Махабат пен детектив араласқан бұл әңгіме Эдит Пиафтың әніндегідей нәзік жанның шырмауы көп өміріне арналғандай. Оның бір жағында сүйікті қаласы Алматы тұрса, бір жағында – КГБ-ға байланысты шытырман тағдыры. Сонымен… Өткен ғасырдың 70-жылдарының орта шамасы. Қосан жоғары оқу орнын бітіріп, ағылшын мен француз тілі маманы ретінде Алматыдағы орта мектептің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін. Сол кездерде Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабын кәрі-жас демей, елдің бәрі қолдан-қолға тигізбей оқитын. Кітаптың құдіреті ме, жоқ әлде жастықтың буы ма, ауылдан келген Қосан үшін Алматы жастар мен махаббат қаласы іспетті көрінген. Қаланың аурасы белгілі әндегідей «жаныңа от беретін», көңілді көбелектей көкке көтеріп, сезіміңе желік беретіндей еді. Жаздың білінбей зымырап өтіп жатқан күндерінің бірі. Шамамен кешкі сағат оннан асқан. «Горький» саябағы аялдамасынан қала ішіне қарай жылжи бастаған троллейбусқа жүгіріп жетіп, Қосан ырғып мініп алды. Алматыға қыдырып келген мектептегі сыныптастарымен саябақта күні бойы бірге болып, дәмханада аздап шарап ішкен жігіттің көңілі романтикаға толы, «бес». Троллейбуста тек 3-4 жолаушы ғана бар екен, соңғы орында отырған бір қыздың қасына отыра кетті. Есімі – Ақжан, айтуынша әйгілі Қыздар педагогикалық институтының 5-курс студенті болып шықты. Қосан мақтанғандай болып французша сөйлегені сол еді, әлгі студент қыз да қалыспай, француз тілінде сайрай кеткені бар емес пе! Не керек, сол күннен бастап шетел тілінің арқасында екеуі жиі кездесе бастады. Ақжан тек шет тілі емес, тарих, философия салаларынан да мықты болып шықты. Әке-шешесі интеллигент, оқыған адамдар болғандықтан болар, ол мәдениетті әрі тәрбиелі еді. Өмірдің көшіне ілескен Қосан мен Ақжан бұл кезде жастықтың буымен бақытты да тәтті шақты бірге өткізіп жатқан еді. Сынақ Екі жастың бір-бірінен жасыратын сыры жоқ. Тек Қосан бір ғана әңгімені айтпады. Дәл сол жылы ол КГБ-ға қызметке тұру үшін тексеріс үстінде болатын. Содан болар, оған дейін өзі де көңіл аудармаған мінез пайда болғандай. Атап айтқанда, ол айналасын мұқият тыңдап, бөтен адамдармен ойланып сөйлесетін болды. Күмәншіл жігітке тіпті, Ақжан да соңғы уақытта орынсыз сұрақтар қоятындай көрінді. Одан қалса Қосанды сынағандай «жауға тұтқынға түссең кайтесің, миллион ұтсаң не істер едің» деген сынды ойға сыймайтын сауалдарды жиі қоятын. Оның бұл қылығын Қосан қыз баласына тән мінез деп бағалады да қойды. Әйтсе де Қосан Ақжанға шын ғашық болғанын тек Мәскеудегі КГБ-ның арнайы оқуына келген кезде ғана түсінді. Алғашқы жарты жылда Ақжаннан бірен-саран хат келіп, сосын тіпті тоқтап қалды. Ал Қосанның оған деген хаттары махаббатқа толы сезімдермен жолда адасып жүргендей көрінді, тіпті, жеткен-жетпегені белгісіз. Дегенмен, Ақжаннан кейде салқындық байқаса да, Қосанның жүрегі қыздың өзін жақсы көретінін сезетін. Мылтықсыз майдан Әлі есінде, бір жылдан кейін каникулға шығар алдында Ақжаннан тұрмыс құрғаны жайлы хат келді. Қосан үшін дүние төңкеріліп түскендей болды. Ессіз сүйіп, шын жүректен жек көрудің не екенін басымнан өткердім – деген Қосан, өзін бақытсыз сезінді. Уақыт өте келе Ақжаннан шын қол үзгеніне сеніп, оны ұмыта бастады. Әттең, қызға не болғанын сол кезде білсе ғой, мүмкін жағдайды өзгертер еді. Бәлкім бүгінгідей арманда қалмас еді. Кеңестік кездің саясатының ауасын жұтып, асын ішкендер жақсы біледі. Ол кезде бірбірімен жұлдызы қарсы саяси жүйелердің арнайы қызметтері арасында көрінбес теке-тірес, мылтықсыз майдан жүріп жататын. Көзге түспейтін текетірес мемлекеттердің барлау қызметтері арасында ешқашан толастаған емес. Әсіресе, екі саяси күш – Кеңес пен Батыс әлемі ит пен мысық боп, бастары бір қазанға сыймай, әлек болып жататын. Ал екі әлемнің бір-біріне ашқан көрінбейтін соғысындағы түрлі арандатушылықтардың авторы мен орындаушылары арнайы қызмет екені еш күмән туғызбайтын. Страсбург қаласы – Францияның солтүстік шығысындағы тарихи аймақ. Қала тар көшелерімен, фахверк үйлерімен және көптеген университеттерімен ерекшеленеді. Германияға қарыс қадам жерде тұр. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Европа Кеңесі ұйымы орналасып, Батыстың бас астанасы болып саналады. Қосан Клебер алаңына дейін арнайы қызмет органдарының сырттай бақылаушыларының көзіне түспеудің бар амалын жасап, ақыры мақсат тұтқан жеріне келді. – Ғафу етіңіз, сізде ғана бар деп естідім, 36-өлшем, Кензо маркалы аяқ киім бар ма? – Кешіріңіз, әзірге ол өлшемдегі туфли жоқ. Қаласаңыз, Кензо брендті жасыл түсті шарф бар. – Жо-жоқ, рахмет мен қызыл түстісін Парижден алғанмын. Әдейі ойластырылған бұл диалог – құпия байланыс сөзі. Аңдыған адам түсіне қоймайтын. Осы кездесу Ақжан үшін тосын болса да, Қосан үшін көптен армандаған сәт еді. Дегенмен бұл жолы Ақжан сәл қызарғаны болмаса, Қосанды танитындығын түк сездірмей, сыр бермеді. Иә, Орталық Қосанға Европадағы іске асыратын арнайы тапсырманы жүктегенде Ақжан жайлы ашық айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін қатаң түрде басып жеткізген болатын. Оған жүктелген тапсырмалардың бірі Ақжан берген материалдарды орталыққа дипломатиялық поштамен жеткізу еді. Өкініш Осы бір қас-қағым сәттегі жүздесуде Қосан Ақжанның көздерінен елге деген сағынышпен қатар, әлдебір именуді, өзін кінәлі сезінген жанның көзқарасын көргендей болды. Көз алдынан Горький саябағының сары күзі мен қол ұстасқан ғашықтардың бейнесі кино лентасындай жүріп өтті. Бірақ бұл – сезімге тыйым салынатын мамандық. Мұнда сезімнің қайта оралуына, тіпті, оралуына емесау, кейде жарқ етіп жануына да рұқсат алу қиын. Ақжан туралы мән-жайдың бәріне қанық болып алған Қосан оны әріптесі ретінде түсінсе де, ғашығы ретінде түсіне алмайтынына көзі жетті. Жылдар бойы жүрегінде сақталған үмітін мәңгіге жоғалтқандай дүкеннен шығып кете барды. Ол әлдекімге өкпелі еді. Бұдан соң Қосан мен Ақжан жүздесе алмады, тіпті, екеуі де отставкаға шыққанда да кездесуге ұмтылмады. P.S. Орталықтан алынған ақпаратқа сәйкес, парфюмерия дүкендері мен сұлулық салондары бар «Інжу бикеш» Еуропада орналасқан НАТО құрылымы жайлы ақпарат жинаумен айналысқан. Ол ешқашан тұрмысқа шықпаса да, өзін жоғары дәрежелі бюрократтың немесе бір елшінің жұбайы сияқты ұстайды. Әрқашан нәзіктік пен тектілікті паш еткендей қылығы бар, киімі мен киіну әдісі еуропалық стильде. Ақсүйек, кірпияз түр-тұлғасына сай аса жоғары интеллектуал жан. Айтпақшы, КГБ-нің отставкадағы полковнигі.
Бахытжан ТАСТАНБЕКОВ