Мемлекеттік биліктің дербес саласы — сот билігінің Қазақстанның саяси өміріндегі орны мен маңызы артып келеді. Сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру, заманауи талаптарға сай ету барынша ашық, жариялы, барлық талаптарға сай ету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Елімізде өз қызметін демократиялық принциптерге, халықаралық құқықтық қағидаларға негіздейтін тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасып келе жатқанын күн сайын байқап отырмыз. Мұның барлығы айналып келгенде еліміздегі сот жүйесінің беделін нығайтуға ықпал етеді.
Сот билігінің беделі, бұл тек құқықтық қана емес, сонымен қатар қоғамдық құбылыс, яғни сот билігінің беделі әрбір азаматтың мінез-құлқының, заңды сыйлау және орындау қабілетінің, лауазым иелері мен басшылардың әрекетінің, ұйымдар мен мекемелердің өз қызметтерін заң талабына сай жүргізуінің нәтижелеріне байланысты. Аталған өзгерістер қоғамдық қатынастардан туындап, құқықтық қатынастармен реттелетінін ескерсек, сот билігінің қоғамдағы орны айқын байқалады.
Қазақ билері халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда көп жағдайда әділдігімен танылған. Сондықтан халықтың оларға деген құрметі жоғары болған. Би шешімі соңғы сөз ретінде қалып, халық олардың ұстанымына зор құрметпен қараған. Басқаша айтсақ, олар халық қызметшісі бола алды. Билер соты дауды қарағанда әдет-ғұрып жоралғыларының қағидаларын қатаң сақтап отырды. Сондықтан халық алдында да олардың абырой, беделі жоғары болды. Бүгінгі күні де халық көңілінен шығатын, беделі бар сот билігін құру басты мақсатымыз болып отыр.
Қазақстанның сот билігі дербес, тәуелсіз билік тармағы ретінде қалыптасу мен дамуда көптеген жетістіктерге жетті. Сот азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің тиімді органына, Конституцияда белгіленген құқықтар мен еркіндікті шектейтін кез келген заңсыз шешімдер мен әрекеттерден қорғаудың кепіліне айнала білді.
Сот беделі негізінен судьялар беделінен құралады. Сот төрелігін жүзеге асыратын судья екі жақтың да деректерін жан-жақты сараптап, тексеріп, заң тұрғысынан баға беріп, шындықты анықтау үшін көп күш жұмсай отырып, тараптарды тыңдаған кезде таразы басын тең ұстап, әрбір адамның тағдырына асқан жауапкершілікпен қарай отырып, әділ шешім немесе үкім шығарса да мемлекет атынан қабылданады. Бұл судьяға асқан үлкен жауапкершілік жүгін жүктеп қана қоймай, сот беделінің артуына ықпал етеді. Жалпы, соттың беделі оның шығарған шешімдері мен үкімдерінің орындалуына тікелей байланысты. Сондықтан елімізде қара қылды қақ жарған сот шешімін шығару, оның халыққа барынша түсінікті болуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.
Э.К. Карибаев, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы