2015 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық-процестік кодекс аясында тергеу судьясы қолданысқа енгізілген болатын. Тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады. Қазіргі таңда халқымыздың құқығын өз деңгейінде қорғау үшін, тергеу судьясының құзіреті кеңейіп келеді.
Тергеу судьясының қылмыстық процестегі алатын орны мен өкілеттіктері де Қылмыстық-процестік кодексте айқындалған. Нақтырақ айтқанда, Ол Қылмыстық-процестiк кодекстiң 55-бабына сәйкес, күзетпен ұстауды, үйқамақты, лауазымынан уақытша шеттетудi, жақындауға тыйым салуды, экстрадициялық қамақты, мүлікке тиым салуды санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзiмдерiн ұзарту, кепiлдi қолдану; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, мәйiттi эксгумациялау, күдiктiге, айыпталушыға халықаралық iздеу жариялау мәселелерiн қарайды. Қылмыстық процеске тергеу судьясын жаңа тұлға ретінде енгізу дамыған елдердің халықаралық талаптарға сай келетін озық қылмыстық-процестік заңдарын зерделеудің нәтижесінде қолға алынған. Барлық халықаралық стандарттарға сай келетін дамыған батыс елдерінің қылмыстық-процестік заңдарында тергеу судьясы қылмыстық процеске қатысушы тараптардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда ерекше рөл атқарады. Адамдардың туғаннан пайда болған мызғымас құқықтары – еркін өмір сүру, жеке басына қол сұғылмаушылық, заң алдындағы теңдік, еркін өзі таңдаған мамандықпен, кәсіппен айналысу, бас бостандығы т.б. конституциялық құқықтары тек ерекше жағдайларда тергеу судьясының келісімімен ғана шектеледі. Бұдан басқа да тергеу судьясы қарайтын мәселелер көп. Тергеу судьясы iстiң сапалы қаралуына мүдделi екенін де айта кеткен жөн. Жалпы тергеу судьясы қылмыстық іздестіру органдарының лауазымды тұлғалары мен прокуратура тарапынан салғырт қараушылыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілген болатын. Алдағы уақытта тергеу судьясының құзіретін кеңейте түсу жоспарлануда. Қылмыстық сот ісін жүргізуге тартылған азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі тергеу судьяларының қызметі қоғамымыз үшін тиімділігін дәлелдеп келеді.
Маханбетов Амангелді Әбіләкімұлы, Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы