Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексі бойынша жеке адамның әкiмшiлiк жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасалған) iс-әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы iс-әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
Жеке адам тек кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылықта болуға тиiс. Жеке адамның кiнәсiздiктен келтiрген залалы үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға жол берiлмейдi.
Қасақана немесе абайсыз әрекет жасаған жеке адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауда кiнәлi деп танылады.
Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iс қаралғанда ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге, егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашының қызметiн пайдалануға; iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс жөнiндегi қаулыға шағымдануға, одан үзiндi алуға және iстегi құжаттардың көшiрмелерiн түсiрiп алуға, сондай-ақ өзiне ӘҚБтҚРК-те берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қатысуымен қаралады.
Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.
Он сегiз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ шетелдiкті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жiберу немесе адамға берiлген арнайы құқықтан (көлiк құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түрiндегi әкiмшiлiк жазаға әкеп соғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның қатысуы мiндеттi.
Құқық бұзушыны ӘҚБтҚРК-нің 744-бабына сәйкес iс жүргiзуiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жатқан әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстi қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамды мәжбүрлеп алып келу iске асырылуы мүмкiн. Алып келу туралы сот ұйғарымын сот приставы немесе iшкi iстер органдары; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын iшкi iстер органдары (полиция) орындайды.
Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайларын қарау кезiнде шығарыла тұруы мүмкiн.
Әрбiр адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделердi қорғау үшiн азаматтық ic жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы. Мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар немесе азаматтар заңда көзделген жағдайларда өзге адамдардың белгiсiз бiр тобының құқықтарын жене заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз бере алады.
Қарағанды қаласы
Октябрь аудандық сотының төрағасы
Д. Мақсұтов