Мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі — халыққа сапалы қызмет көрсетіп, мүддесін қорғау, қажетті игіліктермен қанағаттандыру. Еліміздің сот жүйесі мемлекеттік биліктің бір тармағы болғандықтан осы ұстанымдардан алшақ болмауы тиіс. Яғни сот жүйесіндегі кез-келген реформалардың басында халықтың мүддесі тұрады. Сот жүйесінде қолға алынған бастамалардың, жаңа жобалардың, соны өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз, сапалы қорғауға, қолжетімді қызмет көрсетуге бағытталған. Ал ол өз кезегінде соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Осы үдеден шығу жолында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 20 желтоқсандағы ҚР Заңымен Азаматтық процестік кодексіне (АПК) «эксаумақтық соттылық» ұғымы енгізілді.
Соттылық дегеніміз – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу. Өзінің келісімінсіз ешкімге ол үшін заңда көзделген соттылық өзгертілмейді.
АПК-нің 32-бабына сәйкес тараптар өзара келісім бойынша іс үшін эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Тараптардың мұндай таңдауы — оларға өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерту, эксаумақтық соттылықты таңдау құқығын береді. Соттың тараптардың орналасқан жерінен қашықтығы ешқандай қиындық туғызбайды, өйткені олар бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимде процеске қатыса алады.
Жалпы алғанда эксаумақтық соттылықты қолдану – тараптардың міндеті емес, құқығы. Судья азаматтық іс қозғағаннан кейін оны сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарған кезде онда тараптардың эксаумақтық соттылықты қолдану мүмкіндігін түсіндіреді. Ал тараптар болса өз құқықтарын пайдалана отырып, істі аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы өтінішхат келтіре алады. Бұл өзгеріс өз кезегінде азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға, артық әуреден құтылуына көмектеседі.
Сонымен қатар тараптар арасындағы артық күмәнді сейілтетіні тағы бар. Себебі талап қоюшы Алматы қаласында, жауапкер Қызылорда қаласында орналасса, талап қою бойынша азаматтық істі Қызылорда қаласындағы соттардың бірінде қаралып, шешім жауапкер пайдасына шықты делік. Бұл жерде соттың шешімі заңды болғанның өзінде талап қоюшы күмәнмен қарауы заңдылық. Осындай келеңсіз жайттарды болдырмас үшін тараптар өзара келісіп, істі қарау үшін басқа облыстағы сотты таңдайды деген сөз. Бұл тетік өз кезегінде тиімді нәтижесін беріп те келеді.
2022 жылғы 1 тамызынан бастап жұмыс жасап келе жатырғанын соттылықтың аталған түрімен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 36 іс түсіп, оның 32-і қаралып, 29 іспен шешім қабылданған.
Айнұр Әбілқайысқызы Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы