Егемен еліміздің тәуелсіздігі – халқымызға ғасырлар бойы арман болған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс. Тәуелсіздік күні – бұл қоғамымыздың бірлігі, бейбітшілік пен тұрақтылық, батылдық пен ерлік, ұрпақтар сабақтастығы мен ата-бабамыздың салт-дәстүрін құрметтеу нышаны.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Осы уақыттан бері еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде біріккен ұлттар ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азаматын жігерлендіретін Гимніміз, мақтаныш сезімін ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау еліміздің әр азаматының төл құжаты іспеттес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды.
Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, ұлттық сананың тірегі. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі яғни, біздің қазақстандықтардың пешенесіне жазылды. Тәуелсіздік бізге ұттық, аймақтық және жаһандық өлшемде жауапкершілік жүгін артты. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік ел болуға бет бұрды.
Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 32 жыл толды. Біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің нышанына айналды. Бүгінгі күні еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әр азаматтың бойында қалыптастыруға тиіспіз. Еліміз бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік пробламаларды талқылауда және шешуда ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Жасай бер, мәңгі Қазақ елі!
«Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім, мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім»,- деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз. Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, тұғыры берік болсын!
Баубекова Майра Түркістан облысының Әділет департаменті әкімшілік бөлімінің бас маманы


