Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын 2022 жылғы жолдауында «Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары Сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі» деп сот құрылымы бағдар етер негізгі тапсырманы атап өткен болатын.
Бүгінгі заман талабы – соттарды іріктеп, судья болуға үміткерді таңдауды мейлінше ашық әрі әділ өткізу. Бүгінде судья болуға үміткерлердің тізімі Жоғары Сот кеңесінде жарияланып, халық оған қатысты пікірін айтуға толық жағдай жасалған. Азаматтар өз тарапынан үміткерлерге жағымды да, жағымсыз да пікірін жаза алады. Ал судьялыққа үміткерді қарастыратын кезде азаматтардың ой-пікірі назарға алынады. Ол өз кезегінде үміткердің азаматтармен бірлесіп жұмыс істеп, әдептілік сақтап, этика шеңберінен шықпауға әсер етеді.
Әр елде ұлттық жүйелер судьяларды тағайындау және жоғарылату тәсілі бойынша әртүрлі болғанымен, олар заң үстемдігі, сот тәуелсіздігі және әділ сот талқылауы құқығын қорғау қағидаттарына негізделген жалпы халықаралық стандарттарға бағынады. Сот билігінің тәуелсіздігі мен құрылымына қатысты халықаралық стандарттар ұлттық сот жүйелерінің әртүрлілігін мойындайды, сондықтан рәсімдерді егжей-тегжейлі реттеуді қамтымайды. Судьяларды тағайындау және жоғарылату бөлігінде бұл құзыретті органдар атқарушы биліктен тәуелсіз болуы керек, іріктеу критерийлерін анықтау кезінде неғұрлым білікті кандидаттарды анықтауы керек, ал тағайындау рәсімдері әділ, кемсітпейтін және ашық болуы керек дегенді білдіреді. Осы орайда елімізде жыл сайын судьялыққа үміткер заңгер, адвокат мамандарына қойылар талап та күшейіп келеді.
Әлемдік стандарттар судьяларды олардың қабілетіне, моральдық қасиетіне және кәсіби біліктілігіне қатысты нақты, объективті және ашық критерийлер негізінде таңдауды көздейді.
Судьяларды тағайындау тәртібіне қатысты халықаралық стандарттарда рәсімдердің ұлттық жүйеге байланысты әр түрлі болуы мүмкін екені ескеріледі. Халықаралық стандарттар белгілі бір процедураны қолдануды белгілемейді, бірақ ұлттық құқықтық жүйелер тағайындалған судьялардың институционалдық және жеке тәуелсіздігіне, сондай-ақ олардың объективті және субъективті бейтараптығына кепілдік беруін талап етеді.
Судьяларды жоғарылату туралы шешімдер оларды тағайындау сияқты объективті критерийлерге негізделуі керек және ашық әрі әділ рәсімнің нәтижесі болуы керек.
Қарымбаев Дәурен Мэлсұлы, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы