Аудандық Ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне түскен суыт хабар алыс-жақынға лезде тарады. Орталық перзентхананың «Жедел жәрдем» мәшинесі Үштөбеде жол апатына ұшырапты. Бұл әрине, аса таңырқай қоятын оқиға емес. Атының өзі айтып тұрғандай, ол жерде екі күннің бірінде сондай ауыр жағдайлар болып жатады. Жұрттың құлағы оған әбден үйренген. Жолаушылар бұл асудың қасынан өткенде жанын шүберекке түйіп, Алласына сыйынып өтеді. Қос қапталдағы жерге шаншылған рөлдерден-ақ бұл жолдың қаншалықты қауіптілігін сезінесің. Апат орнына бірінші болып жеткен жол полициясы мен жедел топтың өкілдері қозғалысты уақытша тоқтатты. Биіктен түсе бере орта тұста көк «Беларусь» бір бүйірлеп, сол қол жақта қаңтарылып тұр екен. Артында үйдей шөп тиелген тіркемесі бар, сірә, тракторды құрдымға кетуден сол сақтап қалған секілді. «Жедел жәрдемнің» көлігі болса дөңгелектері жоғары қарап, оң қапталдағы алаңқайда төңкеріліп жатыр. Терезелерінен сау-тамтық жоқ. Жедел топтың соңын ала жеткен Наркескен аудандық Ішкі істер басқармасының ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі, капитан Қанат Тұрдалинге бәрі таңырқай қарасты. – Бұл араға ерекше істер уәкілін қай құдай айдап әкелді? – Үлкен себеп болған соң келіп тұрмыз. Капитан ашылып ештеңе айта қоймады. Сосын мәшиненің қасында жатқан, жүзін ақ шүберекпен бүркеген мәйіттің бетін ашып, еңкейе үңілді. Әдеміше келген жас әйел орталық перзентхананың аға медбикесі еді. Бетіндегі сыдырылған жарақаттың ізі болмаса, басқа дене мүшесі сау. Көлеңкеде ұйықтап кеткен адам секілді. «М-м-м… Түсінікті». Тұрдалин өткен аптада бұл әйелден ұйымдасқан қылмыстық іс бойынша жауап алған. Оқиға орнына ізін суытпай жеткен себебі сол. – Мүрде осылай жатыр ма екен? Қозғадыңыздар ма? – Жоқ, қозғамадық. Жөн-жосығын ана криминалистен сұрарсыз. Орта жастағы сарапшы еркек оқиғаның бір сағаттай бұрын болғанын жеткізді. «Соққы өте ауыр болған. Мұндай жойқын соққыдан адамның аман қалуы мүмкін емес. Жүргізуші мен бір дәрігер секіріп үлгеріпті. Жаңа оларды ауруханаға алып кетті. Ал, тракторшыны көрмедік…». Тұрдалин қарсы беттегі «Беларуске» жақындады. Кабинаның оң жақ есігі ашық қалыпты. Алдыңғы сол жақ дөңгелектің талыстай рәзіңкесі қақ айырылыпты. Шамасы ауыр соққыдан бірден жарылып кетсе керек. Осы сәтте шыр-шыр еткен ұялы телефонның дауысы естілді. Қанат әдетінше оң қалтасына қол салған. Жоқ, телефоны орнында екен. Шырылдаған дауыс кабинадан шығады. – Тағы бір қарап шығыңызшы. Маңызды бір айғақ зат жатқан сияқты. Криминалист рәзіңке қолғабын киіп, орындықтың астынан безілдеген телефонды суырып алды. «Ио, мое! Бір нөмірге он сегіз рет звондапты!» – деді таңырқай дауыстап. Сосын қабылдау нүктесін қосып «әлеу, әлеу» деп еді, ешкім үн қатпады. – Хаттама толтырып, тексеруге жіберерсіз. Бұдан кейін жаралылармен тілдеспекке ауруханаға жеткен Тұрдалин басын ақ дәкемен таңып алған Дананы бас дәрігердің бөлмесіне шақыртты. Хал-жағдайын сұрап, графиннен су құйып, алдына қойды. – Уақытыңызды көп алмайын. Қасыңыздағы медбикенің бақилық болғанын көрдіңіз. Ол енді бізге ештеңе айта алмайды. Жалғыз үмітіміз сізде. Мен бүгінгі жол оқиғасына перзентхананың қатысы бар ма деп күдіктенемін. – Айдаладағы жол апатына перзентхананың қатысы қанша? – Сіз аптықпаңыз, Дана Болысбекқызы. Үлкен ұжымды басқарып отырған басшының бірісіз. Сабыр сақтаңыз. Мынаны айтыңызшы, босанған әйелдер мен сәбилердің тағдырына тікелей сіз жауаптысыз ғой. – Әрине, – деді Дана судан бір ұрттап. – Емдеу ісі жөніндегі орынбасар болған соң, бұл менің тікелей міндетім. Сол перзентханада қызмет істегеніме он жылдан асты. – Он жыл дейсіз бе? Олай болса түсіндіріңізші, мына жалған анықтама қалай пайда болған? Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі осының себебін тексеруді сұрап отыр. – Иә, көріп тұрмын. Перзентхананың бланкісі. Фамилия менікі. Бірақ, қол менікі емес. Соңғы жылдары бізде егіз бала дүниеге келген емес. Сенбесеңіз, қолтаңбамды экспертизаға жіберсеңіз болады. – Сіз маған ақыл үйретіп кеттіңіз ғой, – деді тергеуші күліп. – Әрине, солай істейміз. Мен «кәмелетке толмағандарды ұйымдасқан түрде сату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғадым. Әзірше сізден ешқайда кетпеу туралы қолхат аламын. Дананың жүрегі зырқ ете түсті. «Мына кісі шынымен мені күдіктілер қатарына қосып тұрған сияқты ғой». * * * Дәнағат ақсақалдың шаңырағындағы той төріне елмен бірге Темірболат пен Дана да жайғасты. Ақ тілектер ақтарылып жатыр. Қошамет пен әдемі ән-жырдың соңы нәрестелерді бесікке салуға ұласты. Қазақтың «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегені бекер айтылмаған-ау. Қызыл ағаштан жасалған қос бесіктің іші-сырты көздің жауын алардай көмкеріліпті. Ортаға құндақтаулы бөпелерді көтеріп, ақ жаулықты келін мен бір жеңгесі шықты. Әдеміше келген қара торы өңді, отызды орталаған келіншек қолындағы баланы енесіне ұстатып, үлкендерге иіліп сәлем берді. Кенет Дана екеуінің көздері түйісіп қалған сәтте, қаперсіз тұрған бұл селт ете түсті. «Мүмкін емес!..». Шырамытты. Жоқ шырамытқан жоқ, анық таныды. Аты-жөнін ұмытқаны болмаса, біліп тұр. Ол да мұны таныған сияқты. «Бұл келіншектің нәрестесі егіз емес сияқты еді ғой». Дана өз көзіне өзі сенбей, әлі толқып отыр. Қателесуі, жаңылысуы мүмкін емес. Арада небәрі бір жарым ай ғана өтті. Сол күні… Иә, бәрі есінде. Түнгі кезекшілікте еді. Перзентхананың бас дәрігері облыс орталығына іссапарға кеткен болатын. Орнына қалған Дана екі жас ананы өзі босандырды. Қабыландай сылаң қаққан мына келіншектің толғағы жеңіл өтті. Төртінші перзенті екен. Ал, екінші бойжеткен тіптен, тұрмысқа да шығып үлгермепті. Уыздай. Колледждің студенті. Албырт жастықтың буымен шалыс басып, осындай күйге ұшырапты. Мейлі ғой, дәрігерлер үшін әйелдің күйеуінің бар-жоғы маңызды емес. Маңыздысы – өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан болашақ ананың сәбиін дүниеге аман-есен әкеліп, тезірек қатарға қосылуы. Тұңғыш бөпесі болған соң ба, шырқыраған жас қыз қатты қиналды. Толғағы ұзаққа созылып, аласұрған ол өзі де шаршады, дәрігерлердің де есін шығарып жіберді. Ақыры мамандармен ақылдаса келе, тілік жасауға шешім қабылдады. Қол-аяғы балғадай ұл келді өмірге. Сонда анасынан бұрын қатты қуанған осы Дана болатын. «Айтпақшы, ұлдың оң жақ жауырынының астында оймақтай қалы бар еді. Атын Қалдыбай қоясың десіп, күлісіп едік қой». Дана орнынан атып тұрды. Еркектер жағы далаға шығып, әйелдер кішкентайларды бесікке бөлеу қамына кірісті. «Қырық қасық суын құямыз» десіп, дабырласқан ақ жаулықты әжелердің қасына барып, бір шеттен бақылай көз салды. Міне, дәу апасы «бісіміллә» деп бет сипап алып, алдымен ұл немересін жайлап шешіндіре бастады. Дана жүрегінің лүпілдей соққанын сезінді. «Сол болмаса екен! Сол болмаса екен!». – Қане, қыздар! Батырдың қарын шашын кімге алдырамыз? – Екі ұлдың анасы Дана келін алсын! – Иә, кел айналайын, келе ғой. Біреулер жалаңаш нәрестені қолына ұстата бергенде, Дананың жанары оң жауырынның астындағы оймақтай қалға түсті. «Сол екен! Сол!» Дана шыңғырып жібере жаздап, тілін әрең тістеп үлгерді. «Масқара! Сұмдық қой бұл!». Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. – Мен ауыр аяқпын ғой, апалар. Маған қайшы, өткір нәрсе ұстауға болмайды, – деді жаны қысылып. – Иә, иә, келін дұрыс айтады. Екіқабат қатынға шаш алдыруға болмайды… Одан ары бұл арада тұруға жүйкесі шыдамасын білген Дана сыртқа атып шықты. Оның түсі бұзылып кеткенін көрген Темірболат қасына келіп, маңдайын ұстады. «Не болды Данаш, басың ауырды ма, қызуың көтеріліп тұр ғой»… – Жай. Ауа-райыныкі шығар… Далада күзгі жаңбыр бүркіп тұрекен. Суық тамшылар бірден бетке ұрды. Жүзін жуған тамшыларға қосыла езілген Дананың жүрегі де қан жылап тұр. «Не істемек керек?» Темірболатқа бәрін ашып айтса қайтеді? Ол сене ме? Енді бір сәт көз алдына әркімді бір құшақтап, қалбалақтай қуанып жүрген Дәнағат атаның бақытты жүзі елестеді. Қойдың жасындай жасы қалған ақкөңіл, аңғал қарияның соңғы қызығын бұзуға дәті барар ма? Түнімен осы ойлар мазалап, ұйқысы шала болған Дананың таңғы шайға да зауқы соқпады. Онысын үй иелері де байқапты. «Бірдеңе жақпады ма екен? Ұшықтап жіберу керек еді» десіп, жандары ашығанын білдіріп жатыр. Бір қағаберісте «Апай, сізбен оңаша сөйлесуге бола ма?» деген нәзік үнестіліп, жалт қарады. Шалдың келіні екен. Өзі де күткен осыны. Екеуі сыртқа шықты. Бақ ішіне барды. – Мен сізді таныдым, апай. Келген бетте. Құпияны ашпағаныңызға үлкен рақмет! – деді келін жыпылдап. Япыр-ау, сыңғырлаған үнінде ешқандай қымсыну болсашы. Өңінде де өкініштің ізі білінбейді. Тура бір көрші үйдің жетім қозысы қорасына келіп қосылғандай жайбарақат. Таңдайын тақ-тақ еткізіп сағыз шайнап тұр. – Не айтып тұрғаныңды білесің бе өзің? – Артық не айттым? – Сен барып тұрған қылмыскерсің! Өзіңмен бірге анау бөтен баланың болашағына да балта шаптың. Түсінесің бе соны?! – Қойыңыз, апай! Балта шапқаны несі! Бәрі де жақсы. Қызбен келістік. Сұрағанын бердік. Бәрібір ол қыз бұл баланы баға алмайтын еді. Қайта сіз бізді түсініңіз… Анау төрінен көрі жақын Дәнағат атамызды аяңыз. Үлкен ақсақалдың аты аталғанда Дана еріксіз тілін тістеді. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деп Темірболаттың өзі қатты сыйлайтын, аузынан тастамайтын қадірлі туысының ендігі күйі не боларын болжауға қорықты. Таразының екінші басында өз тағдыры. Жазықсыз жаза да тартқысы келмейді. Қайтсе де шындықтың ақырына дейін көз жеткізуге бекінді. – Айналайын, – деді түсін суытып. – Екі балаға «туу туралы куәлік» алуға өткізген анықтамаң жалған болып шықты. Бізді полиция тергеп-тексеріп жатыр. Оның соңы не болатынын білесің бе? Түрме! Сен үшін мен босқа күйгім келмейді. Ертең ауданға келесің. Тергеушіге қалай болғанын бәрін айтасың! Келіннің өңі бір қызарып, бір бозарды. Ойда жоқта пайда болған пәлекеттен қалай құтылсам екен дегендей түйіле қарайды. Атарға оғы жоқ! * * * Ойтас ауылынан шыққан машина ырдуан арбадай теңселіп, табаны ойылып кеткен қара жолмен әрең ілбіп келеді. Түнгі жаңбырдан кейінгі ми батпақ жүрісін өндітер емес. Дана өңі сарғая бастаған күзгі далаға көңілсіз көз жіберді. Әлгіндегі ащы әңгіме өзегін өртеп, ішіне сыймай келеді. Оңашада күйеуіне айтпақ боп оқталған еді, оның реті келмей қалды. «Бос орын болса, бізді Наркескенге дейін ала кетіңіздерші» деп қиылған қос құдаша отыр арт жақта. – Қай жерге келдік, Темеш? – Кеп қалдық орта жолға, – деді ол келіншегіне күлімсірей бұрылып. Әйгілі Барқытбел тауынан басталатын арыны қатты, ернеуі толып ағатын Жанаманың тұсына келіп қалыпты. Өзеннің табанында биыл су тым аз екен. – Мынау сұмдық қой, енді! Тфу!.. – Қатты күйінген Темірболат машинасын тоқтатып, жерге бір түкірді. – Әй, иттер-ай! Ақыры дегендеріне жетіпті ғой! – Не болды? Кімді сыбап жүрсің? – Анау Біләлов деген сұмырайды айтам да. Балық өсіремін деп мына Ақтеректің тұсынан бөгет салып жатыр еді. Бар суды соған қарай бұрып алған сияқты ғой. Біләлов дегені – аудандық мәслихаттың білдей хатшысы. Әкесінен қалған мұрадай осы креслода тапжылмай отырғанына қаншама жыл өтті. Қозғалар емес. Елдің де көзі үйреніп, еті өліп кеткен. «Айға үй салуға болады» десең, баладай сенетін қазақ «Мәслихат сайланбалы орган, оны ауыстыруға болады» десең, сенбейді ғой. Біләлов олар үшін жарты құдай. Мыңғырған малы мен есепсіз жайылымы бар. Әлгі шіріген «жаңа қазақтың» біреуі. Өзі сауысқандай сақ, шаруашылық тірлігімен тікелей айналыспайды. Оңашада нұсқау беріп, сырттай басқарып отыратынын бүкіл ел біледі. Биылғы көктемде Жанама өзенін жағалай күн көріп отырған ел-жұрт шу шығарды. Қауын-қарбыз, егіс алқаптарына баратын су мөлшері тым азайып кеткен. Осының себеп-салдарын анықтауды өтініп, Темірболаттың мекемесіне арыз түсіріпті. Осы азды-көпті ғұмырында аудандық, облыстық су шаруашылығы басқармасында гидроинженер, бөлім бастығы болып істеген Темірболаттың бұл саладағы жинақтаған тәжірибесі мол еді. Сол дағдысына сүйеніп, ауыл тұрғындары үшін заң-консультациялық агенттігін ашқан. Жеке қожалықтарға кеңес беріп, қолынан келгенше шаруа адамдарына көмек көрсетіп келеді. «Біләловтың қалың ел күн көріп отырған өзенді қалауынша бұрып алып, балық өсіретін тоспа жасауы қаншалықты заңды? Тәуелсіз сараптама жасап беруіңізді сұраймыз» депті арызда. Тоқпағы мықтының тарапынан болып отырған көпе-көрінеу заңсыздықты ашу Темірболатқа қиын болған жоқ. Балық өсірушілердің құжаттарында экология министрлігі мен су ресурстары комитетінің келісімі жоқ екен. Яғни, Ақтеректе су қоймасын салу заңға қайшы. «Енді осы қағазбен тура прокуратураға барыңыздар» деген ол шаруалардың сол тірлігі аяқсыз қалғанын ұқты. Өзен жағасында тұнжырап тұрған Темірболат «Жоқ, мұны бұлай аяқсыз қалдыруға болмайды. Президенттің өзіне жазу керек» деген тоқтамға келді. * * * Ақтерек ауылы кезінде кеңшардың ірі фермасының бірі болған. Берісі облыс, арысы республикаға даңқы кеткен бай шаруашылық еді. Осында ферма басқарған Біләлов аумалы-төкпелі кезеңде ебін тауып, ырғын байлықты бауырына басып қалған. Бұл күнде айналасы биік қоршаумен қоршалып, электр сымы жүргізілген фазенданың кіріп-шығатын екі есігі ғана бар. Орайын тауып, ішіне кіргендер «бұл жер жұмақтың нағыз өзі екен» деседі. Жайқалған жасыл бақтың ортасында тамшылары күмістей субұрқақтар бар. Тоғайдың ортасында үш қабатты қызыл кірпіштен өрілген еңселі коттедж тұр. Одан аулақта тас монша. Кешкілік сол моншада ыстық бу мен шараптың қызуына қызара бөртіп, кекірік атып отырған Біләлов қасындағы жандайшаптарына күтпеген сауал тастады. «Сендер осы анау жалаңаяқ инженер Темірболат дегеннің маған қарсы не әрекет жасап жүргенін білесіңдер ме?». Қожайынның «барып кел, шауып келін» ғана орындайтын, алдына тастаған жылы-жұмсақты таласа қылғытудан басқада жұмысы жоқ пақырлар еліріп шыға келді. – Не істеп қойыпты ол кәззап? – Сіздің жолыңызды кесті ме? Мойнын бұрап жұлып алайық, иттің! Былбырап піскен жамбасты рахаттана жұлмалап отырған Біләлов қошаметшілеріне алая қарады. «Жуан жұдырықтарыңды ала жүгірмей, қоя тұрыңдар, түге! Бұл арада сақтықпен іс қылуымыз керек. Әлгі найсаптың жазған арызы бойынша Президент Әкімшілігінен комиссия шығатын болыпты. Алдымен, сол комиссияның аузын майлауымыз керек». Осы кезде пардан сылаңдап шыға келген қос бойжеткеннің бірі ақ шабақтай жарқ етіп, бассейнге күмп берді де, екіншісі қожайынның оң тізесіне келіп қонақтады. «Милый, пойдем на минутку. Есть разговор…», – деді құлағына еркелей сыбырлап.
– Қазір келем, күте тұрыңдар… Әукесі салбыраған отағасы еліктің лағындай ойнақтаған жас сұлуды мықынынан құшақтаған күйі елітіп, елпілдеп жеке бөлмеге кіріп бара жатты. «Ну, подожди! Потом… Тыңдашы… У нас похоже проблема нарисовалась…» – Проблема? Колледждің студентінде ақшадан басқа қандай проблема болуы мүмкін? Қане, айт! – Есіңде ме, роддомдағы малшының әйелі. Біздің баланы усыновить етіп алған? Сол звондады бүгін. – Не дейді ол? – Главврачтың орынбасары Дана деген стерва бәрін біліп қойыпты. Ертең полицияға шақыртыпты. Не істейміз? Біләловтың жүрегі зу ете түсті. «Енді жетпегені осы еді! Бұл Темірболат пен Дана деген албастылар жолымды кес-кестей берді ғой». Көз алдына перзентханадағы басы былқ-сылқ еткен қызыл шақалақ елестеді. Шарананы қолына ұстауға жиіркенген ол онысын сездіргісі келмей, алыстан «жақсы» деп басын изей салған. Баланы қапсыра құшақтап, сиқырлана күлген аға медбике «Ұлыңыздың көрімдігін бермейсіз бе?» деп сыңғырлады. – Неге бермейді, береді. Соңғы патроны ғой! – деп бас дәрігер қарқылдай күлді. – Аяма, лақтыр! Бер! Мәслихат бастығы қойнына қол жүгіртті. Әмияны да өзі сияқты тоқ екен. Шытырлаған теңгелердің арасынан бес жүздік іздеп еді, табылмады. Мың теңгелік те жоқ болып шықты. Біләлов осындай қырсықтың боларын алдын ала есептемеген топас көмекшісіне ыза болды. Зорға дегенде қолына іліккен екі мың теңгені дірілдей шығарып, қимай ұстатты. Медбике риза болмаған сыңайлы, қайқаңдап шығып кетті. – Ал, не ақыл айтасың? – деді кабинет иесімен оңаша қалған Біләлов бас дәрігерге сығырая қарап. – Не айтам? «Бәлелі жерге бармағыңды сұқпа» дегенді ұмытып кететінің-ай, осы! – Енді… құшағыңдағы жас иіс ойлантуға мұрша бере ме? – Өй, сен де! Сөзің бар болсын! Кәмелетке толмаған қызды екіқабат қылу статья екенін жақсы білесің! Әзірше бұл құпия сырымыз осы ғимараттан сыртқа шыққан жоқ. – Қарсыласын оңдырмай нокаутқа түсірген бас дәрігер қайтып ес жиғызбайын дегендей тұқырта түсті. «Мұның бір ғана жолы бар. Басқа бір әйелге оформить етеміз. Бес мың доллар!». – Құп, келістік! Қалғанын өзім ойластырам. Маған жаңағы қасқыр медбикеңді қосып берсең болды. Мәселе ойламаған жерден тез шешілді. Тұрмысқа шыққалы ұл көрмей зарығып жүрген жылқышының әйелі медбикенің ұсынысына қуана келісіпті. Күйеуін шақыртып шүңкілдесіп, сұратқан екі бөлмелі пəтердің құнын ойланбастан беріпті. Оны естіген Біләлов «Қап, үш бөлме деп айтуымыз керек еді» деп бармағын тістеледі. Ендігі естіген сұмдығы мынау! Полиция да тіміскілеп жүр дейді. Шұғыл бір амалын таппаса, кеш болатын сияқты. – «Ұстараны» шақырыңдар! * * * Кезекші офицер Тұрдалинге телефон жазбаларын әкеліп ұстатты. Тракторшының он сегіз рет қоңырау соққан адамы аға медбике болып шықты. Одан басқа «Қожайын» деген құпия нөмірге де бірнеше рет қоңырау түсіпті. Ең соңындағы жазба «Груз дайын! Ақысын жіберіңіз» деп аяқталыпты. «Груз?..» дейді. Капитан жалма-жан құпия нөмірді теріп көрді. Ар жақта шыңылтыр дауыс қақылдап тұр. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде!» Қанат бұл телефонның бөгде біреуге тіркелгенін, әрі көзі жойылғанын бірден ұқты. Одан ары қазбалау пайдасыз. Кезекші тағы бір қағазды ұстатты. – Мынау орталықтан! – Әкеліңіз. Жеделхатта телефон мен трактор рөліндегі қолтаңба қылмыс әлеміндегі аты-шулы «Ұстара» деген баскесерге тиесілі екені айтылыпты. Тұрдалин кезекшіге шұғыл нұсқау берді. – Аса қауіпті қылмыскерге іздеу жариялаймыз! Аты-жөні… Бұл кезде оқиға болған жерден ізін суытқан «Ұстара» сексен шақырымдай жердегі Серек теміржол бекетінде қарауылдың үйінде тығылып жатыр еді. Қожайынмен арадағы келісім бойынша жаңа төлқұжат пен ақша қолға тисе, бір күн де аялдамастан Ресейге кетпек. Біржола. Тек қара басып, телефонынан айырылып қалғанына қатты өкініп отыр. Полиция ендігі іздеп те жатқан шығар. Күйінген «Ұстара» алдындағы стақанды өңешіне төңкере салды. Шоқша сақалды мына қарауыл шал бөтені емес, өз адамы. Кезінде Ресейде абақтыда бірге отырған қандыкөйлек сыбайласы. Осында келгенде сұрастырып жүріп, бірін-бірі былтыр тауып алған. Осы жақтың тумасы болған соң жергілікті бай-бағыландарды, олардың елге белгісіз жай-жапсарын жақсы біледі. Өткен күзде Шыңырау ауылындағы қоңырқай тірлігі бар жылқышыны барымталауға «наводка» берген де осы. «Күзетшісі жоқ. Жалғыз көмекшісі ғана бар» деген. Тура солай болып шықты. Сол жолы «Ұстара» өз сыбайластарымен түнделетіп, бір үйір жылқыны Ақтерекке дүсірлете қуып барғанда Қожайынның шексіз қуанғанын көрсең! Қу далада ойнақтап, еркін өскен асау тағылар ауладағы қасапханаға кірмей айнала қашып, қанды ішкені де есінде. «Бәрі де семіз шықты, жарықтық. Пышақ үстінен бөліп әкетті. Шыңыраудың малының еті тәтті болады ғой. Тағы әкелсеңдер, өзіміз оптом аламыз», – десті арзан олжаға қарық болған базардың алып-сатарлары. Бөтелкеге қол соза беріп, «Ұстара» қарауылға еңсеріле бұрылды. «Осы маңайдан «жирный клиент» таба аласың ба?».
– Бар ондай. Мына іргедегі разъезде бір қалталы мырза тұрады. «Қазақмыс» дейтін алпауыттың өкілі. – «Қазақмыс» дейсің бе? Олар мұнда неғып жүр? – Естімеп пе едің? Осы маңнан мыстың мол қоры табылыпты. Соны қаузап жатыр. Біраз болды. – Давай, онда дайындал. Бүгін кешке «бомбить» етеміз. Бұл біздің Қазақстандағы соңғы жорығымыз болсын. – Жо-жоқ, карифан, мені араластыра көрме бұған! Сен кетесің, мен қалам. Өздерің бірдеңе қылыңдыр. Үйінің әдрісі міне! Қараңғы түсе қайдан алғаны белгісіз, ол қос жарау атты ерттеп берді. «Иә, сәт!» деп қарғып мінген екі қарақшы кеш түсе тартып кетті. Былай шыға жол қысқартқысы келген серігі сөз бастады. – Сенен көптен бері сұраудың реті келмеп еді. Айтшы осы, сенің кличкаң неге «Ұстара»? «Ұстара» қарқылдап күліп алды. «Мен Ресейде туып-өскен пақырмын ғой», – деді сосын күлкісін тыйып. – Орынборда қалың орыстың ортасында өстім. Мінезім де тік. Өтірік айтуды білмеймін. Сол жақта машина жасау институтын бітірдім. Бір автоколоннада бастықтың орынбасары болып қызмет істедім. Содан сәбет өкіметі құлаған кезде, директор екеуміз үлкен базаның құрылтайшысы болып шыға келдік. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда. Тегін келген дүниені оңды-солды саттық, судай шаштық. Сөйтіп жүргенде, бастығымның ниеті бұзылды. Кәсіпорынды жеке дара билемек болыпты. – Ах, сұмырай-ә! Тегін келген ен байлық аз көрінді ме, итке?! – Солай шығар. Дүниедегі ең жаман нәрсе – қасыңда жүрген пенденің қастығы екен! Ойда жоқта үйіміз өртенді. Үймен бірге қатын мен екі бала жанып кетті. Сол түні мен басқа жақта жүр едім. Ғайыптан аман қалдым. Мұндай иттікті қалай кешірерсің? Заң орындарына сенім жоқ. Содан өрт қойған зәнталақты іздеп тауып алдым. Қаным қарайғаны сонша, өз қолыммен жанын жаһаннамға жібердім. Ұстарамен! Өлерінің алдында ол заказ берушіні атады. Бастығым екен! Ол сволышты да оңашада қолға түсіріп, машинасымен бірге өртеп жібердім! Содан абақтыдағылар мені «Ұстара» атап кетті. – Қожайынмен қалай таныстың? – Е-е, ол ұзақ әңгіме. Короче, түрмеден шыққан соң Қазақстанға келіп, Алматыдағы барахолкада бір барыгалармен ептесіп, өлместің күнін көріп жүргем. Соларды крышавать етем, менттермен сөйлесем, проблемасын шешем. Қонатын жер, тамақ, киім бәрі солардың мойнында. Бір күні өзім жақсы танитын бір саудагер іздеп келді. Қасында ақ шляпа киген, сықиған біреу бар. Қарны қабақтай. Бір ауданда бастық дей ме, дөкейдің бірі. Түсінгенім – осы базарда дипломаты қолды болыпты. Ішінде қомақты қаржы бар көрінеді. – Братан, маған ақшасының керегі жоқ. Документтерді тауып берсең болды. Ақша сенікі! – деді ол. Ондай май шелпекті маған кім береді? Мақұл дедім. Зыр жүгіріп, каналдарымды іске қосып, ақыры таптым. Өзіміздің карманниктер екен. Тиісті үлесін қалдырып, дипломат пен қалған ақшасын иесіне апарып тапсырдым. Естуімше, миллиард теңгенің құжаты бар екен. Қазбалап сұрамадым. Маған не керегі бар? Риза болған ол «адал еңбегің үшін» деп, бір пәшкі теңге ұстатты. Санаған жоқ. Мен де санамадым. Кетуге оқтала беріп едім, ымдап тоқтатты. – Маған қызмет етуге қалайсың? Жағдайыңды жасаймын, – деді. Сірә, ана саудагерден менің өмір тарихымды түгел сұрап біліп алған сияқты. Қалада мені кім ұстап тұр? Қимайтын ештеңем жоқ. Сөйтіп, Ақтеректен бірақ шықтым. Түн ортасы ауа арпылдай үрген иттердің дауысы естілді. Теміржолды жағалай жортып келе жатқан екеу тоқтай қалысты. – Жақындадық білем. «Қазақмыстың» серкесі ауылдың сырт жағында тұрады деген. Қане, байқайық. – Байқайтын ештеңесі жоқ. Әне, анау прожекторы жарқыраған қызыл коттедж соныкі болар. «Ұстараның» болжамы дәл шықты. Самаладай жарықараған ауладағы қос қабатты еңселі үй маңайдағы құжыраларға қарағанда, шоқтығы биік екен. Бұлар аттарын шоқ теректің тұсына тұсай сап, үйге қарай мысықтабандап жақындай берді. Күзет бөлмесіндегі бақылау экранына көзі түсіп кеткен сақшы жігіт айқай салды. «Етиаумайт! Анаң қара!». Шақырусыз қонақтардың сұлбасын алдында жатқан фотосуретпен салыстырды да, пультке жармасты. – Бірінші, екінші, үшінші пост! Бәріңе! Бәріңе! Сақ болыңдар! Іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер біздің аулаға кіріп келеді. Ұстауға дайындалыңдар! Полицияға хабар беремін! * * * Темірболат шақыртылған уақытта ішкі істер бөлімінің табалдырығын аттады. «Неге шақыртты екен? Біләлов тағы бірдеңені былықтырды ма?» деп жеткенше небір ойлар мазалаған. Өткенде салық инспекторы келіп, мекемесін олай да, былай да тексеріп, ештеңе таба алмады. Желдің қай жақтан соққанын іші сезген Темірболат та қол қусырып қарап отырған жоқ. Күресін жалғастырып келеді. Айтатын жеріне дейін айтты, жазатын жеріне дейін жазды. Кеше Президент әкімшілігінен комиссия келіпті. «Ауданда балық шаруашылығын құруға неге қарсысыз? Әлде көздеген жеке бас пайдаңыз бар ма?» деп, бұған небір қитұрқы сұрақтарды қойған. Темірболат орайы келген сәтті құр жібергісі келмеді. «Балық шаруашылығын құруға қарсы емеспін. Бірақ су қоймасын тұрғызу бұл аймақтың экожүйесін бұзатыны анық» деп, қолындағы құжаттарды жайып сап, барынша дәлелдеуге тырысты. Ақ шашты комиссия бастығы өмір мектебінен өткен, байыпты кісі екен. Иланғандай сыңай танытты. «Темірболат Зейноллаұлы, қағаздарыңызды қалдырыңыз. Қараймыз. Тиісті шешімді Астанаға барған соң қабылдаймыз. Әзірше, рұқсатсыз басталған су қоймасының құрылысын тоқтата тұрамыз» деп үміт отын жаққандай болды. Енді, міне, ерекше істер жөніндегі тергеуші Қанат Тұрдалин іздеп жатыр дейді. Капитанмен сырттай таныстығы бар. Жиналыстарда да көріп қалады. «Тек, болса екен». Темірболат есікті аша бере тергеушінің алдында отырған Дананы көріп, одан бетер таңырқады. Таңертең жұмысқа кетерде ештеңе демеген сияқты еді. – Сен де келіп қалғансың ба? – деді жол апатынан кейін жиі шаршап жүрген әйеліне жаны ашып. Орнынан тұрған капитанмен қол беріп амандасты да: «Бізді неге шақыртқаныңызды түсіндіресіз бе?» деді сыпайылап. – Иә, отырыңыз. Мәселе екеуіңізге де қатысты болған соң, басын ашып алайық деп шақырттым. Тұрдалин тартпасынан қалыңдау қоңыр папка шығарып, парақтай бастады. «Мынау орталық перзентханаға қатысты қозғалған қылмыстық іс». Темірболат «қылмыстық іс» дегенде тіксініп қалды. Дананың да түрі бозарып барады. – Қорықпаңыздар, – деді тергеуші қарсы алдындағы әйелдің екіқабат екені есіне түсіп. – Дана Болысбекқызының әрекетінде қылмыстық белгілер жоқ болғандықтан, істі қысқарттым. Сот-сараптамалық зерттеудің қорытындысы бойынша анықтамада қойылған қолдың сіздікі емес екені дәлелденді. Ал, мынау дактилоскопиялық сараптама. Анықтама қағазынан бас дәрігер мен аға медбикенің саусақ іздері табылды. Дана солқылдап жылап жіберді. Қанша уақыттан бергі іште жиналған ащы запыранның уыты. Көз жасына ие бола алар емес. Тіпті, болмаған соң, тергеуші хатшы қызды шақыртып, оны қабылдау бөлмесіне шығарып жіберді. «Сізге қатты толқуға болмайды. Өзіңізді ұстаңыз». – Ал аға, – деді сосын Темірболатқа бұрылып. – Сіздің де бастан өткерген хикметіңізді жақсы білемін. Мәслихат хатшысымен араңыздағы теке-тірестен де хабардармын. Кеше Серек станциясында оның «Ұстара» деген сыбайласы құрықталды. Сіздің әйеліңіздің көзін жоюға тапсырыс берушінің есімін атады. Мыңбай Біләлов! Қылмыстық топ құрып, адам өлтіруді ұйымдастырғаны үшін ол бүгін прокурордың санкциясымен қамауға алынды. Бас дәрігер де ұсталды. Темірболат өз құлағына өзі сенбеді. Рас па?! Улы тамыры тереңге кеткен Біләлов секілді құбыжықты құлатқаны шын ба! Өмірінде алғаш рет осы түсініксіз қоғамда әділеттілік нышаны бар екенін жан-жүрегімен сезінгендей болды. Замана желі өзгерген сияқты ма, қалай? Көз алдына толқи аққан Жанама өзені, өзенді кешіп, бір-біріне су шашқан диқаншы ағайындардың шат-шадыман жүздері елестеді. Енді бір сәт туған ауылы, Ойтас, жаңбырлы күнгі бесіктой, кішкентай немересін көтеріп сақалы желбіреген Дәнағат ақсақал көлбеңдеп өтті. Жер бетіндегі пенде атаулының жасаған күнәсін жаңбыр тамшылары емес, адамдардың бір-біріне деген ақ пейілі ғана тазарта алатынын ұғынды. – Рақмет саған, Қанат бауырым! – деді толқи тіл қатып. – Нағыз әділет жолын ұстанған жан екенсің. Туған ел-жұртын аш қасқырдай талаған қорқаулар қалайда жазасын алу керек. Бірақ, менің айтайын дегенім ол емес… – Айтыңыз. – Бәріміз бір қазақ деген атаның ұрпағымыз, інім. Өткенде Дана маған басынан өткен оқиғаның бәрін айтып берген еді. Өмір болған соң, қателіктер де болады. Бірақ, анау алыс ауылда жатқан Дәнағат ақсақалдың ол қателіктерге мысқалдай да қатысы жоқ. Ол кісі өте таза адам. Өз ортасында абыройлы, бар ғұмырын еңбекке арнаған қарапайым жан. Сол қадірменді атамыздың зарығып көрген бір перзенті бар еді. Сол нәрестені шырылдатып тартып алмай, бауырында қалдырудың заңды амалы бар ма? Капитан Тұрдалин басы дауда жүрсе де, өзінің емес, өзгенің тағдырына ара түсіп отырған мейірбан азаматтың кең жүректілігіне қайран қалды. – Әрине, бар. Неге болмасын! Заң деген адамдарды жазалау үшін емес, қорғау үшін қызмет ететінін жақсы білесіз ғой, ағасы. Дүниеде сіз сияқты ақиқатты пір тұтқан адал азаматтар бар кезде, атасы мен ботасын ешкім де жылатпайды деп ойлаймын…
Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ