Тілге құрмет – елге құрметті білдіреді

Халқымыздың аса көрнекті ағартушысы Міржақып Дулатұлы «Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ, құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма?» деген екен. Алаш ардақтысының бұл сауалы бір ғасырға жуық уақыт бұрын айтылса да әлі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. Мұны тәуелсіз елімізде қазақ тілін дамытудың мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуынан көруге болады.   

Қазақ тілінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені Конституциямен айқындалған. Соған орай, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбірге адам тілде сөйлеуге міндетті. Бұл норма Тіл туралы заңда да нақтыланған. Алайда, заңның бұл талабына жұртшылық тарапынан аса мән берілмеуі оның қолданыс аясының кеңеюіне мүмкіндік бермей отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдаудында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді» деді. Президенттің бұл сөзі әрбір қазақстандықты қазақ тілінің мәртебесін көтеруге шақырып отыр. Өйткені, мемлекеттік тіл мемлекеттілікті айқындайтын басты фактор.    

Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуда ҚР Жоғарғы Соты  тиісті шараларды қабылдап, бұл бағытта тың бастамаларды қолға алды. Мысалы, 2009 жылы республика соттарындағы іс қағаздар мемлекеттік тілге толықтай көшті. Бүгінде сот құжаттары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Өзге мекемелерден орыс тілінде түскен құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы талап етіледі. Алайда, азаматтар заңға сай, сотқа жүгіну тілін өздері таңдауға құқылы. Осының әсерінен сот процестері мемлекеттік тілге ауыса алмауда.

Қазіргі күні мемлекеттік тілдегі сот актілеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде қазақ тіліндегі сот актілерінің біркелкі стандарты қалыптасты. Мемлекеттік тілді дамытуда заңнамалық және құқықтық база бар. Осыған орай, әрбір қызметкерге жұмыс барысында азаматтардың тіл таңдау құқығын бұзбай, оны дұрыс қолдануға бағыт-бағдар беруді міндеттелуі керек.

Мемлекеттік тілдің республика аумағында, сондай-ақ, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі екені Конституцияда көрсетілген. Егер Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, мемлекеттік қызметкер Ата Заң талабын қатаң ұстанса, қазақ тілінің көкжиегі кеңір еді.

Президент айтқандай, «Болашағын отанымызбен байланыстыратын әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс». Қазақ тілін дамытуға мемлекеттік органдар, мекемелер, басқа да кәсіпорындар мен ұйымдар, адвокаттар,  заңгерлер, сондай-ақ, қарапайым азаматтар барлығы бірігіп атсалысса, тілдің Конституциялық мәтебесі өз-өзінен нығаяды.

ҚР Тіл туралы заңы республика аумағында колданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік тіл мәртебесін белгілеп берді. Осыған сай, қазақша сөйлеуді, өзінің сол әрекеті арқылы елге құрмет көрсетуді әр адам өзінен, отбасынан бастаса, нәтижесі де жоғары болады.

Шынар Бидахметова,

Панфилов аудандық сотының судьясы

Жетісу облысы

«Жаңа өмірге мотивация» атты тренинг өтті

Абай облысы, Семей қаласындағы ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде «Жаңа...

Сотталған әйелдерге арналған тұлғалық даму тренингі

Сотталған әйелдерге арналған тұлғалық даму тренингі олардың қайта әлеуметтенуіне,...