Жылаңқы күздің жауынды күні түскі сағат он бірдің пойызымен қалаға жас жігіт келіп жетті. Қалпағын маңдайына түсіре киген оның көзілдірігінің жиегі мүйізден жасалған. Өңі кеткен пальтосына қарап, жағдайының мәз емесін, шекесі шылқыған бай емесін аңғару қиын болмас. Бар киімі шағын қобдишасына сыйып кетіпті. Вокзал алдында аз-кем тұрған соң жаңбырдан жабырқаған қалаға бет алды. Барар бағыты – қонақ үй. Онда барысымен өзін «Том Томсон» деп тіркеткен ол пойыздың жүру кестесін біліп алды да, ваннасы бар бөлме сұрады. «Сағат он бірден он бес минут кетіпті. Мұнда жуынып-шайынып, тынығып алу үшін бірер сағат қана боламын. Жүгімді жоғарыдағы бөлмеме апарып беріңіздерші», – деп сағатына қарады. Жүк тасымалдаушы бала оның жүк деп атауға келмейтін «жүгін» екі-ақ саусағымен іліп алып, қонақты он сегізінші бөлмеге бастап бара жатқанында портье мырс етті. Шамамен жарты сағат өткенде безектеген шылдыр дауысынан селк ете түскен портье отырған орнынан ұшып кете жаздады. Қараса, он сегізінші нөмірден звондап жатыр екен. Абдыраған портье баспалдақты екі аттап екінші қабатқа жетті. Орта жолда қонақтың бажылдаған дауысы құлағына жетті. Оның есікті қаққанына құлақ аспаған қонақ байбалам салуда. Ішке кіргенде мистер Томсонның лыпасыз тыр жалаңаш тұрғанын көріп, көзі атыздай болды. «Киімдерім, заттарым қайда?», – деп шыр-пыры шыға байыз табар емес. «Маған түсіндіре аласыз ба? Осыдан жарты сағат бұрын мына лағнет жауғыр бөлмеде шешініп едім. Костюмімді іліп қойғанмын. Ана жерге аяқкиімімді қойып едім… Ал мына жерде шабаданым тұрды…. Ваннадан жуынып шықсам, тып-типыл. Бәрін сыпырып кетіпті. Тіпті жағамның түймесі де көзден ғайып болыпты. Жер жұтып кеткендей. Айтыңызшы, мына жер жындыхана ма, әлде қарақшылардың ордасы ма?» Портье абдырап, қонақүй қызметшісі мен еден жуатын қызды шақырды. Олар да Томсонның киім-кешектерін іздестіріп еді, расында түймесін де таппады. Тіпті көзілдірігі де зымзия. Ваннада тек сабын мен қолды ысқылайтын щетка, ал жуынған кір суда жөке қалқып жүрді. Нәтижесіз ізденістен түк шықпағанын көрген Томсон енді аласұра бастады. Бар киімінен жұрдай. Тек сүртінетін сүлгімен қалған ол полицияға хабарласпақшы болып әрекеттенді. «Баукеспе ұрылар» деп айқайға басты. «Жүзіктің көзінен өткендей қайран алтын сағатым, 124 фунт пен 4 шиллинг ақшам!» Оның айқайынан қонақүйдің абыройы айрандай төгіледі деп ойлаған қызметшілер қонақтың байбаламын әке-көкелеп жүріп әрең қойғызды. Сол арада қонақүйдің қожайыны шақырылып, ашудан қаны басына шапшыған қонақтың бар шығыны өтелетінін түсіндіріп бақты. Қонақүй қызметшісі жанұшыра жақын маңдағы дүкенге құстай ұшты. Сонымен не керек, тура бір сағаттың ішінде мистер Томсон басынан аяғына дейін мұздай боп киіндірілді. Су жаңа шағын шабадан да әкелінді. 124 фунт пен 4 шиллинг те саналып үстелге қойылды. Мистер Томсон алтын сағатына шірене қарап: «Қателеспесем, түстен кейінгі пойыз он минуттан соң жүреді. Соған отырамын. Қарақшылар ордасы қанымды ішіп болды», – деді беті бүлк етпестен. Қонақүйдегілердің бәрі мистер Томсонға жік-жапар болып, бас шұлғып, бейне бір махараджамен қоштасқандай құлдық ұра шығарып салды. Ал ол болса, ернін болар-болмас жыбырлата ишарат жасап, басын изеген болып жауынның астымен адымдай басып вокзалға беттеді. Бір минуттан соң ол пойызда кетіп бара жатты. Том Томсон кеткен соң еден жуатын қыз ваннадағы суды ағыза бастады. Кенет оның жан дауысы шықты. Кір судан арылған ваннаның түбінен шабадан, аяққиім мен ескі пальто шыға келді. Ал шабаданнан мистер Томсонның костюмі мен сағаты табылды. Сары жезден жасалған ескі сағаттың уақытты көрсететін бір-ақ тілі қалыпты, әрі оның істен шыққанына да талай уақыт өтсе керек.
«АЙКЕЗБЕ»
Кеше моншада айкезбемен таныстым. Лунатизм ауруына шалдыққан бұлар ұйқыда орындарынан тұрып кетеді ғой. Әрі мұндай әрекеттерін өздері сезбейді де. Денемді ыстық сыпырғышпен соққылай бастап ем, дәл жанымнан өксіп жылаған дауыс шықты. Бұрылып қарасам, қыстыға жылай басын жуып жатқан ауру жанға келіңкірейтін біреу. – Ертең табытта жататын боламын. Мен өлуге тиіспін! – деп қарап тұр. Зәрем ұшқан мен оның қасына жайғастым: – Өлгені қалай? – Өкінішке қарай, өлемін. – Жүрегіңіз сыр беріп жүр ме? – Жүректен емес, құлап өлемін. – Сонда қалай құлап өлмексіз? Мен ұйықтап жатқанда орнымнан тұрып кетемін. Түнде айдың күші мені үйдің төбесіне өрмелеуге, мұржалардан секіруге, тік қабырғаларға жабысып тұруға итермелейді. Соңғы кезде әлдебір тылсым күштің мені бес қабатты үйдің төбесіне тартатынын сеземін. Ол биіктен мерт боларым хақ. – Онда сіз көп қабатты үйдің төбесін емес, төменірегін таңдаңыз! – Сіз айдың әрекетінен бейхабарсыз-ау деймін, оған қарсы тұра алмаймын, қайта соған мойынсұнамын! – Онда биік мұнараға шықпай-ақ, мұржа тазалаушы сияқты сәкі арқылы шатырдың ішімен көтеріліңіз. – Бұл үйде шатырға шығар есік сараймен қоршалған. – Тоқтаңыз, сонда сіз шықпақ болған үй қайда орналасқан? – дедім мазам кетіп. – Дәл мына тұстағы бұрыштың арт жағында. – Алаң болмаңыз, ол үйде мен тұрамын ғой! – Сонда бұл мүмкін бе? Ертеңгісін үйіңіздің алдында бейтаныс біреудің сүйегі жатады. – Жамандық шақырмаңыз. Мұныңыз сұмдық қой! Тез дәрігерге көрініңіз. Меніңше, медицина ғылымы лунатизм ауруының емін табады. – Медицина мұндайда шарасыз! Көмек іздеп ашпаған есігім қалмады. Мұндай әрекеттер адамзат баласының түсінігінен де асып түседі. Не десек те, менің өмірім сіздің қолыңызда! – Қалай сонда? – Егер бақытсыз жанның жан жарасын жазуға әрекеттенсеңіз, дәл бүгін үйдің шатырына шығар есікті ашық қалдырыңыз… – Әрине, оған сөз бар ма?! Міндетті түрде ашық қалдырамын. – Құтқарушым менің, қане, арқаңызды ысып берейін! – деген айкезбенің көзі жайнап сала берді. Ыстық моншадан келісімен бірден сарайды ашып, есіктегі құлыптың тесігіне сіріңке қыстырып қойдым. Ондағы ойым, біреу-міреу байқамай есікті жауып тастамасын болды. Түн. Толықсыған ай сүттей аппақ. Бірақ бейбақ айкезбенің үй шатырына еш қиындықсыз шығатынына күмәнсізбін. Енді оның өміріне төнер қауіп те сейілді. Таңертең дабырлаған дауыстан оянып кеттім. Сәкіден төмен түссем, біраз көрші мен полиция қызметкері тұр екен. «Не боп қалды?» деп көршілерімнен қорқақтап сұрамаймын ба. «Түнде теледидарымыздың антеннасын ұрлап кетіпті. Полицейлер сарайды ашық-шашық қалдырып, суық қолды ұрының төбеге шығуына жағдай жасаған есуасты іздестіріп жүрген көрінеді», – деп жатты көршілерім.
АБАЙЛАҢЫЗ! ЕСІК БҰЗУШЫ немесе қарымта жауап
Краус мырза мен зайыбы өзге ел мен жер көру үшін саяхатқа шығуға бел буды. «Асың барда – ел таны беріп жүріп, атың барда – жер таны желіп жүріп» деген. Әрине, жұмыстан да қол босай бермейді. Сонымен, ерлі-зайыпты Краустар саяхатқа шығуға қамданды. Жалғыз емес, екеулеп дайындалу жеңілірек қой. Саяхат он төрт күнге созылады. Бұлар Еуропаның солтүстік нүктесі – Норвегиядағы Нордкапқа аяқ баспақ. Жолға шығар сәтте Краус мырзадан маза кетті. «Газеттен есікті бұзып кіретін тонаушылардың қайта жасақталғанын оқыдым. Біз кетісімен үйіміз тоналып жүрмесін», – деп еді әйеліне, ол болса: «Басқа жұрт та үйлерін иесіз қалдырып жатады ғой», – деді саспай. «Басқа жұрт деймісің…» Кенеттен оған бір ой келіп, қолына қалам алды. «Аса қадірлі есік бұзушы мырза! Менің пәтерімді көріп, ұнжырғаңыз түспес үшін сіздің қырағы назарыңызды басқа жаққа аударғым келеді. Бұл үйде бізден басқа сіздің келуіңізге тұрарлықтай өзге де жандар бар. Мәселен, дәл біздің астымыздағы екінші қабаттың екінші пәтерінде үйдің қожайыны тұрады. Оның бағалы бұйымдары коллекционерлер арасында танымал. Бұйымдарының арасында Помпейдің антика дәуірінде жасалған күміс ыдыстар, Минг әулеті өмір сүрген кездегі ежелгі Қытай фарфорлары мен тағы да басқа құнды дүниелер жетіп артылады. Менің бағыт сілтегеніме алғыс айтарыңызға сенімім мол. Зор ілтипатпен өзіңізге шынайы берілген Леопольд Краус. P.S. Айтқандайын ол үйдің иесі Балеар аралдарынан үш аптадан кейін ғана келеді». Осылай деп жазған Краус мырза хатты кіреберіс бөлмедегі қабырғаға іліп, әйелі астына қызыл сиямен «Паркет еденді бүлдіріп алмаңыздар!» дегенді қосып қойды. Сөйтті де, ерлі-зайыптылар саяхатқа аттанып кетті. Екі аптадан соң үйлеріне оралған олардың көзі бірден қабырғаға түсті. Құдайға шүкір, хат орнында екен. Тек зер сала қарағанда ғана әйелі: «Полди, мынау басқа хат қой!» – деп баж етті. Онда былай делініпті: «Аса қадірлі қожайындар! Сіздердің бағыт сілтегендеріңізге алғысымды білдіремін. Ол үйде табылған бағалы бұйымдарға қарап, коллекционердің тек әуесқой екендігін, ал сіздердің заттарыңызға қарап, нағыз өнерді түсінетін жандар екендіктеріңізді білуге болады. Ал ақша не сіздерден, не олардан табылмады. Бірақ бәрін бір келгенде таба қою оңай шаруа емес қой. Сау тұрыңыздар! Сіздерге алғыс білдіруші қонағыңыз. P.S. Паркет едендеріңіз бүлінді. Сіздердің алдын ала ізет көрсеткендеріңізді назарға ала отыра, сүйіспеншілікке толы екі пакет хатты қалдырамын. Біреуін киім шкафынан, екіншісін ерлер жазу үстелінің құпия тартпасынан таптым. Зерделей келе, екеуіңіздің де нақсүйерлеріңіз бар-ау деп шамаладым делініпті.
Неміс тілінен аударған Рауза МҰСАБАЕВА