Ата Заңның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп бекітілген. Құқықтық мемлекеттегі адам құқықтары мен бостандықтары бұзылмауының кепілі сот билігі болса, аталған билікті судья жүзеге асырады. Яғни, сот билігіндегі басты тұлға — судья. Осынау жауапты әрі мәртебелі лауазым сеніп тапсырылған судьяға заңдылық пен әділдіктің кепілі, «сақшысы» ретінде оның кәсіби білім-білігі мен адамгершілік қасиеттеріне қоғам тарапынан қойылатын талаптардың жоғары болуы заңдылық.
Судьяның үлкен-кішісі болмайды, оның мәртебесі мен жауапкершілігі қай сот сатысында да бірдей екені Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы заңымен «Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi» деп нақтыланған. Судьялардың құқықтық жағдайы мен тәуелсіздігі Конституциямен және өзге де заңдармен белгiленген. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен міндеттер жүктелмейді. Судьяның шекті жасы 65, бұл ерекше жағдайларда 5 жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Оның отставкаға шығуы өкілеттікті тоқтатудың ерекше нысаны болады.
«Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс» деп Мемлекет басшысы айтқандай, сот жүйесін білікті кадрлармен қамтамасыз етуде судьялыққа үміткерлердің кәсіби біліктіліктері мен моральдық қасиеттеріне қатаң талаптар қойылады әрі олар ашық түрде іріктеледі. Себебі, сапалы сот корпусын қалыптастыру қашан да өзекті.
Жасы отызға толған, басты сынақтарды тапсырған кандидаттар жоғарыда аталған заңға орай, негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, тұрақты негізде сотта ақы төленетін тағылымдамадан өтеді. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ережеде айқындалған. Мәселен, судьялыққа үміткерге бес жылдық еңбек өтілі бар кәсіби судья жетекшілік етеді. Мұның өзі оның жұмысты тез алып кетуіне жол ашады.
Тағлымдамада оң қорытынды алған, барлық талаптарға сай болған үміткер судьялыққа тағайындалады. Елімізде судья болғысы келетіндердің өз армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік мол. Олай дейтініміз, мемлекетіміз болашақ судьялар құрамын тәлімгерлік тәжірибеден өткен, адамгершілік, ар-ождан тазалығы, патриоттық сезімі, өмірлік ұстанымдары қалыптасқан жан-жақты білімді-білікті кадрлардан жасақтауға барынша көңіл бөлуде.
Республикамызда аудандық соттан бастап, Жоғарғы Сотқа дейін сәулетті де, сәнді ғимараттарға көшіріліп, судьялардың жұмыс істеулеріне барлық жағдай қарастырылған. Жұмыс орындары компьютермен, интернет желісімен, басқа да автоматты жүйелермен жасақталған. Конституцияның 79-бабында белгіленген нормалар судьялардың басқа билік тармақтарының, саяси топтардың, ұйымдардың немесе жеке адамдардың сыртқы әсеріне араласуына немесе қысымына ұшырамауын қамтамасыз етеді. Қазір білекке емес, білімге сенетін заман, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елімізде заң үстемдігін нық орнықтыру үшін өзінің қарым-қабылетіне, білім-білігіне сенетін заңгерлер қатарымызға көптеп келсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Индира Абекова,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


