Тұрмыстық техника сататын әйгілі компанияның жарнамасы жұртты шошытқаны есіңізде болар. Былтыр олар «жылытқыштар» сөзінен жаңылып, «жалатқыштар» деп жарнама берді. Жылытқыш көптің тәнін жылытқанымен, жарнамадағы сөз тіл жанашырларының жанына жылулық сыйлай алмады. Қоғам дүрбелеңге салынып, олқылықтың орнын толтыруды талап етті. Халық айтты, қатты айтты.
Нәтижесінде әлгілер әлеуметтік желілерде жалпы жұрттан кешірім сұрады. Бірақ, бұл қазақ тілінің бір ғана жеңісі. Қалған қаншама тұстарда төл тіліміз жетімнің күйін кешіп, қоғамда тысқары қалып жатқаны жасырын емес. Кәсіп иелері бірде әріптен жаңылады, кейде жасаған аудармасы түпкі мағынасынан алысқа кетеді, енді бірі жарнама орналастыру заңдылығын өрескел бұзады. Заңдылық қалай еді? Әу баста қазақ тілінің құрметі заңмен бекітілген-ді. Мәселен, екі тілде жарнама ілетін болсаңыз, бірінші мемлекеттік тілде ақпарат беруіңіз керек. Яғни, қазақ тіліндегі мәтін жарнаманың сол жағына немесе жоғары бөлігіне орналасуы шарт. Қажет болғанда орыс тіліндегі жазбаңызды оң жаққа немесе төмен жазсаңыз болады. Ал, біз қажетті тілді тысқары қалдырып, қазақшаны қаперге алуды қойып барамыз. Бұл көшедегі жарнама тақтайшаларындағы көрініс. Сөзіміз салмақты болсын деген оймен Астана қаласының жарнамаларын шолып өттік. Қатеден көз сүрінеді. Бұл бағыт бойынша бізге «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филианың басшысы Лариса Алдаберген ханым көмекке келді. Көрсетіп жүріп, көп дүниені баяндап берді. Мысалы, бас қаланың қақ ортасында орналасқан «Нұрлы жол» тұрғын үйінің бір қапталында мекенжайы тек орысша жазылған. «Северный сияние» деп тұр. Нұрын көрмей налып, жолын таппай жанымыз ауырды. Сол секілді жанындағы барлық сауда дүкендерінде де әйтеуір бір қате табылады. Бірі әріпке келгенде қателесуге бейім. Біздегі «Бөлшек» сөзі «Болшек», «Төлем» сөзі «Толем» болып жазылып жүргені жасырын емес. Тарқата берсеңіз төзіміңіз таусылып, төл дыбыстарымыздың соншалықты сорлы халге түскенін көресіз. Бұның бәрін көзбен көрген азамат ретінде баяндап отырмын. Жағдай солай… Енді бірі аудармаға келгенде ауытқып жатыр. Көзіміз автокөліктерді сақтандыру қызметін ұсынған кәсіпкердің жарнамасына түсті. Орысшасы – автострахование. Қатесіз, түсінікті. Ал, қазақшасы көлік сақтандыру деп тұр. Ал осы «автокөлікті сақтандыру» деп жазылса қандай жарасымды еді. Әрі бір оқығаннан-ақ түсінікті. Сол секілді «сөлді бургер» сөзіне жолықтық. Орыстың «сочные бургеры» сөзінен тәржімаланған түрі. Сөл? Күлкің келеді ғой. Бұл сөзді түсінбейтін адам интернетке теріп көретіні рас. Біз де солай жасап көрдік. Алдымыздан «Қанды сөл», «Қарын сөлі» сөздері шыға келді. Бұған қарап бургер жеуге тәбетіңіз ашыла ма? Жиіркеніш сезіміңіз оянады ғой. Сонда сөл жеп жүрміз ба? Тағы біреулер қазақ тілінде ақпаратты мүлде жазбайтын көрінеді. Тап, қазақ елінде емес, Ресей жерінде жүргендейміз. «Қазақ тілі» қоғамының мамандары мен белсенділері осы уақытқа дейін 5000-ға жуық қате жарнаманы анықтап, түсіндірме жұмысын жүргізген екен. Байқағанымыз көп бизнес иесі аударма жасауға келгенде аса ойланып отырмайды. Интернетке теріп, жасанды тілмаштың дегенін жаза салатын көрінеді. Оның сөзбе-сөз аударатынын білесіз ғой. Салдарынан адам түсініп болмайтын сөздермен былдырлап жүрміз. Бұл туралы бізге танымал тележүргізуші, тіл жанашыры Мөлдір Доспаева айтып берді. Ол, «Кәсіпкерлер кәсіби маманның көмегіне жүгінбейді. Себебі, ол ақша тұрады. Сондықтан оны интернет аудармашыға жазады. Мысалы, «цыпленок табака» дегеніңіз «темекі балапан» болып шығады. Темекі қайда, балапан қайда? Менің сөзді емес, мағынаны аудару керек дейтінім сол. Оны тексеретін орган болғанымен оның құзыреті жоқ», – дейді. Ғылыми, кәсіптік терминдерді тәржімалау ісі де ақсап тұр. Терминді аудару қиындау. Осы тұста, бір ілкімді істің ізін тарқата кеткен жөн. Өткен жылдың соңында қызылордалық Алдажар Әбілов, Болат Боранбай, Аман Абасилов, Ербол Бекіш, Әсем Қаһарманова есімді бір топ ғалым тағам атаулары мен тұрмыстық заттардың қазақша сөздігін құрап шығыпты. Зер салып қарасаңыз қазақ тілінің сонша терең екендігіне таңданасыз. Осы секілді әр салада аудармашылар азаматтық танытса, тіліміздің қолдану кеңістігі кеңіп, таза қазақ тілінде сөйлейтін қоғамға бір табан жақындап қалар едік. Рас ау, қазақ тіліне қырын қарайтын кәсіп иелеріне «ай» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа табылмай отыр. Мұның да түп тамырын зерттеп көрдік. Әуел баста әкімдіктер жанынан жұмыс істейтін Тілдерді дамыту басқармасы мен бөлімдері құрылған. Олар айналадағы барлық көрнекі құралдардағы қателіктерді теріп, мемлекеттік тіліміздің өз дәрежесінде қолданылуын талап етеді екен. Ол заңмен бекітілген, талап-тілекті тыңдағысы келмейтіндерге айыппұл да қаралған көрінеді. Өткен шақта жазып отырғанымнан-ақ түсінген боларсыз. Қазір әлгі басқармалардан бақылау құқығын алып тастаған. Нақтырақ айтар болсақ, 2018 жылдан бері тіл мәселесінің түйткілді түйінін тарқату мүмкін болмай отыр. Бүгінде бизнес иесіне батырып айтатын басқарма да, олқылықтың орнын толытыруды міндеттейтін мекеме де жоқ. Әркім өз қалауынша қам қылып отыр. Оған кәсіпкерлерді тексеруге болмайды деген тыйым тағы қосылды. Нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз. Үміттің үзілер шағында бір ғана амалымыз бар. Ол – жарнамадағы ақпаратты кәсіпкер өзі тексертуге өтініш берсе ғана, қателерді түзетуге мүмкіндік туатын көрінеді. Бұл өзі ыңғай танытпаса, амалыңыз аз деген сөз. Екінші бір жағдай бар. Қате жарнама жайлы жұрт әкімдікке арыздану керек. Бірақ, ондайда жауапты басқарма тек ұсыныс берумен шектеледі. Әлгі жарнаманы жазып, шығарып отырған да, жаздыртып отырған да өзіміздің қазақтар. Кімдер қаталесіп отыр, сонда? Әлде бұл қазақ тіліне деген құрметсіздік пе? Мүмкін, қазақ аудиториясы талапшыл болу керек шығар. Әлде қазақ тілді жарнамаға сұраныс аз ба? Тарқата сөйлесеңіз осы секілді сауалдарды тауысып болмайсыз. Бұлай жалғаса берсе қазақ тілінің құнары құрып, тұнығы лайланатыны белгілі. Көш жүре келе түзелер. Әзірге тіліміздің құқығын көшелерде ғана қорғап жүрміз…
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


