Сот шешімі – судья жұмысының ең түпкі нәтижесі. Шешім шығарғанға дейін судья істің ақ-қарасын анықтап, тараптарды теңдей сөйлетіп, дәлелдер мен куәгерлер сөзін сараптап, заңнамаларды електен өткізіп өз түйінін жасайды. Сот шешімінің екі тараптың бірдей көңілінен шығуы екіталай. Өйткені, қай тарап болсын, соттан жеңіп, ұпайының түгел болып қайтқанын қалайды.
Ал жеңілген тарап та заңның мәнін түсініп, сот шешімінің негізділігіне көңілі толуы үшін судья өз шешімінің заңдылығын түсіндіріп, қос тараптың да ойында күмән қалдырмайтындай кесімді сөзін айтуы шарт. Бұл судьяны халыққа жақындатудың, сенімді нығайтудың тетігі. Осыған орай 2018 жылдың 15 қаңтарынан бастап сот шешімін түсіндіру бойынша республика көлемінде пилоттық жоба қолға алынған болатын. Осы пилоттық жобаға сүйене отырып судьялар өзінің шығарған сот шешімін үкімін, қаулысын жариялап қана қоймай, азаматтарға оны түсіндіруді қолға алды.
Пилоттық жоба алғашқы кездің өзінде оң нәтиже көрсетті. Белгіленген уақытта соттардың жұмысын қорытындылаған кезде тшешім бойынша түсіндіру шараларын жүргізудің арқасында жоғары сатыларға шағым жазу азайғаны анықталған. Бұл Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған шараның дұрыстығын, халық үшін пайдалы екенін көрсетті. Соған орай, «Сот шешімі»
туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы 7-тармақ, төртінші абзацпен толықтырылып, «Жарияланғаннан кейін судья қабылданған шешімнің мәнін, уәждері мен құқықтық салдарларын ауызша түсіндіреді, ол туралы сот отырысының хаттамасында белгі жасалады» деген өзгеріс енгізілді. Міне осы уақыттан бері қазылар өзінің шығарған сот актісін тараптарға ұғынықты, қарапайым тілмен түсіндіріп қоймай, азаматтар тарапынан туындаған сұрақтарға жан-жақты, тыңғылықты жауап беруді де жақсы дәстүрге айналдырды.
Сот шешімін түсіндіру халқымыздың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған. Бұл қадам сонымен бірге жеңіліп қалған тарапқа психологиялық жәрдем көрсетуде де ықпалды тетік екенін мойындауымыз керек. Себебі, қарапайым халық заңды білмеген соң, өз әрекетін дұрыс деп, сотқа реніш білдіріп жатады. Ал сот қабылдаған шешімнің мәнін, мағынасын, салдарын, заңды күшін, орындау міндеттілігін, әр істің санаттылығына байланысты нақты түсіндіргенде тараптардың сотқа, судьяға да реніші болмайды.
Г.Бейсенова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы