін үйіне қайтарған қос тергеуші «Анасына обал болды, мына баласы таза меңіреудің өзі. Аты-жөнін сауатты жазсашы. Бұл адам өлтірмек түгілі, өз басын зорға алып жүрген біреу», – деді түңіліп. Келесі күні жауапқа Марлен тартылды. Жасы жиырма бестердегі жігіт әлі күнге дейін бір істі де ата-ана көмегінсіз бітірмейтін көрінеді. Бөлімшеге шешесін ертіп келіпті. Прокурордың әйелі болу оңай ма? Әлгінің анасы есіктен енгеннен «Сендер менің күйеуімнің кім екенін білесіңдер ме?», – деп айқайлай аяқ басты. Арасында «балам, уайымдама! Әкең бәрін реттейді» деп қояды. Бұл сөз тергеушілерге ұнап қалды. «Мәселені шешу үшін сол мәселеге ұлының қатысы болу керек қой, бір бәле шықса осыдан шығады», – деді бір-біріне. Асан әдетінше: – Марлен, айтшы. Лаураны қатты жақсы көрдің ғой, – деді. – Лаура деген кім? – деп осы арада шешесі киліге кетті. – Сіздің ұлыңыз Лаура деген қызбен жүрген. Өзі сұлу. Бірақ, ол қыз Марленнен бөлек тағы бір азаматпен көңіл қосқан. Көршілерінің айтуынша, жақында Марлен мен жаңағы азамат кездесіп қалып, өзара келіспеушілік туындаған секілді. Сосын сіздің ұлыңыз Лаураны қызғанып осындай ауыр қылмысқа барған… Ал енді Марлен, сен айт, қалай өлтірдің? Анасының тым күйбелектенгені, әлгі, «Әкең бәрін шешеді» деген сөзі Хамиттің көңіліне күдік ұялатты. Әдетте бұл секілді ақшаға құныққандардың ессіздігі көп болады. Әкесінің облыс прокуроры екенін пұлдап, ойына келгенін жасаған шығар деген күдік мазалайды. Мәселе бойлаған сайын ушығып барады. Мұндайда екеуі шылым тарту бөлмесіне аяңдайды. Әңгімені Хамит бастады. – Әкеңңң, қайдан тергеуші боламын дедім. Енді өлім неден болды деп, кім көрінгеннің төсегін көтереміз бе? – Бауырым, маған сенші. Қылмыскер Марлен деймін. Академияда мұндайлармен бірге оқығанмын. Әкесі шенеунік, кез келген қуыстан суырып алады. Бұлар соған үйренген. Сондықтан ойланбай қалағанын істейді. – Асан, қойшы болды. Өткендегің анау, «Қыздың фигурасы андай, мына жері мындай» деп бастықтың алдында жер қылдың. Бүйте берсек шеф бізге маңызды істерді тапсырмайды. Жүресің ит-мысықтың ұрлығын зерттеп. – Шын айтамын. Марленді ұстап әкеп, подвалға бір түсіріп алайық. Кішкене таяқтың дәмін татқызайық, сайрайды. Білем ғой бұндайларды. – Асықпа, әлі жауап алатын адамдар бар. Әлгі базар басшысынан сөз суыртпақтап көрейік. Өзі қылмысқа қатысты болмаса да, маңызды бірдеңе айтып қалар. Ертесі азанмен қыз денесіне жасалған сараптама қорытындысы қолға тиді. Бас тығы үшеуі отырып талқылады. Айта қоятындай өлімге қатысты ештеңе жоқ. Тіпті, ажалы неден келгенін де таба алмаған. Бар білгендері Лаураның аяғы ауыр екен. Мәселе тіпті ушықты, бала кімнен? Оқиғаға тағы біреу араласуы мүмкін бе? Сан сауалдан үшеуінің де мазасы қашты. Аңғал Асан жазғанынан жаңылмай, ойсыздықпен тағы да сандырақтады. – Былай болған. Бала базарскийдікі. Ашынасының бойына бала біткенін білген ол, кері шегінерге жол жоқ екенін жақсы түсінген. Сосын ойнасынан айырылмаудың амалымен оқиғаны айна-қатесіз бәйбішесіне баяндаған. Әрі өзінің де сұлу тоқал сүюге аңсары ауған. – Тәк, Асан, созбақтамай турасын айтшы. Не тоқал, не бәйбіше? Не айтып кеттің? – Шеф, мәселе осы тоқал мен бәйбіше арасында болып тұрған жоқ па? Базар иесі ауқатты адам, ертең тоқалы туса, дүниені бөлісетіндер көбейеді. Ал, ол бәйбішесіне керек пе? – Шынымен?! – Иә, бәйбішесі – қылмыскер. Дүниеқоңызданып Лаураны өлтірткен сол. Киллерге тапсырыс беру түк емес. – Ммм… Өлім сәті қалай келгенін сараптама да анықтай алмай тұрған кезде киллер деген сөз бұларға майдай жақты. Іздің шеті көріне бастағандай. Әңгімеге біраздан араласпай, тек тыңдап қана отырған Хамит кірісті: – Иә, бұны істеген кәсіби киллер болуы мүмкін. Қыз жалаңаш жатса да зорлық көрмеген. Көшеден кезіккен, біреу болса, нәпсіге ерік берер еді. Алдында тұрған сұлу қызды құшудан кім бас тартсын. Қылмыскер артын тазалауға жақсылап кіріскен. Мұндай шаруа әккі киллердің қолынан ғана келеді, – деді. Хамиттің сөзін құптай кеткен Асан, «Так точно, мен болсам да солай жасаймын. Тіпті, өлі денесінің өзін көріп ойым кетті. Тірі кезінде құшқандар қандай бақытты», – деді. Диалог дүниәуи бағытта өрбіп кеткеннен кейін бастығы шарт тыйды. – Жетер, ойынға айналдырғанды қойыңдар? Тәк, Асан, сен сенімдісің бе? Ертең нақақтан-нақақ біреуге күйе жаққандай болмайық. Біреудің тағдырымен ойнауға болмайды. – Шеф, анық белгісіз. Бірақ күдігіміз соған саяды. – Дегенмен, айтқаның ойға қонымды. Ертең базар басшысын шақыртыңдар. Сөзін бағыңдар, аузынан әйелі жайлы сөз шықсын. Соның негізінде әйелімен де сөйлесіп көріңдер, – деді тергеу бастығы. Ел арасында «Шолақ» атанып кеткен егде жастағы кісі бөлімшеге ертесі келді. Бір қолының білек тұстан жоқ екенін көрген жұрт «Шолақ» атап кеткен. Күнкөрістің қамымен жүрген ол кезінде құрылыс алаңында қолынан айырылған. Шын есімі – Сенім. – Сенім мырза, бірнеше сұрағым бар, жауап берсеңіз, боссыз, – деді Хамит. Көпті көрген Шолақтың алдында Асан тағы бірдеңелерді сандырақтап айтып қояр деген оймен бұл жолы оны тергеуге қатыстырмады. Өзіне жолданған сауалға қатысты Шолақ: – Не үшін мұнда шақырғаныңды түсінемін. Менен күдіктенесің ғой. Лаура марқұм өз-өзіне қол салған ба? – деді. – Мәселе қым-қуыт, бұлыңғыр. Өз-өзіне қол салды деуге толық негіз жоқ. Сараптама нәтижесі де санаға сыятын көп дүние айтып отырған жоқ. – Несін жасырайын, Аллаға да, адамға да Лаура екеуміздің жағдайымыз аян. Жақсы араластық, кейіннен прокурордың боқмұрынымен ұстап алғаным болмаса, арамызда кикілжің болмады. Екеуміз де өз керегімізді алдық. Әңгімені әрі қарай төте сұрақпен жалғауды жөн көрген Хамит басшысы айтқандай әйелі жайлы сұрауға кірісті. Тігісін жатқыза сөйлеп: – Әйеліңізге көңіліңіз толмады ма? Неге жас қызға әуес болдыңыз? – деді. – Лаураны танитын адамдар оның мақсатқа жету үшін бәріне даяр екенін біледі. Іскерлігі тағы бар. Менен бутик сұрады. Таныстық солай басталды. Оған кәсіп, маған қызық керек. Жарасып кеттік, – деді базар басшысы. Одан кейінгі сұрақтар тергеу ісінің тәртібі бойынша, «Ол кезде қайда болдыңыз?», «Лаураның үйінде болмағаныңызды дәлелдейтін куәгерлер немесе факт бар ма?» деген секілді үйреншікті сауалға жалғасты. Оқиға Асан айтқан кинодағыдай өрбімеген секілді. «Шал шынын айтып отыр. Оған Лаураны өлтіруге немесе өлтіртуге себеп жоқ. Екеуі де бір-біріне қажет болған. Марлен Шолаққа себеп емес. Бозбаладан қызғанып, кісі өлтіретіндей бұның да басы екеу емес», – деді Хамит. Араға күн салып бұл екеуі басқаша амалдап көрді. Марленге Шолақты, Шолаққа бозбаланы жамандады. «Сізге қарсы дәйек беріп отыр, оның айтуынша сіз өлтірген екенсіз. Лаура сізбен арақатынасыңыз дұрыс еместігін, қатты қорқып жүргенін айтыпты» деп, бір-біріне айдап салды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дейді ғой. Дейтұрғанмен, бұл амал да нәтиже көрсетпеді. Қыз өліміне қатысты суыт хабар ауылдағы әке-шешесіне де жеткен. Шешесі қызының қазасын естігенде есінен айырылып, ауруханаға түскен. Әліге дейін толық өзіне келе алмаған көрінеді. Кейде бәрін ұмытып қалып, «Лаурам хабарласып тұр ма?» деп қал-жағдайын білуге барғандардан сұрайды екен. Әкесі де өлі мен тірінің арасында күн кешіп жүр. Естіген күннің ертесіне-ақ қалаға тартып тұрған. Күнде тергеу бөлімшесіне келіп Хамит пен Асаннан мән-жайды сұрайды. Тергеушілерге: – Айналайындар-ай! Ең құрығанда марқұм қызымның сүйегін беріңдерші. Ауылына, туған топырағына апарып арулап көмейін. Әруағын сыйлаңдаршы. Қор болдың-ау, қарғам… – дейді.

– Көке, сабыр етіңіз. Әділеттілікке қол жеткіземіз. Қылмыскер жазасын алмай қоймайды. – Ой, қайдағы әділет. Ақымақ басым-ай, «Папа, қалаға оқуға барамын. Жұмыс істеймін. Кейін бәріміз сонда тұрамыз» дегеніне сеніп жүргенде, ауылыма сүйегін сүйретіп қайтпақпын ба? – деген әке маңдайын қос қолымен ұрғылайды. Хамит пен Асан үшін тергеу ісін жүргізумен қатар қан жұтқан әкесін жұбату да қосымша жұмыс болып алды. Апта басында екеуін басшылары тағы жинады. Басшының қатулы қабағынан бір келеңсіз жағдай болғанын байқау қиын емес. Мұртына дейін тікірейіп кеткен, ашулы. – Тәк, енді ештеңе таппасаңдар, істі өз-өзіне қол салды деп жабыңдар. Қазір оқиға журналистер құлағына жеткен. Микрофонын асынған біреуі бастыққа барыпты. Сұрақтың астына алған көрінеді. Маған айтпағаны қалмады, іс қозғалыссыз тұра берсе, бәрімізге басқа жұмыс іздеуге тура келеді – деді. Асанға бұл ұнағанымен, Хамит қарсылық білдірді: – Басеке, қалай жабамыз? Өзіне қол салатындай бір тамшы қан жоқ, асқазаны таза. Басқа да белгілер жоқ. – Хамит, қысқарт! Осыдан кейін екеуі амалсыздан бастығының айтқанына көнген. Сол күні екеуіне де демалыс берді. Жұмбақ өлімнің жылы жабылатынына Хамиттің көңілі толмады. – Жақсы Асан, ертең жолығармыз. Бүгінше мен демаламын. Үйде боламын, біраз өз-өзіме келіп алмасам. Қажытты мынауың. – Бітті, бітті. Келістік, ертең телефонды көтермей қойма, – деді Асан. «Қылжақтық қаныңа сіңіп кеткен ғой», – деп Хамит та қоштасты. Жүрегі әлденені сезгендей, тілі «қан» деп қалғанда денесінен тоқ өткендей болды. Алайда ол кезде шешімнің бір ұшы шығып тұрғанын Хамит білмеген еді. Аяңдап, үйіне барды. Салқын ванна қабылдап, түскі ас ішті. Артынша баяғы әдетімен теледидар алдына жайғасты. Ол қолы босай қалса корей режиссерлары таспалаған детектив киноларды қарағанды жақсы көретін. Бұл жолы дәрі егу арқылы адамды жұмбақ өлімге ұшырату туралы айтып жатыр екен. Кәріс криминалисі жәбірленушінің денесін бір апта өткеннен кейін ғана тексеруге кеңес беруде. Себебі, организм жұмысын тоқтатқаннан кейін көп өзгеріс болады-мыс. Көзге көрінбейтін кіші жарақат орындары уақыт өте келе ұлғайып, байқалады екен. Оны өзінің практикасынан айтып жатыр. «Инемен егілген жерлерді көру мүмкін емес. Ал қайтыс болғанына бір жеті өткеннен кейін олардың орнын көру қиындық тудырмайды. Екпе орны ұлғайып, көгеріңкіреп тұрады», – дегенді естігенде ол есеңгіреп қалды. Мұздай тер бұрқ ете қалды. «Рас, мүмкін солай шығар» деген ой келді. Көлігіне отырған кезде сағат сегіз боп қалған. Бүгін бару керек, әйтпесе ертеңгілік марқұмның денесі жақындарына беріледі. Одан кейін кеш болмақ. Іс тоқтатылды деген хабар мәйітханаға жетпеген болу керек. Қызметтік куәлігін көрсетіп, кезекшіден кіруге рұқсат алды. Жалаңаш қыздың денесін толық қарап шықты. Әлгі кәріс айтқандай белгі жоқ. Үміті таусылып, тауы шағылды. Кенет көзі қыздың құлақ тұсына түсті. Әдетте адам құлағының сыртқы беті көзге көрінеді, ал арты көлеңке бетте қалады. Әрі қыз баланың шашы жауып тұрады ғой. – Иә, бар! Мынау иненің орны ғой, – деп сәлден соң айқайлап, мәйітхананы басына көтерді. Қылмыскерді анықтағандай қуанды. Бірақ бұл екпе орны өлімге әкелді деуге себеп жоқ. Енді істі қайта көтерту үшін бастығын көндіру керек. Кеш қарайғанына қарамастан, тергеу басшысының үйіне тартып отырды. Мән-жайды түсіндіріп, істі қайта қолға алуға рұқсат сұрады. Алып-ұшып, жүрегін қолына ұстап барған мұны бастығы аса жақсы қабылдаған жоқ. «Жарайды Хамит, істі зерттеу уақытын создырармыз. Алайда, қайдағы бір кинода көргеніңе сеніп, босқа әуреге салсаң оңдырмаймын. Әрі саған бұйрығыма бағынбай мәйітті өз бетіңмен, криминалиссіз қарағаның үшін жазбаша сөгіс беремін», – деп шығарып салды. Бастықтан сөгіс алғанына балаша қуанған Хамит қана шығар. Ең бастысы рұқсат бар, енді денені қайта зерттеуге жіберу керек. Өзі әлгі ине орны өлімнің басты себепкері екеніне сенеді. * * * Хамиттің қызметі жоғарылады. Оның Лаураның өліміне қатысты зерттеуі туралы әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Тап бір бүгінгінің батыры ма дерсіз. Ал, бей-жайлығы үшін, яки кәсіби біліктілігі төмен деген себеппен сараптама жасаған мамандар жұмыстан кетті. Бірақ, қылмыс ашылғанымен, қылмыскер табылмады. Әлі іздестіруде. * * * Медицина сараптамасы шықты. Анықтамада «1995 жылы туған, «Қ» қаласының тұрғыны Лаураның құлақ тұсында әлде бір кіші жарақат орны анықталды. Көрсетілген аймақты зерттеу арқылы құлағының артына екпе егілгені белгілі болды. Екпе қан құрамындағы эритроциттер мөлшерін көбейтуге себеп болған. Салдарынан қаны қоюланған. Екпенің құлақтың артына егілуі де жай сәйкестік емес. Бұл тұста ми қызметіне қатысты майда қан тамырлары бар. Қан қоюланғаннан кейін кіші тамырлар мен капиллярларға ену мүмкін болмай қалады. Сол себепті мида оттегі жетіспеушілігі туындайды. Ми жұмысы бұзылғаннан кейін қалған ағза да әрекетін тоқтатып, өлімді жақындатады», – делінген. Осы негізде қала дәріханаларында атаулы дәрілік затты жақын уақыттарда сатып алған 153 адам анықталып, барлығынан түсініктеме алынды. Алайда қылмыскер табылмады… Өлімнің өзі болғанымен, ізі жоқ.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...