2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген Қылмыстық-процестік кодекстің жаңалықтарының бірі тергеу судьясы институты. Аталмыш жүйе осы уақыт ішінде өзінің маңыздылығын толығымен дәлелдеп келеді. Негізі тергеу судьясы ұғымы –ТМД елдерінің арасында жаңа институт. Дегенмен тергеу судьясы өзінің қоғамға қажеттілігін, азаматтарымыздың құқығын қорғауда әділ жүйе екендігін көрсетіп отыр.
ҚР ҚПК-нің 7-бабының 47-тармағына сай, тергеу судьясы – сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот судьясы. Тергеу судьясының өкілеттіктері ҚПК-ң 55-бабында көзделген. Атап айтқанда, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы мынадай мәселелерді қарайды. Атап айтсақ, күзетпен ұстауды санкциялау; үйқамақты санкциялау; лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау; жақындауға тыйым салуды санкциялау; экстрадициялық қамақты санкциялау; күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту; кепілді қолдану; мүлікке тыйым салуды санкциялау; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру; бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру; мәйітті эксгумациялау; күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау секілді мәселелерге араласады.
Сонымен қатар тергеу судьясы:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды;
2) тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды;
3) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды;
4) адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолданады;
5) прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайды;
6) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарайды;
7) қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды;
8) қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды;
9) осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін ҚПК-ң 56-бабының қағидаларына сәйкес жүзеге асырады. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы шығарады. Тергеу судьясының сотқа дейінгі қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүзеге асыру бойынша өкілеттілігі бірте-бірте кеңейтілмек.
Серікбаев Нұрболат Ибрагимұлы, Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің жетекші маманы