Танысыңа несие алып беріп, кейін ол «лақтырып кетсе» не істеу керек?

Елімізде досына  кредит алып беріп, кейін ала алмай жүрген жасөспірімдердің қарасы көбейді. Заңгер Бағдат Амандосұлы кредит алдыртатын азаматтардың көбі алаяқ, еш жерде жұмыс істемейтін адамдар болатынын, оларды алдын ала анықтау керегін айтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Жақын досым көлік сатып алуға ақша жетпей тұр деді. Менен қарызға ақша сұрады. Мен кредитке 200 мың теңгедей алып бердім. Кейін дос бала ақшасын төлемей мүлдем байланыссыз кетті. Қазіргі таңда кредитті өзім төлеп жүрмін». Елімізде осындай іспетті оқиғалар көп. Бұлай алданбас үшін не істеу керек? Нені ескеру керек?

«Ең бірінші банктен ақшаны кім алды, тек сол адам сұралады. Сіз алдыңыз ба, болды, сіз жауаптысыз. Банкті басқа ешкім қызықтырмайды. Алаяқ адам бірнеше рет адамның сеніміне кіреді. Алдымен, 10 мың теңге сұрайды, кейін 15 мың теңге жібере тұруыңды өтінеді. Басында бәрін уақытылы тез қайтарады, тіпті артығымен беретіндер де бар. Біраз уақыттан соң қомақты қаражат сұрағанда қалай қақпанға түскеніңізді білмей қаласыз», — деді маман.

 Қарызды қалай беру керек?

«Егер алушы тұлға анамның болмаса туысымның шотына жіберші» десе, бұл қауіпті белгі. Сұраған сомадан әлдеқайда төмен ақшаны беру керек. Солай қарыз алушы адамды бірнеше рет сенімді екенін тексерген жөн. Қашан қайтарады, нақты уақыты қашан соны нақтылау керек. Біздегі кемшілік қандай? Көбі полицияға келгенде қандай мақсатпен ақшаны бергенін білмей қалады. Міне, осы кезде дәлелдеу қиын әрі қарай да қиындық басталады», — дейді Амандосұлы.  

Кімге қарыз беріп жатырмын?

«Көпшілік азамат қарыз берерде бейжай қарайды. Біле бермейтін нәрселері де жетеді. Мәселен, сізден қарыз сұрап тұрған адамның қарызы бар ма, жоқ па соны біліп алуыңызға болады. Интернеттен борышкерлердің тізіміне кіріп, қарыз алушының ЖСН мен тегін тергенде оның есепшоты бұғатталған ба, жалпы банк алдында жағдайы қандай екенін білуге болады. Мұндай кезде қарыз алушы басқаға аударуды сұрайды. Сіз оның қарызды қайтаруға деген ниетін және қаржылық жағдайын назарда ұстаңыз», — деді ол.

Жақының «лақтырып кетті», алданып қалдың… Енді не істеу керек?

«Біріншіден, қарыз беруші алғашқы рет келісімге келгенде жазбаға, смартфонға, диктофонға бүкіл әңгімені жазып алуы керек. Әлеуметтік желідегі аудиожазбалар мен хаттардың көшірмесі керек болды. Қарыз беруші сөйлескенін, уәделерін және қолхатын алуға тиіс. Ақшаны алушыға берген кезден бастап әр байланысты үзбей жазған жөн. Неге дейсіз ғой?! Себебі, ертең саған қарызын төлемей қойған адамның қандай ниетте екенін полицияға дәлелдеуге тиссіз. Қарызды қайтармай жүрген адаммен аралаларыңыз бұзылады, сіз сол кезде полицияға жүгінесіз.

Үстідегі мысалды айтсақ, сіз дәлелмен полицияға жүгіндіңіз делік. Кейін қарызды қайтармай жүрген тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тергеуші одан жауап алып, содан соң сотқа жібереді. Сотта жәбірленуші «жоқ мен кешірмеймін, мен осынша ақшамды талап етемін» десе, қарыз қайтармаған азамат(алаяқ) 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Яғни, 200 мың теңге үшін 2 жылға түрмеге кетеді. Мүліктерінің бәрі тәркіленеді. Ал егер ол ақшаны қайтарса, алайда беруші тарап кешірмесе, азамат 2 жылға бас бостандығы шектеледі», — деп түсіндірді заңгер.

Бұл мәселеде алаяқтар барын салып сендіруге тырысады дейді заңгер.

«Жәбірленуші сотқа материалдарды берген соң алушы «қарызыңды қайтарып беремін» деп жалынады. Кейін біздің жәбірленуші тарап кешіріммен қарап, татуласқанын айтады. Бұл кезде соңына дейін күресу керек. Әйтпесе, алаяқ бұл қылмысын қайталап жүре береді. Жалпы, қомақты соманы алып, қайтармайтын алаяқтар бүкіл нәрсемен ант етеді. «Ақшаңды қайтарамын» деп тіпті Құранның бетіне қолын қойып тұрып та ант етеді», — дейді Амандосұлы.

Жасұлан Ордабаев

Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім жарияланды.

Рұқсат пен тыйым. Бас прокуратура депутаттарды сайлау алдында үндеу жариялады

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. ҚР бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов сайлау алдында үндеу жариялады. Ол үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жасауға болмайтынын ескерті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елде кітапхана салуға көбірек көңіл бөлу керек 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде кітапханалар санын көбейту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен AI Journey 2026 конференциясында оқушылар мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде кітап оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Желтоқсан айында елімізде не қымбаттайды? 

Желтоқсан айында қазақстандықтарды бірқатар баға өзгерісі күтіп тұр. Tele2 және Altel кейбір тарифтерінің абоненттік төлемін 300 теңгеден 2 000 теңгеге дейін көтереді. СДЭК жеткізу қызметінің бағасын өзгертеді, ал Freedom Bank биржалық ноталарды сатып алу комиссиясын арттырады. Астанада қоғамдық көліктегі жолақы 110 теңгеден 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасын шарықтатты: Brent $100-ға жақындады 

Brent маркалы мұнай бағасы 27 қараша, жұма күні соңғы бір айдағы ең жоғары көрсеткішке жақын деңгейде саудаланып жатыр. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі, Ормуз бұғазында танкерлерге жасалған шабуылдар және Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына соққы жасалуы себеп болған.