12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ХАЙУАНДАР

Ауылдан асығыс шыққан бесеуді кедір-бұдыр жерге келгенде қайта-қайта шайқап, бір-бірімен иықтарын қағыстырған ескі УАЗИК тақтайдай тегіс жолға түсісімен қолтығын жазып, жылдамдығын үдете түскен. Өткен ғасырдың алғашқы жылында Николай патшаның пәрменімен басталып төрт жылда аяқталған Орынбор-Ташкент шойын жолы осы А. ауылының үстін басып өтеді. Қадым заманнан стансаның да, ауылдың да аты сол қалпында. Бұл тұстан өтетін Сырдария өзенінің Қызылорда шаһарынан 70 шақырымдай жерден бұрылып жыландай ирелеңдеп ағатын арнасы – Қараөзек, ол Жосалыға жеткен соң Сырға қайта құйылады. Сондықтан бұл өңір шаруаға қолайлы қоныс. Кеңес Одағы кезінде мұнда қой шаруашылығы кеңінен дамыды, тасы өрге домалап, өркендеді. Жұмыссыз жүрген жан болған жоқ. Қарақұм қойнауына құт-береке орнады. Сайын даланың төсі мыңғырған төрт түлік малға толды. Дәуірі жүрді. Адамдары да ақкөңіл, кішіпейіл жандар еді. Бейнет көрсе де денсаулықтары жақсы, қимылдары ширақ болатын. Кеңес Одағы ыдыраған соң елден береке қашты. Жұрт табан астында өзгеріп шыға келді. Обал мен сауап ұмытылды… Түнімен есепсіз ішілген арақтан басы зеңіп, сынып келе жатқан ауылдастар енді бір-бір сигаретті езуіне қыстырған. Шырт етіп жанған оттықтардан шыққан жалын темекінің басын қып-қызыл шоққа айналдырып, леппен бірге ішке тартылған түтін іле-шала отырғандарды рахатқа бөлеп, танаулардан бұрқырап шыққан. – Басым сынып барады, – деді бұжыр мұрын Серікбай бұлармен қанша қапталдасқанымен, өкпесі өшіп қалып бара жатқан жол бойындағы бағандарға қарап отырып. Бұл сөзді не үшін айтқанын өзі де түсінген жоқ. Тек Серікбай емес, қою түтінді қомағайлана жұтқандардың бәрінің де ындындарын құртып отырған сол жүз грамм арақ еді. Апырай, адамды өзіне табындырып қойған бұл қандай тажал ә. Бесеудің біреуі – үрпек бас Арман қолына ғайыптан біреу қырлы стаканға шүпілдетіле құйылған ішімдікті ұсынып жатқан адамдай ернін жалап қойды. – Тауарға қарап қойыңдар, – деді рульде отырған шикіл сары темекі тұтатып жатып. – Бәріңнің де тағдырың сол заттың өтуіне байланысты. Көліктің қапталындағы орындыққа құйрық басқандар шынымен түсіп қалмады ма екен дегендей сырты кенеп қаппен оралып, сыммен буылған Жигулидің моторына қарап қойды. Бұлар Жосалыдан шығар кезде батыс жақ түнеріп, қар қыламықтанып тұр еді, енді сырғытпа боран басталып, маңай әп-сәтте ақ түтекке айналып шыға келген. Ескі көліктің саңылауларынан сумаңдап ішке кіре бастаған ызғар да бойды қалтырата бастаған. – Әй, шопыр бала пешіңді қоссаңшы, – деді Серікбай алақанын ысқылап. Өз ойымен өзі әлек болып отырған, күнге көңнен қатырған сабадай пошымды жүргізуші оны естіді ме, жоқ па, қырау басқан терезелердің тесігінен уілдеген қара суық барған сайын күшейіп бара жатқан сияқты. Тас жолдың сол жақ қапталында қобызын боздатып, Қорқыттың бейіті қалып барады. Абыз шал мына қалпында жер басып тірі жүргендерге «қамшының сабындай қысқа ғұмырды өкінішсіз өткізіңдер, өмірдің түбі – өлім, одан мен де қашып құтыла алмадым» деп қамығып тұрған сияқты. Түтеген боранды жамылып жылжыған көлік Төретамға күн екіндіден ауа жетіп, маңдай тіреді. Бұл түтіні жағынан шағын ауыл болғанымен, іргедегі Байқоңырға тиіп тұрған қазақы тіршілігі бүлкілдеп қайнап жататын елді мекен. Ғарыш айлағы өзге елдің еншісінде болғанымен, төретамдықтар нағашыларының үйіне келген жиендердей екі ортада шұбап жүре береді. Әлі пойыз келіп үлгермеді ме екен, темір жолдың бойында жүргінші аз сияқты көрінген. Дәл жандарынан бет-аузын орамалмен тұмшалап алған әйел самбырлап сөйлеп барады: – Балық алыңдар, балық! Осы әлгінде ғана аудан алынған балық. Ол бұларды көріп сәл кідірген: – Балық алмайсыңдар ма? – Тегін берсең алар едік, – деді Арман әзіл қағыстырған болып. Келіншек теріс қарап күңкілдеген: – Тапқан екенсін ақымақты… – Әйда Байқоңырға тарттық, – деді Серікбай. Байқоңырда Төретамға қарағанда жүргінші көп екен. Беттері қызыл шұнақ аязбен нарттай қызарған орыстар әлі тазалап үлгермеген қарды сықырлатып қарш-қарш басады. Көліктің бөлшектерін сататын шағын базарға келген. Алушыдан сатушы көп сияқты. Арман шыңылтыр аяздан сөйлеген сайын аузынан буы бұрқыраған қаба сақал шалға жақындаған. Ол өзгелер естіп қоймасын дегендей аузын қалқалап: – Атай, Жигулидің моторы керек емес пе, – деді. – Арзанға беремін. Табан астынан інім үйленетін болып, қиналып тұрғаным. Жұмыс істеп тұрған мотор. Оны бөлшектеп сататын болсаң өз бағасынан әлдеқайда көп пайда табасың… Әттең, менде ондай уақыт жоқ… Арман қиналған кейіп танытқан… Қымбат малақайының астынан бейтаныс жігітке күдіктеніп сығырая қараған шал қармақты қапқан. – Бағасын қанша дейсің, – деді ол. Бекен тағы да еңкейіп шалдың құлағына сыбырлаған. – Елу мың… Сауда-саттықпен нанын тауып жүрген шал да тіс қаққан екен: – Өй-й-й, – деп ыңырана берген кезде, Арман: – Алатын болсаңыз, арзандатып беремін, қырық бес мың, – деген кезде қарттың жіпсиген көздерінде сәттік қуаныш пайда болған. Ол қалтасынан әмиянын алып, ойланбастан төрт он мың теңгелік пен бір қызыл бес мыңдықты суырып тастай салған. Жігіттер қапқа оралған моторды шалдың дүңгіршегіне кіргізіп бергеннен кейін де Арман тауарын қайта-қайта мақтап, шалдың қолын сындырып жіберердей сілкіген. Ә дегенде қырық бес мың теңге әжептәуір ақша көрінгенімен, түкірігін жұтқан бес ауыз бес жақтан кіріскенде тіске басарымен алты-жеті бөтелке арақ жұмырықтарына жұғын да болмай қалды. Нәпсі жылан тағы да ысқырып бас көтере бастаған. Не істейміз? Олар бір-біріне қараған. Қайта сататын тауар жоқ, қалған жиырма мың теңгеге қайтадан саудырлатып арақ алған. Алдымен оның екі-үш шөлмегін Байқоңырдағы асханада ішті. Қалғанын Төретамға келіп бітірген. Әдепкідегідей емес, бес жігіт те шайқатылып, бірте-бірте сөздерінен жаңылыса бастаған. Абырой болғанда әшейінде жол аңдып, қаптап жүретін МАИ қызметкерінің бірі тоқтатсайшы… Қайда барса да көк жарық… Айналып келіп, адамдары ығы-жығы вокзал бекетіне келіп маңдай тіреген. Таңертеңгідей емес, жұрт қара құрым. Әлден соң Мәскеуден қатынайтын жолаушылар пойызы алқынып келіп тоқтаған. Бір қараған адамға Төретамға сырттан келіп, табан басып тұрған адамның түрі белгілі. Артынып-тартынып вокзалдан түскеннен кейін жан-жағына таңырқаған кейіппен қарап алады. Әлде өзін күтіп алатын көз танысын іздейді ме, әлде Төретам деген қандай жер деген қызығушылық па?! …Әне орта жастан асқан орыс жігіті вагоннан алдымен өзі түсіп, одан кейін еліктің лағындай келіншегін қолтығынан демеп түсіріп алды. Дәл осы сәт жұқа пальтосының етегі оқыстан ашылып кеткенде ар жақтан жарқыраған әппақ саны көрініп қалды. Сәттік осы көрініс өзі шала мас Серікбайдың нәпсісіне от тастап жіберді. «Шіркінді бір аунатып алар ма еді» деді. Ойланбастан вокзалдың таксистер тұратын жағына қарай бет алған екеудің алдын бөгеген. – Қайда барасыңдар, – деді орысшалап, – Байқоңырға ма? Арзан бағаға апарып тастаймын… Бейтаныс екеу аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрған Серікбайдан оғаш қылық байқамады ма екен, ажал болып аңдыған ескі УАЗИК-тің есігін секемденбестен аша берген. Ішінде отырған жігіттерді өздері тәрізді жолаушылар деп ойласа керек, қаннен қаперсіз артқы орындыққа жайғасқан. Көлік те шаққа тұр екен, орнынан ытырыла қозғалып Төретамнан шыққан. Серікбайдың екі көзі өздеріне үркектеп қарап отырған көк көйлекті келіншектің жұп-жұмыр балтырында еді. Ол өзіне қадалып отырған сұқ көзден тайсалып, күйеуінің құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді, ол да әлдебір қауіпті сезді ме екен: –Жігіттер, біз осы жерден түсіп қалайық, – деп еді, бағаналы бері ілік іздеп отырған Серікбай шалт қимылдап күректей қолымен желкесінен ұрып сұлатып түсірді. Байғұс жігіттің езуінен жылымшылап қан аққан. Келіншегі шыңғырған. Көздері қанталаған Серікбай жүргізуші отыратын орындықтың астынан шолақ мылтықты суырып алып, жанындағы Арманға берді: – Мына малғұнның көзін құрт, – деді жалынышты көзбен екеуіне алма-кезек қарап үміттенген орыс жігітін көрсетіп. Ол: – Сәке, қолымды қанға малғым келмейді, – дей беріп еді, Серікбай: – Ендеше, иманыңды үйіре бер, – деп шолақ мылтықтың шаппасын кейін қайыра бергенде, қу жан мұндай тәтті болар ма, Арман қаруға қалай қол созғанын өзі де байқамай қалған. Орыс жігітінің мына сұмдықтан тілі байланып қалды. Жалынышты жанарынан жас сырғыған. Өмірінің соңғы сәтін күтіп жатқан жігіттің жүзіне тіктеп қарауға Арманның дәті жетпеді. Басын басқа жаққа бұрып, ажал алып ұшатын шүріппені басқан. Гүрс еткен дыбыспен бірге шолақ мылтықтың ұңғысынан ұшқан түтін себездеп тарай бастаған кезде орыс жігітінің жанарының тас төбеге қадалып қатып қалғанын байқады. – Мынаны лақтырып тастаңдар, – деді Серікбай қанға бөккен денені көрсетіп. Сары тоқым ұрылар шала-жансар жанды жол жиегіндегі тобықтан асатын ақ қарға тастай бере, жауырын тұсынан бір атты. Одан кейін қарсылық көрсетіп, шыңғырғанына қарамастан келіншектің үстіне қонжиған. Дәрменсіз әйелді бірінен кейін бірі әурелеп, құмарларынан шыққаннан кейін Серікбай былқ-сылқ еткен әйелдің желке тұсына мылтықтың ұңғысын тақап, шүріппені басты. Небір жантүршігерлік өлім мен азапқа куә болған сайын дала мылтықтың дауысы шыққан сәтте дір ете қалып, одан кейін түк болмағандай балбырап қайтадан тәтті ұйқыға бас қойған. …Ресей мемлекетінің қос азаматының айуандықпен өлтірілуі бүкіл елдің құқық қорғау органдарын аяқтарынан тік тұрғызды. Сыр бойы жұртын қан жұттырған қайғылы оқиға теңселтіп жіберді. Ішкі істер органдарында алашапқын жүгіріс басталды. Қыршынынан қиылған ерлі-зайыптылардың өлімін ҚР Ішкі істер министрінің өзі жеке бақылауына алып, облыста жедел тергеу тобы құрылды, оның құрамына ұлттық қауіпсіздік органы мен прокуратураның білікті мамандары тартылды. Әдетте қылмыскердің саусақ таңбасы мен темекісінің тұқылы, т.б. оқиғаға қатысты айғақ заттар табылушы еді. Бұл жолы жұрттың назарына ілігетіндей мардымды ештеңе табылмай жатыр. Арада алты ай өтті. Криминалист қаза тапқан келіншектің денесін әрі-бері қарап, ол алдымен зорланып, соңынан басынан атылған оқ жарақатынан қайтыс болған деген жорамал болжамын айтты. Дәрігерлік сараптама орталығы криминалистің болжамын растады. Сараптама ер адамның да атып өлтірілгенін айғақтап отыр. Әркімнің көңілін кезген сауал, арада 9 ай өтсе де жауап таптырмады. Жедел тергеу тобы тұйыққа тірелгендей… Төретам стансасы жанындағы дүңгіршектің сатушысы өзге жақтан «УАЗ» автокөлігімен келген төртбес жігіттің кешқұрым бірнеше рет келіп арақ алғанын айтқан еді. Ширатылған жіптің бір ұшын қолға ұстатқандай… Бірақ, қылмыс жасаған кімдер? Оларды қалай табады? Сұрақ көп. Тергеушілер осы іске сырттай болса да қатысы бар деген күдікті адамдармен жүздесіп жауап алынып, оқиға орнына жақын аудандардағы жекеменшік УАЗ көліктері бар кісілердің дені тексеріліп сүзгіден өтті. Айлап, есепке қойылған автокөліктердің тіркеу қағаздарын табандап отырып мұқият қарап шыққанмен, елең еткізерліктей еш нәрсе табыла қойған жоқ. Бірде Жалағаш ауданындағы МАИ инспекторы құжаты шала УАЗ-452 маркалы көлігін тоқтатып, оның іші сыртын шолып өтеді. 30 шақырымдай жерде, қуыстағы Қаракеткен ауылының тұрғыны екен. Секем алдырмас үшін куәлігін беріп жатып, ескертпе жасайды. Іле-шала рациямен, осындай көлікті тоқтатқанын, ішінде оқ тескен сияқты саңылау бар екендігін хабарлады. …Білікті мамандардың қатысуымен жантүршігерлік істі ұйымдастырып бандалық топ құрған ауылдың бес баласы да ұсталды. Әрине, оларды құрықтау жедел іздестіру шараларының нәтижесі. Бірақ ол мемлекеттік құпия. Дәрігерлік диагнозда орыс әйелдің жүкті болғанына 3-3,5 ай болғаны зерттеу барысында бала денесінің ұзындығы 10 см, өлі болғаны көрсетілген. Сот-биологиялық сараптама бойынша автокөліктің ішінен алынған фанерде, линолиумда, киізде табылған адам қаны әскери жігіттің киімінен табылған қан группасына сәйкес келеді. Микроталшықтарға өткізілген сот-криминалистік сараптама келіншектің курткасынан анықталған жалпы тектестігі бес түрлі химиялық талшықтар оның автомашинадағы №2 орындығынан алынған жапқыштардың талшықтарымен сәйкес келді. Өйткені, арнайы методикалық құрал арқылы микроскопиялық және химиялық әдістер қолданылып жүргізілген сараптамаға күмән болмасы анық. Он томдық істегі оқиғамен мұқият танысып шыққан қазы маңдайынан шыққан суық терді сүртіп, терең дем алды. «Хайуандар-ай» деді. Белгілі бір тұжырымға тоқтаған ол үкімін жариялау үшін сот залына қарай адымдап бара жатты…. Қазы – халықтың ар-ожданы іспетті. Демек, қара қылды қақ жарған әділ шешім шыққанда ғана заңдылықтың шырғасы берік. Бұл «айтулы» іс Қызылорда облыстық сотында қаралып, Наршаруандай қазылар үкімін айтқан.

Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...